Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен Түркістан қаласы Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып жарияланған болатын. Осыған орай облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласына іссапармен барып, «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шарасына дайындық жұмыстарымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

turkistan

Өңір басшысы алдымен халықаралық деңгейде тойланғалы отырған Наурыз мерекесі өтетін алаңда болып, қонақтарға қазақтың салт-дәстүрін паш ететін этноауыл мен қолөнер қалашығын аралап көрді. 

Халықаралық мәдени шараға жауапты жұмысшы тобының жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтың айтуынша, шараға келетін қонақтардың жалпы саны шамамен 800 адам болмақ. Жалпы іс-шараға 4-5 мың халық қатысады деп жоспарлануда. Шара аясында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде 22 наурыз күні ресми қонақтардың қатысуымен «Түркістан және Түркология» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді.

Сапар барысында өңір басшысы Оңтүстік жұртын ауқымды іс-шараға атсалысуға шақырып, жауапты азаматтарға қала көшелері мен іс-шара өтетін аумақты безендіру, қонақтарды облыстағы тарихи-мәдени орындармен таныстыру, тіл білетін мамандармен қамтамасыз етуді жүктеді. 

– Елімізде алдымен Астана қаласының, енді ер түріктің бесігі болған Түркістанның осындай марапатқа ие болуы еліміз үшін оның ішінде Оңтүстік өңірі үшін зор мақтаныш. Сондықтан жоспарланған жұмыстарды жоғары деңгейде өткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Жауапты сәтте жұмыла жұмыс істеп, қазақ халқының қонақжай пейілін түркі жұртына паш етуге тиістіміз, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасы аясында 42 мәдени іс-шара өтеді деп жоспарлануда. Оның 14-і «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымы тарапынан өткізілсе, алтауын еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі, 21-ін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырады. 

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Түркістан қаласында түбі түркі тілдес халықтар театры, опера, цирк, би, сатира, дәстүрлі өнер және анимациялық фильмдердің фестивалі өткізіледі. Сонымен қатар бағдарламада ақындар айтысы, түркі мемлекеттері әйелдерінің форумы, түркі əлемі журналистерінің форумы суретшілердің кездесуі, қолөнер шеберлерінің фестивалі, әдеби журналдар редакторларының конгресі, ақын, жазушылармен кездесулер бар.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 28 Декабрь 2016 06:09

Жақсылықты балаға жаса!..

«Экспо-ның жаңа жылдық алауы». Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Президент шыршасы биыл дәл осылай аталды. Жаңа жыл қарсаңында «Шымкент-холл» салтанат сарайының үлкен залында облыс бойынша 200 бала облыс және қала әкімдерімен бірге шыршаны айналып ән салды, би биледі.

shyrsha-2

Бұл күні жаңа жылдық шыршаға келген балалар ертегі әлеміне еніп, шат-шадыман күй кешті. Көпшіліктің сүйіктісіне айналған кейіпкерлер балақайларға ғажап көңіл күй сыйлады. Жас таланттар, әншілер мен бишілер, цирк әртістері мен Аяз ата, Қарша қыз бірігіп керемет қойылымдар қойды. Ал жарқ-жұрқ етіп жалтылдаған жаңа жылдық шырша айрықша мерекелік әсер қалдырды. 

shyrsha-3

Жаңа жылдық шыршаға қатысқан балаларға телеэкран арқылы Мемлекет басшысының арнайы құттықтауы көрсетілді. Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев балаларды мерекемен құттықтап, Елбасының атынан 200 балаға планшет пен жылы сырт киімдер табыстады, түрлі тәттілер үлестірді. 

shyrsha-1

– Жаңа жыл – бұл бәріміз үшін ерекше мереке. Мұндай ұмытылмас сәттерде біз өткен жылға алғыс айтып, болашаққа жақсы жоспарлар құрып, қиялға ерік береміз. Сендер бір жасқа есейдіңдер. Саналарың өсіп, білімдерің тереңдеді. Жақсылыққа сеніңіздер. Адамдар шын тілеп, сол үшін талмай ізденсе, білім алса, арманы орындалады, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. 

Елбасының балаларға арнаған жаңа жылдық сыйлығын аудан, қаладағы жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасы балалары арасынан оқуда жетістікке жеткен 4 мыңға жуық белсенді жасөспірім алып отыр. 

shyrsha-4

Сондай-ақ, облыс әкімі осындай сыйлықтарды мерекеге қатысқан еліміздің 11 миллионыншы қазағы Қазығұрт ауданының тумасы Әбдірахым Мұхтар мен 17 миллионыншы азаматы Алтынбек Есқараевқа сыйлады. 

Бұл «Шымкент-Холлда» өткен Президент шыршасы бүлдіршіндердің есінде көпке дейін сақталары сөзсіз. Жаңа жылдық мереке жоғарғы деңгейде атап өтілді.

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 21 Декабрь 2016 06:16

Шырайланып шырша тұр

Кеше кешке Әл-Фараби алаңында Шымкенттің бас шыршасының шамы жағылды. 18 метрлік сәнді шыршаның шамын жағу рәсіміне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.

DSC 2065

Өңір басшысы облыс тұрғындарын келе жатқан жаңа жылмен құттықтады. 

DSC 2315

Ж. Түймебаев өтіп бара жатқан жылдың өңіріміз үшін жемісі мен жеңісі көп жыл болғандығын айта келе, оңтүстікқазақстандықтарға алдағы уақытта да үлкен жақсылықтар мен жетістіктер тіледі.

Әсем шырша кешін тамашалаушылар нағыз қысқы ертегі кейпіне еніп кетті. Олар ертегі кейіпкерлерімен бірге ән салып, би билеп, Аяз ата және Ақшақармен суретке түсіп жатты.

15645467 1489165131123501 189229492 n

Биыл мұндай «жасыл ару» қалада үш жерде – Әл-Фараби алаңында, Шәмші аллеясында және Әкімшілік-іскерлік орталығында бой түзеді.

DSC 2193

Суреттерді түсірген
Д.ҚОЖАБЕКОВ, М. ШАҒЫРБАЕВ

Опубликовано в Қала
Пятница, 09 Декабрь 2016 06:44

Әкiмi ардақтысын iздеген ел бақытты

Расында, біз – бақытты елміз. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» атты қамқорлық акциясының аясында оңтүстіктің төл перзенттері Шымкентке табан тіреді. Елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен әншілер, сондай-ақ кәсіпкерлер, бас-аяғы 150-ден астам ардақты жерлестеріміз туған жерде бас қосты. 

Одан кейінгі шара Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Көрме орталығында ұйымдастырылған отандық тауар өндірушілердің «Қазақстанда жасалған» көрмесіне ұласты. Мүйізі қарағайдай ақын-жазушылармен, атағынан ат үркетін атақты адамдармен қарапайым жұрт осы көрмеде жүзбе-жүз дидарласып, бір жасап қалды. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша қонақтарды егемендігіміздің 25 жылдық мерекесімен құттықтап, өңірдің ширек ғасырда жеткен жетістіктерін баян етті.

– 25 жыл ішінде жалпы өңірлік өнім 1,5 млрд теңгеден 2,5 млрд теңгеге дейін өссе, ондағы өнеркәсіптің үлесі 15 пайыздан 28 пайызға дейін артты. Осы қарқын ағымдағы жылы да сақталып, 10 айда өнеркәсіп орындарымен 643,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Көрмеде әлемдік стандарттарға сай келетін кілем өнімдері, шұлық және үйге арналған тоқыма бұйымдары, ерлер костюмдері, трансформаторлар, су сорғылары, дәрілік заттар мен медициналық құрылғылар, құрылыс заттары, жиһаз, азық-түлік сынды облыстың тауар өндірушілерінің өнімдері жұртшылық назарына ұсынылды. Келушілер қалаған өнімдеріне арзан бағада қол жеткізіп жатты. 

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін!» Халқына пайдасы тиіп жүрген ел ағаларын, кәсіпкер-меценаттарды облыс әкімі «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Алғыс хатымен марапаттады. «Түркістан» сарайының сахнасында қаз-қатар тізіліп тұрған атымтай жомарт ағалардың еңбегі елеусіз қалмады. 

Тәуелсіздік тойында қастерлі Оңтүстіктің төрінде меценаттармен бас қосып, ортақ істі бірлесе жоспарлауды мақсат тұтқан өңір басшысы әр қиырда аянбай еңбек етіп, абыройға бөленген, табанын жерге, арқасын елге тіреген азаматтарымызды облыс жұртшылығы мақтан ететінін жеткізді. 

Оңтүстіктің өзгелермен салыстырғанда даму мүмкіндігі мол. Климаты, топырағы, халқының еңбекқорлығы, табиғаты бәрі-бәрі бір-бірімен үйлесім тауып тұр. Осындай еңселі елдің елжанды іскер азаматтарын аймақтың дамуына күш салуға шақырған облыс әкімі туризм, ауыл шаруашылығы салаларында іске асырылатын бірқатар жобалармен бөлісті.

– Мәселен, көне Түркістан қалашығын жаңғырту бойынша эскиздік жоба әзірленді. Жобаға сәйкес, Қ.А.Яссауи кесенесінің аумағын абаттандыру, шығыс үлгісіндегі моншалар, сауда орындары, мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары мен қонақ үйлер, туристерге арналған алаңшалар, саябақтар салу жоспарлануда. 

Келесі маңызды бағыттардың бірі – Шымкент қаласын дамыту. Бүгінде Шымкент қаласының солтүстік-батыс бөлігінде 427 гектар аумаққа «Шымсити» тұрғын үй алабының нақты-жоспарлау жобасы жасақталып, іске асырылуда. Жобада тұрғындар саны 70 мың адамды құрайтын заманауи 316 көпқабатты тұрғын үй, 7 мектеп, 21 балабақша, 2 емдеу орталығымен қоса спорт кешені, бизнес және сауда орталықтары, демалыс орындары мен саябақтардың құрылысы жоспарланған.

Бас жоспарға сәйкес Ескі қала аумағында қамалды (цитадельді) қалпына келтіріп, қалыптасқан тарихи жоспарлау құрылымын сақтау және тарихи саяжай аумағын құру көзделуде. Бұл жобаға Қошқар ата және Қарасу өзендерінің бойлары енгізілген. 

Сондай-ақ, Шымкент қаласы таулы аумақта орналасқандықтан табиғи шатқалдар аумағы 600 гектардан асады.

Осы шатқалдарды абаттандырудың, спорт ойын-сауық нысандарын, мейрамхана және өзге нысандардың құрылысын жүргізудің жобалары әзірленген. Мұндай тартымды жобалар кәсіпкерлерді қызықтырады деп ойлаймыз, – деді облыс әкімі өз сөзінде. 

Бұдан кейін келген қонақтарға лек-легімен сөз берілді. Әуелі сөз алған Қазақстанның Халық әртісі Сәбит Оразбаев: «Жаңадан әкім келген кезде «Неден бастапты?» деп сұрайтынымыз жасырын емес. Сөйткенімізде, «Түркістаннан бастапты» дегенді естідік. Естідік те, қуанып, ішіміз жылып сала берді. Қасиетті орынды қайта жандандыру бағытындағы істеріңіз оң болсын», – дей келе, – Қасқайған қазағымның маңдайына, кетпестей, кереметтей бақыт қонсын!» – деп дуалы батасын берді. 

Туған жердің түлектері туған топыраққа ат басын бұрмай тұрмайды. Бәрі де келіп-кетіп жүреді. Бірақ, бұл жолғы келіс – бұрынғылардан өзгерек. Елге танымал азаматтар халқының алдында да, әкімнің алдында да, өзінің алдында да есеп берді. «Мен туған жерге нендей еңбек сіңірдім?» Әрқайсының жүзінен, сөзінен осы сауалға жауап іздегені анық білініп тұрды. Тарихымыздан белгілі, Сайрамдағы Мәртөбеде, Ордабасы тауының етегінде әз Тәуке хан үш жүздің басын біріктіріп, ел дауын, жер дауын, келелі мәселелерді шешкен. Мұны айтып отырған себебіміз, бүгінгі жиналыс та сол бір бейбіт басқосуды ойға салатындай... Өңір басшысы туған өлкеміздің тарландарын жинап, түйткілді мәселелерді жайып салды. Оны шешу жолдарын бірігіп қарастыруға жұмылдырды. Мысалы, облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Балабиев жақын арада 2 балабақша, 500 орындық кәсіпорын ашуға сөз берді. Міне, осы тақылеттес сөз, уәде, туған ел үшін жанашырлық, қамқорлық, мұның бәрі айналып келгенде Оңтүстіктің төл перзенттерін бей-жай қалдырмайтынын көрсетті.

 

Суреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 09 Декабрь 2016 06:31

Мейірім мерекесі

Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың туған күні желтоқсан айының 12-жұлдызына сәйкес келеді. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі Мәулет мерекесіне арналған ауқымды шараларды қолға алуда.

Атап айтқанда, «Қош келдің, Мәуліт» атауымен өңірдің барлық аудан-қалаларында рухани кештер ұйымдастырылмақ. Онда ақындар айтысы, уағыз, сахналық қойылымдар орындалып, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын көрме жұмыстары жасақталады. Қайырымдылық шарасы аясында 3550 аз қамтылған отбасыларға қажетті материалдық жәрдем көрсетіледі. 

Мереке аясында «Мешітке кітап сыйла» акциясы аталып өтпек. Яғни, жомарт жандар «Көкжиек» баспасы ұсынған 13 түрлі діни кітаптар жинағын 10 мың теңгеге сатып алып, мешіттерге тарту жасауға мүмкіндігі бар. Осы арқылы мешіттің өз кітап қорын ұлғайтып, оқырмандарын табуына игі жағдай туындамақ.

Опубликовано в Дін
Пятница, 09 Декабрь 2016 06:25

Қош келдің, мүбәрак Мәуліт айы!

Мәуліт – араб сөзі. «Туған күн» деген мағынаны береді. Бұл атау Алла Тағаланың ең соңғы әрі сүйікті Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың дүниеге келген айына берілген. Жер бетіндегі адамзатқа тура жол нұсқаушы ретінде жіберілгендіктен, Елші аталады. Сол себепті біз, адамдар, Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмбеті етіп жаратқанына әркез шүкіршілік етеміз. Салауат, мадақ айтамыз. Осы жайлы хадисте «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре алмайсыздар» – делінген.

1257671

Ежелгі жыл санау бойынша Мұхаммед (с.ғ.с) Піл жылы (күнтізбе бойынша 571 жылдың 21 сәуірі) дүниеге келеді. Әмина анасының құрсағында алты айлық болған кезінде: «Құдайдың досы, соңғы пайғамбарға жүкті болдың, есімін Мұхаммед қой», – деген аян етіледі. Мұхаммед сөзінің түбірі – мақтау, ризашылық дегенді білдіреді. Осы сөзден мадақ, Аллаға шүкіршілік ету, ең мақтаулы деген ұғымдар туындайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үш аты бар: Мұхаммед, Ахмед, Махмұд.
Алла Тағала ең соңғы Елшісін әлемге өз мейірімін түсіру үшін жіберді. Демек, Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келген күн – Алланың бүкіл жер жүзіне рақым-мейірімі молынан түскен күн. Рақым-мейірімнің бір ай бойы ерекше нұр боп құйылуы – Он сегіз мың ғаламға берілген зор мүмкіндік. Жарылқау айы. Надандығымызды жойып, қараңғылықтан жарыққа шығуымызға жағдай жасалған мерзім.
Сүйікті Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.а.с) дүниеге келген Мәуліт айы биылғы 1-31 желтоқсан аралығына сәйкес келеді.
Аллаға шүкіршілікті әр түрлі амалдармен білдіруге болады. Яғни, ораза ұстау, садақа беру, сәжделер жасау, Құран оқу. Ендеше, Пайғамбарымыздың осы күнде туылуынан асқан нығмет бар ма?! Осыған орай, шүкіршілік білдіру деген сөздің шегін білуіміз қажет. Құран оқу,адамдарды тамақтандыру және жүректерді жақсылық жасап, ақыреттік амалдарға жетелейтін әңгімелер мен Пайғамбарымызға мақтау-мадақ сөздерін айту негізгі шарт.
Хафиз Шамсуддин ас-Сахауи мәуліт жайында: «Алғашқы үш ғасырда сәләф-салихтар мәулітті тойламаған. Бұл амал кейіннен пайда болды. Содан кейін, әлемнің түкпір-түкпірінде мұсылмандар Пайғамбарымыздың туылған күнін тойлауды, садақа беруді, мәлітті оқуды тоқтатпаған. Соның себебінен оларға Алланың берекесі жауып тұрған», – деп атап өткен.
Шейх Хусанайн Мухаммад Махлюф та бұл жайында «Осы түні және бұл шарапатты айдың түндерінде Алланы еске алып, берген осы нығметіне шүкіршілігімізді білдіруіміз қажет.Бұл түнде әдептілік сақтап,Аллаһқа бойсұнып, харам,ұ натылмаған істерден және діндегі жаңалықтардан сақ болу керек. Сондай-ақ, Аллаһқа шүкіршілік ретінде мұқтаж адамдарға көмек көрсетуде кіреді. Мәулітті тойлап өту Пайғамбарымыздың уақытында болмаса да, онда тұрған еш нәрсе жоқ және бұл сүннеттен болып есептеледі», – деген.
Сондай-ақ, ислам ғұламасы Әл-Хафиз әс-Суюти өзінің пәтуа кітабында: «Мәуліт дұрыс. Өйткені, халықтың басы қосылады, қасиетті Құраннан аят оқылады, пайғамбарымыз туылғанда болған оқиғалар мен пайғамбарлық туралы жеткен әңгімелер уағыздалады, ысырапқа жол берілмей дастархан жайып, ас беріледі, пайғамбарымыз құрметтеледі, бірін-бірі құттықтап, қуанышпен таралады», – деген екен. Ендеше, Мәуліт мерекесін ізгілікті, қайырымдылық әрекеттерді жасау арқылы атап өту – баршамызға парыз!

Опубликовано в Дін

Еліміз егемен ел ретінде дамуға бет алған алғашқы күндерінен бастап жаһандық деңгейде де, республикалық деңгейде де маңызды саясат жүргізіп келеді. Қазақстанның барлық бастамалары, Президентіміз ұйытқы болған жаһандық бастамалар әлемдік қоғамдастық тарапынан кеңінен қолдау тапты. Осы орайда еліміздің жаһандық деңгейде тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікке ықпалын тигізген негізгі халықаралық бастамалары туралы әңгіме қозғағанды жөн деп санадық.

president 95

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДЫ ТАРАТПАУ ЖӘНЕ ҚАРУСЫЗДАНУ ТАБЫСТАРЫ

Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы бастамаларға белсенді түрде қатыса отырып, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласында жүйелі әрі жауапты саясат жүргізіп келеді. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған уақытқа қарамастан, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойып, үлкен батылдық танытты. Бұл, шын мәнінде, қазақстандықтар арасында ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық тарапынан кең қолдау тапқан тарихи шешім еді.

АӨСШК – ҚҰРЛЫҚТАҒЫ МӘНІ ЗОР ҚАУІПСІЗДІК ҚҰРЫЛЫМЫ

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясы барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азия құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құрылым – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құру туралы идеясын жария етті. Ол кезде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ететін өңірлік құрылым Еуразия құрлығында жоқ еді. Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке үнқатысу және ынтымақтастық арқылы ғана қол жеткізуге болатынын жария еткен бұл бастама Азия елдері басшылары тарапынан кеңінен қолдау тапты. Сөйтіп, осы бастама АӨСШК үдерісінің басталуына бірден-бір себеп болды.

ДІНДЕР КӨШБАСШЫЛАРЫ СЪЕЗДЕРІНІҢ ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастамасына бірқатар мемлекеттердің басшылары, белгілі саясаткерлер мен дінбасылары қолдау білдіріп, 2003 жылдың қыркүйек айында Астанада бірінші Съезд өтті. Форумға қатысушылардың басты идеясы бүкіл Жер шарындағы адамдарды бейбіт әрі лайықты өмір сүруі мақсатында әртүрлі діндер өкілдерін ынтымақтастық пен бірлікке шақыру болды. Содан бері Астанада 2006, 2009 және 2012 жылдары тағы үш Съезд өтті.

БЕДЕЛДІ ҰЙЫМДАРДАҒЫ ТӨРАҒАЛЫҚ БЕДЕЛІМІЗДІ ӨСІРДІ

2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті бірегей саяси оқиғаға айналды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет Ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға және алдағы жылдарға арналған жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.
ЕҚЫҰ-ның Төрағасы ретінде еліміздің осы Ұйым қызметінің бағыттары бойынша белсенді жұмысы саммиттің қорытынды құжатында – «Қауіпсіздікті қолдайтын қауымдастыққа қарай бет бұру» атты Астана декларациясында көрініс тапты.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ШЕШУГЕ ҚОСҚАН ҮЛЕС

Әлемде кезекті экономикалық дағдарыстармен қатар, әскери және діни қақтығыстардың орын алып жатқан кезеңінде Президент жаңа саяси бастамалар көтерді. БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс дегенді баса айтты. Әрине, бұл үшін БҰҰ-ның 100 жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 жылға дейінгі жоспарын әзірлеуді ұсынды. Онда барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ресурстар мен нарыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, адамзаттың дамуы үшін жаппай жауапкершілігі көрініс табуы тиіс. Қазақстан Президентінің пікірінше, лаңкестік, мемлекеттердің қирауы және көші-қон мәселесі экономикалық дағдарыстың, кедейшілік пен жұмыссыздықтың салдары болып табылады.

ЭКСПО ҺӘМ G-GLOBAL

Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша «Болашақтың энергиясы» деген тақырыпта Астанада өткізуге ұсынылып отырған EXPO-2017 көрмесі энергияның экологиялық таза және жаңартылатын көздерін дамыту жөніндегі әлем ғалымдарының күш-жігерін біріктірмекші. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жарты жылдан кейін Астанада ашылмақ. Бұл көрме Қазақстанды тағы да бір қырынан әлем назарына танытады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасын жүзеге асыру мақсатында «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» Ассоциациясы 2012 жылдың 12 қаңтарында www.group-global.org сайтында G-Global ақпараттық-коммуникативтік интернет алаңы форматында зияткерлік желісін іске қосты.
G-Global – бұл әлемнің сарапшылар қауымдастығына әлем экономикасы мәселелері жөнінде интерактивті, ашық және бұқаралық пікірталастар, пікірсайыстар жүргізуге жағдай жасайтын көпфункциялы платформа.

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ ҚҰРУ ИДЕЯСЫ

«Еуразиялық одақ» тұжырымдамасы идеясының мәні – Батыс пен Шығыстың заманауи нақты жағдайларын есепке ала отырып, солтүстік Еуразия мен Орталық Азия елдерінің біртұтас экономикалық, геосаяси, тіпті саяси кеңістігін біріктіру. Өз елдерінің экономикалық жағдайына ықпал ететін ішкі және сыртқы факторларға талдау жасаған соң және оны түбегейлі жақсарту мәселесін басшылыққа ала келіп, Ресей, Қазақстан және Белорусь елдерінің басшылары бастапқы кезеңде Кедендік одақ (КО), артынан – Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК), ал ең соңында түпкілікті мақсат – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құру туралы шешімге келді.
Ресей, Қазақстан және Белоруссия арасындағы тығыз экономикалық байланыстың қалыптасуының бастамасы 2010 жылы Кедендік одақ құру арқылы жасалған болатын. Өз кезегінде осы мақсаттарға қатысты жасалынған мемлекетаралық келісімдердің жүзеге асырылуы оның мүшелері тарапынан әртүрлі қарқындық деңгейде жүргізілгендігіне қарамастан, біртіндеп орындала бастады.
Ұлт көшбасшысының ел ауқымынан асып, шет мемлекеттерде естілетін ұстанымдарының бірі – «жаһандық үрдістерден бөлініп жеке өмір сүру – өзіңді әлемнен тыс қалдыру». Қазіргі кезеңде еліміздің тәуелсіздік пен кемел елді орнықтыру және дамыту жолындағы қадамдары нық.

Опубликовано в Экономика

2016 жылдың Қазақстан халқы үшін тарихи маңызы зор. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы – мерейі үстем басты мерекенің бірі ретінде Республика көлемінде кеңінен тойлануда.
«Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күн акциясы аясында ұйымдастырылып жатқан түрлі іс-шаралар соның жемісі.

«Бірегейлік пен бірлік» күніне арналған іс-шараға жиналғандар облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Қазақстан халқы Ассамблеясы» залында фото көрмені тамашалады. Фотоэкспозиция «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасының мәнін ашып көрсетуге арналған суреттермен, мәліметтермен толығыпты. Біздің өңірдегі ұлтаралық татулық көрме сөрелеріндегі суреттерден ғана емес, жиынға қатысқан түрлі этнос өкілдерінің қарым-қатынасынан, бір-біріне деген ілтипатынан да байқалды.

shara 4

Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ ұйытқы болған шараның ең қызықты сәті облыстық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының «Достық» залында өтті. Мұндағы «Тәуелсіздік жылдарындағы облыстық этномәдени бірлестіктердің жетістіктері» көрмесінде этностардың тарихынан, салт-дәстүрі мен мәдениетінен хабар беретін 500-ге тарта жәдігерлер таныстырылды. Орталықтың экскурсовод-маманы Қатира Сырманова әрбір ұлттың салт-дәстүр, рәсім, жол-жоралғы түрлеріне тоқталды. Тіпті, олардың кейбірі бүгінде ұмытыла бастағанын көрме жәдігерлері еске салып, жаңғыртқанын шараға қатысушылар ризашылықпен айтып жатты. Ал ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов этносаралық татулық пен бірлік ел Тәуелсіздігінің басты құндылығы екеніне ерекше тоқталды.

shara 2– Қазақстандықтардың біртектілігін нығайтудың маңызы зор. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасында татулықты, ауызбіршілікті сақтап, айрандай ұйып отырған елміз. Осы тыныштықты бағалауымыз керек. Бүгінгідей іс-шаралар өзге ұлт өкілдері мен қазақ халқының рухани жақындығын арттырады. Әр этнос өкілдері өздерінің салт-дәстүрін ұмытпаумен бірге өмір сүріп отырған елдің ұлттық құндылықтарын да бағалай білуі тиіс. Себебі, біздер – қазақстандықтармыз. Әрбір қазақстандық отансүйгіштігін осылай дәлелдейді, – деді ол.

«Достық» залының ортасына экран орнатылған. Ол жерден қазақ халқының барлық әдет-ғұрпы мен сәлт-дәстүрін тамашалауға болады. Сондай-ақ, кітапшалар мен Мекемтас Мырзахметовтың «Қазыналы Оңтүстік» көптомды шығармалар жинағының 300 томы осындағы кітап сөрелерінен орын алыпты.

 

shara 3

«Қазақстандық» деген – тұтастық


Иосиф БАХМАН,
неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– Біздің облыста 100-ге жуық этностар өмір сүреді. 20 этномәдени бірлестік тәрбиелік маңызы зор түрлі шараларға белсене атсалысып отырады. Бұлардың қатарында неміс этномәдени бірлестігі де бар. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесін бір кісідей тойлап, ат салысу елдің тұтастығын, бірлігін, тілегіміздің, діліміздің бір екенін көрсетеді.
Әрбір этнос өкілдері сияқты біз де ана тілімізді білеміз, салтымызды ұстанамыз. Облыс көлемінде төрт аудан орталығында – Сарыағаш,
Кентау, Ақсукент және Леңгір қалаларында неміс тілін, салт-дәстүрімізге үйрететін мектептеріміз жұмыс істейді. Қазақстанның дамып, өркендеуіне осы елдің азаматы ретінде біз де өз үлесімізді қосып, мүмкіндіктерін пайдаланып келеміз.

 

shara 1Мен – қазақтың келінімін

Аягүл КАЛЬМЕНОВА,
Қырғыз этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:

– Мен – қырғыздың қызы болғаныммен, қазаққа келін болып түскеніме 40 жыл өтті. Бірінші кезекте қазақ елімен жандүниемді байланыстырып тұрған перзенттерім. «Қазақ-қырғыз – бір туған» демекші, әу бастан салт-дәстүрі мен тыныс-тіршілігі егіз елге сіңісіп кету маған қиын болған жоқ. Аз ғана айырмашылықтар бар. Соның бірі – қойдың басын құдаға тарту дәстүрі. Қырғыздар мұндай құрметті күйеу балаға арнайтын. Соны көріп өскен мен ата-анам құдалыққа келгенде «сіздерге қойдың басын бермекші» деп жылағаным әлі есімде. Әйтсе де, одан бері талай жыл өтті, қазір ақ жаулықты әже болдық. Әлдеқашан жүрегіммен қазақ болып кеттім.  Қазақтың салт-дәстүрін бүгінде өзгелерге үйретемін. Бейбіт елде өркендеп, қанатымызды кеңге жайып келе жатқанымызға қуанамыз. Тәуелсіз елдің азат ұландары – балаларымыздың бақытты өміріне куә болып жүрміз. Елімізде татулық пен бейбітшіліктің тойы тарқамасын.

Опубликовано в Әлеумет

Теңге – тәуелсіздіктің төл перзенті. Ол Әнұран, Ту, Елтаңба секілді басты атрибуттармен қатар жүретін тәуелсіздігіміздің бірден-бір нышаны. Осыдан 23 жыл бұрын Қазақ елі рубльден бас тартып, қолдарына теңге тигенде ерекше сенімде болғаны рас. ҚР Президентінің 1993 жылғы 3 қарашадағы Жарлығымен ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енген болатын.

tenge

Жалпы, төл теңгемізді дайындау шаралары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал ертеңінде қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Ұлыбританияға аттанды. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Ұлыбританияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және оның ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшағы Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді. Бұл жайында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев былай деп еске алған-ды: «Ил-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны, ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар»... Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды. Кейіннен теңгеміздегі тарихи тұлғалардың бейнелері алынып тасталғанымен, валютамыздың құны түскен жоқ. Мәселен, бүкіл әлемнің банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі болып табылатын Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайтындығы белгілі. Дәл осы қоғамдастық «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Келесі жылы да Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Қазақ Елі» сериясынан номиналы 5 000 теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына берілген үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт болды. Өйткені, осы кезге дейін бірде-бір елдің ұлттық валютасы үш марапат алып көрген емес. 

Төл теңге айналымға жіберілген сәтте біздерге де Оңтүстік өңіріндегі қиындықтар мен аса қауырт міндеттерді еңсеруімізге тура келді. Ол тұста мен қарапайым ғана есепші міндетін атқарушы едім. Айлық жалақым 3200 теңге ғана болатын. Бір қап ұнның сол кездегі құны 2800 теңге болғанын ескерсек, бұл жалақы тым мардымсыз еді. Дегенмен, Тәуелсіз елдің ертеңгі өмірі жарқын боларына біз шүбәсіз сендік. Және осы мақсатта мезгіл талғамай жұмыс істедік. Бүгін міне, төл теңгеміздің тұғыры бекіді. Әлемдік аренада өз орнын әйгіледі. Бұл жетістіктерге жету жолында елдегі барлық қаржы саласының мамандары айтарлықтай тер төкті. Төл теңгенің нығайып, қалыптасуына өз үлесімді қоса білгенімді әрдайым мақтан етемін.

Опубликовано в Экономика

Тұңғыш Президент күні – бұл тарихи таңдау күні. Еліміз егемендік алғаннан бергі аз ғана уақыт ішінде Елбасының басшылығымен ғасырлар бойы арман болған жетістіктерге қол жеткізгенін, ұлттық мүдделерді және әлемдік даму үрдістерін ескеретін саяси құрылыстың өзіндік үлгісін жасағанын ескерсек, Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін белгілейтін мемлекеттік мерекенің болуы заңдылық.

1Dec-Billbord-3x9-Green

Елбасы мемлекетіміздің заман ағымына сай, өркениетті бағытта дамуын ұзақ уақытқа және қысқа мерзімдерге негізделген стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалардың негізінде жүйелілікпен жүзеге асырып келеді. Мәселен, «Қазақстан-2030» Стратегиясы барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуін, қауіпсіздігін және әл-ауқатының артуын көздейді. Ал Президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында ел дамуының алға қойылған мақсаттарына жетуге мүмкіндік беретін бағыттары айқындалып отырады.

Жиырма бес жыл ішінде Елбасы Қазақстанды саяси байланыстары мен ішкі дамуы, ұлттың рухани жаңғыруы мен әлемдік беделге ие болуы тұрғысында еш заманда болмаған жаңа деңгейге көтерді.

Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген ел тарихындағы баға жетпес жетістіктердің бірегейі – шекарамыздың шегенделуі. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей жеке беделі мен күш-жігерінің және мемлекетіміздің халықаралық саясатын дұрыс бағытта жолға қоюының арқасында мүмкін болды. Осы тұғырлы саясат пен биік бедел бүгінде республикамыздың қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі жаһандық және өңірлік халықаралық ұйымдардың жұмысына белсене қатысуына, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен үйлесімді стратегиялық әріптестік қарым-қатынас орнатуына да жол ашып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде әлемдік аренадағы ең ірі саяси тұлғалардың бірі. Оның соңғы жиырма бес жыл ішінде көтерген жаһандық саясатты қамтитын бастамалары әлемдік саясатқа ірі бетбұрыстар әкелді.

Алысты болжайтын кемеңгер саясаткер Н.Назарбаев ел тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап Қазақстан абстрактілі геосаяси идеялар мен құрғақ ұрандардың емес, экономикалық мүдделер мен интеграциялық үдерістердің басты қозғаушысы болуы керек деген мақсат қойды.

Елбасы бастамаларының қай-қайсысының да жоғары деңгейде жүзеге асып, халықаралық қоғамдастықтан қолдау тауып жатқаны халқы үшін қуаныш.

Мәселен Парижде өткен EXPO Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-сессиясында EXPO-2017 халықаралық көрмесі Астана қаласында өтетін болып шешіліп, Қазақстанның осы шараны өткізу құзырын жеңіп алуы еліміздің әлем алдындағы абыройын тағы бір аспандатты. 

Қазақстан халқы өздерінің тағдырына тәуелсіздікті баянды ету жолындағы қызығы мен қиындығы мол алмағайып заманда әлемдік ауқымда ойлайтын, бүгінгі күннің тамырын дәл басып, ертеңгі күнді ондаған жылдар бұрын бағамдай білетін Нұрсұлтан Назарбаевтай дана мемлекет басшысының тап келгеніне қуанады. Сондықтан да 1 желтоқсан – Қазақстан Рес-публикасының Тұңғыш Президенті күні – бүкілхалықтық мереке.

Дина БОТАН,
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық әділет
басқармасының басшысы,
Қазақстан заңгерлер Одағы РҚБ-ң
ОҚО филиалының мүшесі

Опубликовано в Саясат
Страница 8 из 12