Шымкент қаласында көздері нашар көретін зағип жандарды қолдау мақсатында дыбысты бағдаршамдар орнатылуда. Қазіргі таңда бағдаршамдар орнатылған 20 жол қиылысында осындай 40 дана дыбысты бағыттағыш іске қосылған.

peshehodny svetofor zpsf0b42643

Бұл бағдаршамның ерекшелігі сол, қай көшенің қилысында тұрғаныңызды және жүруге неше уақыт қалғанын есіңізге салып, айтып береді. Сала мамандарының мәлімдеуінше, өңірде мүмкіндігі шектеулі 109 мыңнан астам азамат бар. Оның жартысына жуығы – зағип жандар. 

Осындай бағдаршамдарды алдағы уақытта қаламыздың өзге де көшелеріне орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, биыл 17 бағдаршам, 10 ақпараттық-көрсеткіштік белгілері, 1600 катафот және 30 жарық шамы бар белсенді жол белгісі орнатылады. 

– Биыл қала аумағында алғаш рет пилоттық жоба ретінде жарық шамы бар белсенді жол белгілерін орнатып жатырмыз. Оның ерекшелігі сол – жүргіншілер өткеліне қойылған жарық шамдарға қаратып, бағана шамдары орнатылады. Яғни, кеш қарайған сәттен бастап, жарықтың өзара шағылысуының нәтижесінде, жаяу жүргіншілер өткелі алыс қашықтықтан байқалып тұрады. Бұл жоба әсіресе, жарық мөлшері жеткіліксіз қаланың шет көшелерінде жүзеге асырылмақ, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев. 

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша бүгінде 167 бағдаршам, 7 мыңнан астам жол белгісі бар. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты бойынша биыл қала бюджетінен 456 миллион теңге қаржы қаралыпты.

Опубликовано в Қала

Шымкент – қарқынды дамып келе жатқан еліміздегі үш ірі мегаполистің бірі. Қалада халық саны да бұрынғыға қарағанда едәуір артып, миллионға жуықтады. Мұндай алып шаһардың қиылысы көп көшелерінде адасып кету қиын емес. Шымкентке алғаш келіп, бетке алар бағытын білмей жолынан адасып қалғандарды аз кездестірмейсіз. Мұндайда не істеуге болады? Кімнен көмек сұрайсыз? Осы ретте қаладағы қажетті ғимараттар мен аялдамаларды тез табуға арналған 2ГИС арнайы бағдарламасы іске қосылған болатын.

2gis

Ұялы телефонға арналған бағдарламасы бар

2gis-22ГИС – электронды қала картасының анықтамалығын шығарумен айналысатын Халықаралық картографиялық компания. Негізі 1999 жылы Ресейдің Новосібір қаласында қаланған. Әлемдегі БАӘ, Италия, Чехия, Чили, Қырғызстан, Кипр, Украина, Қазақстан секілді мемлекеттердің ірі қалаларының электронды анықтамалық карталарын жасаған. Алғашқыда жеке компаниялардың тапсырысымен Новосібір қаласының картасын компакт-дискіге басып шығарған. Осыдан соң басқа мекемелер де пират көшірмелерін жасап сата бастайды. Дағдарыстан кейін 2ГИС-ті тегін таратып, жарнамасынан пайда табу жоспары құрылып, сәтті іске аса бастады. 2001 жылы мекеменің сайты ашылып, 2006 жылы онлайн нұсқасы қолданушыларға жол тартты. Ал 2011 жылы компанияда үлкен өзгерістер орын алып, атауы 2ГИС болып өзгертілді. Сондай-ақ, Android және iOS-қа арналған мобильді бағдарламасы пайда болды.

Қалай жұмыс істейді?

Бағдарламадағы «іздеу» деген жерге өзіңізге қажетті көше, ғимарат, мекемені жазып, картадан таба аласыз. Одан бөлек мекеменің нақты мекенжайын, телефонын, аялдамасын, қандай автобустармен және қанша уақытта баруға болатынын көрсетеді. Ал көлікпен немесе жаяу жүрсеңіз навигаторға белгілеп, ең қысқа жолмен баруға болады. Навигаторда тек жол ережесіне сай жылдамдық және бұрылуға рұқсат етілген бағдарлар көрсетіледі. Мәселен, кейбір көшелерде оңға бұрылуға рұқсат болмаса, 2ГИС сізге навигатордан тиісті бағытты нұсқайды. 

2gis003

Ғимараттар, көшелер және басқа да бір мекемелер жаңадан салынса немесе бұзылса тез арада өзгертіледі. Бағдарлама онлайн форматында 2 секунд сайын жаңартылып тұрады. Кейбір маңызы бар ғимараттар 3D түрінде берілген.

 

Оңтүстікте алғаш рет Шымкентте іске қосылды

2ГИС-тің ең басты жеңілдігі – интернетсіз де қолдануға болатындығында. Әлем бойынша 41 миллион қолданушысы бар бағдарламаны (Android, iOS, Windows Phone, Symbian, Windows Mobile, Blackberry OS, MeeGo) телефон платформаларынан жүктеп алуға, info.2gis.kz ресми сайтынан кіріп көруге немесе компьютеріңізге арнайы бағдарламаны орнатуға болады. 

IMG 8367-26-04-17-03-24

2ГИС Қазақстанға 2012 жылы келді. Алғаш рет Алматы қаласында, одан кейін Астана, Қарағанды секілді қалаларда пайда бола бастады. Қазір еліміздің 9 қаласында 2 миллионнан астам қолданушысы бар. Ағымдағы жылдың Наурыз айынан бастап Шымкентте де іске қосылды. Бағдарламаны 15 күннің ішінде 26 мың тұрғын, бір ай ішінде 46 мың адам жүктеген. Компания қызметкерлерінің айтуынша, қалаға жақын орналасқан аудандар да бағдарламаға қосылатын болады.

IMG 8377-26-04-17-03-25– Біз бұл бағдарламаны жасау үшін бір жылға жуық уақытта қаламен жақсылап таныстық. Жаяу да, көлікпен де жүріп, әрбір аялдамаға тоқтап, фотоға түсіріп, мекемелерге кіріп, жобасын сызып шықтық. Мекемеде қазір 25 адам жұмыс істейді. Қызметкерлеріміз қала бойынша күнделікті жүріп отырады. Ал көшелер мен аялдамалардың ресми атауларын Шымкент қалалық әкімдігінен алып отырамыз, – дейді Шымкенттегі 2ГИС компаниясының сату бөлімі жетекшісі Амангелді Әлімжан.

Көлік кептелістерін де көрсетеді

IMG 8379-26-04-17-03-25Алдағы уақытта Шымкент тұрғындарын көп жеңілдіктер күтіп тұр. 2ГИС бағдарламасы бұдан кейін де жаңартылып, сауда жасау мен қызмет көрсету түрлері қосылады. Сонымен қатар, Оңтүстік аумақтағы Түркістан, Баба Түкті, Шашты Әзиз, Арыстан баб, Қазығұрт тауы секілді маңызды орындар да көрсетілетін болады.

– Біз адамдардың қалада жайлы өмір сүруіне көмектесеміз. Керек көшелерді, заттарды, қолайлы орындарды табуға және уақыт пен ақшаны үнемдеуге көмектесеміз. Біздің жасаған бағдарламамызды нақты әрі маңызды ақпараттарды кез келген сәтте тегін пайдалана аласыздар. Сонымен қатар, қаладағы кептелістер де онлайн режимінде картада көрсетілмек. Осылайша жүргізушілер, жедел жәрдем қызметкерлері, өрт сөндірушілер және тағы басқа көлік қызметін пайдаланушылар уақыттарын үнемдей алады, – дейді Шымкенттегі 2ГИС компаниясының басшысы Юрий Пан Радионович.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 21 Апрель 2017 09:21

Үздік фармацевт анықталды

Шымкентте 2017 жылдың «Үздік фармацевті» байқауы өтті. Сайысқа еліміздің медициналық колледждерінен 11 студент қатысты.

DSC 4355

Бұл конкурс аталған мамандықтың беделін арттыруға, фармацевтердің кәсіптік шеберлігін шыңдауға бағытталған. Шымкент медициналық колледжінде өткен байқауда еліміздің аймақтарынан келген келген болашақ фармацевтердің теориялық білімі мен тәжірибелік шеберліктері сыналды. 

Шара барысында қатысушылар өз білімін көрсетіп, сауалдарға мүдірмей жауап берді. Рецепт жазып, дәрі-дәрмек дайындады. Нәтижесінде үш жеңімпаз жүлдегер атанды. Атап айтқанда, Жамбыл медициналық колледжінің түлегі Мария Шитова «Үздік фармацевт» деп танылды. Екінші орынды ақтөбелік Александра Потуга иеленсе, үшінші орын Қостанай медициналық колледжінің түлегі Юлия Каневскаяға бұйырды.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 21 Апрель 2017 09:10

ҚазҰУ ғалымдары Шымкентке келді

Шымкент қаласының әкімдігі мен Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғылыми-инновациялық департаменті бірігіп, Көркемсурет галереясының қабырғасында көрме өткізді.

20170418 112409


ҚазҰУ-дан келген ғалым-зерттеушілер Шымкент жұртшылығына ғылыми айналымда бар, алайда өндіріске енгізілмеген жобаларын таныстырды. Оңтүстікте өндіріс ошақтары көптігінің есебінен ғалымдар аталған жобаларды біздің өңірге таныстыруға мүдделі. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылым жөніндегі технопаркі басшысының орынбасары Әлия Ақтымбаеваның айтуынша, көрмеге ҚазҰУ-дың 7 ғылыми институты, яғни 14 техникалық және технологиялық факультетінің ғалымдары қатысты. Бұған дейін зерттеушілер тобы Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар облыстарында болып қайтқан. 

ҚазҰУ-дың криотехника және криотехнология лабораториясының меңгерушісі Әбдірахман Алдияров бастаған ғалымдар тобы сұйық азотты медицинада, биологияда, физикада, техникада, тіпті, ауыл шаруашылығында да қолдануға болатынын дәлелдеп шыққан. 


20170418 111148– «Пепси Кола», «Кока кола» компаниялары бізге үнемі сұйық азотқа 
тапсырыс береді. Әр түрлі биологиялық активті заттарды ұзақ сақтау үшін алуан консерванттар қолданамыз. Бұл конcерванттар адам ағзасына өте зиян. Ал экологиялық таза азотпен қанықтыратын болсақ, азот нейтралды болған себебінен биологиялық байланысқа түспейді. Сөйтеді де, оның сақтау мерзімін ұлғайтады. Ауыл шаруашылық өнімдерін уақытша сақтайтын орындарда азотты қолданса, кеміргіштер мен құрт-құмырсқалар жойылады. Өнім өзінің бастапқы қалпын сақтап қалады. Әр түрлі паразитті өсімдіктерді, мәселен, сары шырмауықты сұйық азотпен өлтіруге болады. Тамақ түрлерінің сақтау мерзімін созу үшін де төменгі температуралы құрылғыларды жасағанбыз, - дейді зерттеуші. 

Сонымен қатар көрмеге отандық дәрі-дәрмек өнімдері де қойылды. ҚазҰУ-дың химия ғылымдарының докторы Сергей Калугин өздері өндірген бірнеше дәріні таныстырып өтті.

– Гмелин кермегінен «Лимонидин» жақпамайы әсіресе әйелдер мен жас нәрестелерге өте пайдалы әрі арзан. Ұшықта, сүт безі ұштарының жазылуында, шатаралық тігістердің ашулында, ауыз қуысы шырышындағы жараларда, түрлі парадонт ауруларында таптырмас ем. Ал «Алхидин» биологиялық активті кешені тері ауруларын керемет емдейді, - деді С. Калугин. 

Бұл дәрі-дәрмектерге лицензия алынғанымен, әлі өндіріске енгізіле қоймаған. Ғалымдар соны кәсіпкерлер мен фармацевтерге таныстырып, өндірісте қолдануға ұсыныс жасауға келген. 

20170418 112323

Экологиялық мәселелер жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының басшысының орынбасары Әлия Ерназарова көрмеге бірнеше жоба алып келген. 

– Мал шаруашылығында жемге қоспа ретінде пробиотиктер дайындау жобасын ұсынудамыз. Бұл малдың түсімділігін, еттілігін арттыруға көмектеседі. Көп жобалар лабораториялық жағдайда дәлелденген, – дейді ол.

Опубликовано в Білім

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептебінің оқушылары ойлап шығарған ғылыми жобалар кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. «Креативті самғау» шығармашылық идеялар фестивалінде қандай жұмыстар таныстырылмады десеңізші?! Байқаудың ашылуында мектеп оқушылары әр түрлі үлгідегі зымырандарды ұшырды. Оны балалар қолдан жасап, ұшыру әдісін жетік меңгерген. Арасында бөтелкеден жасалған зымырандарды да көзіміз шалды.

IMG 2056

8 «F» сыныбы оқушыларының қолынан шыққан «Экомобиль» көлігінің өзі не тұрады?!. Үндістанның қоғамдық орындарда жүретін күймелеріне ұқсайтын аталған көлік түрін оқушы жасап шығарды дегенге алғашында сене қоймайсыз. «Пердесі жаздыгүні масадан қорғайды әрі ішіндегі безендірілген заттары эстетикалық әдемі түр береді», – дейді жоба жетекшісі Бақыт Амалбекова. 

7 «А» сыныбының «техникалық кілем-ұшағы», тіпті, кісі қызығарлықтай. Сынып оқушылары оны бар-жоғы екі-ақ сағаттың ішінде жасап шығарған. Ал 7 «F» сынып оқушысы Марғұлан Беркінбаев «Жеңіс» атты экомобиль көлігін ойлап тапқан. Дөңгелек орнына скитбордты, орындық орнына қорапты пайдаланған. Марғұланның айтуынша, бұл экомобиль аса жылдам жүрмесе де, көлік ретінде пайдалануға тұрарлық. 11 «С» сынып оқушысы Әнуар Ардақ болса, «Сары найзағай» атты көлігіне 2 ай уақыт жұмсағандарын айтады. Сынып болып атсалысқан аталған жоба жылдамдығы жөнінен мектеп бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл экомобильдердің барлығы да дәстүрлі түрде өтетін «Экомобильдердің креативті айналымы» байқауында бақ сынап отыр. Көліктердің жылдамдығы мен техникалық мінездемесіне қойылатып талап жоғары, қуаты екі немесе одан да көп адамның мінуіне лайықталған, экоотынмен жүретін болуы қажет. 

IMG 1824

Экомобильдерден бөлек, «Креативті самғау» фестивалінде 150-ге жуық ғылыми жобалар таныстырылды. Мәселен, 10 «В» сынып оқушысы Назым Зиябек ваннаға арналған сабынды көпіршік жасапты. Дәл осындай көпіршік жасайтын «Bubble mashine» құрылғысы – 7 «Д» сынып оқушысы Жәнібек Омаровтың жобасы. 

Айдана Тұрлыбекова (11 «F» сынып оқушысы) қатты тұрмыстық қалдықтарды қайда өңдеуге арналған биогаз алу жолдарын ойлап тапқан. Биогаз алу үшін өзен суы мен карбонат кальцийі, тыңайытқыш үшеуін қосса, энергия күшейеді екен. Биогаз әлем бойынша пайдаланылғанымен, біздің елімізде әлі де қолданысқа енгізілмеген. 

IMG 2521

Ал таза суды үнемдеу үшін бау-бақшаға қажет кезінде жаңбыр суын қолданған қандай жақсы!.. 7 «С» сынып оқушылары Медина Бектөре мен Арайлым Айтжан сондай жаңбыр суын тиімді пайдалану мақсатында «Сужинағыш құрал» ойлап тауыпты. Бұл құралды тамның төбесіне қойып, су өткізгіштер арқылы бақшаны суаруға болады. Жібек Нұржігіт пен Мөлдір Сапарқұл – улы емес акварель бояуының авторлары. Акварель улы болмас үшін қыздар жүгері крахмалы, сода, сірке суы және тағам бояғыштарын пайдаланған. «Бұл бейнелеу өнеріне қызығатын балалар үшін өте пайдалы, арзан әрі тиімді, табиғи түс береді», – дейді авторлар. 

Байқауда ерекше жобалардың бірі 7 «Е» сынып оқушылары Дана Батырбекова мен Әсел Ахаттың күйзеліске қарсы топтамасы болды. Шоколад, пісте, банан, апельсин, таңқурай мен жержаңғақ күйзелістен тез арылуға көмектеседі екен. «Бұл азық-түліктер тек антистресс емес, адам ағзасына өте пайдалы. Әсіресе, шоколадтың құрамында бақыт гормондары бар. Ғалымдар Британияда тегін шоколадтар таратып, оның ағзаға әсерін зерттеген. Осыдан кейін ол жақтағы қылмыс деңгейі 60 пайызға төмендегенін байқаған», – дейді Дана мен Әсел. 

IMG 2359

Ғалымдар әйелдер гардеробында синтетикалық киімдерге қарағанда жүннен тігілген киімдердің көп болғанын құп көреді. Өйткені, ол денсаулыққа пайдалы. Жүн жылу ұстағыш қасиетке ие. Тек демікпемен ауыратын адамдарға ғана ұсынылмайды. Ал артрит, артроз ауруларына таптырмас емнің бір түрі. Балаға ойыншық жасап беруге де болады. 7 «А» сынып оқушысы Дариға Түгелбайдың «Жүннен жасалған бұйымдар» жобасынан жүннің осындай тиімді тұстарын білдік. 

«Экокиіз үй». Нұрсұлтан Байжановтың (11 «А» сынып оқушысы) аталған жобасы тек бөтелкеден жасалған. Экокиіз үйді жасау үшін ол 700 бөтелке жұмсапты. 

IMG 2359

– Қазір Қазақстанда статистика бойынша қоқыстың 40 пайызын бөтелкелер құрап отыр. Сол бөтелкелерге екінші өмір беріп, игі мақсатта жұмсау – жобаның мақсаты, – дейді жас ғалым. 

– Өз жұмысын өзі атқаратын «Ақылды жылыжай» көріп па едіңіз?! Іштегі температураны да, ылғалдылықты да, су деңгейін де өзі реттеп отырады. «Бұл жобаның маңыздылығы сонда, қазір Шымкентте адам саны көбеюде, яғни, 1 миллионға жуықтайды. Бұл дегеніміз – халыққа сапалы өнім мен су үнемдеуді қажет етеді. «Ақылды жылыжай» арқылы суды да үнемдейміз әрі сапалы өнім аламыз, – дейді Сымбат Қанай мен Дана Нуралиевалар. 

IMG 2236

Мектеп директоры Қарагөз Әбдірахманованың пайымдауынша, «Креативті самғау» шығармашылық идеялар фестивалі діттеген мақсатына жетіп келеді. Мектептің ішкі байқауы осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп, тақырыбы «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналды. Балалар ізденіп, ғылыми жұмыс жасап, тәжірибеге енгізуді үйренді. Тек техникалық пәндерден емес, қазақ тілі мен әдебиетінен де ерекше жұмыстар таныстырылды.

Опубликовано в Білім

«…Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл — маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын».

(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан)

IMG 8046-29-03-17-05-26

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету... және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек» деген болатын.
Жолдаудан кейін көпшілік көкейінде «Елбасы Жолдаудың бірінші басымдығында көрсеткен «3D-принтинг» деген не?» деген сұрақ туындады. Расында да бұрындары тек атын ғана естіп, затын көрмеген бұл не нәрсе? Ол қалай жұмыс істейді? Елімізде бұл сала қаншалықты дамыған? Қазіргі таңда 3D-принтердің қыр-сырын жетік меңгеріп, оны кәсібіне айналдырған шымкенттік Мұқағали Сағынтайды әңгімеге тартқан едік.

 

H0comkjxHak– Мұқағали, саған мұндай идея қашан келді?

– Алматыдағы Политехникалық университетте оқып жүргенде ұстаздармен, группаластармен көптеген жобалар жасап жүрдік. Сол кездерде осы 3D-принтерге қызығушылығым арта бастады. Алғашқыда үйде әуесқой құрылғыны қолданып жүрдім. Cұраныс көбейе бастаған соң, биыл кеңсемді ашып, екі кәсіби құрылғы сатып алдым.

– Бұл құрылғылардың қызметі қандай және оларды қайдан аласың?

– Мен қолданатын 3D-принтерлер пластик, пластмассадан кез келген бұйымдарды жасайды. Мәселен сіздің пластмассадан жасалған сүйікті затыңыз сынып қалса. Және ол желімдеуге келмесе біз дәл сондай етіп оның жаңасын жасап береміз. Қазір көпшілігі тұрмыста пайдаланатын заттарды жиі жасатады. Өйткені зауыттарда өзіңнің ойыңдағы бұйымдарды арнайы шығарып бермейді. Ал біз істей береміз. Алдымен компьютерде үшөлшемді моделін жасап, принтерге басуға жібереміз. Мұндай 3D-принтерлерді Қытайдан алдырамын. Бағасы 200-300 доллардан басталады. Екі әуесқой және екі кәсіби құрылғым бар. Дәл қазір осылармен көзі көрмейтін адамдарға арналған мүсіндер жасап жатырмын.

– 3D-принтерлердің болашақтағы мүмкіндіктерін қалай бағалайсың?

IMG 8030-29-03-17-05-16– 3D-принтерлер Америкада сексенінші жылдары шыққанымен, оны 2000 жылдардың басында қолдана бастады. Қазақстанға ең алғаш рет 2005 жылы келді. Ол СЛФ технологиясы бойынша жұмыс жасаған. Оның ерекшелігі, пластиктерді шаңның тозаңындай етіп ұсақтап құйып, лазермен кесетін. Арада көп уақыт өтпей дәл осы тәсілмен металдан жасалған заттарды да дайындай бастады. Бұл өте үлкен жетістік болды. Өйткені, бір талшық шаштың көлемі 70-75 микрон болса, осы 3D-принтер темірді, тіпті титанның өзін 10 микронға дейін ұсақтай алатын еді. Мұндай металды өңдейтін құрылғы елімізде аэрокосмостық және қорғаныс саласында қолданылады. Бұдан бөлек тіс, жақ сүйектерін басып шығара алады. Алдымен сұйық күйінде керекті формаға келтіріліп, ультра фиолетпен қатырылады. Жылдан жылға принтерлердің шығару жылдамдығы, сапасы артып, толықтырылып келе жатыр. Сондай 3D-принтердің бірі Алматыда бар. Ол гипстен жасалатын адамның немесе жануардың қасын қара, шашын қоңыр, ернін қызыл етіп жасап бере алады. Келешекте бұдан да сапалы нәрселер жасайтын принтерлер шығады. Сондықтан, технологияны әрқашан дамытып, жетілдіріп отырмасаң, бірнеше жыл бір қалыпта жұмыс жасау өте қиын.

– Алдағы жоспарың қандай? Пластиктен басқа материалға көшесің бе?

IMG 8034-29-03-17-05-16– Жалпы менің ойым, 3D-принтер жасап, оны сату. Өйткені, бірнеше жылдың ішінде мұндай құрылғылар өзінің маңыздылығын жояды. Бағасы арзандап, қазіргідей табыс бермейді. Көпшілікке қолжетімді болып қалады. Қазірдің өзінде компьютерді талап етпей-ақ, ұялы телефон арқылы да басып шағаратын 3D-принтерлер пайда болды. 2-3 жылдан кейін сатылымға шыға бастайды. Алғашқы бағасы 200 доллар болады деп күтілуде.
Қазір елімізде 3D-принтер жасап шығаратын бір-ақ компания бар. Оның артықшылығы, көп нәрселерін Қазақстанда жасайды. Халық аузында «3D-принтер 3D-принтерді жасайды» деген әзіл-шыны аралас сөз бар ғой, сол рас. Ресейде жылына 3D-принтер жасайтын 2-3 компания шығып жатыр. Барлығы сапалы әрі арзан бағада жасауға ұмтылуда. Бәсекелестік жоғары. Мәселен қазір «Назарбаев мектептерінде» де кеңінен қолданылып жатыр. Ал мен оқыған Политехникалық университетте ТМД елдерінде жоқ 3D-принтер бар. Ол тек пластик қана емес резеңке, эластиктермен де дайындайды. Жасанды адамның терісін жұмсақ, сүйегін қатты, қан тамылардын қызыл, көздерін қара әрі жұмсақ етіп жасай алады.

– Жаңалығың мен қызықты әңгімең үшін рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Сапарғали ҚАНАТ

Қысқа-нұсқа:

3D-принтер – суретті үшөлшемді етіп шығаратын құрылғы. Ол пластик, резеңке, цемент, гипс және тағы басқа заттарды сандық үшөлшемді модель арқылы қабаттап шығарады. Құрылғыны ең алғаш рет 1988 жылы америкалық Халл Чарльз ойлап тапқан. Дәл қазіргі уақытта 3D-принтердің мүмкіндігі шексіз. Оны кез келген салада қолдануға болады. Архитектура, киім-кешек, медицина, электроника, көлік, құрылыс, қару-жарақ тіпті тамақ өнеркәсібінде де. Мәселен үлкен 3D-принтердің көмегімен Қытайда көпқабатты үйлерді тұрғыза бастады. Shanghai WinSun Decoration Design Engineering Co компаниясы алғаш рет 2014 жылы «Ғажайып принтердің» көмегімен бетоннан он ғимарат салған болатын. Ал McKinsey компаниясының бағалауынша, 3D-принтердің технологиялық қолданыстағы экономикалық әсері 2020-2035 жылдарға қарай 500 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.

Опубликовано в Сұхбат
Пятница, 07 Апрель 2017 08:41

Ербол СЕРІКБАЙ: ІТ, бұл – болашақ

erbol 27-2Елімізде ІТ саласының беталысы жаман емес. Елбасы биылғы Жолдауында: «Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспектикалы салаларды дамыту керек. Сондықтан, Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс», – дегенін баршамыз естідік. Бұл салада жасындай жарқылдаған жастарымыз да баршылық. Солардың бірі – ІТ маманы Ербол Серікбай.


Әр саланың өзіне тән қиындығы мен қызығы қатар жүреді. ІТ маманы болу оңай емес. Ол үшін математика мен физикаға жүйрік болу керек. Істейтін іс-әрекеттеріңнің барлығы алгоритмге негізделеді. Егер де алгоритмге жылдам болсаңыз, онда сізден мықты ІТ маманы шығуы мүмкін. Бір қарағанда, ІТ мамандарын жәй ғана «компьютер шұқылаушы» деп қабылдайды. ІТ саласы да ішінара бөлінеді. Веб-бағдарламалаушы, жүйелі администратор, т.б. Бүкіл желінің жұмыс істеуі, ақпараттың дұрыс тарауы бір емес, бірнеше маманның жұмысына байланысты. Қазақтар «компьютерші» деген бір ғана атаумен атаймыз ғой. Бұл сөзге «хакер» дегенді қосып қоямыз.

 

Намыстан – табысқа...

2010 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да 3-курс оқып жүрген кезімде арнайы веббағдарламалау деген курс болды. Сол кезде ұстазымыз Бауыржан Жақашов жеке жоба жүргізуге тапсырма берді. Мысалы, бір қазақ қызы интернет арқылы сұрақ қойса, жауабы Ответы. Mail.ru сайтынан шығады. Орысша контент болғандықтан, «неге орысша жазбайсың?» деп балағаттауға дейін барады. Ойлана келе «Өзгенің сервисін қолдана бергенше неге қазақ тіліндегі сұрақ-жауап сайтын жасамасқа» деп, surak-jauap.kz сайтын қолға алдық. Алғашқы кезеңде сайттың қолданушысы өзім болдым. Группаластарым «Ербол, мына есеп қалай шығады?» деп сұраса, сайтқа жаз деймін. Себебі, дәл осындай студенттер еліміздің басқа аймақтарының бірінде, Оралда немесе Семейде тура сол есептің шешімін таба алмай қиналып жатқан болуы мүмкін. Сайттың идеологиясы мынадай: енгізген мәліметтің барлығы сақталады. Контенттерді өшірмей, қаз-қалпында қалдырамыз. Содан кейін бе, сайттың оқырмандары көбейе берді. Енгізілген ақпараттардың басқа да іздеу сайттарынан жылт етіп шығатындай жағдай жасадым. Яғни, басқа тілден аударып, уақыт кетірмейсіз.

surak-jauap.kz – тырнақалды жобаларымның бірі. Қазіргі таңда күніне 100 мың адам кіретін порталға айналды. 2016 жылы қыркүйек айында студент жастарды біріктіріп, өзіміздің шағын редакциямызды аштық. Жастарға пайдалы әрі қызықты контент беруге тырысып келеміз. Қарап отырсам, осы 6 жылдың ішінде surak-jauap.kz сайтына 120 мың сұрақ, 150 мыңдай жауап, 120 мыңдай пікір, 156 мың тіркелген қолданушы бар екен. Демек, осы сайттың арқасында қазақтілді контентті арттырдық. 

Жуырда мені «Егемен Қазақстан» газетінің электронды сайтына жұмысқа шақырды. Маған сенім артып отырған Дархан Қыдырәлі ағамызға рахметімді айтамын. Қаңтар айының басынан бастап осы газеттің сайтына жұмысқа орналастым. Екі сайтты қатар алып жүрмекпін. «Егеменнің» жаңа мультимедиялық өнімдерді қолдануына, ақпаратты дұрыс таратуына өз үлесімді қоссам деймін.

 

ІТ саласында жаңалық көп

Ол рас. Бүкіл әлем бойынша электронды үкімет тенденциясы кеңінен қолданылуда. Соңғы кезде salyk.kz электронды сайты арқылы салықты үйде отырып-ақ төлей беруге жағдай жасалған. Коммуналдық қызметтер, уақытша тіркеудің өзін электронды үкімет арқылы іске асыруға болады. ІТ саласында өмірімізді барынша жеңілдету үшін көптеген шаралар жасалуда. Қазірдің өзінде мемлекеттік басқару жүйесінің өзі де осы ІТ технологиясының мүмкіндіктерін кеңінен қолданып жатыр. Әкіммен байланыс, шағым беру, әлеуметтік желі арқылы көзіңіз көріп, құлақ естіген оқиғаны әкімнің парақшасына жіберу, бәрі де ІТ мамандарының қолынан өтеді. Осындай көз ілеспес жылдамдықпен даму біздің күнделікті өмірімізге етене еніп үлгерді. 

Электронды коммерция, киім-кешек дүкендерінің өнімдерін онлайн сатып алу сияқты қызмет түрлері жаңа технология ретінде енгізілуде. «Қазпочтада» да электронды үкімет порталы өз функциясын толығымен атқарады деген ойдамын. ҚР Бас Прокуратурасының басшылығына білікті ІТ маманы Бағдат Мусиннің барғанының өзі елімізде ІТ саласының көш ілгері дамуын айғақтаса керек. 

Еліміз келешекте қағазбастылықтан арылып, онлайн жүйеге көшетіні аян. 

ІТ саласында Қазақстан – экспорттаушы емес, импорттаушы мемлекет. Бұл жанға бататын жағдай. Өз өнімімізді шығармасақ, тек тұтынушы мемлекет ретінде ғана қалып қоюымыз мүмкін. Алысқа бармай-ақ, көрші жатқан Украина мен Белоруссияны алсақ, ол жақта ІТ-стартап жобалар үлкен мемлекеттік компанияларға сатылып, ірі жобаларға айналуда. Бізде де ІТ университеттері ашылуда. Алайда, оның өзі көп тәуекелдерге бара алмайды, қауқарсыз.

Бұл салаға жас мамандар көптеп келуі үшін, біріншіден, мектеп бағдарламасында жаңа технологияның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. ІТ саласында бүгін шыққан ақпарат ертесіне-ақ ескіріп қалады. Сондықтан күнделікті жаңара отырып, ІТ саласына маман дайындайтын бір емес, бірнеше ЖОО ашылса дұрыс болар еді.

 

Болашақта ұшатын көлік көрсеңіз, таңғалмаңыз!

ІТ саласын бір ауыз сөзбен сипаттасақ, бұл – болашақ. Баршамыздың келешегіміз ІТ саласымен тығыз байланысты. Мәселен, банк жүйесін алайықшы. «КазКом» банкі несиелендіру мақсатында ІТ-стартап жобаларға иек артуда. Тіпті, қазіргі кезде менің қолданып жүрген Самсунг Гера2 сағатымның өзі – «ақылды сағат» деп аталады. Бұл сағат «жүрегіңнің соғысы қанша?», «неше қадам бастың?», барлығын айна-қатесіз айтып береді. Жаңалықтарды оқи беруге болады. Яғни, заманның, техника, технологияның ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамығаны сонша, барлық қажетті мәліметті телефонмен емес, сағаттың өзімен-ақ ала беруге болады. Алдағы уақытта ұшатын көлік немесе жүргізушісі жоқ таксиді көріп қалсаңыз, таңғалмаңыз. Өйткені, бұл қазірдің өзінде Батыста қолданылып, тәжірибеге енгізілуде. Аталған технологияның бәрі де уақыт өте келе біздің елімізге де келетін болады. Егер де болашағыңыз жарқын әрі қызықты болсын десеңіз, ІТ саласын таңдауға кеңес берер едім. 

ІТ – қазір ең көп жалақы алатын мамандықтың бірі. Кез келген біліктілігі жоғары бағдарламаушы қашанда сұранысқа ие. Шымкент қаласы әкімдігінің аппарат басшысы Рашид Аюповтың өзі Лондон қаласында бағдарламалаушы мамандығы бойынша оқып келді. Қаладағы жаңа технологияның жүзеге асуына өз үлесін қосып жүр. Жалпы алғанда, «Кімсің, ІТ маманымын» дейтіндей дәрежеге жеткен достарым өте көп. Шымкент қаласынан шыққан Алмас Көбекбаев «Самсунг» компаниясында жұмыс істей жүріп, өзінің Top.kz деген сайтын ашты. Қарамағында 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың жалақылары да аз емес. Жақсы маманды ұстап отыру үшін компания қашанда жақсы жалақы тағайындайды. Осы орайда, өзімнің де құпияммен бөлісе кетейін. Негізгі жұмысымнан бөлек қосымша жұмыстарды қоса есептегенде, айына 300-400 мың табыс табады екенмін. Бұл саланың бір артықшылығы, өз уақытыңды өзің басқара аласың. Негізінен түнгі сағат 3-4-ке дейін жұмыс істейміз, ертесіне 10-11-ге дейін ұйықтаймыз. Қатып қалған кесте жоқ.

Опубликовано в Сұхбат

Түркиядағы Анталия индустриалды аймағының делегациясы өңірімізде жұмыс сапарымен болды. Делегация мүшелері алдымен Шымкенттегі арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақтың жұмысымен танысып, ондағы кәсіпорындарды аралады.

 turik kaspikerleri

Өңірдің экономикалық әлеуетімен танысқан түрік кәсіпкерлері аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, болашақта бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендіктерін жеткізді. 

Түркиялық кәсіпкерлердің өңірімізге іссапарының мақсаты – ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларға инвестициялар тарту, осы саладағы орта және шағын бизнесті дамыту. Осы сапар аясында түркиялық үш компаниямен – «Çitello» (кептірілген жемістер және азық-түлікке арналған қаптама өнімінің өндірісі), «SiMGETEK A.S.» (жылыжайға арналған жабдықтарды өндіру және орнату) және «CUBO» (құрғақ құрылыс қоспаларын және бояу өнімдерін өндірісі) компанияларымен Оңтүстік Қазақстан облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Түрік кәсіпкерлері Оңтүстікке сапары аясында жергілікті кәсіпкерлермен B2B кездесулер өткізді.

Опубликовано в Қала

Шымкентте «Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі құрылып, нәтижесінде, кәсіпкерлерге бірқатар тегін қызметтер жиынтығы ұсынылмақ. Бұл бағытта облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы және «Ордабасы» индустриалды аймағы бірлесіп, «Шымкент шина жасау зауыты» аумағындағы өндіріс нысандарында жаңа кәсіпорындар құру жобасын қолға алды.

ordabasy

Индустриалды паркке барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кеңес дәуірінен қалған индус-триялық алпауыттың аумағындағы нысандар мен инфрақұрылымдардың жақсы сақталғанын айрықша атап өтті. Десек те, зауыттың өзін қайта іске қосу қиын шаруа. Сондықтан да, облыс басшылығы зауыттың аумағында бірқатар жаңа кәсіпорындар құру мақсатында өндіріс нысандарын кәсіпкерлерге екі айға тегін беру ісін қолға алып, жеңілдетілген баға саясатын ұсынбақ.

Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіровтың мәлімдеуінше, «Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі кәсіпкерлерге заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсетіп, оларды бизнес саласында оқытуды да қолға алмақ. Сондай-ақ, индустриалды аймақта кәсіп ашқысы келетіндерге ақпараттық және PR қолдау көрсетіп, жарнамалау, қаржы көзін тартуға ат салысу, бизнес-жоспар жасау сынды тегін қызметтер жиынтығын қоса ұсынып отыр.

Қала сыртында орналасқан өндіріс орнында ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінен өзге барлық салалар үшін қолайлы жағдай жасалған. Онда тауарларға арналған қойма да бар. Бүгінде паркте 5 жоба іске асырылуда. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тегін қызметтер жиынтығын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. 

Өңір басшысы мұнан соң Шымкенттегі қорғасын зауытымен танысты. Алайда өндіріс аумағындағы цехтар жұмыс істемейді.

– Қорғасын зауытының болашағы түсініксіз. Сондықтан алдағы уақытта екі зауытты да тиімді пайдаланудың тетіктерін ойластырған жөн. Егер мүмкін болып жатса, ондағы жер телімдері мен өндіріс ошақтарында жаңа өндіріс орындарын ашуды қолға алуымыз керек, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Айта кетейік, 2010 жылы «Оңтүстiкполиметалл ӨК» акционерлік қоғамы мен «Қазақмыс» корпорациясы және «А-Мега трейдинг» ЖШС-нің үшжақты келісімі негізінде қорғасын зауыты толыққанды жұмысқа көшкен болатын. Алайда, өнеркәсіп орнының жұмысы қайта тұралап, банкротқа ұшырады. Бүгінде зауыттың бірқатар ғимараттары банкте кепілдікте тұр.

Опубликовано в Саясат
Понедельник, 27 Март 2017 04:34

Шымкенттен – Астанаға

Qazaq Air әуе компаниясы көктемгі-жазғы ұшу кестесін жаңартты. Нәтижесінде, 2017 жылдың 26 наурызынан бастап Шымкент – Астана – Шымкент бағыттары бойынша тұрақты рейс жолға қойылды.

qazaqair

Аталған әуе компаниясы облыс тұрғындарын аптасына екі рет, заманауи Bombardier Q400NextGen ұшақтарымен Астанаға тікелей жеткізетінін мәлімдейді.

Шымкенттен бас қалаға бағыт алған жолаушылар билетті 11 557 теңгеден бастап сатып алып (әуежай алымдарымен қоса есептегенде бір бағытты билет құны), Астанаға небәрі 1 сағат 55 минутта жете алады. QAZAQ AIR басқарма төрағасы Б. Поллок баспасөзге берген мәлімдемесінде Шымкенттің халқы тығыз орналасқанын, сондай-ақ экономикалық жағынан жоғары дамыған өңірлердің бірі екенін атап өткен.

– QAZAQ AIR әуекомпаниясы 2015 жылы құрылып, аталмыш орталықты Алматы, Ақтөбе, Атырау қалаларымен байланыстырып үлгерді. Ал енді Оңтүстік Қазақстан өңірінен Астанаға тікелей баруға болатынын, Шымкент отандық хабтардың біріне айнала бастағанын жеткізгіміз келеді, – дейді әуе компаниясының өкілі.

Айта кетерлігі, Q400NextGen ұшағы – заманауи әрі ел аумағындағы қауіпсіздіктің жоғары стандарттарына сай, ыңғайлылық пен жолаушылардың қолайлылығын қамтамасыз ететін жылдамдығы ең жоғары ұшақ. Ол аса ыстық климатта да, ең төмен температура кезінде де ұшуға ыңғайлы.

Опубликовано в Қоғам
Страница 3 из 5