Версия для печати

САДАҚА БЕРУ САУАПТЫ ІС, БІРАҚ... Избранное

Среда, 29 Июнь 2022 04:35 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2639 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Садақаның дініміздегі алар орны ерекше. Игі амал жасауға асығатын жандар да, қайырымдылық қорлары да жыл санап артып келеді. Жақсы амал жасау, біреуге көмектесу, әрине, жақсы. Бірақ, бүгінде кез келген дүкен, дәріханаға бара қалсаңыз, касса маңында садақа жәшіктері қаз-қатар тізіліп тұрады. Сауда жасаған жұрт «алушы қолдан, беруші қол артық» деп азды-көпті қалтасындағы тиын-тебенін тастап кетеді. Тіптен, қоғамдық көліктерде де өздерін ерікті деп таныстырған жастар садақа жәшігін ұстап, түрлі сырқатқа шалдыққан балаларға жәрдем сұрап жүреді. Оған әлеуметтік желі арқылы көмек сұрайтын жандарды қоса кетіңіз. Қайырымдылық жәшіктеріндегі қаражат, расында, игі іске жұмсала ма? Жиналған қаражат кімдерге тиесілі? Бұл сұрақ біраз жанды толғандырса да, ешкім жауабын іздеген емес. Дәл осы әдісті кейбір алаяқтар күнкөріс көзіне айналдырғаны туралы деректер де айтылуда. Тақырыпты тарқатар болсақ...

127

 

Жәшіктердің иесі кім?

Күнделікті қоғамдық көлікке отырған сайын жәшік ұстаған еріктілерді көреміз. Мәселенің мән-жайын білмекке автобусқа мінген еріктіні әңгіме тарттық. Өзімнің мерзімді басылымнан екенімді айтып, жөн сұрай бастауым мұң екен, «мұндай сауалдарға құрылтайшы жауап береді» деп жауап беруден бас тартты. Қолындағы жәшіктің сыртында науқастың аты-жөні, төменірек «Диагнозы ДЦП: Спастическая диплеггия нежный парапарез. «Халықаралық дүние руханият» қоғамдық қоры» деген жазба бар екен. Жәшікке жабыстырылған науқас баланың фотосын көріп-ақ, жаны ашыған жолаушылар әдеттегідей тиын-тебенін сала бастады. Ерікті жігіттен жауапты кісінің нөмірін алып, науқасқа қажет көмек және қор жайында анықтамақ болдым. Өкініштісі сол, ерікті жігіт жолдаған нөмір қанша хабарлассам да өшірулі болды.
Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровті әңгімеге тарттық.
— Қазақстан бойынша қорлар өте көп. Жалпы біздің діни басқармада «Зекет» және «Уақып» деген екі қайырымдылық қоры бар. Біздің қор әр 3 ай сайын діни басқармаға, министрлікке, барлық құзырлы мекемелерге және мешіт жамағатына ұдайы есеп беріп отырады. Осы уақытқа дейін мыңдаған мұқтаж отбасыға көмек көрсетіліп, 500-ден астам баспана сыйға берілді. Ал, діни орындарда садақа жәшігіне келетін болсақ, онда түскен қаржы тікелей мешіттің шығындары мен сонда жұмысын атқарып жүрген жұмысшыларға жалақы есебінде беріліп отырады. Биыл Рамазан айында садақадан түскен ақшаға 32 мың отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еттік.
Дүкендердегі садақа жәшіктері жекелеген адамға тиесілі болғандықтан, діни басқармаға қарамайды. Қазіргі таңда кірісі бар, шығысы жоқ қорлар қөбеюде. Оны жеке тұлғалар ашқандықтан, бізге қарамайды және біз жауапты емеспіз. Заңдастырылмағандықтан олар күмән тудырады,- деп сөзін аяқтады.
Десек те, қайырымдылық үшін қаржы жинаған жәшік біз үшін «құпия қобдишаға» айналды.


Нан іздеген қарт себепкер болды

Мұқтаж азаматтарға көмек қолын созып жүрген «Мейірім» және «Джанин» қайырымдылық қорларының басшысы Жазира Тілеубергенқызының да өз айтары бар.
— Қор құруыма нан іздеген қарт кісі себепкер болды. Бірде егде жастағы кісі ауладағы қоқыс жәшігінен жеуге жарамды талғажау етер тамақ іздеп жүр екен. Одан барып мән-жайды сұрастырып, ішерге асы, киер киімі, басында баспанасы жоқ екенін білдім. Өзім пәтер жалдап, үй тазалаушы қызметін атқарып жүрсем де, тапқан табысымның бір бөлігін мұқтаж жандардың азық-түлігіне жұмсауды әдетке айналдырдым. Әрекетімді байқаған пәтер иесі ісімді құптап, ол да үлесін қоса бастады. Көптің қолдауымен бітпейтін іс кемде кем шығар. Осылайша көмекке мұқтаж жандарға демеуші тарта бастадым. Біздің өзге қорлардан ерекшелігімізде сол, жомарт, қалталы азаматтардың демеушілігімен мұқтаж жандарға көмектесіп, себепші боламыз. Бүгінде бізге сенім білдіріп, тұрақты түрде қаржы аударатын демеушілер де бар. Тіпті, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қаласынан да көмек қолын созатын жандар пайда болды. Бұйыртса, Алматы қаласынан «Мейірім» қайырымдылық қорының бөлімшесін ашсақ деген ниет бар. Алғашқыда түрлі қиындықтарды өткердік. Десек те, командамызбен тек алға ұмтылдық. Алғашқыда сауап үшін жасалған игі іс бүгінде үлкен қайырымдылық қорына айналып отыр. Қорда елуге жуық ерікті жұмыс істейді. Еңбегімізді елеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы алғыс хатымен марапатталып, медаль табысталды. Еңбегіміз еленіп, көмек күткен көптің қуанышына себепкер болғанымызға қуаныштымын, - дейді Жазира Асан.
Жазира Тілеубергенқызы — бала күнінен жақсылық жасауға жаны құмар жан. Студент шағында Шымкент қаласында еріктілер қатарына қосылып, мұқтажбын деген жандарға көмек қолын созған.
— Бүгінде екі қайырымдылық қорына жетекшілік етіп жүрмін. Өзім негізін қалаған «Джанин» қорына 10 жыл толып отыр. Ал, 3 жылдық тарихы бар «Мейірім» қайырымдылық қоры Шерхан Дарханұлы деген кісінің аманаттауымен менің басшылығыма өтті. 10 жылдан бері екі қордың жұмысын қатар жүргізіп келемін. Сол аралықта 52300 отбасын азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етіп, 12000 азаматтың жұмыспен қамтуға көмектестік. Сондай-ақ, Арыс қаласында жарылыстан, Мақтаарал мен Қазығұрт аудандарындағы топан судан зардап шеккен жандарға қор есебінен көмек қолын создық. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 28 қыз-келіншекті жағдайы ретке келгенше үш ай уақытша баспанамен қамтып, қолғабыс еттік. Алғашқы қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отырдық, - дейді Ж.Асан.
Жазира Тілеубердіқызының айтуынша, қор мұқтаж жандарға қаржылай көмек беріп ғана қоймай, тұрақты түрде балалар үйі мен қарттар үйіне барып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, көңілі жарым жандардың жанына жылулық сыйлап жүреді екен.

QR қосымшасы садақа беруге қолайлы

Автобусқа отырғанда, дүкенге кіргенде есікте «kaspi QR» жабыстырмасын байқаймыз. Қазіргі таңда садақаны беру үшін арнайы жәшік іздеп жүрудің қажеті жоқ. Бар болғаны kaspi.kz мобильді қосымшасына кірсең болғаны. Мобильді қосымшада әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттер мен қайырымдылық қорының есепшоты бар. Соның бірі — «Жаннатул Фердауси» қайырымдылық қоры.
– «Жаннатул Фирдауси» қайырымдылық қоры «Сарыағаш» медресе-колледжінің жанынан құрылды. Оның құрылтайшысы – Абдужаппар Шәкірұлы. Бұл қайырымдылық қордың ашылу мақсаты – өсіп келе жатқан жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеп, сапалы білім алуына жағдай жасау. Болашақ - жастардың қолында, ал оларға дұрыс бағдар беру, біздің міндетіміз. Қазіргі таңда медресемізде 900-ге жуық студент тегін білім алуда. Олардың жататын жері, тамағы, ұстаздардың жалақысы, осы қайырымдылық қордан жиналған ақшадан беріледі. Сол себепті, «көп түкірсе, көл» демекші, дүкендерге өзіміздің садақа жәшігін қойып, автобустарға kaspi QR белгісін жабыстырдық. Адамдар сол арқылы садақа беріп, осы тәсілдің өте ыңғайлы екенін жеткізді, – деді «Жаннатул Фердауси» қайырымдылық қорының өкілі Нұрболат Тұрмаханов.

P.S. Қайрымдылық жасау – қанымызда бар қасиет. Айналадағы мұқтаждарға мейірімділік пен ізгілік, достыққа адалдық таныту – адамгершіліктің белгісі болса, адамзаттың барлығына «бауырым» деп қарау Абайдан қалған өсиет. Тек қайырымды істер мұқтаж жандардың қажеттілігіне бағытталса игі...

Айдана МАРАЛБЕКҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.