Қазақстан – әлемдегі ең төмен жеке табыс салығын қойып отырған бірден-бір мемлекет. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев Шымкент қаласы активімен кездесу барысында мәлімдеді.


DSC 6253

Әли Әбдікәрімұлы Оңтүстік халқы Елбасының жолдаулары мен үндеулерін әрқашан қолдап, оның орындалуына атсалысып жүретінін атап өтті. Осыған орай Н.Назарбаевтың жуырда жасаған бес әлеуметтік бастамасының бірнеше бағытына тоқталды. 

Мемлекет басшысының бұл бастамаларының барлығында да халықты әлеуметтік қолдау мәселесі тұрады, дейді Сенат депутаты. Бүгінгі таңда Қазақстан жетім-жесірлерді, мүгедектерді, ардагерлерді, көпбалалы аналарды және тағы да басқа мұқтаж жандарды қолдап, әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайтын бірегей ел. Көптеген мемлекеттерде мұндай әлеуметтік бастамалар мен әлеуметтік саясат жоқ. Ә.Бектаев осы жеңілдіктерге Елбасының үнемі қолдау көрсетуі аса маңызды екенін айтты. 

– Елбасының шағын несие беруді көбейту бастамасы бүгінгі таңда ауыл, қала тұрғындары үшін кәсіп бастаудың механизміне айналып отыр. 2011 жылы жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы басталған шағын несие беру мәселесі қазіргі таңда өзін-өзі толық ақтады. Ол – дұрыс қадам. Осыған орай Мемлекет басшысы жыл сайын 15 мыңға жуық азаматқа шағын несие беру туралы тапсырма беріп отыр. Жергілікті билік те Елбасының осы бастамаларына қанат бітіріп, атсалысуы керек, – дейді Ә. Бектаев.

Жылу ақысын қалай төлейміз?

Среда, 28 Март 2018 04:15

Шымкенттегі Нұрсәт, Тұран шағынауданындағы, Қ.Төлеметов көшесіндегі, ескі шаһардағы 200 үй және ортақ жылу есептегіш құралдары орнатылған үйлердің тұрғындарына 2018 жылдың сәуір айында 21 ақпан мен 20 наурыз аралығында пайдаланған жылудың, ал мамыр айында 21 наурыз бен 23 наурыз аралығындағы түбіртектің төлемақысы келеді. Бұл туралы «Қуатжылуорталық-3» МКК тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Марина Хохлова мәлімдеді. 

DSC 2666

Жоғарыда аталған тұтынушылар есепті кезеңде нақты пайдаланған жылу энергиясы үшін төлем төлейді. Ал «Энергияны пайдалану және азаматтық ғимарат жылуын қорғау» туралы мемлекеттік нормативтерге сәйкес, ортақ жылу есептегіш құралдары орнатылмаған үйлердің тұрғындары жылу энергиясы үшін 143 тәуліктің төлемін өтеуі тиіс. Өйткені, жылудың 1 шаршы метрі 142,31 теңге және қалалық жылу беру коммуналдық қызметі үшін есептелген норма – 0,094Гкал/м2. 

– Осыған орай, алаңы 64,7м2 пәтерде тұратын тұтынушылар айына 9207,46 теңге төлейді. Мәселен, қараша айында (30 күн)- 142,31*64,7=9207,46 теңге. Ақпан (28 күн)-142,31*64,7=9207,46 теңге. Бұл көрсеткіш 31 немесе 28 күнмен аяқталатын айларда да өзгермейді. Толық 1 ай болып есептеледі. Өйткені, кез келген қызметкер бір айда 31 күн, келесі айда 29 күн жұмыс істесе де жалақысын толық алады емес пе? Сондықтан, төлем бекітілген нормаға сәкес жасалуы керек, – деді Марина Хохлова. 

Айта кетейік, 2017-2018 жылдардағы жылу беру маусымы 2017 жылдың 20 қазанынан басталды, ал жылуға төлем 2017 жылдың 1 қарашасынан бастап есептелген.

Көктемді қондырып қанатына...

Вторник, 20 Март 2018 10:19

Дәл қазір Оңтүстік өңірде ағаштар бүршік атып, күннің көзі қыза түскен. Халық көшет отырғызу, аулаларды тазалау, жер аудару секілді жұмыстарға кіріскелі қашан. Бұл – көктемнің белгісі. Ал дана қазақ «Көктем келді дегенше, Наурыз келді десейші» деп бекер айтпаса керек.

Еліміздің бірқатар өңірлерінде әлі қақаған қыс. Соның салдарынан жыл сайын Солтүстік, Орталық, Шығысқазақстандықтар көкпар тартып, көкмайсада аунап, қымыз-қымыран ішіп, наурыз көже мен уыздан дәм тататын 22 Наурыз – Ұлыстың ұлы күнін мезгілінен кеш тойлайды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында күнгей халқы Отандастарымызды осынау бүкілхалықтық мерекені Оңтүстікте бірге атап өтуге шақырады. 

Өздеріңізге белгілі, оңтүстікқазақстандықтар Әз-Наурызды Қазығұрттың басында, Түркістанның төрінде, Отырар мен Ордабасыда, Бәйдібек пен Төле биде және тағы басқа да көрікті жерлерде қарсы алады. Қала, аудандарда ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, Отырар ауданы, Бестораңғыл елдімекеніндегі «Алаш» этноауылы талайдың қызығушылығын тудыруда. Қазығұрт асуындағы кеме қалған монументінің маңында да жыл сайын көкпар тартылып, алтыбақан тігіледі. 

Биыл өңірімізде «Ақсу-Жабағылының алқызыл қызғалдағы», «Агро fest», «Туған жерге тағзым», «Қауын fest», «Қымызмұрындық» секілді жобалар бастау алады. Сонымен қатар, Шардарада «Safari Shardara», Сарыағашта гольфтен «Open Saryagash» туристік форумдары өтеді деп күтілуде. Жалпы «Қасиетті Қазақстан» жобасына облысымыздан 104 нысан ұсынылған. Республика бойынша 100 нысан іріктелініп алынса, оның ішіне 23 нысан Оңтүстік Қазақстан облысынан еніп отыр. Қалған 81 тарихи-мәдени ескерткіш жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енгізілді. 

Қызық жайт – жыл сайын көпшілік жаңа жылды қарсы алуға Финляндияға, оның ішінде Лапландияға арнайы барады. Аңыз аяз ата мен қар қызын, бұғылар мен поляр шұғыласын тамашалайды. Осы секілді, жыл сайын Наурыз мерекесін тойлау үшін неге Оңтүстік Қазақстанға келмеске? Өңірде Фин табиғатынан кем түспейтін Сайрам-Өгем, Ақсу-Жабағылы, Қасқасу, Біркөлік, Тау самалы және тағы басқа да табиғаты тамаша жерлер көп. Саяхатты толыққанды ұйымдастырып беретін, бағасы қол жетімді сапалы туристік фирмалар қызмет етеді. 

Оңтүстіктің бас қаласы Шымкент қонақтарды күтіп алуға толықтай дайын. Шаһар биыл Әз-Наурызға ерекше дайындық жасады. Тек қала көшелеріндегі қызғалдақтардың өзі неге тұрады. Шымкенттің символына айналған 1 миллионнан аса қызғалдақ егілді. Ал «Қызғалдақ» су бұрқағының маңында қызғалдақтардан жасалған ең үлкен композиция орналасты. Сонымен қатар «Қошқар ата сейілі» көктем фестивалі, «Nauryz Zhastar Fest» іс-шарасы, «Ashyq Aspan» аэронавтика фестивалі және тағы басқа 4 күнге созылған, 20-ға жуық іс-шара өтеді деп жоспарланған. 

Оңтүстүкте түрлі ұлт өкілдері, әсіресе, түркі тілдес xалықтар тату өмір сүріп келеді. Олар да осы Наурыз мерекесін ерекше атап өтеді. Егер Оңтүстікке ат басын бұрсаңыз өзге ұлттардың Наурызда дайындайтын сүйікті тағамдарынан дәм татып, мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік аласыз.

Осы арада былтырғы «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай өткен «Наурызнама» мерекесін бір сәт еске алайық. Думанды мейрамға 10 мыңға жуық адам қатысты. Олардың арасында 23 елден, 25 ұлттан келген 300-ге жуық шетелдік қонақ, халықаралық ұйым өкілдері де бар. Ұлыстың ұлы күніне орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында этно ауыл құрылып, онда ұлттық нақышта әрленген 12 қанатты 33 киіз үй тігілді. Сондай-ақ, жиналған жұртшылыққа 1 тоннадан астам палау дайындалып, 1500 литр Наурыз көже үлестірілді. 

Ендеше, биылғы Наурыз тойын өз көзіңізбен көріп, құрметті қонақ болыңыз! Асық атып, ләңгі тебіңіз. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Сауран, Сығанақ, Отырар және тағы басқа киелі жерлерді отбасыңызбен аралап, көкжиегіңізді кеңейтіңіз. Шымшаһарға республикамыздың кез келген жерінен ұшақпен, пойызбен немесе көлікпен келуге де болады. Бағалар да қол жетімді. Қонақ үй мен ең арзан әрі дәмді тағамдар да Оңтүстікте екенін тағы бір еске саламыз. Қош келдіңіздер!

Жаңғырып жеткен Наурыз

Вторник, 20 Март 2018 10:03

Ұлыстың ұлы күні, қазақтың төл мерекесі, көктемнің жаршысы болған 22 Наурыз мейрамы да келіп жетті. Жыл сайын көктеммен бірге асыға күтетін жыл басын биыл да кең көлемде атап өтпекпіз. Кеңес үкіметі үстемдік құрып тұрғанда осынау ұлттық мерекемізге тыйым салынып, араға тек 62 жылдан соң ғана қайта оралған болатын. Бүгінде сол Әз-Наурызымыздың қайта тірілуіне үлес қосқан азаматтарды біреу білсе, біреу білмес.

DSC 8442

...Дінмұхамед Қонаевтың орнында Колбин отырған кез. 1926 жылдан бері Наурыз мерекесі «ислам дінінің қалдығы» деген желеумен мемлекеттік деңгейде тойланбай келді. Әр қазақ өз жанұясында ғана атап өтті. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Колбинге кіріп, Наурыздың дінге ешқандай қатысы жоқтығын, оның халықтық мереке екенін дәйекті дәлелдермен айтып жеткізеді. Себебі, Колбиннің де сол кездегі бар мақсаты – өзі басқарып отырған қазақ халқының жүрегіне өтірік болса да жол тапқансымақ сыңай танытып, басқаруды оңтайландыру болған. Жәнібеков соны дөп басады. Сосын, Мұхтар Шаханов ағамызға: «Сен халықтың арасында жүрген азаматсың, ақынсың. Тарихта хандардың қасында ақындары болған. Олар халықтың сөзін сөйлеп отырған. Наурыз насихаты сендердің ауыздарыңмен айтылу керек. Сен осыны мәселе етіп көтер!» деп тапсырады.

Осыған орай 1988 жылы 4 ақпан күні «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Тамырыңды терең жібер» атты Мұхтар Шахановтың сұхбаты наурыздың алғашқы қарлығашындай болды. Олай дейтініміз, осы сұхбаттан соң Мұхаң арнайы хат әзірлеп, Колбиннің өзіне кірген. 

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы мен қазақ ақынының арасындағы текетірес ұзаққа созылады. 

– Екеуміз көңілсіз қоштастық. Колбиннен шыққаннан кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолығып, Колбинге Наурызды тірілту туралы арнайы хат тастағанымды айттым. 

– Өте дұрыс жасағансың, – деді Нұрекең. – Енді сенің ол хатыңды Колбин Бюро мүшелеріне жіберуі тиіс. Көбісі көлеңкесінен үріккендер ғой. Жәнібеков екеумізден басқалары қолдай қояды деп ойламаймын. Дегенмен өзім бар күшімді саламын. Ал сен Колбиннің соңынан қалма. Басқа жазушыларды да, өнер қайраткерлерін де қосып, бірлесіп қимылдаңдар. Мерекені нақ осы биылдан бастап жіберелік. Уақыт тым аз қалды. Колбин келісімін бере қалған жағдайда Наурызға қаржы бөлу мәселесі Министрлер Кеңесіне келіп тіреледі ғой. Ол жағынан қам жеме. Батыл кірісе бер. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сөзі Мұхтар Шахановты тіпті де қанаттандырады. Айтса айтқандай, 1988 жылдың 11 наурызы күні «Лениншіл жас» газетінде «Жазылған жай, пікір, тілек, ұсыныс: «Тамырыңды терең жібер» деген тақырыппен белгілі ақын жазушылар Сырбай Мәуленов, Сафуан Шаймерденов, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубаев, Құрманғазы Қараманұлы, Серік Асылбеков, Ұлықбек Есдәулетовтердің Мұхтар Шахановтың пікірін қуаттаған «Орынды ұсыныс» атты бірлескен хаты жарияланады. Жер-жерден қолдау білдіріп, хат жазған оқырмандар да көп болды. Наурыздың Ислам дініне қатысын анықтау міндетін алған Министрлер Кеңесі жанындағы діни мәселелермен айналысатын бөлімнің меңгерушісі Тельман Сауранбеков те Мұхтар Шахановтың өзімен сөйлесіп, Колбинді көндіруге тиісті ақыл-кеңесін айтады. 

Мұхтар Шаханов 1988 жылы 

Қазақстан компартиясы орталық комитетінің 1-ші хатшысы Колбинге Наурыз мерекесін қайта тірілтуге арналған хат жазады. Бұл хат орталық комитетінің бюросында бюро мүшелерінің талқысына салынып, Наурызды тойлауға Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекәлі Жәнібековтен басқасы түгелдей қарсы шығыпты. 

Келесі кездесуінде Колбин Мұхтар Шахановқа: «Бюро мүшелерiнiң көбi қарсы. Наурызды Ислам дiнiнiң қалдығы деп жатыр, сондықтан ренжіме», – деп ашығын айтады.

Сол кездегі жағдайды Мұхаң былай деп еске алды. «Кешiрiңiз, Геннадий Васильевич, – дедiм өршеленiп. – Бюро мүшелерiнiң көпшiлiгi тарихты бiлмейдi. Мәселен, Ислам дiнi бұл өлкеге сегiзiншi ғасырдан ене бастаған. Ал, Наурыз қазақ даласында одан бұрын тойланған. Бюро мүшелерiнiң көпшiлiгi ең әрiсi қазақтың нөмiрi бiрiншi ақыны Абайды да оқымаған… Абайдың орыс тiлiне аударылған кiтабын әдейi ала барған едiм. Атыңнан айналып кетейiн ұлы атамыздың қысылған шақта мұншалықты пайдасы тиедi деп кiм ойлаған. Ұлы ұстаздың «Бiраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы» қарасөзiн Колбиннiң алдына жайдым. Ол жалма-жан асты қызыл сиямен сызылған жолдарды қарап шықты да, ойланып қалды.

– Ендi, Геннадий Васильевич, мынаған назар аударыңыз, – деп «шабуылға» қайта шықтым. – Қазақ жерiне Ислам дiнi келместен бұрын Наурыз мейрамын армяндар «Навосарди», чуваштар «Нарас ойахе» деп атаған. Ал армяндар мен чуваштардың мұсылман емес екенiн өзiңiз бiлесiз. Бұл тiптi Қазақ Совет Энциклопедиясында жазылған. Шындығы солай болғанымен, бiрақ ол кiтапта «Ислам дiнi келместен бұрын» деген сөз жоқ едi. Әдейi белiнен басып жiбердiм. Оның сәл мүдіріп қалғанын пайдаланып, тағы бастырмалата жөнелдім.

– Тегінде Наурыз мерекесін түркі тілдес халықтардың барлығы талай жылдан бері тойлап келе жатыр. Бұл бізге жаңа жылмен пара-пар. Халық айналаны тазалап, ағаш отырғызады. Өкпе-реніші болса кешіріп, кінәлілер кешірім сұрайды. Желтоқсаншыларды нашақорлар, маскүнемдер, бұзақылар дедіңіздер. Компартия орталық комитетінің саяси бюросы қазақ халқын қаралады. Түбінде ақиқат орын алған кезде сізге қазақ жұрты жылы шыраймен қарамайды. Егер Наурыз мерекесін тойлауға рұқсат берсеңіз, халық сізге оң көзбен қарайтын болады деп едім, Колбиннің көзі жайнап кетті. 

– Сiз жеңдiңiз! – Колбин орнынан тұрып келiп, қолымды алды». – дейді Мұхтар Шаханов. 

Осылайша Наурызды тойлау мәселесіне Колбиннің беті бері қарайды. Бірақ оны өткізу мерзіміне келгенде ол тағы өзгереді. Өйткені наурызға бірнеше-ақ күн қалған еді. «Биыл мерекені наурыздың 22-сінде емес, тіпті 22 сәуірде өткізелік» деп табандап тұрып алады Мұхтар Шаханов.

Ақыры Наурыз қазақтың еншісіне бұйырды. Сөйтіп араға 62 жыл салып, 1988 жылы 30 наурыз күнi Алматыдағы Максим Горький атындағы демалыс паркiнде Наурыз мейрамы тойланды. Мерекеге 100 мыңдай адам жиналды. Өшкенi жанып, өлгенi тiрiлгендей болған халық жиылмағанда қайтсін?! Наурыз мейрамын көне салт-дәстүр арнасына бұруда сол кездегі Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Жібек Әмірханова ерекше еңбек сіңіреді. Наурыз күнгі Республика сарайының алдында сап түзеген «Шеберлер ауылы», адамдардың бір-бірімен төс қағыстырып амандасуы, «Наурыз тілек», «Наурыз бата» рәсімдері, Алматы көшелерінде сап түзеген қазақ ертегілеріндегі «Алдар көсе», «Тазша бала», «Батырлар шеруі» және оған қажетті түйелер табу, Горький паркіне Наурызбай, Наурызгүл есімді адамдарды жинау, «Алтыбақан», «Балтамтап», «Тең көтеру», «Бағана өрмелеу», «Арқантартыс», «Жаяу жарыс», т.б. толып жатқан, бүгінде ұмытылуға айналған рәсімдерді тірілту – түгелдей осы Жібек Әмірханованың жасаған жұмыстары.

Наурыздың қазаққа қайтып оралуын қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың, ұлттың біртуар ұлы, марқұм Өзбекәлі Жәнібековтің, қазақтың қайсар қызы Жібек Әмірханованың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Мұхтар Шахановтың ұсынысын қолдауының жемісі десек, артық айтқандық болмас. 

Осылайша салт-дәстүр қайта жаңғырды. Жыл басын елдегі мектеп, аурухана және тағы басқа мекемелер ұжым болып атап өтті. Сол бір тарихи сәтке куә болғандардың айтуынша, Әз-Наурыз мерекесін сағынып қалғандары сонша, мейрам қыркүйек айына дейін жалғасыпты. Келесі жылдан бастап КСРО құрамындағы түрік тілдес ұлттар да Наурызды мемлекеттік деңгейде тойлай бастаған.

Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков Наурыз жайлы былай деген: 

– Наурыз арқылы біз халқымыздың тамаша салт-дәстүрлерін, үйлесімді әдет-ғұрпын, асқақтаған әні мен күмбірлеген күйін, мың бұралған биін, тіл үйірген дәм-тұзын, талғамы мол қол өнерін танытуға, насихаттауға, керек десеңіз, жұрттың мақтаныш сезімін оятуға мүмкіндік алдық, ағайын. Қазір жұртқа осындай ауызбіршілік, ынтымақ, тату-тәттілік керек-ақ. Өйткені жетпіс жылдан астам уақыт бойы келелі істерді «науқаншылықпен» өткізіп, жаман үйренген жұрттың қайта құрылудың о баста ойластырылғандай оп-оңай болып шақпағанын көрген бетте-ақ тауы шағылып, тауаны қайтып қалатыны рас. «Орнында бар оңалар» дегендей, қазіргі ел басына түскен кемтарлықтан да, жоқшылықтан да құтылармыз. Бірақ иманжүзділік, инабатталық, бауырмалдық сезімнен айырылсақ оның орны тола қоймас. 

...Ия, 1988 жылдан бері қайта тойлана бастаған Наурыз мерекесінің жаңғыруының негізгі идеясы мен бастамашысы Өзбекәлі Жәнібеков болғанын тарих ұмытпайды.

DSC 8786

Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев жаңадан тағайындалған орынбасарын таныстырды. Қала әкімінің өкімімен Шымкент әкімі орынбасары лауазымына Мәуленқұлов Ғабит Патшаханұлы тағайындалды.

Ғабит Патшаханұлы 1977 жылы 22 наурызда Созақ ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары, заңгер.

Еңбек жолы 2000 жылы Атырау қаласындағы Каспий экологиялық прокуратурасының маманы ретінде бастады. Одан кейін Қазақ-стан Республикасы Жоғарғы соты аппаратында қарапайым референт болып бастап, түрлі жылдар арасында бөлім меңгерушісі лауазымына дейін жоғарылаған.

2016 жылдың шілдесінен бүгінгі таңға дейін Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі қызметін атқарып келді.

Бас ауырып, балтырымыз сыздай қалса, дәрігерге бармай, үйде отырып-ақ ем-дом жасап алатынымыз бар. Дегенмен, ота жасалып қана жазылатын ауруларды хирург дәрігерлердің көмегінсіз «ептей» алмайтынымыз белгілі. Жеңіс Райымжанұлы сондай қолы жеңіл хирургтардың бірі. Ол бүгінде Шымкент қаласындағы бүйрек, бауыр, асқазан және тағы басқа ішкі ағза мүшелеріне ота жасай алатын бірден-бір маман.

DSC 4995

Сағат 11-лер шамасы. Облыстық клиникалық ауруханасының алдында тұрмыз. Адам көп. Кіреберістегі тазалықшы апайдың айтуымен, аяғымызға бахила киіп, ішке кірдік. Қызметкерлерге Жеңіс Серғазинге келгенімізді жеткізіп едік, артынан жүруімізді сұрады. Баспалдақпен жоғары көтеріліп, үлкен дәлізге шыққан бойда, бейне бір саябаққа тап болғандай болдым. Дәліз түрлі өсімдіктерге толы. Гүлдердің сан түрі бар. Бұл гүлзар арбаға таңылған, балдаққа сүйенген науқастардың жанына сая болып тұрғандай.Дәліздің қиылысына таяғанда маған жол көрсетіп келе жатқан қызметкер гүлдің түбін қопсытып отырған апайды көрсетіп, «Міне мына кісі осындағы өсімдіктердің барлығын күтіп-баптайды» деді. Тұрған жерімде іштей алғысымды жаудыра бастадым. Қасынан тез өтіп кетсек те, ұзақ уақыт бойы ол кісінің жұмыс істеп отырған бейнесі көз алдымнан кетпей қойды...

Хирургия бөліміне келдік. Ақ халатты абзал жандар қызу жұмыс үстінде. Әп-әдемі нәзік жанды арулар палата мен бөлмелердің арасында зыр жүгіріп жүр. Нәзік жанды арулар деймін-ау. Істеп жүрген жұмыстары кейбір мен деген жігіттердің қолы қалтырайтын, жүрегі дауаламайтын жұмыстарды атқарып жүр емес пе?

Жол сілтеп келе жатқан қызметкер маңдайшасына «Медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, хирургия бөлімінің меңгерушісі Серғазин Жеңіс Райымжанұлы» деп жазылған есік алдында қалдырды. Есікті қағып, ішке кірдік. Ұзын бойлы, аққұба реңді, бұйра шашты кісі қарсы алды. Аман-саулықтан соң журналист екенімді айтып, қалада жасалып жатқан күрделі оталар, хирург мамандығының қыр-сырлары, шетелдегі тәжірибелері жайлы сұрай бастадым.

Айтуынша, бұрынырақта дәрігерлеріміз Қазан, Санкт-петербург, Москва секілді қалаларда білім алса, соңғы жылдары Оңтүстік Кореямен тығыз қарым қатынас жасап, тәжірибе алмасуда екен. Мәселен, Жанболат Ділдәбеков сол жақта 3 ай білімін жетілдіріп, жарты жыл жұмыс істепті. Қазіргі таңда бауырдағы көптеген ірі оталарды Шымкентте жасап жатыр. ТМД-да медицинасы жақсы дамыған ел – Белорусия. Ол жаққа да бірқатар қызметкерлер барып келген. Жуырда бүйрек, бауыр ауыстыруды бастайды.

DSC 4986

Сонымен қатар, қалада семіздікпен ауыратын науқастардың жиі ота жасататынын айтты. Негізінен Еуропада, әсіресе Америкада семіздікпен ауыратын адамдар көп. Адам толысып кетсе жүруі қиындайды. Кейіннен қантты диабетке ұшырайды. Қан қысымы жоғарылап кетеді. Өздері салмақ тастауға шамасы келмей қалған кезде, олардың асқазандарын кесеміз. Үлкен асқазанын кескенде кішкене бір ғана түтікшесі қалады. Сонда адам тамақты өте аз ішетін болады. Тәбеті болмайды. Тек өзіне қажетті тамақты ғана жей алады. Сөйтіп азады.
– Кейде ойламаған жерден қатерлі ісік ауруларымен де «бетпе-бет» келіп қалатын кездер болады. Бірақ оны жоспарлы түрде жасамаймыз. Мәселен, науқастар бізге сібір жарасы немесе асқазаннан қан кетті деп келеді. Біз ота жасап жатқан кезде байқасақ, оның кеселі рак болып шығады. Мұндайда «сіз біздің емдейтін науқасымыз емес екенсіз, онкологиялық диспансер дәрігерлерінің жұмысы екен» деп жараны жауып қоя салмайсың ғой. Операцияны аяқтауға тура келеді. Бірақ одан ары қарай онкологияға барып, химиятерапиядан өтеді, – дейді Жеңіс Серғазин.

Осындай отаға байланысты Жеңіс Райымжанұлының өзі де Сеулға барып қайтқан. Енді асқазанды кеспей-ақ алатын боламыз деп отыр. Өйткені, салмағы ауыр адамдарға пышақ тигізсең жүре алмай қалатын көрінеді. Ал, дәл қазіргі таңда кеспей жасалып жатқан отаның түрі – диафрагма. Бізде оны көкет дейді. Сол мүшеде өңеш өтетін жер тесік болып келеді. Кейде тесікке асқазан кіріп кетіп, қысылып қалады. Соның салдарынан науқас тамақ іше алмай, ауырсынып, лоқсиды екен. Хирургтар мұны да кеспей, жай тесіп қана асқазанды қалпына түсіруде.
«Аурудың зардабын ауру баққан біледі». Бұл қазақ халқының ежелден келе жатқан мақалы. «Халық айтса, қалып айтпайды». Иә, расымен де дәрігерлер ем алушыға не керек екенін, оның қандай күйде тұрғанын, аурудың қаншалықты ауыр екендігін сезінбейінше жақсы дәрігер бола алмайды. Ал дәрігерлердің ішінде білікті хирург болу үшін талап көп.

– Жақсы хирург болу үшін, көп білім керек. Медицинаның барлық салаларынан хабардар болуға тиіс. Бұған қоса адамгершілік, мейірімділік, сенімділік қасиеттер науқастарды дәрімен ғана емес, жүректің жылуымен емдеу үшін де керек. Бізге сенбі, жексенбі күндері де демалыс болмауы мүмкін. Кез-келген уақытта, керек болса түннің ортасында да жұмысқа дайын болуың керек. Хирург болсаң әйелің, отбасың да түсіністікпен қарауы керек. Нақтылық, дәлдік, жауапкершілік жоғары болу керек, – дейді хирург.

Жеңіс Райымжанұлының медицина саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Бұған дейін жедел жәрдемде, онкологияда қызмет еткен. «Алтын скальпель» иегері, мақтаулы, білікті Жандар Жұматаевтың шәкірті. 2016 жылдың «Үздік хирургі», ОҚО мемлекеттік фармацевтика академиясының «Құрметті профессоры».
Ауру айтып келмейді. Кез келген уақытта, кез келген жерде ақ халатты абзал жандардың қызметіне жүгінуіңіз мүмкін. Сондай уақыттарда шетелге шапқылағаннан, өзіміздің елде, тіпті Шымкентте отырып ем қабылдағанға не жетсін. Сондықтан дәрігерлердің біліктілігі маңызды мәселе болып қала бермек.

Осы ойлардың жетегімен Жеңіс Райымжанұлымен қош айтыстым. Хирургия бөлмінен шығып, гүлдер толы дәлізге қайта келдім. Танауым спирт, иод, түрлі-дәрі дәрмектердің иісінен бір сәтке арылып, өсімдіктердің хош иісінен ләззәт алдым. Қыс мезгілінен қалған әсер ме, жасыл-желекті сағынып қалыппын. Дәліз соңына келіп, сыртқы есікке бет алғанымда, арбаға таңылған емделуші соңымнанц қарап қала берді...

Тазалыққа шақырды

Пятница, 02 Март 2018 05:10

Қаратау ауданы аумағында көктемгі тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда көше, аула, подъез, арық-атыздар және кәріз құбырлары ретке келтірілуде.

tazalayk

– Тазалық жұмыстарына 60 қызметкер жұмылдырылған. Оның 18-і кетпен-күрек жұмыстарына жауап береді. Аптасына 1 рет подьездерге кешенді тазалық жұмыстары жүргізіледі. Осы ретте қала тұрғындарын кез-келген жерге қоқыс тастамауға шақырамын. Өйткені, сол қоқыстардың салдарынан арықтар бітеліп, аулалар мен көшелерде су басу жағдайлары орын алады, – дейді «ТОО спец-комплект сервис» мекемесі директорының орынбасары Жолдыбек Ергашев.

Ал Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев қоғамдық орындарды ластаған азаматтарға заңды негізде айыппұл салынатынын ескертіп, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.

Томиристі танисыз ба?

Пятница, 23 Февраль 2018 07:19

Жуырда танымал қазақстандық кинорежиссер Ақан Сатаев өзінің Instagram-дағы парақшасында «Томирис» фильмінде Тұмар ханшайымның рөлін сомдайтын актрисаны таныстырды.
– Достар, тарихи фильмнің басты рөлін сомдайтын әртісті зор қуанышпен таныстырғым келіп тұр. Альмира Тұрсын. 1991 жылы туған, дейді режиссер.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы «Sataifilm» компаниясымен бірлесіп, Ақан Сатаевтың «Тұмар» көркем фильміне кастинг жариялаған. Байқау нәтижесі бойынша Альмира Тұрсын үш деңгейден де сәтті өткен.
Алайда, Тұмар ханшайым кейпіндегі актрисаның суретін жариялағаннан кейін, оның бет-әлпеті мен киім үлгісі әлеуметтік желілерде қызу пікірталасқа түсті. Пікір білдірушілердің бір парасы «Әртісті дәл таңдапты. Сұлу, әрі сұсты, әрі батыр» десе, енді бірі «Қазақтардың бет-бейнесіне мүлдем ұқсамайды. Киім үлгісі де басқаша» дейді.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы:

– Қазіргі дайындық кезіндегі Томирис киімі маған түрпідей көрінді. Тек қана археологиялық қазбалардан табылған дүниелерге сүйенген нашар мамандардың жасаған реконструкциясы ұнамайды. ...Егер біз Томиристі көзі қызарған жауынгер, батыр қатын ретінде суреттесек, ондай фильмдер мен әдебиет біздің қоғамда онсыз да өршіп кеткен әйел еркіндігін күшейтіп жіберетінін ескеру керек. Ал бұл деген қоғам үшін де, мемлекет үшін де катострофа. Біз мектеп жасындағы қыз балаларымызды қалай тәрбиелеп жатырмыз? Кім дұрыс зерттеу жүргізді? Кинодан көретіндері еркекбасты қатындар, мектепте көретіні жалғызбасты қатындар! Мен әйел халқына қарсы емеспін, бірақ оларды жаппай батыр, жорықтас, жарты малтаны бірге жейтін жолдас, еркекпен жекпе-жекке шығып жүрген күш иесі ретінде тым дәріптеуге қарсымын.

Жолымбет МӘКІШ,
әлеуметтік желі қолданушы:

– Киногерлер актрисаны тарих ғылымындағы «сақтар парсытілдес халық болған» дейтін евроцентристік көзқарастың жетегінде жүріп таңдаған секілді. Өйткені оның түрі протоқазақтарға, балбал тастағы біз көрген бабалардың түріне мүлдем ұқсамайды. «Баяғы қазақтар көк көзді, cап-сары болған» дейтін күлкілі концепцияны тыңдап өскеннен кейін солай істеген шығар, білмеймін. Ол концепция да моңғолтектестердің бәрін кембағал халықтай көрген евроценристік саясаттың санамызға сеуіп кеткен сандырағы ғой. Осының кесірінен өз түрінен өзі жеріген, европалықтарға ұқсағысы келіп тұратын дүмше, дүбәра қазақтар пайда болды. «Томиристің» аты да тура сондай дүдәмал ат. Өйткені оның шын аты Томирис емес! Томиристің атын бізге ең алғаш естірткен – «тарихтың атасы» атанған грек тарихшысы Геродот болатын. «Ис» деген грек тілінің жалғауы. Егер осы «ис» деген тіркемесін алып тастасаң, «Тамир», «Темир» деген өзімізге таныс сөз шыға келеді.

Сәрсенбай КӘРІБАЕВ,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі:

– Қазір таза ұлт жоқ. Барлығы араласып, құраласып кетті. Қазақтар да баяғыда көздері жасыл, сары реңді болған. Ал 7-8 ғасырлардағы Орхон-Енисей жазбалары, балбалтастардағы бейнелер және тағы басқа айтылып жатқан деректер біздің заманымызға тән. Ал Тұмар ханшайымдыкі біздің заманымызға дейінгі уақыттарда жатыр. Бұл туралы Геродот нақты айтып өткен. Ол ата-бабаларымыз мекендеген аймаққа жасаған саяхаты барысында скифтар мен массагеттерді салыстырады. Сол сапары аясында жазылған деректер бойынша біздің көзіміз жасыл, теріміз сары болған.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,
тарихшы:

– Таңдалған актриса Тұмар ханшайымның рөліне дəл келіп тұр. Сұсты сұлулық. Көздерінен өз басын бəйгеге тігіп қана қоймай, кез келген қаһарлы, қатал үкімді орындай алатыны көрініп тұр.

 

Тарихқа үңілсек, Томирис (Тұмар) – сақтардың, массагеттердің патшайымы, скифтердің көсемі Ишпақайдың ұрпағы, патшасы Мадийдің шөбересі, массагеттердің патшасы Сыпырдың қызы кей деректерде немере қызы деп те көрсетілген.
Оның жары тиграхаудтардың билеушісі Рустам болған. Алайда, б.з.д. 530-529 жылдары Мидия патшасы Кир Рустамды және ұлы Сыпырды өлтіреді. Кейін Кир елші жіберіп Томиристі өзіне жар болуын сұрайды. Бұл ұсынысты қабылдамаған Тұмар ханшайым парсыларға қарсы соғыс жүргізіп, Кирдің басын алып, қанға бөктіреді.
Томирис қазақ халқында танымал есім. Мағынасы – «темірді майыстыру», «темірді қирату». Кей деректерде Сақ әйелдері жауынгер, соғысқа бейімделген, ат үстінде садақ ата алатын болған деп көрсетілген.

Страница 2 из 16