Жаңа қойылым – балаларға

Пятница, 31 Май 2019 04:57

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында «Хочу бодаться» қойылымының тұсаукесері өтті.

куыршак

Балалар жазушысы Райм Фархадидің ертегісі бойынша сахналанған қойылым Қазақстанның Өзбекстандағы жылына арналып отыр.

Қойылымның қоюшы-режиссері - Антонина Малюченка. Достықты дәріптеп, алдау-арбаудың, жамандық жасаудың соңы жақсылыққа апармайтынын жеткізген қойылым балалардың көңілінен шықты. Олар да ертегі әлеміне сапар шегіп, қуыршақтармен бірге мұңайып, бірге қуанды.

Қойылым соңында театр директоры Б.Спанов мәдениет қызметкерлерін төл мерекемен құттықтап, еңбектерін ерекше атады, үздіктерге құрмет көрсетті.

Шымкент қаласы әкімі, Шымкент қаласы мәслихатының және республикалық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының алғыс хаттарымен Умида Сапарова, Әйгерім Сапарбекова, Зарема Фархатқызы, Жанат Оңалбек марапатталды.

Сондай-ақ, театрда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Омархан Нәсірұлына «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталды.

Үшінші мегаполисте алғаш рет «OTBASY FEST» әлеуметтік және қайырымдылық фестивалі ұйымдастырылды.

DSC 9880

Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен қолға алынған шараға 100-ге жуық мекеменің өкілдері қатысты.

– Фестивалдің мақсаты – ата-аналар мен балаларға қажетті қызмет түрлерін бір ортаға тоғыстырып, бүлдіршіндердің жүзіне күлкі мен жылулық сыйлау, отбасы жарасымын қалыптастыру, - деді басқарма басшысы Ж.Қалтаев.

Мереке аясында балалар арасында түрлі спорттық ойындар, ата-аналар арасында байқаулар ұйымдастырылды. Қаладағы барлық мекемелердің өкілдері қатысып, тұрғын үй, әлеуметтік жәрдемақылар, жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес берді.

Сонымен қатар қалалық №1, №2 емхана дәрігерлері халыққа кеңес беріп, қызмет көрсетті. Отбасы фестивалінің қызықты тұсы – шеберлік сабақтарына қатысушылар қарасы көп болды. Олар визажист, шаштараз, тырнақ әрлеушілері, қолөнер шеберлері және аспаздар шеберлік-сабақтардан пайдалы дүниелер үйренді.

Іс-шара екі күнге жалғасып, қорытынды күні белсенді қатысушылар марапатталып, балғындарға түрлі сыйлықтар табысталды.

ҰБТ-ға дайынсың ба, жас түлек?

Пятница, 24 Май 2019 04:33

Үшінші мегаполистегі білім ордаларында соңғы қоңыраудың соғылуына санаулы күн қалды. Шымкент қалалық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, биылғы оқу жылында қалада 8 104 оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде қазақ тілінде – 5 533 оқушы, орыс тілінде – 1 511 оқушы және өзбек тілінде 1 060 оқушы бар.

20181024123501 1

Түлектерден ұлттық бірыңғай тестке қатысуға өтініштер 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында қабылданды. Мамандар бүгінгі таңда 5576 оқушыдан өтініш түскенін айтады. Оның ішінде 4567 оқушы - қазақ тілінде, 987 оқушы - орыс тілінде, 7 оқушы - ағылшын-қазақ тілінде, 15 оқушы ағылшын-орыс тілінде тест тапсырмақ.

2018-2019 оқу жылында «Алтын белгіге» – 403, ал «Үздік аттестатқа» 367 түлек үміткер болып отыр. Айта кетейік, «Алтын белгі» иегерлері, жалпы бейіндік пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадаларының, сондай-ақ ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ сынағын жалпыға бірдей негізде тапсырады.

Биылғы жаңашылдық

ҰБТ әдеттегідей 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Шымкент қаласы білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Жанат Тәжиева шаһарда 5 тестілеу бекеті дайындалып, қажетті құралдармен жабдықталып жатқанын атап өтті.

– Биылғы оқу жылының өзіндік ерекшелігі бар. Ол ағылшын тілі пәні өзінің тест тапсыру деңгейінде болса, мысалы, ағылшын тілі курсынан өткен сертификаты қолында болған жағдайда тиісті балл автоматты түрде қойылып беріледі. Ол талапкерлерге үлкен мүмкіндік береді, - дейді Жанат Тәжиева.

Ұлттық тест жоғары оқу орнына түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде қалады. Тапсырған түлекке жалпы 120 сұрақ қойылады. Бөлінетін уақыт – 3 сағат 30 минут. ЖОО-на түсу үшін бағаның ең төменгі шегі өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалды. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл (бейінді пәндер бойынша берілген дұрыс жауаптар есебінен).

– Сауаттылықты тексеруге арналған тапсырмалардың ҰБТ-ға енгізілу себебі – студентке оқуда түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеп, оларды сараптауға, сол көздерден алынған ақпараттарды салыстыруға және тұжырымдауға тура келеді, - дейді Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева. – Демек, бұл дағдылар мектеп түлегінің алдағы білім алу барысында өте қажет болады.

Бейінді пәндер бойынша тапсырмалар ұсынылған бес жауаптың ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар 20 сұрақтан, сондай-ақ, көп жауаптың ішінен бірнеше дұрыс жауабы бар 10 сұрақтан құралады. Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында бірнеше дұрыс жауабы бар сұрақтар арқылы талапкерлердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендері анық көрінеді.

Биыл ҰБТ-ны ақылы негізде тапсыру мүмкіндіктері де сақталып отыр. Яғни, талапкер жоғарғы оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ-ны жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айлары) тапсыра алды.

Ал грант бойынша білім алу үшін алдағы маусым айындағы ҰБТ-ға қатысуы қажет.Айта кетейік, ҰБТ 2019 жылғы 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді.

Түлектер кеші шығынсыз өтсе

«Бітірушілер кешін артық шығынсыз өткізейік!». Шымкенттегі білім ордаларындағы қоғамдық ұйымның мүшелері осындай үндеу тастап отыр. Аталған іс-шараға Шымкент қаласы білім басқармасының мамандары, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы және «Адал ұрпақ» қалалық клубының белсенді мүшелері қатысты.

2018-2019 оқу жылының аяқталуына байланысты оқушылардың соңғы қоңырауға дайындығы мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда. Жылда 25 мамырдан кейін оқушылар қымбат көліктер жалдап, кафе-тойханаларда, тіпті қала сыртындағы саяжайларда «мерекені» атап өтуі дәстүрге айналып кеткені жасырын емес.

– Ешкімге артық шығын керек емес. Бұл кеш мектеп түлектері мен ата-аналардың қатысуымен өтетін жақсы кездесу болсын. Бұл күні мектеп бітірушілердің қауіпсіздігі, ең алдымен, ата-ана үшін де, қоғам үшін де маңызды.

Сонымен бірге осындай атаулы күні ата-аналар сыйлық ретінде жұмсайтын қаражатты баланың болашағына жаратуын қолдаймыз, - десті бірауыздан белсенді жастар.

Еске салсақ, ҚР Білім және ғылым министрі мектеп бітіру кештерін мектеп қабырғасында, тек мектептің аумағында ғана, еш артықшылықсыз өткізуді тапсырған болатын.

ҚР денсаулық сақтау министрлігіне қарасты фармация мен қоғамдық денсаулық сақтау комитеттері біріктіріліп, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті болып құрылуда.

IMG-20190523-WA0011

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында «Дәрілік препараттарды сату мәселесі» тақырыбында өткен брифингте қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ә.Төлебаев мәлімдеді.

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті және Фармация комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырған брифингте дәріханаларда дәрілік заттарды рецепт бойынша сату мәселесі түсіндірілді.

– Дәрі-дәрмектердің рецепт бойынша сатылуы маңызды мәселе болып тұр. Дәріні тиімсіз қолданудан адамның денсаулығына зиян келген фактілер кездесуде. 2018 жылы дәріханаларда рецепсіз дәрі сатудың 24 фактісі тіркеліп, шара көрілді.

Заңды бұзғандарға 70-тен бастап 1000 АЕК айыппұл салынады. Әсіресе, тұрғындарға антибиотиктермен емделуде дәрігердің кеңесі мен олар жазып берген рецепт бойынша ем алуға кеңес береміз. Өйткені өз бетімен немесе тамыр-таныстардың айтуымен антибиотикпен емделу қауіпті ауруларға соқтырады, - деді ҚР ДСМ Фармация комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Л.Қашқымбаева.

Мамандардың айтуынша, елімізде дәрілік заттардың 7 792 атауы тіркелген, оның 6 033-і дәрігердің рецептімен, 1759-ы рецепсіз сатылады.

Айта кетейік, Шымкентте 1180 дәріхана жұмыс істейді. Мамандар дәрілік препараттарды сату бойынша түсіндіру жұмыстары бастап кетті.

Мейіргерлер мерекесі

Пятница, 17 Май 2019 04:24

Үшінші мегаполисте халықаралық мейірбикелер күні салтанатты түрде аталып өтті.

Мерекеге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, денсаулық сақтау ұйымдарының орта буынды қызметкерлері мен ардагер-мейіргерлер қатысты. Салтанатты жиында ардагерлерге құрмет көрсетілді.

– Мейіргерлер – әрдайым науқастың қасында болатын қызметкерлер. Науқастың нәтижелі емделуі, тез оңалуы және жағдайының жақсаруының 80 пайызы мейіргерлік күтімге байланысты. Мейірімділік, елгезектік, қайырымдылық және адам өміріне үміт сыйлау секілді қасиеттер мейіргерлерге тән.

Медицина саласында фельдшерлер, акушерлер және орта буынды медицина мамандарының еңбектері зор. Сондықтан олар құрмет көрсетуге де алғысқа да лайықты, - деген қала әкімінің орынбасары Г.Құрманбекова денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосқан мамандарды қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиев жылдың «Ең үздік мейіргер», «Ең үздік акушер», «Ең үздік фельдшер», «Ең үздік зертханалық маман» атанған қызметкерлерді құттықтап, сый-сыяпат жасады. Бұдан бөлек, бірқатар мамандарға шипажайларға тегін жолдама тапсырылды.

Айта кетейік, республикадағы 175 мыңға жуық орта буын медицина қызметкерлерінің 8500-ге жуығы Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерде қызмет атқарады.

Шымкентте балалар кардиохирургиялық орталығын ашу жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімі Ғабидола Әбдірахымов пен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пямен екі жақты меморандум жасау барысында айтылды.

Юрий Владимирович үшінші мегаполис үшін бұл орталықтың қажет екенін айтты.

– Оңтүстік өңірде бала туу жағынан өсім жоғары. Өкініштісі, аймақта жүректің туа бітті кеселіне шалдыққан балалардың саны да көбейіп жатыр. Науқас балаларға ота жасау үшін республикалық орталыққа жеткізіледі.

Дертке шалдыққан балаларды дер кезінде емдеу маңызды. Оның үстіне Шымкентте білікті кардиохирургтар жетерлік, – деді «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басшысы Юрий Пя.

Мамандардың дерегінше, жылына өңірде туа біткен жүрек ақауы бар 50-70 балаға ота жасалады.

Шымкенттегі облыстық туберкулезге қарсы диспансердің ұжымы 12 мамыр – халықаралық медбикелер күнін салтанатты түрде атап өтті. Мереке медициналық ұйым қызметкерлерінің флешмобымен басталды.

60357199 330218667686694 4278947484597747712 n

– Бұл атаулы күнді қарсы алу дәстүрге айналған. Өйткені, орта буынды медициналық қызметкерлердің еңбегі орасан зор. Науқастармен сіздер көп уақыт байланыста боласыздар.

Сондықтан оларды емдеудің тиімділігін арттыруда еңбектеріңізді бағалаймыз. Мейірбикелердің 99 пайызы қыз-келіншектерден тұрады, олардың төккен мейірімінен қаншама науқастар жазылып жатады. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, - деді диспансердің бас дәрігері Болат Сағынбеков.

Кәсіби мереке қарсаңында мекемеде жұмыс істейтін 127 орта буынды медицина қызметкерлерінің барлығына сый-сияпат тарту етілді, бірқатарына шипажайларға жолдама тапсырды. Мекеме басшысы медбикелер арасында үздіктерді Алғыс хатпен марапаттады. Дәстүрлі мереке соңында қызметкерлерден құралған үш команда арасында спорттық сайыс ұйымдастырылды.

Үшінші мегаполисте 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі күні 64 сәби дүниеге келді. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асxан Байдувалиев мереке күні босанған аналарды перзентxанаға арнайы барып, құттықтады.

9 мамыр туылғандар

Жас аналардың бірі - Мөлдір Бекмаxан мереке күні егіздерді дүиеге әкелді. Жеңіс күні туылған шақалақтарын жас ана Алиxан және Алижан деп атапты.

Айта кетейік, мереке күні Шымқалада 31 қыз бала, 33 ұл бала дүние есігін ашқан. Бұл күні өмірге ұрпақ әкелген аналар мегополистің ғана емес, еліміздің демографиясына қомақты үлес қосып отыр. Олардың арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерінің қатарын арттырғандар да бар.

Страница 9 из 32