Қарапайым заңдылықа салсақ, әр қазақ өз елінде бай болуы тиіс. Бірақ бәрі солай ма? Қаржылық сауат, жеке капитал туралы сөз қозғалғанда осы сөзді ауық-ауық айтамыз. Расында да, бүгінгідей Тәуелсіздікке қол жетіп, алға қарай дамыған елімізде халықтың әл-ауқаты артып, өз құқықтарын толық білуі керектігі заңдылықтай көрінеді.
Соңғы деректерге сүйенсек, ел тұрғындарының тұтынушылық несие бойынша қаржы мекемелерінің алдындағы қарызы 2,3 трлн теңгеге жетіпті. Елде несие алғандар саны 5 миллионнан асады. 1 млн-ға жуығы қарызды уақытылы төлеуге қауқарсыз болып отыр.

kredit

ӘЛЕУМЕТТІК ТОПТАҒЫЛАРҒА КЕШІРІМ БАР

Бүкіл дүние жүзі елдері қазір несиемен өмір сүруге көшті. Біз де одан түбегейлі бас тарта алмаймыз. Өйткені, әлемдік тәжірибе солай.

Несие алып, қарыздың қамытын кигендер көбеймесе, азаяр емес. Нарық заңдылығы бойынша өркениет алға қарай дамыса, сен де жетіліп отыруың керек. Газетімізде бұған дейін де «Несие несібені еселей ме?», «Үнемшілдікті үйрене білсек» деп біраз жағдайларды сөз еткен едік. 

Банкке қарызы барлардың бәрі өз құқын біледі деп айту да қисынға келмейді. Ондай азаматтармен жиі-жиі жолығып та жүрміз. Мәселелерінен де хабардармыз. Кейбірі өз қалаларында банктің бөлімшелері, тіпті банкомат жоқтығын айтып, мұңын шағады. Тіпті, кейбірі екінші рет қарыз алмауға бекінген сыңай танытады.
Әзірге, әлеуметтік топтағыларға несие өтеуге кешірім берілуі несие алушылар үшін қуанышты жаңалықтың бірі. Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Парламенті Мәжілісі «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, мүгедектер, соғыс ардагерлері, зейнеткерлер мен жұмысқа жарамсыз жандарға банк кешірім беруді қарастырып отыр.

2017 ЖЫЛ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Жыл басында «Егемен Қазақстан» газетінде қаржы сарапшысы Ербол Азанбектың «Несие нарығының бір жылы» деген мақаласы жарық көрді. 2016 жылы елдегі несие нарығының жағдайы сараланыпты. Онда мынадай деректер келтірілген: «Бірінші кредит бюросы сарапшыларының айтуынша, 2016 жылы несие тарихының базасына 500 мың келісімшарт қосылған. Бұлардың 315 мыңы – жаңа борышкерлер. Яғни, бірінші рет несие алғандар».
Бұдан бөлек, қаржы сарапшыларының пікірінше, 2017 жылы несие нарығында әртүрлі кепілсіз тұтынушылық несие мен тауарлық несиеге, сонымен қатар, халықтың несиені онлайн ресімдеуге ынтасы артуы мүмкін екені жазылыпты.

АЙЛЫҚ ЖАЛАҚЫНЫҢ 20 ПАЙЫЗЫ ҒАНА – НЕСИЕЛІК ТӨЛЕМ ҮШІН

Жалпы, несие алуға шешім қабылдаған азаматтардың сол сәттегі жағдайы әрқилы. Кейбірін расында қаржы тапшылығы қинаса, енді бірі оңай жолмен ақшаға кенелуді ойлап, бірақ оның салдары қандай екеніне басын ауыртпайтындар. 

Банк табалдырығын аттамас бұрын өз қаржылық мүмкіндіктеріңізді есептеп алуыңыз қажет. Өкінішке орай, бізде бәрі олай емес. Қаржы сарапшылары бұл ретте бірқатар жағдайларды қарастыруды ұсынады. Енді осыған келейік. 

Жеке есеп жүргізудің ең тиімді тәсілі – әр тиынды есептеп отыру. Яғни, ыңғайлы болу үшін үш негізгі баған сызып, оған кіріс, шығын, жинақтауларды жазып отыру. Ай сайынғы кіріс пен шығындардың айырмашылығы автоматты түрде үшінші бағанға түседі. 10 пайыз жиналған ақша мөлшері сарапшылардың көзқарасының тұрғысынан тиімді болып есептеледі. Бірақ, жиналған статистикаға сәйкес, шығындарының үлесі 50 пайыздан асатын адамдардың қаржылық жағдайы ауытқуларға бейім болады. 

Егер сіздің отбасыңызда тұрақты есептер бойынша тапқаныңыздан жұмсағаныңыз көп болса, онда апта сайынғы есептеу шараларын жасап отыру қажет. 

Мұнда ескерер тағы бір жағдай: кестеде «кіріс» пен «шығын» бағандары тағы бірнеше бағанға бөлінеді. Мәселен, белгілі бір жалақыны белгілей отырып, түрлі көзден алынған кірісті ескеріп отыруға болады. Ал шығындарды азық-түлік сатып алу, коммуналды қызметтер, ұялы байланыс және интернет төлемдерін төлеу, жаңа киім-кешек алу, сауық-сайран және т.б., деп бөлу керек. Бар болса, жеке тармақпен «қарыздарды» белгілеп отырыңыз. Оларды жақын арада өтелуі қажет – қысқа мерзімділерге және ұзақ мерзімділерге бөлген дұрыс. 

Сонымен қатар, «болжанбаған шығын» бағанын қосыңыз: оған отбасылық бюджеттен алынатын ірі жоспарланбаған қаржылар жатады. Алғашқы кезде есептерді әр аптаның аяғында жасап отыру қажет, ал жиынтық көрсеткіштерді айдың қорытындысы бойынша немесе айлық кезеңі біткеннен кейін бағалаған жөн. 

Шығындардың барлық баптарын тұрақты түрде зерттеп отыру қандай шығындардың азайғанын анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, ай сайын дүкеннен азық-түлік алған жағдайда және аптаның ортасында супермаркетке баруды шектесеңіз шамамен 30 пайыз қаржыны үнемдейді екенсіз. 

Егер «сауық-сайран» бабына көп ақша кететін болса, бос уақытты ұйымдастырудың балама, тегін тәсілдерін ойлап тапқан жөн. Сонымен қоса, киімді жеңілдікпен сатып алу да көп үнемдеуге мүмкіндік.
Жалпы айтқанда, тұтынушылық несие үшін ай сайынғы төлемнің көлемі отбасылық бюджеттегі максималды рұқсат етілетін үлесі 20 пайыздан аспауы тиіс.

ИДЕНТИФИКАЦИЯЛЫҚ ҰРЫДАН САҚ БОЛЫҢЫЗ!

Тағы бір есте ұстар мәселені сөз етейік. Әр адамның жеке құжаттары (СТН, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі) ешуақытта қол жететін жерде тұрмауы тиіс. Өйткені, бүгінде азаматтардың жеке куәлігінің нөмірлерін біліп алып, қолдан құжат жасап алатындар бар. Мұндай жағдайда несие сіздің мойныңызға жазылып, еш түсіңізге кірмеген банкке қарыз болып шыға келуіміз мүмкін. 

Әзірге, жеке куәлікте де, ЖСН-де де ешқандай қорғаныс деңгейлері болмағаны алаяқтар үшін қол болып тұр. Мұндай алаяқтық әрекеттер тек
Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзінде болып жатқан жағдайлар. Алаяқтықтың мұндай түрімен айналысушыларды «идентификациялық ұры» деп атайды.

ЕҢ ДҰРЫС НЕСИЕ – БІЛІМГЕ САЛЫНҒАН НЕСИЕ

Қорыта айтқанда, несие алуда шарттың барлық тармақтарымен келісімді жүргізетін тұтынушының өзі. Сол себептен, келісімшарт қаншалықты күрделі және ұзақ болып жатса да, әрбір жекелеген тармақты оқып, түсінбегенше ештеңеге қол қоймаған жөн. Шарт – сіздің құқықтарыңызға кепілдік беретін жалғыз құжат емес. Бірақ, көпшілік жағдайда ол кез келген түрдегі дауларды шешуде анықтаушы бола алады. 

Соңғы кездері БАҚ беттерінде қарыз алушылардың түрлі қиындықтарға ұшырағаны жөнінде мәселелер ара-тұра жазылып жүр. Кім де болса қарыз алу бар да, оны қайтару да бар екенін ұмытпауы тиіс. 

Біздің ата-әжелеріміз мүмкіндігінше біреуге қарыз болмай, барға қанағат, жоққа сабыр деп күн кешуді үйрететін. Қазір олай айтатын кісілер де азайды. Қоғам өзгерген сайын, адам да өзгеріп жатыр. 

Қарыз алып, ешкім де шалқып жүрген жоқтығы тағы ақиқат. Оның үстіне, қарыз беру – туған-туыстар, достар арасындағы қарым-қатынастың бұзылуына да әкеп соқтырары да белгілі. 

Жалпы, ең дұрыс инвестиция – адам капиталына салынған инвестициялар. Бүгінгі нарықтық қоғамда мүмкіндігінше, білім алуға, бір мамандықты игеруге ұмтылса, ең жақсы игілік осы болса керек. Білім мен біліктілігі бар адам еңбек нарығына тез бейімделіп, жұмысқа тез орналасады, сондай-ақ, білікті маманның еңбекақысы тәжірибесі аз әріптесіне қарағанда жоғары болатыны белгілі. Сол себептен, көп жағдайда кәсіби мамандығы бар, өз-өзін жетілдіріп отыратын азаматтар ғана несиемен өмір сүруге бейімдірек келерін статистика мәліметтері де растайды. 

Яғни, қаржыдан қатты қысылып, несиеге мұқтаж болған жағдайда, ең алдымен тек құлқынды ғана ойламай, қаржыны өз-өзіңізді жетілдіруге жұмсаңыз.


222

ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ!

– Несие отбасылық бюджетке ауыртпалық түсірмеуі тиіс. Сондықтан, шарт соңында өз қолыңызды қояр алдында барлық ай сайынғы шығындарды есептеп алыңыз. Ай сайын жалақыңыздың 20-30 пайызынан аспайтын сома бергеніңіз тиімді екенін есте ұстаңыз.

111– Несие менеджерінің сізге барлық қосымша комиссиялар туралы, сонымен қатар, борышкерлікті өтеу шарттары туралы айтып беруі қажет екенін есте сақтаңыз.

333– Несие алғыңыз келсе, өзіңіздің құқықтарыңыз бен міндеттемелеріңізді білген өте маңызды. Яғни, қаржылық сауаттылық көптеген қателіктердің алдын алуға бірден-бір сеп. Тіпті, заңды білген адам несиелеудің кейбір түрлері бойынша төлем мөлшерін кеміте алады.

444– Несиелік шартты жасасу барысында делдалдың қызметін пайдаланушы болмаңыз. Бұл ретте, алаяқтардың құрбаны болып кетуіңіз әбден мүмкін.

Опубликовано в Әлеумет

Сұрақ: Аида Іздібекова, қала тұрғыны.

«Пахтакор-2» аумағындағы 194 орам тұрғындары үшін автобус бағытын бөліп беруді сұраймыз. Қазір қала орталығынан біздің ауданға дейін Жібек жолы даңғылымен тек бір ғана №65 автобус жүреді. Оның іші әрқашан жолаушыға толы. Бізге Қарабура әулие және Кеме қалған көшелерімен жүретін автобус қажет».

Жауап:
Жібек жолы даңғылымен №44 және №65 бағыттағы автобустар жүреді. Сонымен қатар, «Ақсукент-Шымкент» ауданаралық бағыты да өтеді. Бұдан бөлек, №55 бағыттағы автобус 194 орам тұрғындарына қызмет көрсетеді. Алайда, жолаушылар саны аз болуына қарай, ол бағыттың жұмысы тоқтатылды. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар бағыттар сараланып, 194 орам тұрғындарына қызмет көрсету үшін Жібек жолы даңғылы мен Арғынбеков көшесі арқылы өткізу жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар бағыт бойынша жаңадан қайта құрылған көлік компаниясы – «Шымкент bus» ЖШС қызмет көрсетеді.

Сұрақ: Ольга Умарова, қала тұрғыны.
«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша Шымкентте жыл соңына дейін қай ауданда және неше пәтер беріледі?».

Жауап:
Қазір ӘІО-да 7 көпқабатты тұрғын үйдің (882 пәтер) және бір жатақхананың (35) құрылысы жүріп жатыр. Биыл 306 пәтерлік үш үй мен жатақхана пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, ӘІО-да 1134 пәтерден тұратын 15 көпқабатты үйдің құрылысына мемлекеттік сатып алу бойынша байқау жарияланған. 528 пәтерлік 11 үй ТҚЖБ арқылы берілсе, ал төртеуі коммуналдық баспаналар.
Сонымен қатар, «Тұран» шағынауданында да 5 көпқабатты үй салынуда. Оның біреуі биыл, ал қалғандары келесі жылы пайдалануға беріледі.

Сұрақ: Жалғасбаев Әділбек, қала тұрғыны.
«Шығыс» шағынауданындағы №25 және №28 мектептердің арасындағы қоршау қаншалықты заңды? Жаяу жүргіншілер үшін өтуге қолайсыз».

Жауап:
Шымкенттің инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс- монтаждау және демонтаж жұмыстары жүргізілуде. Қауіпсіздікті сақтап, апатты жағдайларды болдырмас үшін ол аумақ қоршалған. Бүгінде қаланың солтүстігіндегі ішкі орам жылу жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жалпы 20 шақырым құбырды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінді. Құрылыс биылғы жылдың 15 қазанында, ал «Шығыс» ықшамауданындағы жұмыстар 17 қыркүйекте аяқталады.

Сұрақ: Қайрат Мыңтай, қала тұрғыны.
«Тұран» шағынауданына газ, су және электр энергиясы қашан беріледі?».

Жауап:
Шымкент қаласы ТҮКШ бөлімі қызметкерлері инженерлік инфрақұрылым құрылысы үшін жобалау-сметалық құжат жасауда. Құжат бойынша, «Тұран» шағынауданын (Бәйдібек би даңғылының оң жақ бөлігі) ауызсумен қамту, электр желісін тарту, кәріз құбырын, байланыс және автожолдар салу қарастырылады. «Әсем Құрылыс» ЖШС жобалаумен айналысуда. Жобалау жұмыстарын 2017 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланып отыр. Ал келесі жылдың наурыз айында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін бюджетке ұсыныс беру көзделген.

Сұрақ: Талиба Бурковецкая, қала тұрғыны.
«Мен «Тоғыс» тұрғын алабының Мұнайбарлаушылар көшесінің тұрғынымын. Көшеге бейнетіркегіш немесе жасанды жол кедергісін орнатуға болады ма? Леңгір-Шымкент тасжолы бойы жарықтандырылмаған. Кәріз құбырлары ескірген. Қыста сымдардың ескіруі салдарынан трансформатор жанып кетті. Ал асфальт су құбырларын жүргізу мақсатында қиратылды ма? Асфальт қайтадан төселеді ме?».

Жауап:
Сіз айтқан жолға жасанды кедергілер қойылмайды. Өйткені, ол облыстық маңызы бар тас жол санатында. Осыған орай, барлық жол белгілері мен жол қозғалысын реттейтін құралдарды ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан қойылады.
Бұдан бөлек, биыл Мұнайбарлаушылар көшесін орташа жөндеуден өткізу үшін сметалық құжатын әзірлеуге тапсырма берілді. Сметалық құжат жасалған соң, бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қаралатын болады.
Шымкент қаласының ТҮКШ бөлімі тарапынан «Тоғыс» тұрғын алабында кәріз жүйесі мен тазарту қондырғыларын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттар жасауда. Жобалау мекемесі – «АДТ Сервис» ЖШС. Бүгінгі таңда барлық жобалау жұмыстары аяқталды. 2017 жылдың қаңтар айында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамту жұмыстарын жүргізуде. Жобалық жұмыстарға қаржы қаралған. Қазір жобалаушы мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүруде. Жобалау жұмыстары 2017 жылы аяқталады.

Сұрақ: Оразов Батыр, қала тұрғыны.
«194 орамға қарасты Пахтакор-2» ауылында жаңа жол салынды. Алайда, жаңа оқу жылы басталғалы бері балалардың жолдан өтуі қауіпті болып барады. Жібек жолы көшесіндегі №85 мектептің жанына бағдаршам қойып берсеңіздер»..

Жауап:
Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Жібек жолы даңғылында қайта құру жұмыстары жүргізілуде. (Пазиков көшесінен кіші айналма жолына дейінгі аралықта). Жобалау-сметалық құжатта №85 мектепке қарама-қарсы жерде бағдаршам орнату көзделген. Бағдаршам биыл қазан айында қойылады.

Дайындаған
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Опубликовано в Қоғам

Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен Шымкенттегі «Тәуелсіздік» саябағында ашық аспан астында жаттығумен айналысатын спорт алаңдары ашылды.

      

Салауатты өмір салтын сақтауға арналған «Street workout» қозғалыс құралдары облыс орталығының бірнеше аумағына орнатылып, шаһарлықтардың тегін спортпен шұғылдануына мүмкіндік тудырып отыр. Бұл ойын алаңдары 20-дан астам түрлі снарядтардан құралған «көлденең барлармен» жабдықталған.

Аталған спорт алаңдарының құрылысы ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен әрі қаржылай қөмегімен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қолдауымен салынған. Аталмыш жоба еліміздің әр өңірінде балалар мен жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын оятуды көздейді. 

Бұл болашақ чемпиондарды тәрбиелеу үшін таптырмас мүмкіндік болып табылмақ. Бразилиядағы жазғы олимпиада ойындарынан кейін бұл спорт түріне қызығушылардың қатары одан сайын арта түсетіндігі анық.

Опубликовано в Қоғам

Қазір – ақпарат ғасыры. Жаңа құндылықтар, жаңа мәдениеттер пайда болды. Сәт-санап, түрлі жаңа технологиялар өмірімізге енуде. Бүгінімізді электронды техникасыз елестету мүмкін болмай қалды. Дәстүрлі медиа да ғаламтормен шендесе алмайды осы күні. Кітап оқудан алыстап, интернеттен, әлеуметтік желілерден игілік іздеушілер көбейген. Қоғамның құндылығын пайдалана білейік. Ғаламтор техникасын озық меңгергендер интернет арқылы саудасын да дөңгелетіп отыр.

social-job-3

Ғаламтор ғаламаты

Ғаламтор мәдениеті жайында айтар сөз көп. Түрлі теріс ақпарат тасқынына қарсы төтеп беру үшін ұлттық иммунитеттің күші жеткілікті болуы ләзім. Жан-дүние тазалығы қажет. Жаһанданумен бірге әлеуметтік желілер де өмірімізге дендеп енді. Кәдімгі шырмауық секілді шырмап алғандай. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда да әлеуметтік күшке ие бола бастады. Жауды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қазір «Ақпарат кімнің иелегінде, сол әлемді басқарады» деген. Әрине кез келген дүниені шектеусіз пайдалану зиянға ұшыратады. Бордай тозу мен құрдымға құлау...
Қауіп қайдан демеңіз. Әрбір азамат ақпарат жеткізуші тұлғаға айналғанда қоғамда түрлі түсініспеушіліктер туындайтыны рас. Теріс бағытта тәрбиеленіп жатқандар да аз емес.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин «В контакте» әлеуметтік желісін жабу керек деген ұсынысын айтқан-ды. Оған көп азамат қолдау көрсетті де. Ерлан Тынымбайұлы «Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Анығын айтсам, «В контакте» желісін жабайық деп нақты ұсыныс білдіргенім жоқ. Тек жұрттың назарын жалпы әлеуметтік желілерге, оның ішінде, әсіресе, В контакте желісінде болып жатқан жағдайға аудартқым келді. Өкінішке қарай, бұл желіде балаларды суицидке шақыратын контенттен бастап ашықтан-ашық мемлекетке қарсы әрекетке үндейтін арнайы аудио, видео, фотоматериалдар жарияланған. Мен үнемі айтып келем, мемлекеттің проблемаларын шешеміз деместен бұрын өз балаларымыздың тәрбиесін дұрыстап алайықшы. Біз осыған дейін патриотизмді қалай өлшеп келдік? Кім әдемі сөйлеп, ұрандатса, шыншыл сияқты көрінсе, соның бәрін «мынау патриот екен» деп бағалап жаттық. Бірақ алдағы уақытта патриотизм мұнымен өлшенбейді. Патриотизм, ең алдымен, әркімнің өз отбасындағы балаларына жауап беруі», – деді.
Ақпараттық қауіпсіздікті сақтау жағына мән бермесек келешек ұрпақ бізді кешірмейді. Әлеуметтік желілердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалуда.

Әуресі көп әлеуметтiк желi

Елімізде әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың саны артып келеді. Brand Analytics сервисі дайындаған мәліметтер бойынша, 3,3 млн адам әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Яғни, зерттеушілер кемінде айына бір рет парақшаларын жаңартатындарды есепке алған. Тұрғындардың ең көп тұтынатыны «В Контакте» желісі – 1,945 миллион адам. Оның басым бөлігі 18 жасқа дейінгілер. Бұдан бөлек, Инстаграмды – 1,336 миллион, «Мой Мир» – 1,553 млн, «Facebook» – 1, 258 млн адам қолданады. Ал ең аз тіркелген әлеуметтік желі «Twitter» – 16,6 мың адам.
Рас, күні бойы, түні бойы әлеуметтік желілерді қолданатындар бар. Онда жақсы да, жаман дүниелер де айтылып жатыр. Қажеттісін таңдап алу еркіңізде. Бостекі әңгімелер де, ұлтты ұшпаққа шығаратын дүниелер де баршылық. Адамның абыройы әлеуметтік желіде постына жазылған пікір мен «лайкына» қарап өлшенетін жағдайға жеттік.
Шетелде қандай екен? Олар қай мақсатта қолданады? Мәселен, Қытай ғаламторды дұрыс мақсатта пайдалануды жолға қойған сыңайлы. Әлеуметтік желілер де баршылық. Бірақ шегімен.
– Қауіпсіздік мәселесі бірінші орында. Елдегі жағдайларға байланысты осылай шектеулі. Дегенмен, өздері үшін экономикалық тұрғыдан тиімді етіп қойған. Киноны өздерінің сайттары арқылы көруге үндейді. Басқа шетелдік сайттарға кіруде қолайсыздықтар көп кездеседі. Ақыры қытайлық сайттардан қарауға мәжбүр боласың. Өйткені, сайттар баяу ашылады. Интернет сауда да дамып келеді. Тұтынушылар мен халық арасында байланыс дами түсу үшін ғой. Бізде де ғаламтор мәдениеті енді қалыптасып келіп жатыр. Интернет сауда да ене бастады. Қазіргі қиындықтардың барлығын уақытша деп білемін, – дейді Қытайда білім алып жүрген тележурналист Есболат
Айдабосын.

Блогер деген кiм?

Қоғамда түрлі көзқарас бар. Бүгінде ғаламторды белсенді қолданушылар арасында өздерін «блогер» деп атайтын қауым бар. Бірақ әліге дейін блогерлер мен журналистерді салыстыратындар бар. Ұлы-британияда білім алып жүрген Руслан Желдібайдың айтуынша, дәстүрлі және жаңа медиа бір-біріне қарсы емес, керісінше толықтырушы болуы тиіс.
– Сөзсіз, бүгінде әлеуметтік желі әрбір азаматты ақпарат таратушыға айналдырды. Десе де әлеуметтік желі – құрал ғана. Өкінішке қарай, бізде масс медиа тым бақылаулы, сондықтан әлеуметтік желі баламалы ақпарат көзіне айналды. Ал мұның қауіпті тренд екенін сарапшылар ескертті, себебі азаматтар әртүрлі арандатуға оңай беріледі. Ақтөбеде болған оқиғағалар да мұны дәлелдеді. Мәселен, еліміздегі танымал әлеуметтік желі «Фейсбук» Ұлы-британияда ешқандай да саяси желі емес, онда көбіне жеке өмірге қатысты ақпарат салынады. Өйткені, халық өзіне қажетті ақпаратты масс медиадан алып отыр. Журналистика өз қағидаттарына сай жұмыс істемесе насихатқа айналуы мүмкін. Бұл екі түсінік айырмашылығы – жер мен көктей. Сондықтан отандық масс медиаға өз қағидаттарымен жұмыс істеуіне мүмкіндік берілгенде біз мүлде басқа жағдайда болар еді, – дейді ол.
Әлеуметтік желі әсіресе, журналистер үшін тиімді. Хат-хабар алмасу, шетелдегі әріптестерімен байланысу, жазған дүниелерін оқытуда пайдасы көп. Дегенмен, әлеуметтік желіні мүлдем пайдаланбайтындар да бар. Олар негізінен әлеуметтік желі пайымды пікірлер ордасына айналғанда ғана тіркелмек.

Мұхиддин ИСАҰЛЫ,
теология ғылымдарының докторы:

Мұхиддин Иса– Бір кездегі ертегі-қиял мен әпсаналар ақиқатқа айналды. Соның ішінде ең елең еткізгені – интернет желісі болды. Ғаламтор – бейне бір үлкен ақпараттық тегін базар, қайнаған алып қара қазан тәрізді. Араны ашылған қоғамда одан қалағанынша алып жеп, бірі нәр алып жатса, енді бірі улануда. Ол бейне пышақ тәрізді. Пышақты адам игілігіне пайдалануға да өміріне қатер тудыруына да болады. Жақсы мен жаман араласып кеткен бұл желі көзінен қоғамның бір бөлігі пайда көрсе, енді бір бөлігі зиян шегуде.
Кез келген қоғамда дүние танымы әлсіз, психологиялық ауытқулар немесе жағымсыз ақпаратты бойына вирус тәрізді жинап алатын мақсат-мүддесі жоқ адамдардың радикалдық идеяларды бойына сіңірулері өте тез. Оларға көп жұмыс жасамай-ақ ақпаратты билеу арқылы құрыққа түсіріп құлатуға болады. Қоғамдағы діни экстремизмге келсек бұл жерде діннің ешбір қатысы жоқ. Бар болғаны ақпараттық күрес. Қазіргі таңда әлемдік алпауыт күштер бір елді басып алғысы келсе, көбіне соғыс арқылы емес алдымен осы интернет арқылы жаулайды.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан» газетінің ОҚО бойынша меншікті тілшісі:

Бақтияр– Жалпы, әлеуметтік желілерде кім де болса пікірін жазуға құқылы ғой. Бірақ біреудің ар-намысына тиетін сөздерден абай болу керек. Жақсы жазылған дүниелерді оқу керек. Асанәлі
Әшімов, Дулат Исабековтер фейсбукке тіркелсе, оларды қаншама адам оқитын еді. Нәр алатын еді. Мұхтар Тайжан сынды азаматтар ұлттық мүдде төңірегінде жақсы жазады. Сүбелі сөз ғана тарихта қалады.
Жалпы, өзімнің әлеуметтік желіге деген әуестігім жоқ. Ешқандай желіде тіркелген емеспін. Ғаламторды жақсы қолдануды да білмеймін. Қолы бостарға қызық шығар. Онда көп жағдайда өсек-аяң жазылып жатқанын естиміз. Кім біледі, алдағы уақытта тіркелуім де мүмкін. Әлеуметтік желі ұлтқа қызмет ете бастағанда ғана қызығушылығым оянар.

Опубликовано в Әлеумет

Кеше Шымкент қалалық мәслихаттың кезектен тыс төртінші сессиясы өтті. Күн тәртібінде «2016-2018 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» Шымкент қалалық мәслихатының 2015 жылғы 22 желтоқсандағы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова баяндама жасады. Сессияға қала әкімі Ғ. Әбдірахымов қатысып отырды.

   

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6-бабына сәйкес сессия жиынында бұл мәселе бірауыздан бекітілді. Мәслихат сессиясында шаһар басшысы әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.

– Зейнеткерлер мен мүгедектерді санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету үшін қосымша қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар мүгедектерді әлеуметтік қолдау мақсатында 481 кресло–арба алыну үшін тиісті қаражат қарастырылды. Мүмкіндігі шектеулі оқушылардың мектеп ғимаратыне еркін кіріп-шығуына жағдай жасау үшін қаладағы 73 мектеп, 63 балабақшаға арнайы пандустар орнатылу көзделуде. Білім саласы бойынша атқарылатын жұмыстар көп. Мәселен, жаңа оқу жылына оқу ғимараттарын күрделі жөндеу, оқу-әдістемелік құралдармен жабдықтау үшін қаржы қарастырылған. Біз үшін ең маңыздысы мектеп оқушыларының қауіпсіздігі. Осы мақсатта қаладан шалғай орналасқан елді мекендерден келетін оқушыларды тасымалдауға 19 қоғамдық автобус сатып алынады. Ескі қоқыс палигонында жаңа парктың құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Бұған облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді, – деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Опубликовано в Саясат
Пятница, 08 Июль 2016 05:44

Несие несiбенi еселей ме?

Қарыз беру – қайырсыз емес, жалпы сауапты іс саналады. Өзгенің ахуалына үңіліп, қолдан келсе жәрдем бергенге не жетсін!? Қазір құндылықтар өзгерген заман. Қысылтаяң шақта қаражат іздеген пенденің бір ғана жанашыры бар. Ол – банк. Нарық заңдылығы шығар, күйбең тіршіліктің мәселесін несие алумен шешу әлемдік тенденцияға айналып кеткеніне біршама уақыт болды. Қарызға неге құмарттық? Соңғы кездері ел азаматтарының екінші деңгейлі банктерден алған қарызы ұлғая түскен.

Бұл – нарық заңдылығы

Бұрын несиені тек күнделікті қажеттілікке қарай алсақ, қазір той жасауға да банктен қарыз сұрайтын болдық. Шоу жасау үшін де қарыздануға кетәрі емеспіз.
Амалы құрып, үміті жоғалған пенде ақыр соңы банктің есігін қағады. Бүгінде түрлі жарнамалар арқылы клиенттер тартатын банктерге керегі осы. Әрбірінің де ұсынысы әр түрлі. Небәрі, он минутта қолыңызға қаражатты санап береді. Бар ойыңыз «басым аман, бауырым бүтін болса қайтарамын ғой» деген жұбату ғана.
Жақында отандық арналардың бірінде «Несиеге той» деген бағдарлама берілді. Бағдарлама қонақтары осы мәселе төңірегінде айтысып-тартысты-ақ. Бірі жастар бақытты болып кетсе несиеге той жасаудың еш сөкеттігі жоғын айтады. Ал енді бірі оған қарсы пікірде. Бағдарламаға арнайы дайындалған бейнесюжетте айтылғандай, бір орташа тойға кетер шығын 2 млн теңгеден асып жығылды.
Біз несие алмауға түбегейлі тыйым сала алмаймыз. Ол – қоғам қажеттілігі. Әлем халқының жартысынан көбі қарызға өмір сүреді. Әсіресе, оқу бітіріп, жұмысқа тұрғалы жүрген жастар төте жол арқылы игіліктерге кенелуді ойлайды. Өйткені, олардың әлі жинақтаған қоры жоқ.

«Пайызды төмендетсе екен»

Қазақстан Ұлттық банкінің сәуір айында жариялаған статистикалық бюллетенінде мынадай дерек келтірілген. Бүгінде ел азаматтарының күнделікті тұтынуға қажетті заттар үшін алынған несиесі 2,6 трлн теңгеге жетіпті. Яғни, бұл ел азаматтарының басым бөлігі қарызға өмір сүреді деген сөз. Қарыздың қайтарымы болатынын бәрі де біледі. Бір анық жайт, олардың ешбірі де қарыз алып, еш қайғысыз шалқып жүрмегені мәлім. Таяуда сондай азаматтың бірімен жолықтық. Өзі таксист болып жұмыс істейді.
– Мен қызымды ұзатқан кезде, қиын жағдайда алып едім. 860 мың теңгені бес жылға ұзартып берді. Ай сайын 27 мың төлеймін. Әлі үш жыл бар, – дейді «Форте банктен» несие алған қала тұрғыны Талғат есімді азамат. – 15 пайыздың өзі қарапайым халық үшін көп. Пайызды төмендетсе халыққа сәл жеңілірек болар еді. Көп адамдар төлей алмай отыр. Бар тапқаныңды бала-шағаның алдынан жырып банкке бересің.
Несиені несібе деп білген соқталдай азамат бұдан кейін қарыз алмайтынын айтты.
Жұмабек Бауановтың басындағы да осы жағдай. 300 мың несие алған ол ай сайын 9500 теңге төлейді. Банк екі жылға берген. Өзі «Шинойл» компаниясында оператор болып қызмет істейді. Денсаулығын түзеймін деп, емдік мақсатта алыпты.
Тізе берсек, мұндай жағдайлар көп-ақ. Рас, қазір барлық ісіміз банкпен байланысты екенін мойындамасқа шара жоқ. Әлгі екі азамат та қаржылық сауаттылығының төмендігінен жапа шегіп жүргенін жасырмайды. Бұл – көпшілікке ой салатын жағдай.

Қарыз көлемi – 377, 6 млрд теңге

Елдегі екінші деңгейлі банктердің несиелеу саясатын бақылайтын Қазақстан ұлттық банкі бұл бағытта жұмыстар атқарып жатқанын айтады. ҚР Ұлттық банкінің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Әнуар Ботанбековтың мәлімдеуінше, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз етуге жәрдемдесу, жүктелген міндеттер шегінде филиал тұрақты негізде несие портфелін талдау бөлігінде екінші деңгейдегі банктердің филиалдарын тексеру бойынша іс-шаралар жүргізеді. Мәселен, жыл басынан бері қаржылық қызметтер бойынша жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша филиалдың қарауына 2015 өтініш келіп түскен.

Құрман ЫСҚАҚОВ,
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Экономика және қаржы факультетінің» аға оқытушысы:

– Жасыратыны жоқ, халықтың қаржылық сауаттылығы әлі төмен. Біз кәсіпкерлерді қолдау орталықтарына жиі барамыз. Жиі сұрайтын да осы несие жайында. Банктің өзінің үмітсіз несиелер дегені бар. Ол – қайтарылмаған шығындары. Бұрын несие алып төлемегендердің сомасын басқалардың есебінен жапқысы келеді. Банктер өз шығынын жабу керек қой. Пайыздық мөлшерлемелерді ұлттық банк реттейді. Ұлттық банк бұрын екінші деңгейлі банктердің несие саясатын қадағалайтын. Онда да тек міндетті резерв пен пайыздық мөлшерлемесін ғана. Олар тек әкімшілік бақылау ретінде жүргізеді.

– Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыстар шегінде филиал жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында қаржы секторы саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қарыздарды өтеуде қиындыққа душар болған қарыз алушыларға қатысты шараларды қарау кезінде, банктер әрбір қарыз алушыға жеке көңіл бөле отырып, әрбір нақты жағдайға байланысты ішкі саясатына сәйкес шешімдер қабылдайды. Қарыз алушыларға берешекті өтеуге көмек көрсету, соның ішінде Ұлттық банк, әкімдік өкілдерінің және банктердің басшыларының қатысуымен банктерде жеке кездесулер ұйымдастыру арқылы, сондай-ақ қарызды өтеуге мүмкіндігі жоқ қарыз алушыларды жұмыспен қамту мәселелерін қарастыру бойынша облыстық әкімдікпен жұмыс жасау күшейтілген, – дейді филиал директоры Ә. Ботанбеков бізге берген мәлімдемесінде.

Енді облыстағы екінші деңгейдегі банктердің несиелері бойынша да мәліметтерді айта кетейік. 2016 жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша ОҚО-да екінші деңгейлі банктердің алдындағы несиелер бойынша берешек 377,6 млрд теңгені құраған. Оның ішінде жеке тұлғалар бойынша – 234,9 млрд теңге. 2016 жылдың қаңтар-сәуір айларында банктермен 59,8 млрд теңге сомаға несие берілген (2015 жылдың осы мерзімінде – 63,5 млрд теңге). Оның ішінде жеке тұлғаларға – 34,4 млрд теңге (2015 жылғы осы кезеңде 37,4 млрд теңге).

Талдап жазатын тiлшiлер аз 

12928327 513404085514648 7513046574550722389 nЖуырда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыру мақсатында өткен семинар-тренингке қатыстық. Жалпы, мұндай семинардың журналистерге берері мол екеніне көзіміз жетті. «Бюджет ашықтығы мен есептілігі» тақырыбында белгілі экономист сарапшы Шолпан Әйтенова экономикадағы бюджет құрылымы, үдерістері, БАҚ-тағы олардың жариялануы бойынша мазмұнды мағлұматқа қанықтырды. Бүгінде ол «Экономикалық зерттеу, бағалау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы ретінде бюджет заңдылықтарының қалыптасуының басы-қасында жүрген маман.
Ш. Әйтенова қазіргі қазақтілді журналистердің экономикалық статистика түзіп, мақалада нақты цифрлар көрсетуде осалдық танытып отырғанын жасырмады. Бұған семинар барысында көрсетілген нақты мысалдардан да аңғардық. Мәселен, жергілікті ауданның бюджеті туралы мәліметті іздегенде, тек сол ауданның ресми сайты ғана шықты. Заң бойынша бюджет туралы ақпараттар белгілі мерзімде сайтқа орналастырылуы керек. Оның бекітілген жобасы да, есебі де. Ал сол мағлұматты талдап жазып жатқан журналистер санаулы-ақ.
Маман халықтың қаржылық-экономикалық сауаттылығы әлі де болса төмен деген пікірін жеткізді. Негізінен, тұрғындар қарапайым келісім-шартпен танысуға мән бермейді, соның салдарынан көп жағдайда опық жеп жатады дейді.
Бүгінгі нарық заманында журналистердің экономика тақырыбын терең біліп, талдап жазу күн тәртібіндегі мәселенің біріне айналды. Қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығы артса, азаматтар өз құқын біліп, өз-өзін дамытуға мүмкіндік алар еді.
Қорыта айтқанда, адам еріккеннен несие алмаса керек. Экономист мамандар алуға зәрулік туындаған жағдайда өз жағдайыңды толық жоспарлап алу қажеттілігін айтады. «Өтей аламын ба, ненің есебінен қайтарамын» дегендей. Яғни, әрбір азамат шамасына қарай іс қылуды ойласа дейміз.

Опубликовано в Экономика