Клубтың бас бапкері болып болгариялық Георги Дерменджиев келді. Ол бұған дейін Болгарияның «Лудогорец» командасын жаттықтырған. 3 рет чемпион атандырып, 2 рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шыққан.

shymkala kz-9

– Ел біріншілігінде үшінші орын алған және Европа лигасында өнер көрсететін «Ордабасы» клубының тізгінін ұстағаныма қуаныштымын. Шымкент сенімді жанкүйерлері бар, шырайлы шаһар екенін білемін. Жаңа маусымда жоғары нәтижеге жету үшін кейбір ойыншылармен қош айтыстық. Жаңа футболшылар алатын боламыз. Ең бастысы - команданы жаңа маусымға дайындау – дейді «Ордабасы» клубының бас бапкері Георги Дерменджиев.

«Ордабасы» 10 қаңтар күні Анталия қаласына оқу-жаттығу жиынына аттанды. Тізімге 18 ойыншы еніпті. Олар Мардан Төлебек, Еркебұлан Тұңғышбаев, Ұлар Жақсыбаев, Сағадат Тұрсынбай, Темірлан Ерланов, Қасымхан Таласбаев, Алтынбек Төлеев, Виталий Ли, Рамиль Нұрмұхаметов, Мұхит Жақсылық, Бекжан Абрахман, Әбілқайыр Зұлпыхаров, Пабло Фонтанелло, Кирилл Ковальчук, Никита Бочаров, Бекхан Шайзада, Самат Шәмші. Сондай-ақ, жақын күндері қатарға Абдулай Диакате де қосылады деп күтілуде.

– Жаттығу екі мезгілде өтіп жатыр. Таңертең аэробиканы, түстен кейін доппен және тактикамен машықтанамыз. Жеңіл жарақат алғаныммен, алғашқы жолдастық ойынға дейін жазылып кетемін деген үміттемін. Бас бапкер жаттығуларға өте жауапкершілікпен қарайды. Алдағы уақытта да дайындық жұмыстары қыза түседі деп ойлаймын – дейді Мардан Төлебек.

shymkala kz-11

Ал Самат Смақов, Азат Нұрғалиев, Таңат Нөсербаев, Александр Гейнрих, Оливер Петрак, Преслав Иорданов, Сергей Бойченко секілді белді ойыншылар командамен қош айтысыпты. Сонымен қатар Түркиядағы оқу-жаттығу жиынынан қалып қойған Қайрат Әшірбеков, Алмат Бекбаев, Бекзат Бейсенов, Бақдәулет Қожабаев, Мұхтар Мұхтаров, Фархадбек Ирисметов, Срджан Вуяклия секілді футболшылар да «Ордабасымен» қош айтысуы мүмкін.

Команда құрамына қосылуға ниетті ойыншылар да жоқ емес. Павлодарлық «Ертіс» клубының қорғаушысы Дамир Даутов сынақтан өтуде. 27 жастағы футболшы «Ақтөбе», «Қайсар», «Жетісу» командаларының сапында да өнер көрсеткен.

Сынақта жүрген тағы бір ойыншы - украиналық Игорь Сикорский. 1988 жылғы жартылай қорғаушы бұған дейін «Стали», «Николаев» клубында тер төккен.

Ойынға да ой керек

Пятница, 12 Январь 2018 10:59

Оңтүсік Кореялық 14 жасар Ким Сун Джин веб-камера алдында кешкі ас ішіп 1500 доллар табыс табады. Бұған әрине таңғаларсыз... Ол интернет арқылы нақтырақ айтсақ Afreeca TV платформасы арқылы күн сайын тікелей эфирге шығып тамақ ішеді. Оның осылай ас ішіп отыруы өзге көрермендердің де тәбетін ашуға септігін тигізеді екен. Бұл Корей халықтарының басым бөлігі жалғыздықта өмір сүретіндігімен байланысты. Өйткені, жалғыз өзі тамаққа зауқы соқпай отырған тұрғын онлайн арқылы Ким Сун Джиннің арнасына тіркеліп, әңгімелесіп отырып ас ішуге мүмкіндік алады.

0 42c983 3f38b0e2 XL 

Ал 6 жасар Америкалық Райан есімді балақай YouTube (Ryan ToysReview) арнасы арқылы мультимиллионер атанды. Ата-анасы оның ойыншық ойнаған видеоларын үш жасынан бастап интернетке салып отырған. Нәтижесінде 2016 жылы миллиард көрілім жинаған. Бір жылдық (2016-2017) қаржысы 11 миллион долларға жеткен. 

Дәл қазір бұл балақайлардың тапқырлығына таңдай қағып отырған боларсыз. Осындайда ХХІ ғасыр – Технология заманы дегенді еріксіз мойындайсың. Бүгінгі таңда мұндай мысалдар өзге елдерде жетіп артылады. Осы арада жоғарыдағы «Бай балалар» қарапайым ғана ойын ойнап, компьютер алдында отырып-ақ табысқа жетіп жатқанына мән бердіңіз бе? Ойындар, ойыншықтар балаларды ойнатады, ойлантады. Келісесіз бе? Ал қазақтың «Аз ойна, көп ойла», «Ойынға ойсыз құмар», «Ойнамасаң ойын бақ, Қойшыбайдың қойын бақ», ойын ойнаған азады, тозады деген мақал сөздерін қайда қоясыз? 

shymkala 3-12

БАҚ беттерінде, интернетте компьютер ойындарының зияндығы туралы жиі жазылады. Әрине оны жоққа шығара алмаймыз. Денсаулықты нашарлататынына, уақыттың көп бөлігін алатынына күмән жоқ. Атыс-шабыс ойындардың балалар психикасына қауіп төндіретіні де аз жазылмайды. Ал ата-аналар мен мұғалімдер оқушылардың компьютер алдында көп отыруы, сабақ үлгеріміне де теріс әсерін тигізетінін айтады. Дегенмен, компьютерлік ойындардың пайдалы жақтары да бар екенін естен шығармаған жөн.

First Monday басылымында америкалық зерттеушілер компьютерлік ойын ойнайтын адамдардың тұрмыстық жағдайда, жаһандық қаржы дағдарысы, климаттың өзгеруі кезінде және тағы басқа күрделі мәселелердің шешімін табуға көмектесетінін жазған. 

Ресейлік зерттеуші Евгения Петрова «Балалар және компьютер» атты еңбегінде компьютерлік ойындар балалардың кейбір дағдыларын дамытуға көмектесетінін жазған. Нақтырақ айтсақ тіл үйренуге, есте сақтау қабілетін жақсартуға, төтенше жағдайларда жедел шешім қабылдауға, байқампаз болуға септігін тигізген. 

Сондай-ақ, ойыншылардың ұйқысы тыныш болады және түрлі ойындар балалардың қиялына қанат бітіріп, ой-өресін дамытады. 

IMG 9406

Пәкістандық Саид Самаил Хассан (лақап аты-SumaiL) бүгінде «Dota 2» ойыны арқылы бүкіл әлемге танымал болды. Оның ойын ойнап ұтқан табысы – 2 419 513 доллар. 17 жасар Самаил Хассан TIME журналының ең танымал 30 жасөспірм тізіміне енген. Бүгінгі таңда америкалық «Evil Geniuses» командасында ойнайды. 

 

Киберспорт – арнайы дайындықты қажет ететін, басқарушысы бар, ережесі белгіленген, жеке адамдармен немесе топпен ойналатын ойын түрі. Кейде компьютерлік спорт, электронды спорт деп те аталады. 2001 жылы 25 шілдеде Ресей киберспортты ресми спорт түрі ретінде қабылдаған. 1997 жылы АҚШ-та киберспортшылардың Cyberathlete Professional League деп аталатын алғашқы лигасы пайда болды. Жыл сайын әлем бойынша түрлі компьютерлік ойындар бойынша жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Қаржылық сыйақылары қомақты. Мәселен, «Dota 2» ойынының «The International» турниріндегі ақшалай сыйақы мөлшері 2017 жылы — 24,79 млн долларға жеткен. Аталған ойындар интернетте тікелей эфирден көрсетіліп, миллиондаған аудитория жинайды. 2015 жылы дүниежүзілік финалды 4,6 млн адам көрген.

 

Қазақстанда да киберспортқа қызығушылар саны артып келеді. Жетістікке жеткендер де аз емес. Мәселен, еліміздегі танымал киберспортшылардың бірі – Дәурен Қыстаубаев. Ол CSGO ойыны бойынша әлемдік рейтинге 39 орында. Қоржынында 11 – алтын, 5 – күміс, 9 – қола бар. Халықаралық UNiTED, Virtus.pro командаларында өнер көрсеткен. Қазіргі таңда ресейлік Gambit-тің намысын қорғайды. Жеке табысы – 197 335 АҚШ долллары. 

IMG 9405

Шымкенттік Наурыз Әбдікерім де бір уақыттары әлемдік деңгейге көтерілген киберспортшы. 11 сыныпта Украинаға шақырту алған жасөспірім ұлттық бірңғай тест тапсырамын деп қалып қойған. Одан кейін ЖОО-ға түсіп, бірқатар уақыт қол үзіп алды. Қазір IT-маманы. Шымкенттегі бірқатар ауқымды турнирлерді ұйымдастырды. Оның айтуынша, елімізде киберспорт қарынды болмаса да, дамып келеді. 

– Қазақстан атынан әлемдік жарыстарға қатысатын 2-3 команда бар. Бірақ, еліміздегі интернет нашар. Пинкте айырмашылық болады. Мәселен, Қазақстанда компьютерлік ойындарды халықаралық дәрежеде ойнау үшін 80 пинкпен кірсе, ресейліктер 15 пинкпен кіреді. Бұл бізде ғаламтор әлсіздеу деген сөз. Сол үшін Мұрат Жұматұлы (Арбалет) деген меценат компьютер ойнайтын жақсы ойыншыларды Киевке алып барып, үй жалдап, өте жылдам интернетпен қамтамасыз етіп, ақшасын төлеп жағдай жасауда. Олардың да кәдімгі спортшылар секілді жаттығу уақыты, жалақысы бар, – дейді Наурыз Әбдікерім. 

Енді олар сайт ашып, ойындарды тікелей эфирден көрсетіп, комментаторлық жасамақ. Бұл коммерциялық жағынан өте тиімді көрінеді. Мәселен, «Реал Мадрид» пен «Барселона» секілді командалардың ойыны, ұлттық баскетбол лигасы 80-90 миллион халық жинаса, ал Dota ойынының финалын 120 миллион көрермен тамашалаған екен. 

Компьютердің алдында отырудан қорқудың қажеті жоқ. Онымен жақсы дос болуға болады. Жақсы игерсеңіз түрлі бағдарламалар жасап, жылдам ақпараттар алып, тіпті ойын ойнап та ақша табуға болады. Тек, қолданған кезде санитарлық-гигиеналық және жалпы ережелерді сақтасаңыз болғаны.

 

Қала қардан тазартылуда

Пятница, 12 Январь 2018 06:16

Шымкентте қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Коммуналдық қызметкерлер күшейтілген жұмыс тәртібіне кіріскен. Ол үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған 101 техника тартылған. Сонымен қатар, 545 қызметші көшелер мен аяқжолдарды тазартуда.

DSC 5875

Ауа райына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарын қозғалыс бағдарын алдын ала жоспарлап алуға, жол ережелерін сақтауға және жолда абай болуға шақырамыз.

Шымкентте қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Коммуналдық қызметкерлер күшейтілген жұмыс тәртібіне кіріскен. Ол үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған 101 техника тартылған. Сонымен қатар, 545 қызметші көшелер мен аяқжолдарды тазартуда. 

DSC 2634

Ауа райына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарын қозғалыс бағдарын алдын ала жоспарлап алуға, жол ережелерін сақтауға және жолда абай болуға шақырамыз.

 

shymkala 2 5

Мегаполис қаланың келбеті уақыт өткен сайын ажарлана түсуде. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, жолдар түзеліп келеді. Күнгей өңіріне ат басын бұрған қонақ алдымен Шымшаһарға аяқ басатындықтан, Шымкент – Оңтүстік туризмінің қақпасына айналды. Сондай-ақ, 2020 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы атанды.

Алайда бей-берекет ілінген хабарландырулар мен жарнамалар шаһар шырайын бұзып тұр. Қайда қарасаң да қаптаған қағаздардан көз сүрінеді. Аяқжол, жоласты өткелі, бағдаршам, тіпті қабырғалар мен ағаш бұтақтарына жапсырылған қағаз саны күн санап көбейіп келеді.

«Жұмыс», «Тұрақты жұмыс», «Әскери билетпен жұмыс», «Студенттерге жұмыс», «Жарты күндік жұмыс», «Диагностика», «Жалға пәтер беремін», «Прописка»... Бұл - көше тазалаушы қызметкерлердің ең көп күресетін жұмысы. Әр жерге жапсырылған хабарландырулар мен жарнамалар жартылай жыртылып, желге ұшып, қоқысқа айналады. 

Көше тазалаушы қызметкерлердің айтуынша, тазалау кезінде хабарландыру, жарнама қағаздары былай тұрсын темекі қалдықтары да қалмауы керек. Ал қоқыстың ішінде аталған заттар өте көп кездеседі. Оның үстіне олар тазалауға ыңғайсыз. Ұсақ, желге ұшып кете береді, суға жібіп, жерге жабысып қалады.

shymkala 2 6

Әлеуметтік желілерде осы мәселеге қатысты қала тұрғындарының түрлі арыз-шағымдары айтылуда. Бірі ауласының, бірі есігінің, енді бірі қабырғасының хабарландырулар мен жарнамаларға толып кеткеніне наразы. Кейбіреулері сол хабарландыру, жарнамаларды жапсыратын адамдарды жазалау үшін тегін суретке түсіріп, қажетті деректерді тауып беруге дайын екенін жазған.

– Хабарлама, жарнамаларды бей-берекет жапсыруға қарсымын. Тек заңда көрсетілген арнайы жерлерге ілінуі керек. Көзге оғаш көрінеді. Әр жерде шашылып, қоқысқа айналады. Мұндай тәсіл 90-шы жылдардан қалған деп білемін. Осындай жұмыспен айналысатындардың әлеуметтік желілерді, сайттарды не үшін пайдаланбайтынына таңым бар, – дейді қала тұрғыны Серікболсын Жақыпбек. 

Біз де осы мәселеге орай қаладағы базарларда, Колос, Наурыз аялдамаларында жапсырылған «Тұрақты жұмыс» деген жазуы бар хабарларламалардың бірқатарына хабарластық. Жұмыс беруші «К» жекеменшік компаниясына кеңсе қызметкері керек екенін және әңгімелесу үшін Желтоқсан көшесіндегі мекенжайға келуімізді айтты. Бармадық, әрине. Бастысы телефонды көтеріп, қажетті деректерді берді. Осындай жолмен керекті мекенжайға хабарласып, ескертіп, кейіннен айыппұл салуына не кедергі? 

shymkala 2 7

Заң бойынша хабарландыруды да, жарнаманы да ілуге рұқсат етілген. Бірақ, арнайы орындарға бекітілген тақталарға ғана. Мәселен, 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және 1998 жылғы 1 шілдедегі «Алматы қаласының айрықша мәртебесі туралы» Заңдарына сәйкес Алматыда әртүрлі жарнамаларды және басқа да ақпараттарды ғимараттарға, қабырғаларға, қалалық жолаушылар көліктері павильондарына, жарықтандыру бағаналарына, ағаштарға жапсыруға және ілуге тыйым салынған. Тәртіп бұзғандарды қадағалайтын арнайы мамандар жұмылдырылған. Ережені бұзғандарға белгілі мөлшерде айыппұл салынады. 

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары жарнама, хабарландыру ілу бойынша бірқатар мекемелермен меморандум жасалғанын айтты. Келісім бойынша түрлі іс-шаралардың афишаларын ұйымдастырушылар арнайы белгіленген тақтайшаларға ілуі керек. Біткен соң жапсырған хабарландыруларды өздері тазалап, ретке келтіріп кетуі тиіс.

IMG 9375

– Жалпы хабарландыру, жарнама жапсыру ертеректе АҚШ-ғы Бруклин көшелерінде кеңінен етек алған. Маркетинг, маркетологтардың басты құралы саналған. Сондықтан, бұл мәселеге жұмыс, жарнама берушілердің тарапынан да қарап көру керек. Екі жаққа да тиімді ортақ шешім қабылдаған дұрыс, – дейді кәсіпкер Нұрдаулет Серікбаев. 

Әрине, қоғамдық орындарға хабарландыру мен қағаз жапсыру жарнаманың тиімді түрі болғаны үшін кең қолданылады. Өйткені, салық төлемейді, қосымша шығыны аз. Сондай-ақ, телеарна, радио, газет-журналдарға жариялағаннан әлдеқайда үнемді көрінеді.

P.S. Қалай десек те Шымшаһар таза әрі мәдениетті қалаға айналсын десек, бұл мәселеден айналып өте алмаймыз. Құзырлы органдар, жұмыспен қамту орталықтары белсенді жұмыс жүргізуі керек. Дегенмен, бұл олқылықтардың орнын толтыру тек әкімдіктің ғана емес, әрбір қала тұрғының еншісіндегі іс екенін естен шығармаған жөн.

Өлеңнен қуат алатын энергетик

Среда, 03 Январь 2018 03:47

Биыл еліміздегі электр желілерін басқару жөніндегі «KEGOC» акционерлік қоғамдық компаниясына 20 жыл толды. Қазақстандағы бірегей компанияның осы уақыт аралығында атқарған жұмыстары аз емес. Жуырда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев энергетика саласы мамандарының кәсіби мерекесіне орай аталған мекеменің өңіріміздегі филиалында болып, жұмыс барысымен танысты. Осыған орай, «KEGOC» АҚ Оңтүстік жүйеаралық электр тораптары филиалы өндірістік техникалық қызметінің басшысы Нұрлан Әлжановпен сұхбаттасқан едік.

IMG 2276


– Нұрлан Кенбайұлы, алдымен компанияларыңыздың атқаратын жұмысымен таныстырып өтсеңіз... 

– «KEGOC» компаниясы негізінен Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан секілді мемлекет аралық желілер бойынша электр қуатын тасымалдаумен айналысады. Ал Оңтүстік өңіріндегі филиалы әсіресе Қырғызстан, Өзбекстан және Қызылорда, Тараз, Оңтүстік Қазақстан облыстары арасындағы желі бойынша жоғарғы қуатты электр энергиясын тасымалдаймыз. Сонымен қатар, өндірілген электр қуатын желіге жіберуді техникалық диспетчерлеу де біздің қызметімізге кіреді. Мәселен, Солтүстік облыстардан қанша энергия келді? Оның қаншасы Батысқа кетті? Өзбекстаннан қанша қуат келіп жатыр? Оның қаншасы Оңтүстікке жіберілді? Осы секілді келіп-кетіп жатқан қуат көздерін басқаратын диспетчерлік орталығымыз бар. Бұлардан басқа электр қуатын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру қызметін жүзеге асырамыз.

IMG 2273


– Жалпы Оңтүстік облыстарда қуат көзі жеткілікті ме? Энергияны қайдан алады?

– Филиалдың балансында жалпы қуаты 3395 Мега вольт ампер болатын 13 станция іске қосылған. Оның ішінде 2 ҚС – 500 кВ, 11 ҚС – 220 кВ бар. Тек филиал бойынша 500 кВ әуе желілер саны – 3 (ұзындығы 489 км). 220 кВ – 57 (ұзындығы 3690 км). Ал 330 кВ ұзындығы 21 км. Бұл көрсеткіштер күнгейдегі энергия қуаты жеткілікті дегенді білдіреді.
Оңтүстік Қазақстан облысы энергияны негізінен үшінші энерго орталықтан, Шардара және Екібастұздан алады. Шамалы бөлігін Қырғызстан мен Өзбекстаннан тасымалдайды. Қазіргі таңда аумағымыз біршама кеңейіп қалды. Мәселен, Батысымыздағы Байқоңыр ғарыш айлағына, Шығысымыздағы Қырғызстан шекарасына дейін, Солтүстіктігіміздегі Жаңатас, Шолаққаорғанға, Оңтүстікке қарай Ташкенттегі Шыршыққа дейінгі аралықтағы энергия көздерін тасымалдау біздің қызметімізге кіреді.

kegog


– Биыл «KEGOC» компаниясы өз қызметін бастағанына 20 жыл болыпты. Мекемелеріңіздің осы уақыт аралығында атқарған жұмыстарына тоқталып өтсеңіз...

– «KEGOC» АҚ компаниясы құрылған күннен бастап бүгінгі таңға дейін ауқымды жұмыстар жүргізді. Оңтүстік ЖЭТ филиалы негізгі қызмет түрлерін іске асырудан басқа негізгі және қосымша жабдықтарды пайдалану мен жөндеуді жүзеге асырады. Мәселен, өңіріміздегі кепілді қуат көзінің және автоматты телефон станцияларының жүйелерін, радиорелелік желілерді жаңғыртып, барлық қосалқы станцияларда жерсеріктік байланыс жүйесін орнатты. Сонымен қатар, «Ұлттық электр желілерін жаңғырту. 1-кезең. 2-кезең» бағдарламасын іске асырып, 500 кВ және 220 кВ «Шымкент», 220 кВ «Ванновка», 220 кВ «Састөбе», 220 кВ «Шолаққорған», 220 кВ «Кентау» қосалқы станцияларында 110/220/500 кВ жоғары кернеулі жабдықтарын жаңартты. «Шымкент» станциясында АТ-1, АТ-2 автотрансформаторлар ауыстырылды. Сондай-ақ, барлық қосалқы станциялардағы 35/220/500 кВ ашық тарту қондырғылары ауыстырылды.

Бұдан басқа, релелік қорғаныс пен апатқа қарсы автоматика құралдарын, жоғары жиілікті байланыс арналарын жаңғырту, әуе желілерін қайта құру құру жұмыстары жүргізілді. 500 кВ «Шымкент» қосалқы станциясында «Реактивті қуаттылықтың желілік компенсаторы» (РҚЖК) деп аталатын жаңа қондырғы іске қосылып, РТДУ-100000/220УХЛ1 маркалы басқарылатын ректор қондырғы орнатылды.

IMG 2114


– 2018 жылға қандай міндеттер қойып отырсыздар?

– Келесі жылы 42 шақырымдық 220/550 кВ әуе желілерін, қосалқы станция жабдықтарының 11 нысанын, 54 көлік құралдарын жөндеуден өткізуді жоспарлауда. Сонымен қатар, 4 құрылыс нысанын пайдалануға беру көзделген.
Ал инвестициялық бағдарлама бойынша 220 кВ «Түлкібас – Бурный» әуе желісін салу үшін жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу жоспарланған.

 


– Нұрлан Кенбайұлы, сіздің «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» төсбелгісімен марапатталғаныңызды білеміз. Сондай-ақ, Сіздің ТМД елдерінде де еңбегіңіз еленіп «ТМД-ға еңбек сіңірген энергетик» атағын да алғансыз. Жалпы компанияның жұмыс сапарымен шетелдерде қаншалықты жиі боласыз?

– Компаниямыз мемлекетаралық мәселелерде тығыз қарым-қатынас жасайтын болғандықтан іссапармен өзге елдерге баруға тура келеді. Соңғы рет «KEGOC» АҚ-мы мен «Самсунг», «Хиюндай» компанияларымен байланыс орнату мақсатында Шанхай қаласына барып қайттым. Одан бөлек, Санкт-Петербург, Таллин, Ташкент, Бішкек секілді қалаларда болдым.

 


– Техникалық маман иелерінің арасында өнерге, әсіресе ақындыққа, өлеңге құштар адамдар өте сирек кездеседі. Білуімізше сіз де қолыңызға қалам алып, шабыт шақыратын жандардың бірісіз. Бойыңызда мұндай қасиет қай кезден басталды? 

– Мектеп кезінен ақындыққа жақынмын. Жазған өлеңдерім «Лениншіл жас», «Оңтүстік Қазақстан» және басқа да қалалық, аудандық газеттерге шығып тұрды. Негізінен лирикалық бағытта шығарамын. Жалпы техникалық мамандықты тәмамдап ақындық, жазушылық өнерін қатар алып жүрген бірқатар азаматтарды білемін. Мәселен, Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып). Ол ерекше дарын иесі. Одан басқа Қасымхан Бегманов, Бекболат Тілеухан, Ұлықбек Есдаулет секілді белгілі тұлғалар бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Сапарғали ҚАНАТ

Ұлттық құндылықтарды насихаттады

Пятница, 22 Декабрь 2017 12:00

«Ұлы дала ұландары». Облыстық жастар ресурстық орталығында осындай атаумен Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жылдық есеп беру концерті өтті.

uly-dala


Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараның негізгі мақсаты – тәуелсіздік күнін, «Қазақ әндері жобасын» кеңінен насихаттау. Сондай-ақ, оқушылардың Отанға, елге деген сүйіспеншілігін арттыру.


Концерттік бағдарлама барысында мектеп мұғалімдері мен оқушылары сахна төрінде бар өнерлерін ортаға салды. Күйшілер күмбірлетіп күй орындаса, жезтаңдай әншілер әуелетіп ән шырқады. Сонымен қатар, арнайы көрме қойылып, оқушылардың өз қолдарымен жасаған бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. 


Шара соңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садыкова мен мектеп директоры Балкан Маратұлы сөз алып, Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ,
ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы
және С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтардың иегері

15х20

– Дүрәлі аға, көпшілік сізді спорт журналисі, мәдениет қайраткері ретінде таниды. Бірақ жеке өміріңіз жайлы біле бермейді. Алдымен әңгімемізді осыдан бастасақ...

– «Оңтүстіктің Швейцариясы» деп аталатын Түлкібас өңірінің азаматымын. Шақпақбаба дейтін ауыл бар. Бұрынғы Высокое селосы. Тараз бен Шымкент, Жуалы (Жамбыл облысы) мен Түлкібас (ОҚО) аудандарының орталықтары – Бауыржан Момышұлы мен Тұрар Рысқұловтың қақ ортасындамыз. Бізден шығысқа қарай Жамбыл облысы. Әдемі жерде тұр. Бірақ жақын елдімекеннен егіннің, жеміс-жидектің пісуі тура бір аптаға кем. Қысы қатал, жазы қоңыржай. Жазда – жел, қыста – боран. Біреулерге жайсыз шығар, жел болмаса «ауа жетпей» «тұншығып» қаламыз. Мінезіміз де облыстағы өзге өңірлерге қарағанда қатаңдау, тіктеу.
Спорты дамыған С.Бреусов атындағы мектепті 1971 жылы тәмамдап, ҚазМҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. 1981 жылы оны бітіре салып, атақты «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналастым. Онда он алты жыл табан аудармай жұмыс істеп, 1996 жылы ҚР Мемлекеттік тергеу комитетінің жаңадан ашылған «Қылмыс пен жаза» – «Преступление и наказание» атты газетіне бас редактор болып бардым. Кейіннен әскери қызметте болып, зейнетке шыққан соң «Халық сөзі», «Sport» – «Спорт» газеттерінде қызмет еттім. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушымын.

 

– Биыл пайғамбар жасына толдыңыз. Өмірден не түйдіңіз? Қазіргі таңда бата сұрасаң, тост айтатын қариялар бар. Алдыңғы буын мен кейінгі буын өкілдері арасындағы сабақтастық қандай? Көңіліңіз тола ма?

– Өмір болған соң адамның қартаюы заңды. Біз де жас болғанбыз. Бірақ біздің жастық шақ басқаша өтті. Қазіргі жастар бақытты. Ақпараттар ағыны ашық заманда өмір сүреді. Көп біледі. Алайда тәрбиеміз бөлек. Құймақұлақ, ата-әженің әңгімесін тыңдап өскен ұрпақпыз. Кітапқұмар ұрпақпыз. Бірақ біз естіген әңгімелер мен оқыған кітаптар бүгінгі күнге сай ма? Қазіргі жастар біз секілді құлдық психологиясы басым емес, азат ойлы азаматтар. Бірақ неге ұлттық құндылықтан алшақ жастар көп? Неге ақшаға қатты құнығып, барымызды баса-көктеп жаншып барамыз? Ойланатын нәрсе жетеді.
Жетпіске жақындап қалған өзін әлі де жастар қатарында санайтын бір азамат көшедегі бір жөнсіздікті байқап қалып: «Апыр-ау, мынаусы несі, осыларға ақыл айтатын бір қария жоқ па?» десе керек ашуланып, сонда қасында еріп келе жатқан бір інісі: «Көке-ау, сол қарттың бірі сіз емессіз бе?» деген екен. Сонда әлгі кісі: «Әй, біз де шал болып қалыппыз-ау» деп басын қасыпты дейді. Сол айтқандай, нағыз қариялар бұрынғылар ғой. Олар айтатын, өздері үлгі болатын. Сөзі бөлек, тірлігі басқа шалдар көп қазір. Көрген-білгеніңді айтайын десең кейбір «ақылды «қарттар» «жаманатты болып қайтесің» дейді. Өздері жеккөрінішті болғысы келмейді. Сонда кім айтады? Білгеніңді айту ақылгөйшілік пе?
Алдыңғы буын мен кейінгі буынның арасы алшақтап бара жатқандай. Қазіргі жастарға ақыл айтсаң ұнамайсың, сын айтсаң – жаусың. Бәрі бірдей емес шығар, әрине. Алдыңғы буынның өзіне үлгі болатын жастар да бар.

 

– Сіздің тіл тазалығы туралы пікірлеріңізді ашық айтып та, жазып та жүргеніңізді білеміз. Бүгінгі баспасөз беттеріндегі тіл тазалығы туралы не айтасыз?

– Тіл білімінің алыбы Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу» деген сөзі бар. Баспасөзде арасы былғанған сөздер жиі байқала қоймайды. Біздің тілдік ережемізге жат сөздер көп қолданылмайды. Әрине, кейде «бізде былай айтылады» деген сыңайда жергілікті сөздерді қолданып жатамыз. Жат елдік сөздерден гөрі осы өз арамыздағы жергілікті сөздерді қолдану басымдау. Басқасын айтпай-ақ қояйық, қазір «жұмыс істеу» деудің орнына «жұмыс жасау» деген тіркес қолданыла бастады. Кейбір газеттерде бас тақырыпқа шығып кетіп жүр. Бұл дұрыс емес. «Жұмыс істеу» процесс, ал «жұмыс жасау» акті. Екеуінің мағынасы екі түрлі.
Орысшадан тікелей аударылған калька сөздер де кездесіп қалып жатады. «Болып табылады», «орын алды», «есептеледі» деген секілді.

 

– Телеарналар мен радиода ше?

– Мұнда мәселе басқаша. Жазып алынатын хабарларды тексеруден өткізіп, монтаждап жіберуге болар. Бірақ тікелей эфир деген бар. Кім қалай сөйлейді, солай кетеді. Қай қонақтың аузына қақпақ боласың. Бағдарлама авторының өз ісін жақсы біліп қана қоймай, дұрыс сөйлей алатын адам іздейтіні сондықтан.

 

– Сөз зергері Ғ.Мүсірепов «Ысылмаған ауыздан кедір-бұдыр сөз шығады» дейді. Комментаторлардың сауаттылығы жөнінде не дейсіз?

– Ғабең өте дұрыс айтқан. Мына Ресей теле-радио мекемелерінде үш буын қатар жұмыс істейді. Аға буын, орта буын және жас буын. Сексеннің арғы-бергі жағындағы Познерлер әлі жүр. Мұндай жүйеде дәстүр жалғастығы бар. Тіл тазалығы сақталады. Кіші буын орта буыннан, орта буын аға буыннан үздіксіз үйреніп отырады. Мектеп қалыптасқан. Бізде ше? «Жастарды тартайық» дедік те үлкен буынды ысырып шығардық. «Жас келсе – іске!» дейді қазақ. Бұл, негізінен, дұрыс үрдіс. Жастарды жұмысқа көптеп тартуды айтамын. «Ақыл – жастан...» деп бекер айтпайды ғой. Бірақ дәстүр жалғастығын үзіп алдық. Телевидение мен радиода мықты журналистер жұмыс істеді. Қазақтың ауыз әдебиетінен қанып ішкен, ата-әже ертегісін, ана әлдиін өз тілінде естіп, құлағына сіңдіріп өскен, аузынан сөзі құйылып тұрған талай ағаларымыз бен әпкелерімізді білуші едік. Солар қайда қазір? Салалық теле-радио мекемелерін білмеймін, орталықтарда олардың бірі де жоқ. Дәстүр жалғастығы бұзылған. Жастар тіл білмейді деп үзілді-кесілді айтуға болмас, бірақ бұзып айтады. Қазір көрермендер мен тыңдармандар айтып жүргендей, «ң» әрпіне тілі келмейтін тележүргізушілер көбейіп кетті. Орысша ойлап, қазақша акцентпен сөйлейтіндер пайда болды. Кезінде құжатта кеткен қателіктерге байланысты орыс ыңғайында бұзылып жазылып кеткен аты-жөндерді дәл солай айтатындар бар. Мысалы, «Балапан» арнасында «Адина мен Мадина» (ұмытпасам, осылай) деген бағдарлама шықты. «Әдина мен Мәдина деп неге қазақша айтпайсыңдар?!» дегенге бас редактор «Азан шақырып қойған атын біз қалай өзгертеміз?» деп жауап берді. Әке-шешесінің сауатсыздығынан құжат осылай толтырылған шығар. Бірақ қазақ бағдарламасында қазақша айту керек қой. Қысқасы, құжат дұрыс толтырылмай, «қате қазақтар» мен қате сөйлеу көбейе бермек.

 

– Комментаторлардың сауаттылығы көңіліңізден шыға ма? Қандай комментаторды ерекше атап өтер едіңіз?

– «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, бұл әңгіме алысқа кететін сияқты. Қазақстанда кәсіби комментатор жоқтың қасы. Кәсіби спорт комментаторы деген кім? Ол – өзі жүргізетін спорт түрін өзгелерден әлдеқайда жақсы білетін маман. Ресейде әр комментатор өзі жақсы білетін спорт түрінен ғана репортаж жүргізеді. Соның өзінде сынға ілігіп жатады. Ал бізде бір комментатор бірнеше спорт түрін жүргізе береді. Өйткені маман аз. Сәл ертеректе белгілі спорт комментаторы Асхат Сағынаев «бойшаң бойлы» деген тіркесті жиі қолданатын. Бұл екеуі синоним сөздер ғой. «Бойшаң» деген «бойлы, бойы ұзын» дегенді білдіреді. Біз де ескерттік, басқалар да айтып жүрді. Қазір бұл тіркес Асхаттың сөз қолданысында жоқ.
Белгілі журналист Сәкен Сыбанбай сөз еткендей, «ойын тәртібін бұзу орын алды», «алжирліктер допты жоғалтып алды», «енді келесі ойынды жіберетін болды» және т.б. калька тіркестердің өріп жүретіні несі? «Ойын тәртібі бұзылды», «доптан айырылып қалды», «келесі ойынға қатыса алмайды» десе де болады ғой. Бокста «алдыңғы қол», «артқы қол» деген тіркестер қолданылып жүр. Алға созып жүретін қол – алдыңғы, негізгі соққы жасайтын, сәл артқа тартылған қол артқы қол. Осылай деп айтқанға ептеп құлақ үйренді. Қазақша дұрыс болмаса да. Енді «алдыңғы аяқ», «артқы аяқ» деген шықты. Спортшыны төрт аяқты жануарға теңемей-ақ, бұған да келісер едік, бірақ мұнда екі аяқ жұдырықтасу үстінде бірде алға, бірде артқа кетіп, орын ауыстырып тұрады. Сондықтан «алдыңғы аяқ», «артқы аяқ» деген келе бермейді. «Гол соқты» дейміз. «Гол салды» дегенді сирек айтатын болдық. Негізі допты баспен соғуға болады. Бокста қолмен соғады. Футболда аяқпен тебеді.
Әркімнің сөзі де, өзі де өз орнында болуы керек. «Комментатор болдың ба, жұмысыңды адал атқар. Сені миллиондаған адам тыңдап отыр. Үлкендер сөзді біледі, ал жастар мен жасөспірімдер сенен үлгі алады, тілді бұзба» дегің келеді. Олай десең, біреуге жау, бітіспес дұшпан көрінесің. Қазір сөзді түсінетін кейбір бауырларыма болмаса, ескерту жасамайтын болдым. Амангелді Сейітхан сақа комментатор ғой. Орта буынның басында тұрған Есей Жеңісұлы, Ғалым
Сүлеймен, Шалқар Естен, Жандос Айтпайұлы секілді жігіттер кейбір ұсақ-түйек кемшіліктерге қарамай, елді мойындатып үлгерді. Есей – ақын, комментаторға қажетті суырыпсалмалық онда бар. Сөзі өтімді. Кейде асығыстау, жылдам сөйлеуге бейім. Бәлкім, Есейдің мықтылығы сонда шығар. Ғалымның сөздік қорында баламалар көп. Спортты да жақсы біледі, бірақ білетіндерін бір сәтте айтып тастауға бейім. Шалқардың даусы біртоға, тартымды. Жандос талдауға жиі барады. Тек эмоциясын дұрыстау керек. Жас та болса Ермұхамед Мәуленнің білімділігі, кейбір спорт түрін іштей білетіндігі қуантады. Сурыпсалмалығы да бар. Жандос Байділда, Айбек Қабылша және жас та болса өзінен көп үміт күттіретін Уәлихан Қосанбай деген жігіт бар. Жандос төселіп қалды. Айбек сын мен мақтауды бірдей естіп жүрген азамат. Сынды жақсы қабылдайтын жігіттің бірі осы. Тез өсіп келеді. Ал Уәлихан көрінбей кетті...
Жалпы жұрт алдында жиі болатындықтан оларға сын айтатындар көп. Біліп те, білмей де айтуы мүмкін. Бірақ «сен не білесің?» деуге болмайды, экранның ар жағында спортты олардан әлдеқайда жақсы білетін, сөз қадірін жақсы түсінетін азаматтар аз емес. Олардың арасында академиктер мен спортшылар да отыр. Сондықтан, Абай айтқандай, керегін ал.

 

– Әлеуметтік желілердегі тіл тазалығы қандай деңгейде?

– Бұл, енді, ең қиын мәселе. Тілдің былық-шылығы басым жер осы. Өйткені мұнда елеп-екшейтін ешкім жоқ. Кімнің сауаты қалай, солай жазады. Ақпаратты жылдам тарату үшін тез жазып, желіге тез салғысы келетін болуы керек, сірә. Сондықтан әлеуметтік желімен жұмыс істейтін журналист немесе блогердің қазақ тілінің ережесін, стильдік ерекшеліктерін жақсы меңгерген, сауатты жан болғаны абзал.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Сапарғали ҚАНАТ

Елбасы тапсырмасы – басты бағдар

Пятница, 15 Декабрь 2017 05:37

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғ.Әбдірахымов Шымкент қаласына келді.

 DSC9460

Жұмыс сапары аясында «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалында партия төрағасы Н.Назарбаев берген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде жиналыс өткізді. 

Мәжіліс барысында облыстық білім, денсаулық, құрылыс, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары баяндама жасады. Сондай-ақ, Тәуелсіздік күніне орай бірқатар қызметкерлерге «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» белгісін, «Құрмет грамотасын» табыстады. 

 DSC9368

Ғ.Әбдірахымов іссапар барысында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да жастармен кездесті және Төлеби ауданында болды. 

– Елбасы Н.Назарбаев партияны жаңғырту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Қазір партия аталған тапсырмаларды орындауға кірісті. Осыған орай, бүкіл өңірлерде жұмыс сапарын ұйымдастырудамыз. Біздің басты мақсат – мемлекеттік бағдарламаларға, партия төрағасы тапсырмасының орындалуына мониторинг жасау және бақылау. Сондай-ақ, халықтан түскен арыз-шағымдарды қарау, – деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғ.Әбдірахымов.

Страница 1 из 13