Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес...»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ


shymkala-34-1

Жобаны жүзеге асыру үшін коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, шығармашылық ұжым әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарына белгілі 18 оқулықты қазақ тіліне аударып шықты. Енді қазақ жастары әлемге әйгілі кітаптарды туған жерінде, өз ана тілінде оқи алады.

Жуырда Елордада өткен тұсаукесер рәсімінде шығармашылық ұжым жарық көрген 18 кітапты ел Президентіне таныстырды. Оның 4-і философия, 3-і психология, 2-і социология, 2-і лингвистика бағытында жарық көрсе, қалған 7 кітап экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану, антропология, инновация және медиа салаларына арналған.
– Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да маңызды, – деген Мемлекет басшысы әлемдік тәжірибеде мұндай кешенді бағдарламаның іске асырылуы сирек кездесетінін атап өтті.

 

Бес тапсырма

Жаңа оқулықты таныстыру жиынында Елбасы үштілділік қағидатын сақтап, бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма берді:
1. 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету;
2. Бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу;
3. Ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығару;
4. Оқулықтардың кітап түрінде басылуы және виртуалды университеттер тәжірибесі үшін онлайн білім беру ісін дамыту;
5. «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін, аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдыны жүйелі дамыту.

 

Латын қарпінде де қолжетімді болмақ

Таяуда ғана Шымкент қаласында өткен жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ көшпелі пленарлық отырысында студенттер бұл оқулықтарды қайдан, қалай табуға болатынын сұраған. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген әр кітап 10 000 данамен басылып, алдағы уақытта жоғары оқу орындары мен кітапханаларда таратылады» деп жауап берген.
Оқулық тек кітап түрінде емес, электрондық онлайн нұсқада және видеотека форматында да қол жетімді болмақ. Сондай-ақ, шетелде тұратын қазақ жастары да латын қарпінде басылған нұсқасын оқи алады.

 

Редакция құрамы

«Ұлттық аударма бюросы» редакциялық алқасының төрағасы – Марат Тәжин. Оқулықтарды қазақ тіліне аудару жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары, белгілі ұстаздар, ғалымдар мен аудармашылар, жалпы саны 90-нан аса маман қатысуда. Олардың қатарында М.Жолдасбеков, Ж.Алтаев, С.Қасқабасов сынды тағы бірқатар профессорлар бар. Аталған жаңа оқулықтарды 2018-19 жаңа оқу жылынан бастап, жоғары білім беру жүйесіне енгізу жоспарлануда. Ал шығармашылық ұшым жоба барысында тағы 24 кітапты аудару жұмыстарына қызу кіріскен. Аударылған кітаптардың ішінен біреуіне тоқтала кетсек.

 

«Медиа этика»

Бұл кітаптың авторлары – Ли Энн Пек және Гай С. Рил. Ли Энн Пек – Грили қаласындағы Солтүстік Колорадо университеті Коммуникация мектебінің журналистика және медиа зерттеулер профессоры. Ағылшын журналистикасы және коммуникация курстарынан сабақ береді. UNC университетіне ұстаздық қызметке орналаспас бұрын Швейцарияның Лугано қаласындағы Франклин университетінде халықаралық коммуникациялар департаментінің ассистент профессоры болған. Ол өз зерттеулерінде студенттерге этикалық шешім қабылдаудың тиімді жолдарын көрсете алған. Ал Гай С. Рил – Оңтүстік Каролинаның Рок-Хилл қаласындағы Уинтроп университетінің бұқаралық коммуникация профессоры. Мемфис қаласындағы (Теннесси штаты) The Commercial Appeal басылымында тілші және редактор қызметтерін атқарған. Журналистикадағы проблемалар мен коммуникация тарихы туралы еңбектер жазған Рил журналистика және бұқаралық коммуникация бойынша дәріс береді.
Ақпараттық саланың үздіктері жазған туындыға жаңалықтар, қоғамдық қатынастар, жарнама саласының жас мамандары көрген қиындықтар арқау болған. Оқиғаны шынайы суреттей отырып, әрбір жағдайды кеңнен баяндап, оны жеңудің жолын жан-жақты ашып бере алған. Оқырманға «Мұндай жағдайда мен не істер едім?» деген ой салатын туынды бұқаралық ақпарат құралдары саласында кездесетін этикалық мәселелерді шешу жолдарын көрсетуге арналған. Қазақ тіліне аударылған «Медиа этика» кітабын Harvard, Oxford, Cornell университеттерінің студенттері оқулық ретінде пайдаланады. Бүгінгі ақпараттық қоғамда бізге қажетті оқулықтың бірі де бірегейі болған бұл кітап та жақын күндері 10 000 мың данамен жарық көреді.

 

Сонымен, «100 кітап» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың тізімі:

1. «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін», Дерек Джонстон.
2. «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясы», І том. Энтони Кенни.
3. «Батыс философиясының жаңа тарихы. Орта ғасыр философиясы», ІІ том Энтони Кенни.
4. «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Реми Хесс
5. «Әлеуметтану негіздері» Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортега.
6. «Әлеуметтану теориясы» Джордж Ритцер, Джеффри Степницки
7. «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» Эллиот Аронсон.
8. «Қазіргі психология тарихы» Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульц.
9. «Әлеуметтік психология» Дэвид Г. Майерс, Жан М. Туенж.
10. «Экономикс» Н. Грегори Мэнкью, Марк П. Тейлор.
11. «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» Дональд Ф. Куратко.
12. «Менеджмент» Рикки У. Гриффин.
13. «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» Карен Армстронг.
14. «Тіл біліміне кіріспе» Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамс.
15. «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» Светлана Тер-Минасова.
16. «Антропология тарихы мен теориясы» Алан Барнард.
17. «Төртінші индустриялық революция» Клаус Шваб.
18. «Медиа этика», Ли Энн Пек, Гай С. Рил.

Дереккөз: 100kitap.kz

Опубликовано в Әлеумет

Жуырда e-islam.kz сайтында жарияланған белгілі саясат және қоғам қайраткері, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың пайымды пікірлер мен көзқарастарға толы әсерлі сұхбатын жариялап отырмыз.

maxresdefault

– Сіз Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінен бөлек ҚМДБ жанынан құрылған ақылдастар алқасының мүшесісіз. Осы ақылдастар алқасының жұмысы туралы айтып өтсеңіз.

– Ардагерлер ұйымына басшылыққа келгеніме үш жылдай уақыт болды. Келгендегі ең бірінші жұмысымды Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлымен кездесуден бастадым. Арнайы Алматы қаласына барып, алдағы уақытта бірлесіп атқаратын шаруаларды пысықтадық. Бұған дейін дін мамандары келгендерге құран оқып, мешітте ғана отыратындай көрінетін. Шындығында бұл қате пікір. Негізі имамдар теолог ғалым болып, жастар мен ардагерлердің арасында ғибратты әңгіме айтып, қараша халықтың діни сауатын арттыруы керек. Нақтырақ айтсам имамдар Алланың жолындағы белгілі тұлға болуы қажет. Жақында ҚМДБ «Ислам және зайырлы қоғам» тақырыбында үлкен конференция өткізді. Конференцияға ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінің мүшелері, дін қайраткерлері мен еліміздегі зиялы қауым өкілдері қатысты. Мен де сол шараға қатысып өз пікірімді білдірдім. Конференцияның барысында зайырлы қоғамдағы мемлекет пен дін арасындағы өзара байланыстың орны, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, еліміздегі мұсылмандардың біртұтастығы, рухани құндылықтарды насихаттау осының барлығы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, «ХХІ ғасыр имамы», «Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» атты жобалар жастардың теріс жолға түсіп кетпеуі үшін, қазақы болмысымызды сақтап қалу үшін аса қажет жобалар деп білемін.

– «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп түсінетін қазақ үшін ардагерлер кеңесінің жас ұрпақты тәрбилеуде орны ерекше екені сөзсіз...

– Дұрыс айтасың. Ардагерлер кеңесінің халық тәрбиесінде, оның ішінде жас ұрпақтың тәрбиесінде алар орны ерекше. Себебі, ақсақалдар үлкен өмір көрген. Көпшілігі күні кеше облыс басқарған парасат пайымы жоғары тұлғалар. Ежелгі гректер елінде «білгенін жастарға айтпаса ағалардың өздері кінәлі» деген тәмсіл бар. Осы тұрғыдан келгенде еліміздің ардагерлер кеңесі жастарға үлкен тәрбие беріп жатыр деп айта аламын. Әрбір жастармен кездесуде өмірлік тәжірибемізді бөлісіп, оларға шамамыздың келгенінше ақыл кеңесімізді беріп келеміз.

– Жасыратыны жоқ қазіргі таңда кейбір жастарымыз жат ағымның жетегінде кетіп жатыр. Бұл алаңдатарлық жағдай. Осы олқылықтың алдын алу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Жастарымыз жат ағымның жетегінде кетпесін десек жоғары деңгейдегі діни сауаттылықты арттыру керек. Бұл арада мықты теологтардың атқаратын шаруалары шаш етектен. Мамандар мәзһабымызды мойындамайтын, оны жоққа шығаратын адамдардың дін бұзар екенін ашық және жиі айтуы тиіс. Сондай-ақ, о дүниелік болғандарға Құран бағыштамау да ата дінімізге қайшы. Бүгінгі әсіре діншілдердің әрекетін біздің ата-бабамыз еш уақытта жасамаған. Жалпы, жас адам қалай исең солай майыса беретін жас шыбық сияқты солқылдақ келеді. Егер ол ата дәстүріміз ислам діні туралы мағлұмат алмаса, жат ағымның жетегінде кете береді. Сол себепті, дін мамандарының пікірі батылырақ болса, тура жолды жастарға көбірек түсіндірсе деген үлкен тілегім бар. Бұл арада ардагерлер кеңесі де өзіндік үлесін қосады. Қазір көптеген кісілер қиналса да исламның бес парызының соңғысын орындауға ерекше құмартып жатыр. Былтыр қажылыққа елімізден 4 мың 500-дей адам барды. Ал кеңес кезінде небәрі 70 адам барған екен. Ал қазіргі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында еліміздегі қажылардың саны 40 мыңға жақындап қалды. Менің ойымша қажылар неғұрлым көбейген сайын біздің ортамыз да жақсара түседі. Себебі, әрбір дінге бет бұрған кісі жүрген жерінде ненің сауап, ненің күнә екендігін айтып жүреді. Бұл да қоғамның түзелуіне өз үлесін қосады ғой деп ойлаймын.

– Бүгінде ислам дініне күйе жаққысы келетін елдер бар екені жасырын емес. Әлем жұртшылығы исламнан үрке қарайтындай жағдайға жеттік...

– Иә, соңғы жылдары «Араб көктемі» деп аталатын Араб елдеріндегі түсініксіз көтерілістер адамның санасын сан саққа жүгіртіп тастады. Бүгінде Араб елдері бұрынғы мамыражай күндерінен айырылып, қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп жатыр. Соңғы жылдары ислам атын жамылған ДАИШ содырлары мұсылманды әлемге жауыз етіп көрсетуде. Бұл аз болғандай шииттер мен сунниттердің арасында қырғи қабақ қарым-қатынас туды. Міне, осындай жағдайлар ислам дінінің бейбітшіл дін екеніне көлеңке түсіріп тұрғандай. Еуропа жұрты жойқын жарылыстардың барлығын мұсылмандар жасап жатыр деген пікірде.

– «Меккедегі мінажат» атты кітапша шығарған екенсіз. Бұл дүниені жазуға не түрткі болды?

– Қажылықта көрген білгендерімді өзгелермен бөліскім келді. Түйген ойларымды қағазға түсіруді азаматтық міндетім деп есептедім. Онда адамдардың бір-біріне деген туыстық, мейірбандық қарым-қатынасты арттыруда ислам дінінің рөлі жоғары екендігін айтуға тырыстым.
Осы күнде жасы келген қарттар «жастар мейірімсіз болып өсіп келе жатыр. Олардың қарттарға деген құрметі төмендеп барады» дегенді жиі айтамыз. Мен осы сапарда жастарды айыптаудың ешқандайда негізі жоқ екеніне көзім жетті. Мәселен, біздің тобымыздың ішінде көптеген жастар үлкен қарияларға бастан аяқ қызмет жасады. Осы сапардан кейін жастардың барлығы бірдей үлкендерге қамқорлық жасаса екен деген тілек болды. Қажылыққа барған кісілер елге келген соң кітап жазбаса да бұқаралық ақпарат құралдарына мейірімділік туралы жазып насихаттаса нұр үстіне нұр болар еді.

– Кейінгі кезде ас беруге қарсы болып жүрген азаматтар бар. Олардың айтуынша өмірден өткен адамға ұлан асыр ас берудің қажеті жоқ. Бұл пікірге сіз не дейсіз?

– Иә, рас, ас беруде ысырапқа жол бермеу керек. Ислам дінінде ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Алайда, ас беру әрбір адамның жеке құқы екенін естен шығармаған жөн. Сол арқылы адамдар өзінің ата-бабасын еске алып, ұрпағын тәрбиелейді. Мысалы, қазақ жас баладан жеті атасын еріккеннен сұрамайды. Мұның астары бар. Өзінің шыққан тегін білмеген адамнан көп үміт күтуге болмайды.
Алайда ас берудің негізгі мақсаты ас ішіп, аяқ босату емес. Аста ағайын туыс жиналып, елдік мәселелерді шешетін болған. Нақтырақ айтсам хан сайлаудан бастап ел ішіндегі әртүрлі дау-жанжалдар осы аста шешіліп отырған. Сондықтан ас беру еріккенің ермегі емес екенін есте ұстаған жөн.

– Өзіңіз де естіп жүрген шығарсыз, ақсақалдарға деген көңіл толмаушылық бар. Аузы дуалы қария қалмады деп жатады. Шал мен қарттың, ақсақал мен абыздың ара жігін ажыратын беріңізші?

– Жалпы көңіл толу дегеннің өзі салыстырмалы ұғым. Кезінде жастар ақпараттардың көбісін аузы дуалы ақсақалдардан алатын. Ал бүгінгі қоғам– технология дамыған, ақпаратқа бай қоғам. Бұрын жастар күн-түн демей қарттардың өнегелі әңгімесін тыңдайтын. Ал қазір ақсақалдың өнегелі әңгімесін тыңдауы тиіс жастардың құлақтары тығындаулы жүр. Шын мәнісінде жастар өзі тыңдап отырған әннен баса ештеңе естіп отырған жоқ.
Алайда, заманның ерекшелігін де ескеру керек. Жақында «Әкеге барып сәлем беру» деп аталатын сурет көрдім. Қарияның алты баласы әкесімен амандасып болған соң, барлығы ұялы телефонына шұқшиып әкесін жападан жалғыз қалдырады. Біле білген адамға ақсақалдың балаларына айтар әңгімесі көп. Бірақ, балалары ұялы телефонның қызығына түсіп әкесін ұмытып кетті. Міне, қазіргі қоғамның көрінісі осындай.

– Қазіргі қоғамдағы қандай мәселе сізді жиі толғандырады?

– Мені толғандыратын ең басты нәрсе «ата-бабамыздың салт-дәстүрін сақтап қала аламыз ба, жоқ па?» деген мәселе толғандырып жүр. Дүниежүзінде жаһандану процесі жүріп жатыр. Ал біздің жаһандануға қарсы қоятын басты құралымыз ата-бабамыздың мәдениеті, дәстүр-салты мен тарихы болмақ. Сондықтан да, біз атадан қалған асыл қазынамызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ халқы жоқ іздеген халық» деп айтқан екен. Ақаң айтқандай қазақтың іздейтін жоғы өте көп. Ол жоқтардың бірі – жақсы білім, дүниедегі ең озық техниканы меңгеру болып тұр.

«E-Islam» порталы

Опубликовано в Әлеумет