Қоржынымызда – 3 алтын, 3 күміс, 7 қола

Пятница, 21 Сентябрь 2018 05:13

Азия ойындарында ел қоржынына жүлде салған Шымкент қаласы спортшыларының еңбегi елендi. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, және олардың бапкерлерін марапаттады. Шымкентте спортты дамыту бойынша жұмыстар жандана бермек.

 DSC5901

18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның Джакарта қаласында өткен Жазғы Азия ойындарына Шымкент қаласынан 36 спортшы қатысқан еді. Сайыпқырандарымыз 13 жүлдемен оралды: 3 алтын, 3 күміс, 7 қола жүлде.
Қала әкiмi спортшыларды жеңiciмен құттықтап, сый-сыяпат жасады. Жеңiмпаздардың бапкерлерi де сыйға кенелдi. Ғабидолла Рахматоллаұлы мегаполисте спортты дамытуда барлық жағдай жасалатынын айтты.
– Маңызды сайыста ел намысын абыроймен қорғап, тамаша нәтиже көрсеттіңіздер. Барлықтарыңызға жанкүйер болдық. Осынау жарқын жеңіспен құттықтаймын. Шымкент – спорт орталығына айналуы тиіс. Бізде спортты дамытуда барлық жағдай бар. Шымкентте әлі көп спорттық ареналар салынады. Қысы-жазы спортпен шұғылдануға, ірі халықаралық жарыстар өткізуге күш саламыз. Үшінші мегаполис атағын алғандықтан, біз спортта да үлкен жетістіктерге жетуіміз керек. Алдағы әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында сәттілік тілейміз, – деді қала әкімі Ғ. Әбдірахымов.
Салтанатты жиында жеңімпаз спортшыларға 1 миллион теңге, оның бапкеріне де осындай көлемде қаржылай сыйақы берілді. Күміс жүлдегерлер 500 мың, қола жүлдегерлер 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды. Олардың бапкерлеріне де сәйкесінше құрмет көрсетілді.
Төрт жылда бір келетін додада Шымкент қаласының спортшылары абырой биігінен көрінді. Әсіресе, көркем гимнастшылар 2 алтынмен елді қуантты. Құрама сапындағы Даяна Әбдірбекова мен Алина Әділханова – Шымкент қаласының көркем гимнастика спорт мектебінің шәкірттері. Ескек есуден Инна Клинова да алтын жүлдені қоржынға салды. Сондай-ақ, Севара Нышанбаева (дзюдо), Эльмир Әлімжанов (семсерлесу), Данияр Юлдашев (каратэ), Мария Дмитриенко (стенд ату), Пирмаммад Алиев (батутта секіру), Дмитрий Коблов (жеңіл атлетика), Ерсұлтан Мұзаппаров (белбеу күресі) сынды спортшылар қола жүлде жеңіп алды.

Ер кезегі үшке дейін...

Среда, 19 Сентябрь 2018 05:29

«Дүние алма кезек» деген. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile аренасында өткен кәсіпқой бокс кеші осыны ұқтырғандай. Орта салмақта әлем чемпионы, отандасымыз Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) қарымта кездесуде мексикалық қарсыласынан ұпай айырмасы бойынша жеңілді. Рас, жанкүйерлердің пікірі әрқилы. Дегенмен, екі боксшы да төзімділіктің нағыз үлгісін көрсетіп, гонгтың соңғы үні естілгенге дейін жұдырықтасты.

1113

Белдікті қайтаруға бекініп отыр

Жекпе-жек толық 12 раунд өтіп, төрешілер шешімі бойынша Сауль Альварес жеңіске жетті (115-113, 115-113, 114-114). Әлемдік бокс мамандары, отандастарымыз да бәсекенің нағыз драмалық шоу болғанын айтады.
Рас, бұл кездесу жылдың басты жекпе-жегіне баланған. Алғашқы раундтан-ақ отандасымыз қарсыласын жойқын соққылардың астына алды. Соңғы раундқа дейін мексикалықты тықсырып, бар күшін сарқыды-ақ. Дегенмен, төрешілердің шешімі басқаша болды.
Кәсіпқой бокс – бизнес. Санамызда бұрыннан солай сіңісіп кеткен пікір бұл. Бұған Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе жекте көз жеткізіп отырмыз. Көпшілік үлкен бокс кешінің құйтырқы әрекеттері, қыры мен сырына енді қаныға бастағандай. Түптеп келгенде, кәсіпқой бокс елдің абыройы, үлкен қаржы айналымы жүрген қайнаған орта.
Қоғамда түрлі пікірлер айтылып жатыр. Айтылуы заңдылық та. Кәсіпқой боксқа даңғыл жол салған Геннадий Головкиннің ғажайып жеңістеріне үйренгенбіз. Бұған дейін жеңілістің не екенін білмей келген. Әттеген-айы, «Ти Мобайл» аренасы отандасымыз үшін сәтсіздік әкелді.
Жалпы, Геннадий Головкинің елімізге сыйлаған жеңісі көп. Бүгінде қазақ жігіттері де АҚШ-қа кетіп жатқаны мәлім. Бәрінің де арман-мақсаты – Головкин сияқты майталман боксшы болу. Отандастарымыз да бұл есені қайтармаққа бекініп отыр.
Таяуда кәсіпқой боксқа ауысқан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы: «Канело», қуанышың ұзаққа созыла қоймас. Саған қазақ боксының стилі қандай екенін көрсетемін. Жекпе-жекке дайынмын!» деді әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жас дарынды боксшы Садриддин Ахмедов те қарап қалған жоқ. «Әзірге, сабыр етейік. Әлі уақыт келеді. Алла нәсіп етсе, бұл белдіктер өз еліне міндетті түрде қайтады!» дейді ол.
Бұл жігіттер дәл осы орта салмақта бокстасып жүр. Мейірім Нұрсұлтанов, Данияр Елеусінов те кәсіпқой бокстың дәмін татып үлгерді. Әлі-ақ, есе қайтатындай көрінеді-ақ.
– Қазақтың атын күллі әлемге танытқан тарланның тұяғы тасқа тиді. Әділетті айқаста арыстанша алысып, жолбарысша жұлқысып барып, қамшысын қолдан түсіріп алғаны, әттегене...Шеберлігі шырқау шыңына жеткен, тәжірибесі әбден толысқан саңлаққа өйтпедің-бүйтпедің деп сөз айтудың өзі ақылға сыймайтын шаруа. Бұл – тағдыр. Мұндай кепті атағы жер жарған чемпион атаулының бәрі де киген. Тек, мұны кәтепті қара нардай көтере білу керек. Халықтың осынша махаббатына ие болудың өзі пенде баласына бұйыра бермейтін бақ қой. Мәселе – мықты болсаң, теңселіп кеткеніңде де осы бақты тепе-тең қалыпта ұстап тұруда.
Шаршы алаңда талай мықтыны тізерлетіп, шаттықтың тұғырында мейманаң тасып тұрғаныңда, қазағым да «Батырым!» деп сенімен қоса талай мәрте мағмұрланған. Ендігі тұғырдан түскеніңде де өзекті өртеген өкінішіне қарамастан, сенің еңсеңнің түспеуін тілеп жатыр. Міне, балам дейтін ел!, – деді қарағандылық журналист Қайрат Абдолла әлеуметтік желідегі парақшасында.

«Лондон немесе Абу Дабиде ұйымдастырсыншы» 

Кәсіпқой бокс бизнес екенін айттық. Сонымен қоса, шаршы алаңдағы бәсекелерге кейде саясаттың салқыны да тиіп жатады. Жалпы, АҚШ-та 35 млн-ға жуық мексикалықтар тұрады. Бұл – үлкен әлеует екені рас. Онымен қоса, бұл күні Мексика елі өз Тәуелсіздігін тойлап жатты. Мұндайда спорт жарыстарының да саясиланып кететіні бар емес пе?!
Әлемдік кәсіпқой бокс майталмандары да негізінен Головкиннің жеңгенін айтады. Мәселен, аса ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Леннокс Люис бұл жекпе жекте Головкин жеңгенін мәлімдеді. Одан бөлек, америкалық Теренс Кроуфорд, бұрынғы қарсыласы Дэниель Джейкобс та Головкин жеңді деген пікірде.
Әлемдік бокс майталмандары үшінші бәсекені көргісі келетіндерін айтуда.
Бұл ретте біз де бірқатар батыс басылымдарын шолып шықтық. Британиялық «Telegraph» басылымының бокс сарапшысы Роб Крилли де мұны айтып өткен.
– Мен бұл шешіммен келіспеймін. Бұл бәсеке Мексиканың Тәуелсіздігі күніне тұспа-тұс келіп тұр. Не айтуға болады?! Трилогия одан әрі жалғасатын шығар, – дейді ол.
Сондай-ақ, британдық бокс жанкүйерлері осы сыңайда пікірлер білдірген. «GGG үшін Лас-Вегаста жұдырықтасуы тиімсіз болды», «Еш күмәнсіз букмекерлер өз мақсаттарына жетті», «Меніңше, үшінші бәсеке Лондонда немесе Абу Дабиде өтсе, дұрыс шешімі шығар еді. Екеуі де ұлы боксшылар!», «Келесі бәсекені Лондонда ұйымдастырсыншы» «Головкин екі жекпе жекте де жеңді. Бұл жерде ақшаның рөлі ойнап кетті» деген британдық жанкүйерлердің пікірлерін көзіміз шалды.
Үшінші бәсекенің өтуі мүмкін бе? Оны да тамашалауымыз әбден мүмкін. Екі боксшы да үшінші жекпе жекке шығуға дайынмын деген сыңайда пікір білдірді. «Дұрыс шарттар жасалса, әрине келісім беруге дайынмын», – дейді Головкиннің өзі.
«Ер кезегі үшке дейін». Атақты кәсіпқой боксшылар Джордж Форман мен Рой Джонс та үшінші қарымта кездесуді көргісі келетіндерін жасырған жоқ. Әрине, бәріне уақыт төреші. Үшінші жекпе-жекте кеткен есеміз қайтар, бәлкім?!.

Жатақхана жайлы ма, студент?

Среда, 19 Сентябрь 2018 05:03

Шымкент – жастар қаласы. Қалада 10 жоғары және 38 арнаулы орта оқу орындарында жалпы 99 мыңнан астам студент білім алады. Жалпы, 30 жатақханада 7926 студент тұрады. Жылдан жылға студенттерге деген қамқорлық артып келеді. Алдағы уақытта студенттік кампус салу жобалары бар. Мұның бәрі де келешек ұрпақ үшін.

 MG 9553

Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің мәліметтеріне сәйкес, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бағыты бойынша оң нәтижелер бар.
Шымкентте жоғары және орта арнаулы оқу орындарында жатақхана салу қолға алынуда. Қазіргі таңда 10 жоғары және 38 орта арнаулы оқу орнында 30 жатақхана бар. 8910 орынға қажеттілік сезіліп отыр.
Бүгінде жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылығы инвесторларды тарту, сондай-ақ жатақхана құрылысы үшін жер мәселесі жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Сәуле» шағын ауданында 2 мың орындық кампустың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуде. Жатақхана құрылысын аяқтау 2019 жылға жоспарланған.
Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде 2018 жылдың желтоқсанында 500 орындық жатақхана пайдалануға беріледі.
Одан бөлек, қала әкімдігіне М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Оңтүстік Қазақстан Фармацевтика академиясы, Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университетінің басшылығы тарапынан жер учаскесін беру туралы өтініш хаттар көптеп жазылып, мәселелер қаралуда.

«70 пайызы жатақханамен қамтылған»

 MG 9522

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде жалпы студенттердің 70 пайызы жатақханамен қамтылған. Қазір онда 3 жатақханада 1100 орын студент жайғасқан.
2015 жылы пайдалануға берілген 12 қабатты «Студенттер үйі» қала көркіне көрік косып, оқу орнынының атын әйгілеп тұр. Заман талабына сай жабдықталған ғимаратта тек үздіктердің үздігіне орын бұйыратыны бұған дейін де жазғанбыз. Халықаралық стандарттарға жауап беретін жатақхана – студенттердің мақтанышы.
Жаңа оқу жылы қарсаңында жатақхана маңынан «Рухани жаңғыру» алаңы ашылды. Онда әр факультеттің бет-бейнесі көрсетілген. Яғни, жаңа нысан студенттердің танымын кеңейтіп, рухани кеңістігін байытары сөзсіз.
Биылғы оқу жылындағы жаңалықтың бірі – шетелдік 786 студенттің оқуға қабылданғаны. Өзбекстаннан 780, Түрікменстаннан 5, Қытайдан 1 студент іргелі оқу ордасында білім алуға өтініш білдірген. Бұл – халықаралық ынтымақтастықты арттыру мақсатында іске асқан жоба.
– Күндізгі оқу бойынша 3727 шәкіртіміз бар. Оның ішінде мемлекеттік грант иегерлері – 1549. Жалпы, 1100 студентке жатақхана толығымен жететін. Университет статусын алғаннан кейін біздің контингент көбейді. Әлеуметтік жағдайға байланысты жатақханаға сұраныс та артып отыр. Сол себепті, бірінші кезекте сабақ үлегрімі жақсы шәкірттерді, әлеуметтік жағдайы төмендер және шетелден келген шәкірттерді орналастырып жатырмыз. Қазір бізде жатақханамен қамту деңгейі 70 пайызға жуық. Орын жетіспеушілігінің тағы бір себебі – университет дәрежесін алғаннан кейін бізде магистратура, докторантура бағыттары ашылды, – дейді ОҚМПУ-дың тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Ақлима Мархабатқызы.
Шетелдік студенттер негізінен, денешынықтыру және спорт, химия биология, психология және ағылшын тілі маманлықтарын оқуға ынталы.
Мінекейіңіз, оқу ордасында контингент саны артып, әлеует ұлғайып келеді. Ендігі кезекте бес бастама аясында бірқатар жобаларды іске асыру міндеті тұр. Ендігі кезекте 2 мың студентке арналған студенттік кампус салуға күш салынбақ.
Министрлік жанындағы қаржы орталығымен келіссөз жасалды. Тәрбие жұмыстар жөніндегі проректордың айтуынша, мемлекеттік-жекешелік серіктестік бойынша жатақхана салу мәселесі таяуда нақтыланбақ. Құрылысты 2019 жылы аяқтау жоспарда.
Жаңа нысан тек жатақхана емес, студенттерге, оқытушыларға арналаған ғылыми-зерттеу орталығы да болмақ.

«Ең лауазымды тұлға – студент»

Студенттер үйі – жатын орны ғана емес, сонымен қатар, білім-ғылым орталығы болар сәт қазір. Ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша үйірмелер, шығармашылықтарын дамытар орталықтар болуы тиіс. Бұл – заман талабы.
ОҚМПУ-да 2015 жылы ашылған «Студенттер үйінде» бұл бағытта барлық жағдай бар. Ғимараттың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, студенттердің өмірін бізге «Студенттер үйінің» басшысы
Гауһар Камалова кеңінен хабардар етті.
Алыстан көз тартатын, студенттерге құтты шаңырақ бола білген ғимаратты аралап көрдік. «Студенттер үйіне» бірінші кезекте оқуда озат, білім, ғылым, спорт сайыстарында оза шауып жүрген, институттағы іс-шараларға белсенді қатысатын қыздар қабылданады.
Мұнда студентке қажетті жағдайдың бәрі бар: әр жатын бөлмеде екі студент ғана қоныстанады. Ғимарат ішінде кітапхана, асхана, арнайы медициналық кабинет, химиялық тазарту, тағы басқа қызмет көрсету бөлімдері жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда Шымкентте бұрын-соңды мұндай жатақхана болмаған.
Жеделсаты зырылдап істеп тұр. Жатақхананың екінші қабатында дефиле, айтыс, эстрада, фольклорлық аспаптар, бейнелеу өнері, вокаль, сәндік өнер, ұлттық аспаптар жасау, тігін, компьютер, тағы басқа үйірмелер жұмыс істейді.
Бағасы да қолжетімді. Мұнда бір жылдық төлемақы – 85 825 теңге. Бұл оқу орнында ең лауазымды тұлға – студент екенін де айта кеткен жөн. Мұны университет ректоры Оңалбай Аяшев әр жиын-жиналыстарда айтып жүргені мәлім.
Рас, шәкіртке жасалған қамқорлық – білімге жасалған қамқорлық. Қолдау барда білім сапасы да көтерілетіні анық.

Әлеуетті студенттер калашығы

Шымкент қаласының 2018-2025 жылдарға арналған Даму тұжырымдамасына сәйкес, студенттердің білім алуына жағдай жасау, жайлы жатақханамен қамтуға мән беріліп отыр.
Тұжырымдамаға сәйкес, «Бозарық – 2» шағынауданынан 150 гектар жерге студенттік кампус салу жоспарлануда. Ол жердің егжей-тегжейлі жобасы дайын. Қазіргі таңда жобаны іске асыру үшін инвестициялық комитетпен келісім-шарт жасалған.
Студенттік кампуста медициналық бағытта медакадемия, 1000 орындық көпсалалық базалық клиника және поликлиникалар, бизнес орталық, 10 мың студентке арналған қазақ химия және технологиялық инстиуты, 4000 орындық жатақханасымен, жоғары бизнес мектебі, 12 мың орындық спорт кешені бар.
Жобаның 70 пайызы шетелдік инвесторлар есебінен, 30 пайызын отандық инвесторлар арқылы іске асыру қарастырылып отыр.
Шымкент жастар қаласы десек, ендеше ел ертеңі болар жас ұрпаққа жағдай жасалуы керек-ақ.

Шымкентте халықаралық стандарттарға сай, таза былғарыдан тігілген аяқ киімдер шығарылуда. Бағасы да қолжетімді. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске қосылған аяқ киім фабрикасында жұмыс қызған шақ қазір. Дайын өнімдер Тараз, Алматы, Астана қаласына жөнелтілуде. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Lux Shoes» БК» ЖШС фабрикасының салтанатты ашылуына қатысып, цехтың жұмысын аралап көрді.

1 бетке

Өндірістің инвестиция көлемі – 403 млн теңге. Аяқ киімдер заман талабына сай итальяндық технология бойынша түркиялық «Fantes» және «Comelz» маркалы құрылғыларда қалыпқа салынып, сапалы тігіледі. Барлық топтамалар сәнді және талғамға сай үлгіде жасалады. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 120 мыңнан астам жұп аяқ киім шығаруды көздеп отыр.
Кәсіпорын жұмысын бастағанына 2 айдың көлемі болған. Онда 90-ға жуық адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта дайын өнімді ТМД және Орта Азия мемлекеттеріне экспортқа шығару да жоспарда бар.
Қала әкімі аяқ киім тігу цехының барлық этаптық жұмыстарымен танысып шықты. Былғарыны өңдеу, жобалау, тігу және түптеуге дейінгі жұмыстардың барысын көріп, цехты аралап шықты. Жалпы, аяқ киімдер таза былғарыдан тігіледі. Яғни, экологиялық таза өнім.
– Өндірістің жылдан жылға ауқымы кеңейіп келеді. Бұған дейін шұлық шығарса, енді жанынан аяқ киім цехы ашылып отыр. Бағасы да қолжетімді. Келешекте үстімізге киетін киімнің бәрі Шымкентте тігіліп, шығарылуына жағдай жасаймыз. Ең бастысы, сапаға мән беріңіздер. Жұмысшылардың жалақылары дұрыс болсын. Қыз-келіншектердің аяқ киімін шығаруды да тезірек қолға алған жөн, – деді қала әкімі кәсіпорынның ашылу салтанатында. 

50-ге жуық аяқ киім түрі бар

Халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін қаладағы алғашқы ірі кәсіпорынның өнімдері зор сұранысқа ие. Бас инженер Түркиядан шақыртылған. Ол аяқ киімнің сапасын қадағалайды. Оның 2 көмекшісі жергілікті мамандарды жаңа технологияға үйретуде.
Жалпы, мұнда 50-ге жуық аяқ киім түрлері бар. Қала тұрғындары қызыға алып жатқан сәні де ыңғайлы бұл аяқ киімдердің бағасы да қолжетімді әрі өте сапалы. Бұл бұйымдар Шымкенттегі «Самал», «Айна» базарларында сатылуда. Одан бөлек, Тараз, Алматы, Астанадан тапсырыстар түсіп жатыр. Нарықтағы бағасы 17-18 мың теңгенің аралығында.
«Әлем БТ» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұрсұлтан Балабиевтің айтуынша, мұндай технология бойынша жұмыс істейтін мамандар аз. Кәсіпорын бүгінгі нарық талаптарын ескере отырып, Даму қорынан, екінші деңгейлі банктерден қаржы алып, жұмысты бастаған. Олардың бастамасын қала әкімі де қолдады.
Алда фабриканың жұмыс қуаттылығын арттыруға күш салынбақ. Әйелдерге және балаларға арналған аяқ киімдер де шығарылмақ.
Жұмысшылармен сөйлестік. Сандуғаш Жомартбекова 2 айдан бері аяқкиімнің дизайнын сызу, моделін жасау сынды жұмыстарды түркиялық маманнан үйренуде. Өзінің мамандығы – дизайнер, модельер.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды 2014 жылы тәмамдаған. Айтуынша, жалақысы да көңілден шығады.
«Lux Shoes» БК» ЖШС бас директоры Гайрат Хасанбаев мұнда 230 жұмыс орны барын айтады. Кәсіпорынның аяқтан тұрып кетуіне мемлекеттен қолдау зор. Отандық өндірушілермен бірге қолжетімді бағаны қалыптастырмақ ниетте. Басты мақсат – бәсекеге қабілетті экологиялық таза өнім шығару. Нарық пен заман талабына сай тауар шығарып, цех жұмысын кеңейте беруді көздеген ұжымның болашақта үлкен межелерге жететініне сенім мол.

Екі аптаға созылған Жазғы Азия ойындары мәресіне жетті. Үміт пен күдік арпалысқан додада ел спортшылары да жарыс көрігін қыздырды. Жалпы, еліміздің атынан 404 спортшы 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынады. Дүбірлі додада отандастарымыз аянып қалған жоқ. Дегенмен, әттеген-ай дейтін жағдайлар да болды. Жалпы командалық есепте бізге бұйырғаны - 9-орын.

40172288 1921865714528358 4628077709572964352 n

Байрақты бәсекеде Қытай спортшылары 132 алтын, 92 күміс, 65 қола (жалпы 289 медаль) жүлдемен талассыз озды. Екінші орынға 75 алтын, 56 күміс, 74 қола жүлдесі бар Жапония елі жайғасты. Үздік үшінші орынды түйіндеген Корея құрамасы 49 алтын, 58 күміс, 70 қола жүлде жеңіп алды. Жарысты ұйымдастырушы Индонезия спортшылары төртінші орынға тұрақтады: қоржында 31 алтын, 24 күміс, 43 қоласы бар.
Ал Қазақ елінің спортшылары 15 алтын, 17 күміс, 44 қола, жалпы 76 медаль еншілеп, 9-орынға қанағат еттік. Джакартада негізінен велоспорт (2 алтын), джиу джитсу (2 алтын), көркем гимнастика (2 алтын), самбо (2 алтын) шеберлері үздік нәтижеге жетті.

Қала спортшыларының қоржынында – 12 жүлде

40355664 2134891983393610 2741229676574801920 n1

Төрт жылда бір келетін додаға Шымкент қаласынан 36 спортшы аттанған еді. Өрендеріміз 12 жүлдемен оралды: 3 алтын, 3 күміс, 6 қола жүлде. Әсіресе, көркем гимнасшылар 2 алтынмен бүкіл елді қуантты. Құрама сапындағы Даяна Әбдірбекова мен Алина Әділханова – Шымкент қаласының көркем гимнастика спорт мектебінің шәкірттері.
Ескек есуден Инна Клинова да алтын жүлдені қоржынға салды. Сондай-ақ, Севара Нышанбаева (дзюдо), Эльмир Әлімжанов (семсерлесу), Данияр Юлдашев (каратэ), Мария Дмитриенко (стенд ату), Пирмаммад Алиев (батутта секіру), Дмитрий Коблов (жеңіл атлетика), Ерсұлтан Мұзаппаров (белбеу күресі) сынды спортшылар қола жүлде жеңіп алды.
Шымкент қаласының көркем гимнастика спорт мектебінің ұжымы жеңімпаз спортшыларды Шымкент әуежайынан зор қошеметпен қарсы алды.
Азия ойындарында ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова шәкірттеріне зор сенім артқан еді. Сенім ақталды - Қазақ қыздары Азия ойындарының жеңімпазы! Жекелей сында да, командалық сайыста да.
Тіл-көзіміз тасқа, отандық көркем гимнасшыларымыздың өнері әзірге қуантады. Өзгелерге есеміз кете қойған жоқ. Гуанжоуда да өз биігімізден түскен жоқпыз. Бейжің ойындарынан кейін спорттық ғұмырын аяқтаған Әлия Юсупованың лайықты ізбасарлары бар екеніне көңіл тоғайды, әрине.
Юсупованың орнын жоқтатпаған Анна Алябьева Гуанжоу додасын жеңіспен аяқтады. Жекелей сында өзбекстандық Ульяна Трофимова, кореялық Сонг Ен Жаені де соңында қалдырып, мәреге бірінші болып келді. Мұнан бөлек командалық сайыста да біздің бағымыз жанды. Мадина Мұқанова, Анна Алябьева, Мизана Исмайлова, Марина Петракова өкшелей қуған өзбек, жапон қыздарын да артта қалдырды. Сөйтіп, Дохадағы жеңісімізді қайталап, тағы да жалпы есепте бірінші орынға шықтық.
Рас, жеңісті жолымыз үзілмек емес. Мұны көркем гимнасшыларымыз Джакарта төрінде дәлелдеп берді. Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова, Адиля Тілекенова командалық сайыста жеңімпаз атанды. Ал Алина Әділханова жекелей көпсайыста да чемпион болды. Осылайша екі алтын жүлде де біздің еншімізге тиді. Командалық сайыста Өзбекстан – 2, Оңтүстік Корея үшінші орыннан көрінді. Жапония, Қытай, КХДР арулары артта қалды. Жекелей сайыста Алина Әділханова 66.800 ұпайға ие болды. Өзбекстандық Сәбина Ташкенбаева 65.850, Қытай елінің спортшысы Жао Яитинг 65.550 ұпай жинады.
Жалпы есепте де Қазақстан құрамасы үздік шықты. Жеңіс жеңіске ұласа бергей! Ендігі мақсат – 2020 жылғы Токио ойындары. Ал біз аруларымызға сәттілік тілейміз!

Шымкенттегі «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС – коммуналдық қызмет көрсету нарығында 20 жыл бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Бүгінде жаңғырту жұмыстары қарқын алған: су құбыры және кәріз шаруашылығы негізгі қорларының құрылысы, тазарту құрылғылары қайта жаңғырып, жұмыс алға басып келеді. Осы бағытта ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау Комитетінің облыстық Департаментімен бірлесе 2016-2021 жылдарға сомасы 11,4 млрд теңгені құрайтын инвестиицялық бағдарламасы бекітілген еді.

IMG 1902 - копия 2

инвестициялық бағдарламаның барысы қалай?

Қазіргі таңда инвестициялық бағдарлама өз деңгейінде атқарылуда. Таяуда «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС басшылары БАҚ өкілдеріне, мәслихат депутаттарына арнайы баспасөз-турын өткізді. Яғни, мекемедегі кәріз жүйелерін, шайынды суларды тазарту құрылғысының жұмыс барысымен таныстық. Былтыр Орта Азияда алғаш рет биогаз өндірісінен электр энергиясын алатын кешен іске қосылғаны үлкен оқиға еді.
Шымкент қаласының су құбыры және кәріз шаруашылығы негізгі қорларының құрылысы, қайта құру, жаңғырту және жаңарту бойынша 2016-2021 жылдарға сомасы 11,4 млрд теңгені құрайтын инвестициялық бағдарлама бекітілді. Оның ішінде Еуропалық Қайта құру және даму банкінің заемдік қаражаты – 1,9 млрд теңге, Үкіметтің көмек қаржысы есебінен – 1,6 млрд теңге.
Инвестициялық бағдарлама іс-шараларының орындалу барысымен кеңінен таныстық. Мекеменің бас директорының экономика жөніндегі орынбасары Жанатбек Тұрдалиев негізгі жұмыстарды атап берді. Жалпы, тұтынушыларды инвестициялық бағдарламаға салынған қаржыларының қайда бағытталып жатқаны, салынған қаражаттан қандай нәтижелерге қол жеткізетіні, көрсетіліп отырған қызметтердің сенімділігі мен сапасына қалай әсер ететіні туралы хабардар ету міндеттелген.
Инвестициялық бағдарламаға сәйкес 90,2 шақырым су құбыры және 24,8 шақырым кәріз желілерін қайта құру, тазалау ғимаратын жаңғырту (кеңейту), 40 дана сорғы, 6 дана бақылау нүктелерін орнату, 26 дана ұңғыманы автоматтандыру, 58 дана жаңа технологиялық құрал сатып алу қарастырылған.
Салынған инвестиция нәтижесінде мынадай жетістіктерге қол жеткен:
– тұтынушыларға үздіксіз су беру қамтамасыз етілді;
– нормативті-техникалық шығындар 16,93 пайыздан 15,44 пайызға азайды;
– су құбырының тозу деңгейі 39,5 пайыздан 33,4 пайызға және кәріз желісі 63,7 пайыздан 58,15 пайызға азайды;
– есептегіш құралдармен жүз пайыз қамту тұтынушылардың бір адамның күніне 456 литрден 118 литрге (4 есе) дейін тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.
Жалпы, есептегіш құралдарын жаңғырту нәтижесінде бір жанұяның отбасылық бюджеті орташа алғанда жылына 34 700 теңгеге үнемделеді екен. Шын мәнінде қазіргі уақытта тұтынушылар адам басына айына 218 теңге төлейді. Бұл – республика бойынша өте төмен көрсеткіш.
Инвестициялық бағдарламалар аясында кезең-кезеңімен жүзеге асқан нәтижелі жұмыстарды айтсақ. 2001-2017 жылдары Шымкент қаласының су құбыры және кәріз шаруашылығы негізгі қорларының құрылысы, қайта құру, жаңғырту және жаңартуға сомасы 20,6 млрд теңгеге инвестиция салынған. Оның ішінде Еуропалық Қайта құру және даму банкінің заемдік қаражаты 10 жыл мерзімге 9,1 млрд теңгені құрайды. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар орындалды.
2001 жылдан 2017 жылға дейін инвестиция есебінен 896 шақырым, оның ішінде ЕҚҚДБ заемдік қаражаты есебінен 262 шақырым тозған су құбыры желілері қайта құрылды. Сумен жабдықтаудың барлық процесінде су қабылдағыштарда су өндіруден тұтынушыларға су жеткізуге дейін цифрлық технология қолданылады. «Пульсар», «Энергия», «Вавиот» цифрлық тенологиялардың көмегімен есептегіш құралдардың көрсеткіштерін автоматты алу жүйесі енгізіліп отыр.
Сондай-ақ, апатты-қалпына келтіру бригадаларының жұмыстарын шұғыл ұйымдастыру үшін «МББАЖ» (мобильді бригаданы басқарудың автоматты жүйесі) бағдарламасы енгізілді. Апатты-қалпына келтіру жұмыстарына қатысты барлық көліктерде «PILOT» және «МББАЖ» бағдарламалары бойынша GPS жүйесі орнатылды. Бұл да жүйедегі ерекше жаңалықтың бірі.

Орта Азиядағы алғашқы цех

IMG 2091 - копия - копия - копия

Тазалау ғимараты польшалық компанияның заманауи цифрлық технологиясын қолданумен толық жаңғыртылды. Қазір электр энергиясын алу үшін биогаз өндіру мен лай тұнбаларын қайта өңдеу бойынша кешен жұмыс істеп тұр. Биогаз өндіру цехы Орта Азияда алғаш рет қолданысқа енгізіліп отырғанын айта кеткен жөн.
Былтыр өңдеу цехының салтанатты ашылу рәсімі өткен. Биогаз қондырғысының құрылысы нәтижесінде кәріздік тазарту құрылғыларының қуаты тәулігіне 100 мың текше метрден 150 мың текше метрге дейін кеңейді. Тазалау ғимаратының барлық қондырғылары польшалық компанияның цифрлық технологиясын қолданумен жетілдірілген және тиімділеріне ауыстыру есебінен электр энергиясының шығыны 30 пайызға төмендеді.
«Жасыл» электр энергиясын өндіру сағатына – 400 кВт-қа жетіп отыр.

Жоспарлар ауқымды

Шымкентте жаңа көп қабатты үйлерде есептегіш құралдардың көрсеткіштерін алудың автоматтандырылған жүйесі орнатылуда. Бүгінде 103,7 мың жеке үйлердің 97,6 пайызында шығын келтірілген құбырлар қайта жаңғырыпты. Ал 1806 көп қабатты үйлердің 37,1 пайызында үй ішілік құбырлары қайта құрылған.
Бас директордың экономика жөніндегі орынбасары Жанатбек Тұрдалиевтің айтуынша, алдағы жоспарлар ауқымды.
– Біз үнемі инвестициялық бағдарламаны ұзақ мерзімге жоспарлаймыз әрі сапалы орындауға көңіл бөлеміз. Инвестиция салуды бастағалы қаланың тозған су жүйелерінің 986 шақырымын алмастырдық. Біздің соңғы бағдарламамыз 2016-2021 жылдар аралығында бекітілді. Осының көлемінде біз 114 шақырым құбырларымызды алмастырдық. Одан кейін биогаздан электр энергиясын өндіретін кешенді іске қосудың нәтижесінде біздегі жалпы пайдаланатын электр энергиясының шығынын 40 пайызға дейін өзіміз өндіріп отырмыз. Мұның тарифтің аспандап кетпеуіне үлкен әсері бар.
Бүкіл қаланы сумен қамтамасыз ететін негізгі 36 бақылау нүктесі бар. Орталық диспетчерлік пунктке орнатылған бағдарлама цифрлық технология негізде жасалған. Енді бақылау нүктелерінің санын биыл 100-ге дейін жеткізсек деп отырмыз. Жаңа шағынаудандар қосылды. Бұл судың уақтылы, қажетті мөлшерде барып тұруы үшін қажет, – дейді кәсіпорын директорының орынбасары.
Қала жылдан жылға ұлғайып келеді. Кәріз жүйесіне қосылатын тұтынушылардың саны артуда, жаңа шағынаудандар қосылуда. Мемлекет есебінен кәріз жүйелері салынып жатыр. Оған қоса жауыннан, қардан түсетін ағын сулардың да көлемі жылдан жылға артып келеді.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына зор үлес қосып жатқан мекеменің бірі де осы кәсіпорын. Жалпы, көшеде, көпқабатты үйлерде орналасқан су өлшегіш құралдар бар. Қазір тоқсандық су өлшегіш құралдарының барлық көрсеткіштерін автоматты түрде орталық серверден алу үшін цифрлық технология қолданылуда. Былтыр жоба іске қосылды. Осы арқылы су және кәріз жүйелеріндегі апатты жұмыстарды уақтылы әрі сапалы қадағалау да шешімін тапты. Ол ресейлік «Пилот» деген бағдарлама жұмысы екенін атап өттік. Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша апатты жағдайлардың шығыны 38 пайызға төмендеген.
Саладағы тағы бір жаңа технологияның бірі – гидравликалық модельдеу. Жалпы, қаланың су құбыр жүйесіне судың қалай тарап жатқанын талдайтын технологияны өндіріске кеңінен енгізу мақсаты бар. Алда осы бағытта да жұмыстар қарқын алмақ.

Бәсекеге қабілетті болуың – нарық талабы. Жұмысты бірлесе бастаған жігіттер әрдайым өздерін өздері жетілдіруге мән береді. Уақыт сәтімен кәсіптің қыр-сырына қаныға түскен. Алға жетелейтін – өздерінің табанды мақсаты мен сүттей ұйыған ұйымшылдығы. Ең басты жетістіктері – ұжымдық рухты қалыптастыруында. Ашылғанына он жылдан асқан, жыл сайын қанатын кеңге жайып келе жатқан «Ернияз» медиа тобының ең әуелі компьтерлік қызмет көрсетуден басталғанына сенер ме едіңіз?!

IMG 6044

Фриланс қызметіне де жүгінеді

Бүгінде кәсіптің көзін тапқанға барлық мүмкіндік бар. Елбасының "Бес әлеуметтік бастама" бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлікті игеріп, елдің дамуына өз үлесін қосып жүрген жастардың талабы қуантады.
Осы бағыта жарнама, баспа ісі саласын дамытуды қолға алған жігіттердің берекелі тірлігіне риза боласыз. «Ернияз» медиа тобының қызметкерлерінде жұмыс қызған шақ қазір. Шымкент үшінші қала мәртебесін иеленгендіктен, жұмыс та, жауапкершілік жүгі де ауырлай түскен. Мекемелердің бүкіл іс-қағаздарынан бастап, төлқұжатына дейін ауыстыруға тапсырыс көп түсуде. Уақыт тығыз, жылдам істелуі қажет.
– Бәріне де үлгеріп жатырмыз. Кей күндері 18-20 сағатқа жуық жұмыс істедік. Себебі, кесте өте тығыз. Бүгін келісімін алсақ, ертеңге дейін аяқтауды қажет ететін жұмыстар. Бұндай жағдайлар бізге таңсық емес. Бұған дейін іс-тәжірибемізде болып жүрген дүниелер. Қызметттердің бәрі 100 пайыз өзімізде істеледі. Заманауи құрылғыларымыз бар, – дейді медиа топтың басшысы Ербол Дайрашұлы қазіргі жұмыстың тыныс-тіршілігімен таныстырып.

IMG-20180820-WA0007

Жалпы, Шымкентте қай сала болса да бәсекелестік зор. Мәселен, бұл салада тек қана баннер шығарумен айналысатын, оны отбасылық кәсіп етіп алғандар бар. Ал «Ернияз» тобы кешенді қызмет түрін ұсынады: баннер жасап, оны орнатып береді. Шақыру қағазы керек болса, оны да дайындайды. Кейде тұтынушылардың арасында баннерге «Менің атымды ойып жазып, іліп қойсаңыз» деп өтініш айтатындар да табылады.
Қазір фриланс қызметі дамып жатыр. Кейде бұл әдістің көмегіне жүгінетін сәттер де болады. Яғни, ол дегеніміз өз дизайнерлерінің күшінен тыс тағы да қосымша мамандардың қызметіне жүгіну. Бұл маңызды эскиздік жобалардың нобайын жасауда қажет.
– «Ернияз» медиа тобы деп өзгеруіміздің де басты себебі осы еді. Қазір біз кез келген тапсырысты орындай береміз. Полиграфия, типографиядан бөлек мемлекеттік мерекелік күндерге арналған іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алдық. Оның ішінде 30 пайызын полиграфиялық жұмыстар құрайтынын білесіз. Біз тек типографиялық жұмыстарды ғана істейміз деп отыратын болсақ, нарық көшіне ілесе алмай қаламыз. Алда латын қарпіне көшуге байланысты да жұмыстарымыз қарқын алмақ. Фриланс қызметін айтар болсақ, кейде өте биік ғимараттарға шығу керек болады. Менің техникам 3 қабатқа ғана жетеді. 5-10 қабатты ғимараттың тапсырыстарын орындау үшін үнемі сол 10 қабатқа шығатын техниканы ұстап отыру шарт емес. Сол себепті кейде біз қосымша қызметке де жүгінеміз, – дейді жас кәсіпкер өз ерекшеліктерін баяндап.

Несиеге компьютер алып басталған кәсіп

Әр кәсіптің қиындығы, қызығы болады. Әрине, жетістікке жету – жұмыстың жүйесін таба білуде. Төрт жігіттің бастамасымен мекеме 2006 жылы «Ернияз» болып құрылды. Ол кезде тек компьютерлік қызмет көрсететін шағын ғана мекеме-тұғын. Жігіттер әуелгі мақсат бизнес ашамыз деген ой емес, күн көру, тіршілік болғанын айтады. «Эврика» дүкенінен бір компьютерді несиеге алып, тәуекелге бел байлаған. Содан бері жалғанып келе жатқан кәсіпке 12 жыл болыпты. Бастапқы 5-6 жылдағы жағдай – әлгіндей. Жетінші жылда мемлекеттік рәміздерді істеуге көшкен. 2013 жылы рәміздерді жасау бойынша лицензияның иегері атанады. Қаланың сырт жағында цех бар. Ербол тәуекелге бел байлап, туған ағасын оқытады.
Осылайша 4 жігіт болып басталған жұмыс бүгінде әйдік мекемеге айналды. 100-ден астам қызмет түрі бар. Қазір 21 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылған. Штаттан тыс 4-5 жұмысшы тағы бар. Бәрі де бір үйдің баласындай өнімді еңбек етуде.
Мінекей, табанды мақсат, талаптылықтың арқасында осыдан төрт жыл бұрын «Кереге» фирмасы өз отауын бөлек тікті. Оны дөңгелетіп жүрген – кезінде жұмысты бірге бастаған Ниязбек Қалымбетов дейтін азамат. Онда да осы қызмет түрлері бар. 10-нан аса адам нәпақасын айырып жүр. Былтыр жігіттердің қатарындағы Еркебұлан Ермекұлы да «Ернияз Fotobook» орталығын қолға алып, жеке шықты. Уақыт сәті келген.
– Компаниямызда шарықтаған, құлдыраған кездері болады. Кейде орта темпке түсіп қаламыз. Кез келген дамушы компанияда бұндай жағдай болуы – қалыпты құбылыс. Өз-өзімізді дамытпасақ, жұмыс та құлдырай бастайды. Оған негізінен басшы тікелей жауапты. Мәселен, кітап аз оқысаңыз, жұмысыңыз да алға жүрмейді. Әрдайым сергек болып, өзіңді ояу ұстап жүруің керек. Рухани, физикалық әлеуеттеріңді дамыту, техникалық ақпараттардан да хабардар болып жүруің, бәрінің жұмысқа әсері бар. Өз-өзімізді жетілдіреміз. Әзірге шет тілінен нанымды сұрап жей алтын халдемін. Болашақта осы олқылықты да түзетіп, тілді меңгеру қажет екенін түсіне бастадым, – дейді Ербол Дайрашұлы негізгі тәртіптерінен хабардар етіп.

«Ұжымдық рухты қалыптастырдық»

Таяуда кәсіпкерлер бас қосқан үлкен жиынға қатысқанбыз. Сонда табысты жас кәсіпкерлер қазір көп жастар нетворкинг әдістерді, ұжымдық рух қалыптастыруға мән бермейтінін айтқан еді. Ол рас. Ал «Ернияз» ұжымының қыз-жігіттері ең алдымен осы қасиеттерді дамытуға күш салады. Жылда өтетін БАҚ спартакидасында командалық сайыста үнемі жүлдегер қатарынан көрінетіні сөзімізге дәлел.
– Бізде командалық рухты қалыптастыру – маңызды бағыт. Біз аптасына бір рет ұйымдасып, доп ойнаймыз. Жыл он екі ай үзілмейді. Осы компанияда жұмыс істегендіктен, бір командалық ойын түрінен қабілетімізді дамытуды ойладық. Таңдауымыз футболға түсті. Аптасына бір рет ұжымдық рухты қалыптастыру үшін жасыл алаңда бас қосудың маңызы зор. Жетістіктеріміздің бір қыры осы болса керек. Қызметкерлерге өзгеруді өзімізден бастайық деп үнемі айтамын. Адамдармен дұрыс мәміле жасай білу маңызды, – дейді Ербол.
Нетворкинг қасиеттерді дамыту, жұмысты жүйелі ұйымдастыруда ортақ талқының, семинардың маңызы зор. Сол себепті де мекемеде аптасына бір рет тренинг сабақтар өту дәстүрге айналған. Идеялар тоғысады, ұсыныстар айтылады, жалпы шығармашылық әлеует осындайда көрінеді. Мәселен, бір тапсырыс беруші «Мен мынадай асхана аштым. Маған осындай маңдайша керек» деп тапсырыс береді де кетеді. Қызметкерлер оны әрі қарай қорытып, дамытып, талқыға салады. Оның маңдайшасына бастап ас мәзіріне дейін жан-жақы талдап, шығармашылықтарының әлеуетін көрсетіп, жасап береді. Сенім – үлкен жауапкершілік.
Жалпы, ұжымдық рухты қалыптастырудағы тағы бір жетістіктің бір сыры осында. «Ернияз» ашылғалы бері келіп-кеткен қызметкерлердің жалпы саны 100-ге жуықтапты. Оның дені жастар.

Жастарға жалындаған жарасады

Кәсіп дегеніміз – адал жолмен өзіңнің интеллектіңді сата білу. Адам қай сала болса да өз ісінің майталманы болуы керек. Іскер жігіттердің алдағы жоспарлары да ауқымды. Полиграфияны дамытып, медиа топ болып өзгергеннен кейін үлкен жобаларды іске асырмақ. Бүгінде мемлекеттік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру – басты жоспарда. Ең басты мақсат – көштен қалмай, әріптестерімен қатарласа дамып отыру. Бізде жастарды кәсіпке тартуда ақпараттық насихат кемшін. Мектеп қабырғасында жүргеннен жастарды өз қабілеттеріне қарай бөлмейміз. Жастар әр қилы. Өз-өздеріне мақсат қоя білетіндері бар. Бір істі атқару үшін сенім арту керек болады. Онда таңдау екі түрлі. Кейде сенгеннен артасың, енді бірде сену керек болғаннан кейін артасың. Басқа таңдау жоқ қой. Кей жігіттер соны түсініп, алып кетіп жатады. Бірі үдеден шыға алмайды. Жалпы айтқанда, жастардан күдер үзуге болмайтыны тағы анық.
Орда бұзар жастан асқан кәсіпкер азамат осылай деп сыр шертеді. Қазір айналамызда бизнес-тренингтер көп-ақ. Бай болудың жолын үйретеміз дейді. Оның көбеюінің басты себебі – біздің өз-өзімізді дамытпағандығымыздан. Жетілдірген ақпаратқа мұқтажбыз. Негізінен, олардың ішінде өз саласында жетістікке жеткен адамның сабағына жететін дәріс жоқ. Жалпы, тренингте айтылғандарды жасамайтынымыз тағы рас. Біз естігенімізге амал етсек, бір істі қолға алар едік-ау.
Мемлекет мол мүмкіндік ұсынып отырғанда кәсіптің көзін таба білген жөн. Әрі жұмыстың ауқымын ұлғайтып, жетілдіремін десеңіз, қаржылық қолдау зор. Бұл әсіресе, ноу-хау, қазіргі сұранысқа ие жаңа жобаларға қатысты. Мәселен, былтыр жаңа цифрлық технология бағытындағы «Фотобуктың» бизнес-жоспарын дайындағанда «Даму» қорынан қаржылық жеңілдіктер берілген. Жеңілдетілген ең төменгі 6 пайыздық несие де тамаша қолдау емес пе?!
Әрбір қазақ азаматы өз елінде бақуатты ғұмыр кешуі – өз қолында. Бай болмаса да кедейлік қамытымен жүруі ұят. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі жақсылық емес, әрине. Жас кәсіпкермен әңгімелесе отырып, жұмыстарының бүгінгі тыныс-тіршілігін көре отырып, осынай ой түйдік.

Шымкентте «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында өткен тамыз педагогикалық конференцияда білім саласының жағдайы жан-жақты талқыға түсті.

 DSC7246

Қалада білім саласының жұмысын бақылау, білім сапасын арттыруда қандай жұмыстар қолға алынбақ? Оқушылар ғылымды, жаңа технологияларды, интерактивтік білімді игеруге қаншалықты қабілетті? Дәстүрлі педагогикалық кеңесте осы мәселелер кеңінен айтылды.

Білім саласын дамытуға мүмкіндік бар

Дәстүрлі педагогогикалық кеңеске қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қала мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров, ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім саласын бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ғалымжан Жұмашев қатысты.
Шаһар басшысы үшінші қалада білім саласында да стандарттар жоғарылауы тиіс екенін нықтап айтты. Шымқалада білім саласын дамытып, жетістіктерді жоғарылатуға барлық мүмкіндік бар. Шешімін күткен бірқатар мәселелерді тездетіп шешкен жөн.
– Алдымызда мектепке дейінгі білім берудің сапасын көтеру міндеті тұр. Қалада 459 балабақша болса, оның 351-і жекеменшік. Жалпы, балабақшамен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізуіміз қажет. Балабақшалардың материалдық базасын жан-жақты дамытып, әдіскерлердің білімін жетілдіру керек. Қалада жыл сайын оқушылар саны артып келеді. Мектеп ғимараттарының жетіспеушілігі – бүгінгі таңдағы маңызды мәселенің бірі. Бұл ретте жыл сайын 5-6 жаңа мектеп салу қажеттігін анықтап отырмыз. Сондай-ақ, қалада 13 оқушыға 1 компьютерден келеді. Бұл – төмен көрсеткіш. Бұл мәселені аз уақытта шешуді тапсырамын. Мектептердің асханасына сын көп айтылады. Бәлкім, тамақтандырудың бірыңғай стандартын қалыптастырған жөн шығар? Жалпы, білім беру саласын тексеру де қатаңдай түседі, - деді шаһар әкімі.

Мұғалімдер баспанамен қамтылады

Жиында қала әкімі мұғалімдерді баспанамен қамту және олардың әлеуметтік жағдайын көтеру бойынша да өз ұсыныстарын айтты.
– Енді мұғалімдерді баспанамен қамтуға да назар аударамыз. Жас мамандар көп келіп жатыр. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жетекшілерімен сөйлестім. Қалада арнайы бағдарламаны әзірлеп, кезең-кезеңімен барлық мұғалімді баспанамен қамтамасыз етуге әрекет етеміз. Бастапқы жарнаны төлеу үшін тұрғын үй сертификатын қарастыра аламыз.
Мұғалімдер де өз кезегінде білім-біліктіліктерін арттыруға көңіл бөлсе деймін. Жалпы, білім саласын дамытуға қаланың барлық мүмкіндігі бар, – деді қала әкімі.
Былтыр қаладағы 30 мектепке электронды күнделік жүйесі енгізілген-тін. Бір жылдың ішіндегі жұмысты талдар болсақ, білім сапасы 15-20 пайызға жақсарды. Қылмыс та азайып отыр. Қала әкімі кеңесте осы деректерді атап өтті.

3 мектепте IT сыныптар ашылады

Педагогикалық кеңесте қалалық білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайханқызы да қолға алынуы тиіс негізгі жұмыс жоспарымен таныстырды. Сала басшысы алдымен жаңа оқу жылы қарсаңында атқарылған жұмыстарды баян етті. Білім саласына жүргізілген талдау жұмыстарына сәйкес, қазіргі жағдай мынадай: шаһарда мектептер саны – 141, 133 білім ошағы мемлекеттік болса, жекеменшік 8 мектеп жұмыс істейді. Бүгінде 459 балабақшада 69 764 бала тәлім алады. Оның ішінде мемлекеттік мекеме – 88, жекеменшік – 351, шағын орталық – 20. Мектептен тыс мекемелер саны – 8.
3-6 жасар балаларды қамту көрсеткіші 2016 жылы 82,5 пайыз болса, 2017 жылы - 85,6 пайызға, 2018 жылы 87,9 пайызға ұлғайып отыр. Жыл сайын оқушы саны 10 мыңнан астам балаға артып келеді.
2018 жылы екі мектеп пайдалануға беріледі: Бозарық шағынауданындағы 900 орынды және Сайрам тұрғын алабындағы 300 орынды жаңа мектеп есігін айқара ашпақ.
2018 жылы сатып алуы жоспарланған оқулықтардың 94,4 пайызы қалаға жеткізіліп, мектептерге таратылуда. Ал «Мектепке жол» республикалық акциясы барысында 15 мыңға жуық оқушыға көмек беру жоспарланған. Мемлекеттен бөлінген қаржы есебінен – 9272, ал демеушілер есебінен – 5 500 оқушыға жәрдем берілмек.
– Балабақшалардағы ең басты мәселе – педагогтардың біліктілігі. Жалпы, тәрбиешілер баламен жұмыс істеу қабілеттерін жетілдіруі тиіс. Үш тілді білім беру бағдарламасы бойынша халықаралық білім кеңістігіне ену – бүгінгі күннің талабы. Сол себепті 956 мұғалім тілдік курстарда біліктілігін жетілдірді. Жаңа оқу жылынан бастап 43 мектепте физика, химия, биология және информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Тағы бір жаңалық – қаладағы 3 мектепте IT-сыныптар ашылады, – деді басқарма басшысы.
Жаңа басшы балабақшалардағы ұстаздардың біліктілігін арттыру, білім саласын көтеру, бірыңғай форма бойынша да өз ойларын айтты. Қазіргі заманғы білім беру мәселелерінің қай-қайсысы да мектеп оқушылары үшін өзекті.

Республикалық орталық өкілдері дәріс оқыды

DSC 9633

Жалпы, педагогикалық конференция аясында мұғалімдер заманауи әдістер бойынша дәріс тыңдады. Бірнеше секцияларға бөлінген конференция жұмысында республикалық және халықаралық білім және ғылыми әдістемелік орталық өкілдері өз жаңалықтармен бөлісті.
Мәселен, STEM академиясының директоры Мағжан Қыстаубаев оқушылардың шығармашылық қызығушылығын арттыру, ғылым саласын терең әрі ауқымды зерделеу мақсатында өз жобаларын ұсынды. Әлем бойынша 26 орталық ашылып, жұмысын бастаған. Оның 18-і Қазақстанда. STEM (Ғылым, техология, инженерия және математика) жүйесінің негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық қызығушылығын арттыру, ғылым саласын терең әрі ауқымды түрде зерделеуге баулу. Академия мамандары балаларға өз білімін тәжірибе жүзінде шыңдауды бағдар етеді. Бұл процесс төрт пәннің, атап айтқанда инженерлік, бағдарламалық, робототехника және 3D модельдеу салаларының көмегімен жүзеге асады. Қазіргі таңда пилоттық бағдарлама Астана және Алматы қалаларының мектептерінде жүзеге асырылуда.
«Үш тілділік – уақыт талабы» тақырыбында «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Нұрбол Төлебаев баяндама жасады. Қордың басты мақсаты – мектеп табалдырығындағы жасөпірімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ұлттық дәстүрлер аясында тәрбиелеу, өздерін өзі зияткерлік және адамгершілік құндылықтар негізінде тұлға ретінде қалыптастыруына ықпал ету.
– Лицей оқушылары бір жылда ағылшын тілін қалай меңгеріп алады? Бұл – көпшілікті қызықтырған сауал. Біздің тәжірибемізде 7 сынып оқушысы бір жылда ағылшын тілін 380 сағат оқиды. Бұл шет тілін тез меңгеріп алуына жеткілікті. Маңызды. бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Осы кезге дейін жинаған тәжірибемізбен сіздермен әрдайым бөлісуге даярмыз. Шымкентте ерлер және қыздар лицейі бар. Ағылшын тілін оқушыларымыз қалай үйреніп жатқанын келіп көрсеңіздер болады, – дейді қор өкілі.
Ал Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм дарынды жастарға стипендия тағайындауға қолдау көрсету жайын әңгімеледі. Қазір қорда номиналды гранттар беру, шығармашылық жобаларға гранттар тағайындау туралы бірқатар бағдарламалар бар. Томас Хельм «Германиядағы білімнің ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасады.
Конференция барысында Ғалымжан Сұлтанбекұлы білім саласын дамытудағы айтылған ұсыныстардың бәрі де министрлік тарапынан қолдау табатынын мәлімдеді.
Конференция соңында қаланың бірнеше ұстаздарының еңбектері еленді. Білім беру саласының үздік қызметкерлері қала әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Страница 1 из 38