Версия для печати

САНИТАРИЯЛЫҚ САЛАНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АРДАГЕРІ

Среда, 08 Июнь 2022 04:53 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1921 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі – еліміздегі маңызды салалардың бірі. Өйткені, бұл саланың мамандары халықтың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін сақтауда, еліміздің санитариялық және эпидемиологиялық жағдайын жақсарту бағытында орасан зор қызмет атқаратыны белгілі. Әсіресе, коронавирусты инфекцияның таралуына байланысты пандемия басталғалы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің халқымыздың салауаттылығы саласында маңызды рөл атқаратыны айқындала түсті.

564

 

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласы қоршаған табиғи ортаның ластануының, әртүрлі жұқпалы, паразитарлы және жұқпалы емес аурулардың, карантиндік инфекциялардың елге кіруінің алдын алу және індетке қарсы іс-шараларды жүргізу, әртүрлі өнеркәсіп орындарының және нысандардың санитариялық нормалар мен ережелерді сақтауын бақылау бағытында қызмет атқарады. Бұған қоса, балалар мен жасөспірімдердің дамуын, оларды оқыту және тәрбиелеу барысында қолайлы жағдай жасалуын қадағалайды.
Халыққа өз қызметі барысында аурушаңдықтың алдын алу және санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізеді. Саланың беделін арттыруда сауатты мамандардың үлесі зор. Әсіресе, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласына көптеген еңбек сіңірген алдыңғы буын ардагерлердің еңбегі ерекше. Шымкент қаласының санитариялық саласындағы ардагерлер туралы, олардың атқарған қызметі туралы жазып, ұрпаққа жеткізу – үлкен міндет.
«Медициналық қызметкерлер күні» аясында салада 40 жыл еңбек еткен ардагер Медетова Жұмағайша Смағұлқызы туралы айтқымыз келеді.
Жұмағайша Смағұлқызы – 1957 жылы Қарағанды қаласында туылған. 1982 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «Гигиена, санитария, эпидемиология» мамандығымен бітіріп, саладағы еңбек жолын сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы санитариялық-эпидемиологиялық станциясында санитарлық дәрігер қызметінен бастаған. Сол уақыттан бастап, саланың түрлі бағыттарында қызмет атқарып, қала халқының санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуде үлкен үлес қосқан. Бір деңгейде тоқтап қалмай, өз білімін үнемі жетілдіріп отырған. Ұжымда еңбекқорлығымен, кішіпейілдігімен, қарапайымдылығымен танылып, көптеген қызметтік маңызды бастамалардың ұйытқысы болған. Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық саладағы мемлекеттік тілдің дамуына, мәдениеттің өркен жаюына белсене араласқан.
Еңбек жолында, қызметі бағаланып, 2008 жылы ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», 2014 жылы ҚР «Үздік санитарлық дәрігер» төсбелгілерімен марапатталған.
Аурудың алдын алу және кең көлемде таралмауы мақсатында тиісті індетке қарсы іс-шараларды ұтымды ұйымдастырған құрметті маман Жұмағайша Смағұлқызы бүгінде бейнеттің зейнетін көруде. Тәрбиелеген 2 ұл, 1 қызы қазіргі таңда еліміздің медицина және заң салаларының үздік те үлгілі мамандары.
Адал жар, аяулы ана, бүгінде 10 немеренің әжесі Жұмағайша Смағұлқызын келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз!

Ұлжан ӘЛІБАЕВА,
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.