Тұмаумен шатастырмаңыз...

Пятница, 01 Июль 2022 00:00 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2433 раз

Миқұрт (менингит) – бұл адамдар арасында көп таралған дерттiң бiрi. Қатерлі ми ауруымен, көбінесе, балалар ауырады. Дерт шешек, көкжөтел, шықшыт безі және құлақтың қабынулары сияқты аурулардың асқынуынан пайда болады. Туберкулезбен ауыратын анадан туған нәрестелер кейде туғаннан кейінгі алғашқы айларда туберкулез менингитіне шалдығады.

Менингит бактериясы жөтелу кезiнде ауа арқылы жұқпалы түрге алмасады. Мұрынға түскен бактерия жұлынға жетiп, қан айналымына енiп, қоздырғыштарды күшейтедi. Оның жұқпалы түрiне шалдыққан адам ауруды таратушы болып саналады. Кеселдің таралуына себеп болатын жағдайлар – адамдардың тығыз орналасуы, тазалық сақтамауы, ауруды тарататын ошақтардың жақын болуы. Медицина тәжірибесінде денеге түскен жарақаттан, құрт ауруынан, тұмау мен iш сүзегiнен де ауру пайда болатын жағдайлар кездесті.

Миқұрттың белгілері: бас ауруы, мойын бұлшықеттінің ұюы, қалтырау, ойлау естің бұзылуы (комаға дейін), жарық пен дыбысқа сезімталдықтың артуы болып табылады. Науқаста жүрек айну және құсу, жалпы әлсіздік, жүрек соғысының бұзылуы, бұлшықеттің ауруы байқалады. Ауру басталғанда науқастың дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, құсады. Ал бір жасқа дейінгі балалардың іші өтуі де мүмкін. Былай қарағанда бұл белгілер тұмауға ұқсайды. Сондықтан көп адам ауруды асқындырып алып жатады. Тіпті үйде өзіндік жолмен емделу, емшілерге қаралу, басқа дәрілік препараттарды қабылдаудың соңы өлім-жітімге соқтырады.

Тағы бір ескеретін жәйт, ауру балаларға үйір келеді. Олардың иммундық жүйесі толық қалыптаспағандықтан, қоздырғыштар бала ағзасына тез жұғады. Жоғарыда айтылғандай, ауруды бірден анықтау мүмкін емес. Жасырын түрде өрбитін ауруды кей ата-аналар баласының тіс жаруымен байланыстырып жатады. Көп ата-ана осы жағдайларда уақыт өткізіп алады. Ал емдеу уақыты өтіп кеткен баланы аурудан айықтыру оңай шаруа емес. Дерт дер кезінде анықталып, тиісті ем жасалса толығымен айығып кетеді. Сол себепті, денсаулыққа жауаптылықпен қарап, менингиттің алдын алған жөн. Ол үшін:

• Иммунитетті жоғарылату. Дұрыс тамақтану, уақытлы ұйықтау қажет;

• Кез келген ауруды дер кезінде емдеу;

• Қолды әрдайым таза ұстау, кез келген азық-түлікті тұтынардан бұрын жақсылап жуу.

• Басыңызды зақымдап алсаңы,з міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.

Ем-дом неврология бөлімшесінде жүргізіледі. Арнайы кешенді антибиотик, вирусқа қарсы дәрілік заттардан тұратын ем тағайындалады.

 

М.АҒАБАЕВ, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары,
Х.ХАДИМЕТОВ, №1 бөлімшенің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.