Шымкентте бұл әлеуметтік қызметті пайдалану тәртібі қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген.
– Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы туралы» шешіміне сәйкес, қала аумағында тұратын жүріп-тұруы қиын І, ІІ топтағы мүгедек азаматтар мен 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік такси қызметтері көрсетіледі. Бұл қызметті пайдалану үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына өтініш тапсыру қажет, – дейді басқарманың мүмкіндігі шектеулі азаматтармен және ардагерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Ұлдана Бекбау.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде Шымкент қаласы бойынша 43 әлеуметтік такси көлігіне 508 өтініш қабылданды. Мұндай такси мұқтаж азаматтарды жұмыс орнына, оқу орнына, медициналық мекемелерге, әуежай, теміржол вокзалы, сот, прокуратура секілді белгіленген орындарға жеткізеді.
– Бекітілген 18 инватакси кресло-арбаларды орнатуға арналған құралдармен жабдықталған. Бүгінде қаламызда инватакси қызметін алуға 455 азамат өтініш тапсырған. Осы тұста айта кететін жайт, өтініш беруші 1 күн бұрын диспетчерге 8 7252 57-70-06 нөмірі арқылы хабарласып, тапсырыс қалдыра алады. Инватакси қызметі – тегін, – дейді бөлім басшысы Ұлдана Абытханқызы.
Сонымен қатар, Nur Otan партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында 259 нысанда пандустарды және аялдамаларды мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы етіп сәйкестендіру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 195 нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, талапқа сәйкес келмегендеріне ескерту берілді. Сондай-ақ кедергісіз орта жасақтауда қамкөңіл жандардың ұсыныс тілектері ескеріліп, жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда.