shymkala-26-3

Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік аса маңызды. Әсіресе, адам көп жиналатын ғимараттардағы тәртіп бірінші кезекте сақталуы тиіс. Себебі, төтенше оқиға туындай қалғанда адамдардың өздерін сабырлы ұстап, ережеге сәйкес әрекет етуі көп адамның өмірін сақтап қалуда сеп болады. Осыған орай көпшілік орындардағы төтенше жағдай кезінде әрекет етудің жолдарын ұсынсақ.


1. Сулы шүберек. Ғимарат ішінде өрт шыға қалса, алдымен оның түтіні қауіпті. Себебі, опат болғандардың көбісі улы түтіннен көз жұмады дейді құтқарушылар. Сондықтан, оқушылар мен студенттерге, ересектерге жанып жатқан жерден шығудың жолымен қатар «Сулы шүберек» қағидасын үйрету керек. Өрт кезінде мүмкіндігінше су тауып, шүберекті дымқылдау керек. Орамал, шарф, футболка немесе жейденің жеңі, көйлектің етегін жыртып алып, сулау керек. Дымқыл мата түтіннің ішіндегі улы қоспаларды тұтып қалып, құтқарушылар келгенше жан сақтай тұруға мүмкіндік береді.

  • 2. Шығатын есіктерді есте сақтау. Балаларға да, өзіңізге де кез келген жерге барғанда алдымен сыртқа шығатын есік-терезелерді есте сақтауды үйретіңіз. Ғимараттан қосымша шығу есіктерін іздемейтініміз жасырын емес. Ал бұл – абыр-сабыр кезінде өте маңызды. Сондықтан, барған жеріңізде сыртқа шығатын есіктерді байқап, есте сақтауды әдетке айналдыру керек. Өзіңіз таппасаңыз, сол орынның қызметкерлерінен сұрап алған жөн.
  • 3. Топтың арасынан жол іздеу. Бұл тұста 3 ережені есте сақтау керек.

– Көпшілікке қарсы жүрмеу. Әрқашан адамдар жаппай қозғалып бара жатқан бағытпен жүруіміз керек. Артта жақындарыңыз қалса да көпшілікке қарсы жүруге болмайды – таптап кетуі мүмкін. Туыстарыңыз да осы ережені есте сақтаса, сыртқа шыққан соң кездесуге болады.

– Бұрыштар, тіреулер мен бағандар секілді кез келген кедергілерді айналып өту керек. Ол үшін алдымызда не бар екенін мүмкіндігінше алыстау бағамдау керек. Екі қолымызды алдымызға айқастырып, екі алақанмен екі иықты ұстап, шынтақты алға бағыттап жүру керек. Сонда құлап қалған жағдайда да тыныстауға мүмкіндік болады.

– Кенет құлап қалсаңыз, бірден тұруға әрекет етіңіз. Мұндай жағдайда басыңызды қорғап, бүк түсіп жату деген ережені ұмытыңыз! Қасыңыздан өтіп бара жатқан адам немесе кез келген заттан ұстап, жылдам тұрып кету керек. Аяғынан ұстаған адамыңыз сізге қарсылық көрсетуі мүмкін, сол үшін тез арада тұрып кетуге тырысыңыз. Бұл – төтенше жағдай кезіндегі ең маңызды ереженің бірі.


P.S. Бұл ережелер сізге ешқашан қажет болмасын деп үміттенеміз...

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 27 Октябрь 2017 06:26

Өрт қауіпсіздігі – қатаң бақылауда

Шымкент қаласында орналасқан биік ғимараттардың бірқатарында қауіпсіздік шаралары сақталмай отыр.

brifff

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаров мәлім етті.

Облысы бойынша жалпы 72 аса биік көпқабатты ғимарат есепке алынған. Оның 54-і Шымкент қаласына тиесілі. Басқарма тарапынан ғимараттардың төтенше жағдайларға дайындығы, ішкі өртке қарсы су құбырларының жағдайы, азаматтарды көшіру жолдары, өрт сөндіру дабыл қаққыш және құлақтандыру сынды жүйелері тексерілген. Нәтижесінде Шымкент қаласындағы бірнеше ғимаратта қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Олар: «Яссауи», «Royal Park» және «БИІК» тұрғын үй кешендері. Аталған нысандарға айыппұл салынып, ескерту берілген, нәтижесінде бүгінгі таңда онда қателіктер түзетілген. 

Жалпы аса биік ғимараттардың 72-сінің 6-уында ғана қызмет көрсететін ұйымдар бар. Қаладағы бірқатар шағынаудандарда тұрғын үй меншігінің кооперативтері мен кондоминиум субъектілері құрылмаған. Бұл мәселелер нысандарда өрт қауіпсіздігін бақылауды қиындатып отыр.

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 20 Октябрь 2017 10:42

Құтқарушыларға 35 көлік берілді

DSC 7656

Өңірімізде төтенше жағдай қызметкерлеріне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев су жаңа 35 құтқару техникасының кілтін табыстады. Оның 7-еуі жоғарғы өтімді өрт сөндіру көлігі. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 434 млн теңге бөлінген. Салтанатты шара құтқарушылардың төл мерекесі қарсаңында өтті.

DSC 7620

– Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайларды алдын алу саласы егемендігімізді алғаннан бері қалыптасып, дамып келе жатыр. Оның дәлелі өңірімізде үлкен ұжым қалыптасты. Қауіптің ортасында жүріп көптеген жетістіктер мен тәжірибеге қол жеткіздіңіздер. Жоғарғы кәсібилік және жанқиярлық еңбектеріңізге алғыс айтамыз, – деді құттықтау сөзінде облыс басшысы. 

Бүгінгі таңда, өңірде өрт сөндіру қызметінде 100-ден аса өрт сөндіру техникасы бар. Оның басым көпшілігі ескірген, тозған. Бұдан бөлек, аудан-қалалардағы өрт сөндіру бөлімдерінің ғимараттары ескі. Жөндеуді қажет ететін үш мекеменің ішінде – Шымкенттегі Түркістан көшесі бойында орналасқан №3 өрт сөндіру бөлімі бар. 

shymkala-83-7

Сонымен қатар, қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының жобалық сметалық құжаттарына қаражат бөлінген. Облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерен еңбектерімен көзге түскен 41 қызметкер «Еңбек ардагері» медалімен, облыс әкімінің «Құрмет грамотасы», «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды.

 

Опубликовано в Қоғам

Күздің құбылмалы ауа райында қала ішіндегі жолдар, аяқжолдар, арықтар жауынды сумен толастайды. Соның салдарынан аулалардың, үйлердің алаңын, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелерін су басып қалып жатады.

Осыған орай, Шымкент қаласының төтенше жағдайлар басқармасы барлық қала тұрғындарын өз аулаларының су ағып өтетін арықтары мен басқа да ағын сулардың жолын тазалауды ескертуде. 

IMG 0213– Мұндай жағдайлардың басым бөлігі су ағып кететін арықтардың, құбырлардың, жол бойындағы суағарлардың, науалардың қоқыстармен бітеліп қалуынан сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының жүргізілу себебінен болады. Сондықтан, су ағып өтетін өзен, арықтардың үстінен құрылыс жұмыстарын жүргізбей, тұрмыстық қоқыстарды тастамаған жөн, – дейді ТЖБ бас маманы Лаура Мұхамеджан.

Опубликовано в Қала

Шымкентте төтенше жағдайға қатысты ауқымды оқу-жаттығу жұмыстары өтіп жатыр. 12-15 қыркүйек аралығына жоспарланған азаматтық қорғаныс бойынша кешенді ірі оқу-жаттығу барысында техногенді төтенше жағдай кезіндегі басқару органдары мен азаматтық қорғаныс құрылымдарының іс-әрекеті пысықталды.

DSC 9063

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов кешенді оқу-жаттығу жұмыстарының барысын аралап көрді. 

Оқу-жаттығу аясында жалпы қалалық сейсмо жаттығу, практикалық түрде шатырлы қалашықты жаю іс-шарасын өткізу жоспарланған. Облыс және қала әкімі төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерді қабылдауға арналған шатырлы қалашықтың (Бәйдібек би ескерткішінің сырт жағы), шұғыл әрекет жасағының дайындығы және көпқабатты үйдегі апатты-құтқару жұмыстарының дайындығын (Шымкент Сити қалашығындағы жаңа үйлер) пысықтады. 

DSC 9169

Шатырлы қалашықта әкімшілік, қабылдау, тіркеу, ақпарат және байланыс орны және пошта-телеграф сынды 15 түрлі қызмет бар. Және тұрғындар ауыз су, тамақ, суық ауа райында жылы киіммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, мұнда медициналық, өрт қауіпсіздігі және көлік байланысы мен қоғамдық тәртіптің күзетшілері қарастырылған. Жалпы, қалашық ұзын-саны 100 мың адамға арналып жасалған. 

Ауқымды оқу-жаттығуға 35 арнайы техника, шұғыл әрекет жасағының 128 қызметкері жұмылдырылған (өртке қарсы, азаматтық қорғаныс және барлық коммуналды қызмет өкілдері). Ал көпқабатты үйдегі апатты-құтқару жұмысына 13 арнайы техника мен облыстық төтенше жағдай департаменті оның құрылымдарынан жеке құрамның 86 адамы қатысты. Барлық қызметкерлер өз тапсырмасын мүлтіксіз атқарды. 

DSC 9215

– Іс-шараның негізгі мақсаты – қаладағы апатты жағдай кезінде медицина, ішкі істер органы қызметкерлері, өрт сөндіру қызметі, басқа да, коммуналдық қызметтердің өзара әрекеттесу жұмыстарын көрсету. Халықтың, басшы құрамның, жаттығуды өткізіп жатқан жеке құрамның жұмыс қабілетін арттыру және шыңдау. Қаланың әлеуеті артып отыр. Соның бәрін ескере біз әр оқу-жаттығуға тақырыбына сәйкес, тапсырма береміз, – дейді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Рауан Өсербаев. 

DSC 9194

Шымкент қаласындағы мұндай кешенді оқу-жаттығу екі жылда бір өтеді. Дайындық жұмыстарының соңғы кезеңі 15 қыркүйек күні қалада жалпы сейсмо жаттығу өткізумен аяқталады. 

Сондай-ақ, өңірде кешенді оқу-жаттығудың аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Оған Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының өкілдері мен жедел топ мүшелері қатысты. Жиында тиісті сала жетекшілеріне штабтық машықтануды жүргізу кезінде атқарылатын жұмыстар бойынша міндеттер белгіленді.

Опубликовано в Қала

25 тамыз күні Мьянмадағы (Бирма) Ракхайн штатында (Аракан) үкіметтік күштер мен рохинджа мұсылмандары арасында қақтығыс орын алған. Салдарынан 2 мыңнан аса мұсылман үйі отқа оранып, 400-ден аса адам азапталып өлтірілген. Ресми билік өкілдері мен жергілікті халық мұсылмандарға қорлық көрсетіп, тірідей өртеген. Бұл әрекеттерін «Бирманы мұсылмандардан тазартқымыз келеді» деп түсіндірген. Пуреин мұсылмандары мен буддистері бұл оқиғаға сырттан келген буддистер себеп болғанын айтып отыр.

59ac13b918356158188b4567

Оқиға орын алған кезде 50 мыңнан аса мұсылман көршілес Бангладешке бас сауғалаған. Оның ішіндегі 40 адам Наф өзенін өту кезінде көз жұмды. Соңғы деректер бойынша 50 мың адамның 27 мыңы ғана Бангладешті паналаған. Алайда, Бангладеш билігі екі мыңнан аса босқынды Мьянмаға кері қайтарды. Ал қалғандары екі шекара арасында жан сақтап жүр. Мұндай оқиғалар бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Бірақ мұндай деңгейде шиеленіспеген. 2012 жылғы да осындай қақтығыс орын алған. Ол кезде 84 адам қаза тауып, 129 адам жарақаттанған еді. Кейбір деректерде аракандықтар арасындағы дау 1940 жылдан бері жалғасып келе жатыр делінген. 

Аталған оқиғаға байланысты Ресейдегі және Шешенстандағы мұсылмандар мьянмалықтардың мұсылмандарға жасап жатқан әрекеттеріне наразылықтарын білдіріп, шеруге шықты. Түркия Президенті Р.Ердоған бұны «Мұсылмандардың геноциді» деп атады. 

– Бұл оқиғаға көз жұмғандар, солардың сыбайластары. Мьянмадағы адам тағдырына бейжай қараған әлемдік БАҚ та осы сорақылыққа қатысы бар деп есептеймін. 19 қыркүйектен бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесің отырысы өтеді. Аракандағы жағдайды жеткізу үшін қолдан келгенін жасаймыз, – деді Түркия басшысы Тайып Ердоған.

Ал Шешенстан Президенті Рамзан Қадыров «адамзат мұндай қатыгездікті екінші дүниежүзілік соғыстан бері көрмеді» дейді. 

– Аракан елінде айтуға ауыз бармайтын оқиғалар болып жатыр. Аяусыз өлтіру, зорлау, қорлау, тірідей өртеу мұсылмандарға қатысты барлық нәрселерді жою. Шешенстанда біреу түшкірсе күніне екі рет мәлімдеме жасайтын ондаған мемлекеттің басшылары неге үнсіз отыр? – деді Шешенстан басшысы. 

Әлеуметтік желілерде #аракан, #prayforrohingya деген хэштегтер таралып жатыр. Мұндай хэштегтер саны әлем бойынша 2 млрд-қа жуықтаған. Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «БҰҰ Мьянмада болып жатқан оқиғаларға тура көзқарасын білдіру қажет. Соншама көп жазықсыз мұсылмандар қатыгез қуғын сүргіннен өліп жатыр», деп өз пікірін білдіріпті. Сонымен қатар, Ардақ Назаров, Сәкен Майғазиев, Айнұр Тұрсынбаева, Мейрамбек Беспаев секілді елімізге танымал азаматтар да Аракандағы мұсылмандардың қайғысына ортақтасуда. Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы да сырт қалған жоқ. 

– Қандай жағдай болса да, күнəсіз сəбилерді турап өлтіруге, қорғансыз əйелдерді тірідей көмуге, толықтай бір халықты өртеп, жоқ қылуға бола ма? Бирмалықтардың қателіктері болса, ол елдің заңдары қайда? Мəдениетті жазалау жолдары қайда? Халықаралық құқықта тек кінәлі адам ғана істеген ісінің жазасын тартады. Жаппай қыру жəне мұны діннің атымен істеудің аты терроризм, геноцид болса керек. Ешқандай себеп мұндай жауыздықты ақтап ала алмайды. Халықаралық бейтарап комиссия құрылып, жағдайдың дұрыс шешілуін қарастырғандары дұрыс. Рим папасы жауыздықтың тоқтауын талап етіп, үндеу тастады, – деді Қ.Жолдыбайұлы. 

Рохинджалар – мұсылман дінін ұстанатын этникалық бенгалдар. Мьянма билігі мен буддистер Каларларды (мұсылман рохинджаларды келемеждеп осылай атайды) лаңкестік ұйымдарды қолдайтын заңсыз мигранттар деп санайды. Сол себепті де азаматтық бермей келеді. 

2013-06-22-ashinwirathuhtz1

Ал әлеуметтік желіде суреті таралып кеткен буддист – Ашин Виратху. 9 жыл бұрын терроризмге қатысы болғаны үшін түрмеге отырған. Ол мұсылмандарға байкот жариялау мақсатында бүкіл буддисттерге үндеу тастаған. 2012 жылы Мьянмадан мұсылмандарды қуып шығару үшін құрылған митингті басқарған. 

Тағы бір сәт, 2016 Мьянманың билік басына Аун Сан Су Чжи ханым келген болатын. Көпшілік жаңа басшы ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан қақтығысты тоқтатады деп күтті. Дегенмен, ол да бұл мәселеде қауқарсыздық танытуда. Оның бұл мәселедегі ұстанымын былтырғы қақтығыста «Маған адам құқығы бұзылмайтын мемлекетті көрсетіңдерші»,-деп айтқан сөзінен ұғуға болады. Айта кетейік, Аун Сан Су Чжи оппозициялық саясаткер ретінде «Нобель» сыйлығын иеленген болатын. 

E2775552-0C0E-42BC-9048-188FB019B602 mw1024 mh1024 r1 s

Қазіргі таңда түрлі Халықаралық ұйымдар гуманитарлық көмек көрсетуде. Дегенмен, Мьянма билігі БҰҰ-ның Ракхайн штатының солтүстігіне көмек көрсететін мекемелерді қайтарып және 16 ұйымның көмегін шектеп тастаған. Әрі қарай оқиғаның қалай өріс алатыны, 19 қыркүйектен соң мәлім болады деп күтілуде. ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстан да Мьянмадағы мұсылмандарға қатты алаңдаушылық білдіретінін айтып өтті.

– Біз Мьянмада мұсылмандармен болып жатқан жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Мьянмада исламофобияның жағымсыз үрдісін байқап отырмыз, – деді СІМ басшысы Қ. Әбдірахманов.

Дерек пен дәйек

Мьянма мемлекеті Оңтүстік-Шығыс Азияда, Үндіқытай түбегінде орналасқан. Жер аумағы 678 500 км². Басқару жүйесі – Республикалық. Жалпы халық саны – 55 млн. Астанасы – Нейпьидо. Елдің негізгі бөлігін бирмалықтар(68 %) құрайды. Шандар 9 %, карендер 7 %, аракандар 4 %, қытайлар 3 %, үндістер 2 %. Басым бөлігі будда дінін ұстанады 89 %. Христиандар 4 %, мұсылмандар 4 %.            

Опубликовано в Қоғам

Кеше сағат 14:00 шамасында «Ескі шаһардағы» құрылыс заттарын сататын дүкендердің бірінде өрт шықты. Өрт сөндірушілер дүкен қоймасындағы тілсіз жауды 43 минутта ауыздықтай алды. 

Өртті сөндіруге 19 арнайы техника мен 118 қызметкер жұмылдырылды. Сондай-ақ, төтенше жағдай орын алған жерде ОҚО ТЖД, Шымкент қаласының ТЖБ, құтқарушылар жасағы мен жедел медициналық жәрдем қызметінен 27 қызметкер болды.

ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, «Кенжалин» жеке кәсіпкерлігіне қарасты қоймада аспалы шамдар мен пластикалық өндіріс заттары сақталған. Өрт 270 шаршы метр жерді алды. 

ОҚО Ішкі істер департаменті адам шығыны болмағанын хабарлады. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Опубликовано в Қоғам
Четверг, 10 Август 2017 17:58

Апаттың алдын алу пысықталды

Азаматтық қорғаныс заңына және Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес Тыныбаев көшесі №49 мекен-жайда орналасқан Әл-Фараби ауданы әкімдігінің ғимаратында «Жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттер» атты сейсмикалық жаттығу өтті.

Оқу-жаттығу барысында ғимарат ішінде қалған 216 адам қауіпсіз аймаққа шығарылып, ғимараттағы алдындағы өрт сөндірілді. Сондай-ақ, 3 адамға алғашқы медециналық көмек көрсетіліп, ауруғанаға жеткізілді. Ғимарат алдында жиналған халық арасындағы 23 адам қоғамдық көлікпен тиісті мекемеге жөнелтілді.

– Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты сейсмикалық апаттар кезінде азаматтарға тез арада қауіпсіздік шараларын көру үшін, оларға ең оңай тәсілдерді үйрету. Шара жоспарлы түрде өткізіліп келеді. Жыл басында белгіленген жоспар бойынша, аудан әкімдіктері, мекемелер, білім нысандарында сейсмо оқу-жаттығулар өткізу бекітілген, – дейді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Рауан Өсербаев.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 23 Июнь 2017 08:05

Бүлдіршінді құтқарған жасақ

Шымкенттік құтқарушылар баланы аман алып қалды. Оқиға бірнеше күн бұрын қаладағы Тельман бөлімшесінде болған. Үй ауласында ойнап жүрген Нұрсұлтан абайсызда шұңқырға түсіп кетеді.

DSC 2054

Кәріз жүйесіне құлаған баланы ата-анасы шығара алмайды. Сонан соң, төтенше жағдайлар департаментіне хабарласады. 

20 маусым күні сағат 18.19-да құтқарушылар жасағына жедел шақырту түсті. Сол күні жасақ құрамында 5 жігіт кезекшілікте болған еді. Олар №2 құтқару бөлімшесінің басшысы Рахымжан Бекенбаев, бас құтқарушылар Өмір Шегенов, Нұралы Абенов, құтқарушылар Мейіржан Сыдықов, Алмас Жандәулетов және кезекші диспетчер Ілияс Мейірбеков. Тәжірибелі мамандар келе сала Нұрсұлтанды құтқаруға кірісті. Жігіттердің ептілігінің арқасында балаға дер кезінде көмек көрсетілді. 

– Бала құйылған бетон мен дуал арасына түсіп кеткен. Біз бетонды гидравикалық құралдың көмегімен бұзып, арасын кеңейтіп шұңқырға түстік. Нұрсұлтан анда-санда ғана тыныс алады. 2 жасқа толмаған балақайдың көрер жарығы бар екен. Қатты қорыққандықтан жылауға шамасы жоқ. Жасақ тобындағы жігіттер баланы анасына аман табыстады, – дейді №2 құтқару бөлімшесінің басшысы Рахымжан Бекенбаев. 

Нұрсұлтанды алып шыққанда отбасының қуанышында шек болған жоқ. Анасы көзіне жас алып, құтқарушыларға алғысын жаудырды. Бұған дейін жігіттер газ құрылғысының жарылысынан құлаған екіқабатты үйдің үйінділерінің арасынан бір отбасы және бесіктегі сәбиді шығарып алған болатын. Құтқарушылардың басты міндеті – апатқа жол бермей, халықтың тыныш өмірін, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Олардың арқалаған жүгі ауыр, бейбіт заманда ең қиын жағдайда қалған адамзатты құтқарады.

Опубликовано в Әлеумет

Осыдан екі күн бұрын Шымкентте соққан дауылдың күші секундына 23 метрге дейін жетті. Әсіресе, Әл-Фараби мен Абай аудандары аумағында желдің қарқыны қатты болды. Бұл ретте қала әкімдігі тарапынан апатты аймақтарда тиісті көмек көрсетілді.

dauyl-42

«Қазгидрометтің» ақпаратына сәйкес, күндізгі сағат 13:00 шамасында желдің екпіні секундына 20 метрді құраса, сағат 15:10-да секундына 23 метрге жетті.

– Алдын ала мәлімет бойынша Әл-Фараби ауданында табиғаттың дүлей күшінен 24 тал сынып, 8 ғимараттың шатыры ұшып кеткен. Ал Абай ауданында желдің екпінінен 2 үлкен ағаш опырылып құлады. Еңбекші және Қаратау аудандарында оқыс оқиға тіркелген жоқ. Бізде төрт көлікке материалдық шығын келді. Жалпы, апат аймағында тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, сақтық шаралары ескертілді, – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов.

Айта кетсек, желдің шекті күші секундына 25 метр деп бекітілген. Ал Шымкентте соққан дауылдың екпіні секундына 23 метр болғандықтан, әкімдік зардап шеккендерге ешқандай өтемақы төлемейді.

Опубликовано в Қала
Страница 1 из 2