Пятница, 14 Октябрь 2016 05:49

«Түркістан» сарайының төрінде

айтыскер ақындар орталығы ашылды

Шымкенттегі «Түркістан» салтанат сарайының жанынан айтыскер ақындар орталығы ашылды. Орталықтың жұмыс бастауына орай, республикаға танымал Оңтүстіктің беткеұстар ақындары Біржан Байтуов, Бекмұрат Анарбай, Нұрлан Есенқұлов, Қажымұхан Абзалов және өзге де өнер иелері дөңгелек үстел басында бас қосты.

aqyndar

Бұл орталық ақындық өнердің ұмыт бола бастаған түрлерін жандандырып, жас ақындарды анықтау, олардың өлеңдерін насихаттау және шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында ашылып отыр.

Орталықтың алдағы міндеттері жайлы сөз қозғаған «Түркістан» сарайының директоры К.Айдарбекова жас ақындардың сөз саптауын, әдебиетіміз бен тарихымызды терең зерттеп, ел алдында ашық ойын айта білетін деңгейге жеткізу қажеттігін түсіндірді. ОҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ақын Біржан Байтуов пен Қажымұхан Абзалов аптаның әр сейсенбі күні осы орталықта кездесіп, жұмыс атқаратындарын мәлімдеді.

Сондай-ақ, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына» орай «Түркістан» сарайында ақындар айтысын ұйымдастыруды және сол айтысқа ақындар орталығында дайындық жұмыстарының жүргізетінін айтты.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 14 Октябрь 2016 04:49

Мал сою бекеті іске қосылады

«Бозарық» шағынауданында бір гектарды құрайтын аумақта жаңа мал сою бекеті іске қосылмақ. Нәтижесінде, бекет тәулігіне 200-ден астам ұсақ малды союға мүмкіндік береді.

Бұл бекет жеке кәсіпкерлер есебінен салынуда. Естеріңізде болса, Дулати көшесіндегі жеке үйлерде мал союға тыйым салынып, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бұл кәсіптерін жалғастыру үшін қала аумағынан жер телімін бөлуге уәде берген еді. Бүгінде қаланың орталығында орналасқан үйлерде мал саудасы мен оны бауыздау кәсібін тоқтату туралы шешім қабылданды. Ендігі жерде қалалықтар заман талабына сай үлгіде салынған бекеттен мал алып, сол жерде сойдырып ала алады.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 14 Сентябрь 2016 05:04

Жедел жәрдем стансасы ашылды

Сайрам тұрғын алабында ашылған жаңа жедел жәрдем стансасы 67 мың жергілікті тұрғынға қызмет көрсетеді. Онда төрт бригадаға жасақталған дәрігерлер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ, мамандар тәулігіне жүз қоңырауға дейін шақырту қабылдай алады.

skori-2

Жедел жәрдем стансасындағы әрбір арнайы көліктің іші қажетті жабдықтармен жарақталған. Мәселен, дәрігерлер арнайы шақыртумен барған кезде небулайзер, кардиометр, глюкометр секілді апараттардың көмегімен науқастарға медициналық көмек көрсете алады. Жедел жәрдем көліктеріндегі жаңа қондырғылар арқылы фельдшер онлайн режимде науқастың жүрегін аппаратпен тексеріп, оның суретін скайп арқылы кардиолог маманға жібере алады. Осылайша, жедел жәрдем көліктеріне орнатылған кардиометр аппараттары науқастың жүрегіндегі сырқатты шапшаң түрде анықтап, науқасқа нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, жаңа бекет навигация жүйесімен де жабдықталған. Оның көмегімен шұғыл жәрдем қызметінің мамандары шақыртуға уақытылы бара алады.
Айта кетейік, қазір Шымкент қаласының аумағында жедел түскен қоңырауларға 79 бригада қызмет көрсетеді. Мамандар күніне 1500-ден аса қоңырау қабылдайды.

Опубликовано в Қала

ШЫМКЕНТТЕ ОРТА АЗИЯДАҒЫ ЕҢ БИІК
АЙНАЛАНЫ ШОЛУ АТТРАКЦИОНЫ АШЫЛДЫ

Шымкенттіктер көптен күткен «Жайлаукөл» саябағы жаңа кейіпке еніп, осы аптада пайдалануға берілді. Саябақтың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және әкім орынбасарлары мен мәслихат депутаттары қатысты.


«Жайлаукөлдің» төрінде орнатылған сахнада «Оңтүстік цирктің» жастары саябақ қонақтарымен түрлі ойындар ойнап, әрбір қатысушыға сыйлық тарту етті. Қала тұрғындары әуені кернеген әсем әнге елітіп, саябақтағы 22 түрлі аттракциондарда сауық-сайран құрса, енді бірі қайықпен суда серуендеді. 

 MG 0663

Қала тұрғындарының күткені ТМД елдерінде биіктігі жағынан үшінші орынды алатын, ал Орта Азия бойынша ең биік аттракцион еді. «Shymkent Altyn eye» («Шымкенттің алтын көзі») айналаны шолу дөңгелегінің 50 метрлік биігінен қаланы тамашалау үшін кезекке тұрғандардың санында шек жоқ. 18 кабинасы жазда салқындататын, қыста жылытатын жүйемен жабдықталған, 1 кабинаның сыйымдылығы 6 адам. Әуе кеңістігінде 15 минут айналады. Аталмыш аттракционды толық зерттеп, Мәскеуден алып келу жұмыстарының басы-қасында жүрген кәсіпкер Ордаман Әшірбаев болса, бұл жобаның жүзеге асуына облыс пен қала басшылары ықпал етті. 

02545 4

«Жайлаукөл» саябағы үзіліссіз аптаның әр күні таңғы сағат 10.00-ден түнгі 23.00-ге дейін ашық болады. Бағалары халықтың қалтасына салмақ салмайды, бір адамға 500 теңге. Бұдан өзге, мұнда «Кенгру», «Қызықты паравоз», «Шытырман айна», «Сегізаяқ», «Су шары», «Әуе велосипеді», «Жасанды тау шатқалы», «Катамаран» сынды көптеген ойын аттракциондары саябақ қонақтарына қызмет көрсетуге дайын.

Опубликовано в Қала

Жуырда Шымкенттегі Оқушылар сарайы алдында жаңа автотұрақ пайдалануға берілмек. Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, Оқушылар сарайы аумағын ретке келтіру, көріктендіру және абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Бүгінгі таңда онда автотұрақ және аяқжолдар салынуда.

DSC 5965

Оқушылар сарайы алдында жөндеу жұмыстары қызу жүруде. Құрылыс басында 28 жұмысшы өздеріне тиесілі міндеттерін атқарып жатыр. Бірі – асфальт төсесе, енді бірі – жол жиектерін абаттандыруда. Жаңа автотұрақ шамамен 50 көлікке шақталған. Айта кетейік, осыған дейін Оқушылар сарайына келушілер көп болғандықтан, жол бойында кептеліс жиі орын алып, көлік қозғалысына қиындық туғызатын.

DSC 5956

Сондай-ақ, мұнда аяқжол мен веложол да қатар салынуда. Екеуінің де ені – 3 метр. Ортасын сары сызық бөліп тұр. Ал ұзындығы 600 метрге жуықтайды. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші «Лидер НК» ЖШС-нің жауапты қызметкері Берік Қасаев алдағы бес күн ішінде міндеттелген барлық жұмыстарды аяқтайтынын айтты. 

DSC 5978

– Нысанды жаңа оқу жылына дейін тапсыруға тиістіміз. Жұмыс барысында көптеген қиындықтар болды. Мәселен, Түркістан көшесі мен Тәукехан даңғылына дейінгі аралықта көлік ағыны да, ары-бері өтетін адам саны да көп. Арнайы белгі қойсақ та, оны елемейтіндер кездесті. Осы мәселе кішкене қолбайлау болды. Бірақ біз межеленген уақыт бойынша жұмысымызды аяқтағалы отырмыз, – дейді Б.Қасаев.

Опубликовано в Қала

Шымкентте жылдың төрт мезгілінде жұмыс істейтін жаңа аттракцион ашылады. Дөңгелек шеңбердің биіктігі – 50 метр. 18 жабық кабинамен жабдықталған аттракцион 108 адамға лайықталған.

DSC 6080

Әрбір кабинаға қыста жылу, ал жазда салқындататын арнайы желдеткіш орнатылған. Қозғалыс кезінде аудио-экскурсия, хабарландыру трансляциясы жұмыс жасайды. Аттракцион кеңістікте 15 минут айналады.

Бұл аттракцион арқылы шымкенттіктер шаһарды 50 метрлік биіктіктен тамашалай алады. Тамыз айында ашылатын саябаққа орнатылған алып аттракцион ТМД-дағы биіктігі жоғары үшінші дөңгелек шеңбер болмақ. Ал Азиядағы ең үлкен ойын элементіне жатады. Алып әткеншектен бөлек бұл саябақта 15 түрлі ойын элементі де бар. Ойын-сауық құралдары бұрынғы «Тұлпар», қазіргі «Жайлау көл» демалыс аймағында орналасқан.

Опубликовано в Қала
Среда, 15 Июнь 2016 05:06

Құрылыс сапасы бақылауда

Қала əкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардағы балабақшалар мен мектептердегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Әуелі жұмыс сапарында қала әкімі №53 және №54 мектеп ғимараттарының жөндеу жұмыстарына куә болып, Оспанов көшесі бойындағы балабақшаның толық қалпына келтіру жұмысын тексерді. Атқарылған жұмыстың сапасын екшелеп, мердігер мекемелердің өкілдерімен пікірлесті.

Әлеуметтік нысандарды аралау барысында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Өтегенов көшесін ұзарту жобасының құрылыс барысымен танысып, «Асар» шағынауданындағы инженерлік-коммуникация жүйелерінің қызметтерін көріп шықты. Осыған орай қаланың солтүстігінде орналасқан шағынауданда жүргізіліп жатқан инженерлік жұмыстарды жеделдетіп аяқтауды тапсырып, жергілікті тұрғындардың тауар тасымалдау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жағынан еш қиындық көрмеуі керектігін атап өтті.

Опубликовано в Қала

Шымкентте жаңа қалашықтың алғашқы iргетасы қалануда

Шымкент – «Ақылды қала» жобасы аясында таяу жылдары әлемдік өркениеттің алғышарты болып табылатын жаңа технологияларды тәжірибеге енгізген елдегі үлгілі қалалардың қатарынан аталатын болады. Бұл бағытта батыл да бастамашыл істерді жүзеге асырудың алғашқы баспалдағы «Shymkent City» қалашығы болмақ.

Яғни, Шымкент қаласындағы жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені осылай аталады. «Тұран» шағынауданында құрылысы жаңа басталған «Shymkent City» қалашығы қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің маңында орналасқан. Кешен заманауи инфрақұрылыммен қамтылған, өмір сүруге және кәсіпкерлік саласын жандандыруға қолайлы орта ретінде жоғары стандарттарға толық сәйкес келеді.

Құрылыс басына арнайы келген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тиісті сала мамандарымен жиын ұйымдастырып, қалашықтың келешектегі бағыт-бағдары мен бүгінгі ахуалын талқылады. Өз кезегінде, Ғабидолла Рахматоллаұлы «қаланың жүрегіне» айналуы тиіс өзіндік мәні зор қалашықтың құрылысына мемлекет тарапынан үлкен қолдаудың көрсетіліп жатқанын жеткізді.
– Бүгінгі күн баршамыз үшін де болашақтың іргесін қалайтын тарихи сәт. Біз Орталық Азияның ең ірі шаһарларының біріне айналатын Шымкент қаласының дамуындағы жаңа кезеңді ашып отырмыз, – деп атап өтті қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жоба құрылысы бойынша өткен жиында.

shymcity-1

Қала әкімінің айтуынша, «Shymkent City» жай ғана жаңа кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін барша жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болып табылады. Сонымен қатар, қауіпсіздік пен қолайлылықтың жоғары үйлесімін тапқан айтулы кешен болмақ.

Заманауи үлгiде жабдықталады

«Ақылды қала» тұжырымдамасының шарттарына сәйкес, жаңа қалашықтың бой көтеруі – Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әлеуетін толық танытатын ауқымды шара болмақ. Атап айтқанда, ең алдымен мұнда қаланы электр жүйесімен жабдықтау, экологиялық жағдайды жақсарту мен «жасыл» экономиканы дамыту мәселесі де оңтайлы шешімін таппақ. Ондағы тұрғын үйлердің шатырына күн көзінен қуат алатын панельдер орнатылып, күнделікті тұрмыста электр жарығын үнемдеуші шамдар пайдаланылады.
Озық үлгідегі технологиялармен жабдықталған қалашықтағы спорттық кешендер мен мешіт, театр, сауда орталығы, жалпы орта мектеп, балабақша, аурухана мен емхана кешендерінің құрылысы қаланың сәулеттік кескін-келбеті мен экологиялық ахуалына ерекше реңк беретін болады. Сондай-ақ, мұнда 25 қабатты бизнес орталығы мен көпқабатты тұрғын үй кешендері қала тұрғындары мен қонақтарын әсерлі күйге бөлейтін заманауи бағыттағы нысандарға айналмақ.

shymcity

Бүгінгі таңда жол және басқа да коммуникациялық жүйелерді орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл қатарда көріктендіру саласына да мейлінше көңіл бөлінбек. Кезең-кезеңімен жүзеге асатын құрылыс шеңберінде жасыл желекке бөленген әсем саябақтар мен гүлзарларды алғашқы ретте пайдалануға беру жоспарлануда. 

Жоба толық жүзеге асқан сәтте, Шымкент – ел аумағындағы үшінші мегаполис қала ретінде жаңа белесте дамуға қадам басатын болады.

Өркениетке жасалған батыл бағдар

Кешен аумағында жаңа нысандардың құрылысы жеке инвесторлардың есебінен жүзеге аспақ. Қазіргі таңда шетел инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде. Айта кетейік, аталмыш жобаға ең алдымен түрік инвесторлары үлкен қызығушылық танытуда. Жобаны жүзеге асыру барысында жұмысқа жергілікті азаматтар тартылады. Демек, бұл жоба тек кәсіпкерлік, туризм саласын дамытуға ғана емес, қаладағы жұмыссыздық мәселесін шешуге де өз септігін тигізбек.

Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Кенжеқұлов қалашықтың орны ретінде 407 га жер аумағы белгіленгенін атап өтті. Заманауи үлгіде бой көтеретін кешенде 70 мыңға таяу тұрғын жайлы ғұмыр кешетін болады. Сала маманы берген мәлімет бойынша, бұл үшін инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастау үшін қала қазынасынан 388 миллион теңге қарастырылыпты. Айта кетейік, жалпы инвестициялар көлемі 274,6 миллиард теңгені құраса, оның ішінде, жеке инвестиция мөлшері 172,3 миллиард теңгені құрайды.

Опубликовано в Қала
Среда, 01 Июнь 2016 09:17

Балабақшалар саны артады

Облыс әкімінің тапсырмасына орай қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласы аумағында салынған балабақшалардың жағдайымен танысты. Әуелі, №60 «Тараз» бөбекжай балабақшасы, №61 «Нұртас» және №62 «Ботақан» бөбекжай балабақшасында болып, Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасының орындалу барысын бақылап қайтты.

sadyk-2

sadyk-1Атап айтар болсақ, құрылысы 2014 жылы басталған бұл 3 балабақша 320 орынға лайықталып салынған. Аталған бөбекжайлар 1 маусым балаларды қорғау күні мерекесіне орай пайдалануға беріледі. 

Қала халқының өсуіне орай балабақшаға баратын тәрбиеленушілердің саны көбейе түсуде. Осыған орай, Шымқалада жаңа бөбекжайлар көптеп салынып, ел игілігіне беріледі. 

Өңір басшысы Шымкенттегі мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту және тәрбиелеу ісін жетілдіруді тапсырған болатын. Облыс әкімінің тапсырмасының орындалу барысына тоқталған шаһар басшысы жоспар бойынша алдағы уақытта қала аумағында жасөскіндерге арналған бөбекжайлардың қатары көбейетінін жеткізді. Сонымен қатар, Ғ. Əбдірахымов бөбекжайлардың айналасындағы көшелердің сапасына баса мəн беруді тапсырды.

Шымкент қаласы әкімі
аппаратының баспасөз қызметі

Опубликовано в Қала

Соңғы жылдары Шымкент қаласындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны артып, сапасы жақсарып келе жатқаны жасырын емес. «Балапан» бағдарламасы аясында жұмыс жасау нәтижесінде мектеп жасына дейінгі балаларды балабақша қызметімен қамту 80%-ды құраған.

Бүгінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны 325-ке жетті. Оның 84-і мемлекеттік, 208-і жекеменшік, 33-і мектеп жанындағы шағын орталықтар. Мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелерде 23810 бала тәрбиеленіп жатса, 21546 бала жекеменшік балабақшаларға, 2141 бала жалпы орта мектептер жанындағы шағын орталықтарға барады.
Жалпы, 47479 баланы қамтыған мектепке дейінгі мекемелер саны 1 маусым – «Балаларды қорғау» күніне орай тағы да үшеуге артпақ. Дәлірек айтқанда, «Нұртас», Ерімбетов көшесінде және «Самал-2» шағынауданында 320 орындық 3 мемлекеттік балабақша пайдалануға беріледі. Бұл туралы сүйінші хабарды Шымкент қалалық білім бөлімінің Арнайы қосымша және мектепке дейінгі білім беру, қамқорлық пен қорғаншылық жұмысын дамыту секторының меңгерушісі Күлзина Ерсайынқызы мәлімдеді.

Опубликовано в Қала
Страница 4 из 5