2016 жылдың Қазақстан халқы үшін тарихи маңызы зор. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы – мерейі үстем басты мерекенің бірі ретінде Республика көлемінде кеңінен тойлануда.
«Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күн акциясы аясында ұйымдастырылып жатқан түрлі іс-шаралар соның жемісі.

«Бірегейлік пен бірлік» күніне арналған іс-шараға жиналғандар облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Қазақстан халқы Ассамблеясы» залында фото көрмені тамашалады. Фотоэкспозиция «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасының мәнін ашып көрсетуге арналған суреттермен, мәліметтермен толығыпты. Біздің өңірдегі ұлтаралық татулық көрме сөрелеріндегі суреттерден ғана емес, жиынға қатысқан түрлі этнос өкілдерінің қарым-қатынасынан, бір-біріне деген ілтипатынан да байқалды.

shara 4

Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ ұйытқы болған шараның ең қызықты сәті облыстық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының «Достық» залында өтті. Мұндағы «Тәуелсіздік жылдарындағы облыстық этномәдени бірлестіктердің жетістіктері» көрмесінде этностардың тарихынан, салт-дәстүрі мен мәдениетінен хабар беретін 500-ге тарта жәдігерлер таныстырылды. Орталықтың экскурсовод-маманы Қатира Сырманова әрбір ұлттың салт-дәстүр, рәсім, жол-жоралғы түрлеріне тоқталды. Тіпті, олардың кейбірі бүгінде ұмытыла бастағанын көрме жәдігерлері еске салып, жаңғыртқанын шараға қатысушылар ризашылықпен айтып жатты. Ал ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов этносаралық татулық пен бірлік ел Тәуелсіздігінің басты құндылығы екеніне ерекше тоқталды.

shara 2– Қазақстандықтардың біртектілігін нығайтудың маңызы зор. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасында татулықты, ауызбіршілікті сақтап, айрандай ұйып отырған елміз. Осы тыныштықты бағалауымыз керек. Бүгінгідей іс-шаралар өзге ұлт өкілдері мен қазақ халқының рухани жақындығын арттырады. Әр этнос өкілдері өздерінің салт-дәстүрін ұмытпаумен бірге өмір сүріп отырған елдің ұлттық құндылықтарын да бағалай білуі тиіс. Себебі, біздер – қазақстандықтармыз. Әрбір қазақстандық отансүйгіштігін осылай дәлелдейді, – деді ол.

«Достық» залының ортасына экран орнатылған. Ол жерден қазақ халқының барлық әдет-ғұрпы мен сәлт-дәстүрін тамашалауға болады. Сондай-ақ, кітапшалар мен Мекемтас Мырзахметовтың «Қазыналы Оңтүстік» көптомды шығармалар жинағының 300 томы осындағы кітап сөрелерінен орын алыпты.

 

shara 3

«Қазақстандық» деген – тұтастық


Иосиф БАХМАН,
неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– Біздің облыста 100-ге жуық этностар өмір сүреді. 20 этномәдени бірлестік тәрбиелік маңызы зор түрлі шараларға белсене атсалысып отырады. Бұлардың қатарында неміс этномәдени бірлестігі де бар. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесін бір кісідей тойлап, ат салысу елдің тұтастығын, бірлігін, тілегіміздің, діліміздің бір екенін көрсетеді.
Әрбір этнос өкілдері сияқты біз де ана тілімізді білеміз, салтымызды ұстанамыз. Облыс көлемінде төрт аудан орталығында – Сарыағаш,
Кентау, Ақсукент және Леңгір қалаларында неміс тілін, салт-дәстүрімізге үйрететін мектептеріміз жұмыс істейді. Қазақстанның дамып, өркендеуіне осы елдің азаматы ретінде біз де өз үлесімізді қосып, мүмкіндіктерін пайдаланып келеміз.

 

shara 1Мен – қазақтың келінімін

Аягүл КАЛЬМЕНОВА,
Қырғыз этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:

– Мен – қырғыздың қызы болғаныммен, қазаққа келін болып түскеніме 40 жыл өтті. Бірінші кезекте қазақ елімен жандүниемді байланыстырып тұрған перзенттерім. «Қазақ-қырғыз – бір туған» демекші, әу бастан салт-дәстүрі мен тыныс-тіршілігі егіз елге сіңісіп кету маған қиын болған жоқ. Аз ғана айырмашылықтар бар. Соның бірі – қойдың басын құдаға тарту дәстүрі. Қырғыздар мұндай құрметті күйеу балаға арнайтын. Соны көріп өскен мен ата-анам құдалыққа келгенде «сіздерге қойдың басын бермекші» деп жылағаным әлі есімде. Әйтсе де, одан бері талай жыл өтті, қазір ақ жаулықты әже болдық. Әлдеқашан жүрегіммен қазақ болып кеттім.  Қазақтың салт-дәстүрін бүгінде өзгелерге үйретемін. Бейбіт елде өркендеп, қанатымызды кеңге жайып келе жатқанымызға қуанамыз. Тәуелсіз елдің азат ұландары – балаларымыздың бақытты өміріне куә болып жүрміз. Елімізде татулық пен бейбітшіліктің тойы тарқамасын.

Опубликовано в Әлеумет

Қазақтың дастарханы халқымыздың пейілі сияқты кең. Үйіне келген қонақты құтқа балаған дархан мінезі ұсынған асынан-ақ аңғарылып тұрады. Қорасындағы соңғы қойын сойса да, біздің қазақ қазан көтеріп ет асады. Құдайы қонағын да құшақ жая қарсы алып, «бұйырған ас екен» деп барын алдына тосуы тек қазаққа тән қонақжайлылық.

DSC 5349

Әйтсе де, берекелі, мерекелі дастарханды қазақтан кем жаймайтын ұлт өкілдері бар. Олар – Қазақстанда туып, өсіп-өнген этнос өкілдері.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Шымкент қаласының «Оңтүстік» қабылдау үйінде «Қазақ дастарханы» атты фестивалін өтті. Фестиваль облыстағы 20 этномəдени бірлестік ет асудан сынға түсті. 

Мұндай іс-шара өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Мұратəлі Қалмұратов бұл шараны дәстүрге айналдырсақ деген ойын жасырмады. 

20161111 114726

– Бүгінгі іс-шараға облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, «Аналар кеңесінің» құрамы, дін өкілдері мен белгілі спорт саңлақтары, облыстық ҚХА құрылымдарының жетекшілері, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері, аудан, қала делегациялары мен БАҚ өкілдері қатысып отыр. Былтырғы ет асу сайысында ардагер абыздар төрелік жасаған болса, биыл екінші рет ұйымдастырылған фестивальда кәнігі мамандар, кәсіби аспазшылар қазылық жасайтын болады. 

Бір дастархан басында дөңгеленіп отырған дәмдес адамдардың достық қарым-қатынасы артады. Шараның мақсаты да сол, жеңімпазды анықтау емес, барша этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру. Елдегі ынтымақ пен татулықты нығайту, – деді ол.

«Қазақ дастарханы» дегенді қалай түсінетінін, 20 түрлі этнос өкілдері өз деңгейінде көрсете білді. Олардың ішінен үздігін анықтау да оңай емес. Дегенмен, қазылар алқасы дәмді аспен бірге қазақы салт-сананы да бойына сіңірген этнос өкілдерінің барлығын сый-құрметке лайық деп таныды.

DSC 5269

Этностар арасындағы ет асудың шеберін анықтауда төрелік жасаған Мархабат Байғұт астың атауына ерекше тоқталып өтті.

– Етті «Бешбармақ» деп атау қате ұғым. Өйткені, адамда екі ғана бармақ болады. Қазақтың дастарханы қандай кең болса, тілі де бай, әр саусақтың аты бар. Қонақты құрметтеу бізге тән болғанымен ұлттық астың атын өзгертіп, әр тілге бейімдей беруге де болмайды. «Ет асайық», «Ас дайын» дейміз біз. Сол «Ет асу», «Ас» деген дұрыс атауды қайта қалыптастыру қажет, – деді ол.

Тамаша асты тарту еткен этнос өкілдерінің арасында бас жүлдеге тағайындалған 200 000 теңгені иран этномәдени бірлестігі иемденді.

DSC 5249– Ет асудан бақ сынауға біз қашан да дайынбыз. Өйткені, осы елде туып-өстік. Үйімізде апта сайын ет асып жеуді біз де үрдіске айналдырғанбыз. Осыдан біраз бұрын Ирандағы туыстарыма қонаққа бардым. Оларда жеміс-жидекті, ас-ауқатты, әр тағамды бөлек-бөлек береді. Кейін олар бізге қонақ болып келгенде дәл бүгінгідей «қазақы дастарханымызды» жайдық. Сонда туыстарым молынан жайылған дастарханға қарап «ойпырмай, сен біздің үйде аш жүрген екенсің ғой» деп әзілдегені бар, – дейді этнобірлестік төрағасы Капар-Пур Нурсбек.

Елдегі ынтымақ пен татулық көрініс тапқан қазақы дастархан басында бас қосқан фестиваль қорытындысында І орынды ұйғыр этномәдени бірлестігі иеленіп, 150 000 теңгені қанжығасына байлады. Ал «Ынтымақ» мәдени орталығы мен облыстық түрік этномәдени бірлестігіне жүлделі ІІ орын бұйырып, 100 000 теңгеден қаржылай сыйлықтарға ие болды. ІІІ орынға үш бірдей 80 мың теңге сыйақыны Қырғыз, өзбек, татар-башқұрт этномәдени бірлестіктері алды. Бұдан бөлек, фестивальға қатысып, белсенділік танытқан грузин, армян, неміс, қарақалпақ, шешен-ингуш, славян, корей, грек, күрді, тәжік сынды түрлі этнос өкілдері ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс хатымен» және 20 000 теңге көлемінде ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Достық ниет пен мерекелік игі шарадан марқайып қайтқан қонақтардың қатарында Арыс қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері де болды. Оларды биылдан бастап облыстық
Қазақстан халқы Ассамблеясы қамқорлығына алған болатын.

Опубликовано в Әлеумет

«Менің Қазақстаным – менің жүрегім!». Облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі осындай атаумен мерекелік іс-шара ұйымдастырды. «Алтын мерос» мейрамханасында «Түрік этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні»  сән-салтанатымен аталып өтті.

14915735 1680871352241335 3889748134631853285 n

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік жиында бауырлас ұлт тату тәтті ғұмыр кешіп жатқандарын паш етті. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Әбілқасым Досболов, т.б. азаматтар этномәдени бірлестіктің қуанышын бөлісіп, ізгі тілектерін арнады. 

Қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға облыстық түрік этномәдени бірлестігінің қосқан үлесі мол. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 70 мыңға жуық түрік этносының өкілі тұрады. 

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жеткен жетістіктерімізге ҚХА-ның қосып жатқан үлесі зор. Соның ішінде түрік этно мәдени орталығы облыстың экономикасына, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүр. Бұл орайда орталықтың төрағасы Латифша Асановтың еңбегін атап өткім келеді. Бірлігі бекем елдің ғана еңсесі биік болмақ, – деді облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков. 

14906864 1680871215574682 1950581377516372593 n

Мерекелік басқосуда орталықтың белсенді мүшелері облыс әкімінің Алғыс хатымен, облыстық мәслихаттың Грамотасымен және «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Алғыс хатымен марапатталды. 

Өз кезегінде облыстық түрік мәдени орталығының басшысы Латифша Асанов «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы – халқымыз үшін ең құнды мереке. Әрқашан да ұлтаралық келісімдерді нығайтып, елдің тыныштығын сақтап, экономикамызды дамытуға өз үлесімізді қосуымыз керек. Елімізде халықтар достығы мәңгі жасай берсін» деген тілегін айтты.
Жиында түрік этносы өкілдері ән мен жырдан шашу шашты.

Опубликовано в Мәдениет
Страница 2 из 2