Үрей мен үмiт

Среда, 20 Июль 2016 05:56

Әлемдік қауiп-қатерлер бiрлесе күш-жiгер жұмсауды қажет етедi

Қорқыныш, үрей, есеңгiреу, дүрлiгу... Өткен аптада әлемде орын алған жантүршігерлік бірнеше оқиға бәрімізді осы сезiмдердiң құшағына ендірді. Үрей емей не дерсіз, 14 шілде күні Францияның Ницца қаласында ұлттық мерекеге арналған отшашудан кейін теракт болып, 84 адам мерт болды. Оның ізін ала, 15 шілденің түнінде Түркияда әскери төңкеріс жасау әрекеті орын алып, 300-ге жуық адамның қаза тапқандығы туралы хабарланды. Ол аз болғандай, азаттығымыздың айғағы болған әсем Алматыда лаңкестердің қолынан бес тәртіп сақшысы мен бір бейбіт тұрғын оққа ұшты. Иә, бұл хабарды естіп, аза бойың қаза болады, жаның түршігеді, көкейде қаншама сауал тізбектеледі. Жазықсыз жандарға қарсы адамдар неге қару кезенеді? Террорлық әрекеттердің сыры неде? Олар неге қатыгездікке барады?

НИЦЦАДАҒЫ ҚАРАЛЫ КҮН
НЕМЕСЕ ҚАУIП ҚАЙДАН ДЕМЕҢIЗ...

Франция десе, көз алдымызға Париж, Эйфель мұнарасы еске түседі. Үшжолақты елді сұлулық символы, романтика мен махаббат мекеніне балайтындар да әлемде аз емес. Осынау көркі көз тартар керемет елде жаға ұстатарлық теракт тіркелді. Оқиға Францияның оңтүстік-шығысындағы теңіз жағасында орналасқан курортты қала Ницца қаласында осы елдің ұлттық мерекесі, яғни, Бастилияны алу күнінде болды. Жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 22.30-да үлкен жүк көлігі Ницца қаласындағы «Променад дез Англэ» жағажайында отшашуды тамашалаған қалың халықты басып, жаншып өте шығады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, халық алдымен жүк көлігі өзінен өзі жүріп кетті немесе оның жүргізушісі есінен танды деп ойлаған. Алайда, барынша көп адамды басып өлтіру үшін жүргізуші халық көп тұрған жерді басып, жылдамдықты арттырғанын білгенде, жапатармағай қаша жөнелген. Кейін анықталғанындай, террорист жүк көлігімен 2 шақырымға жуық жер жүріп, қаншама адамды басып кеткен соң, қарудан оқ жаудыра бастаған. Жүк көлігінің жүргізушісін полиция сол мезетте атып өлтірген. Оның аты-жөні – Мұхаммед Лахуайедж Бухлель, 31 жастағы Ницца тұрғыны, Францияның да, Тунистің де азаматтығы бар болған. Өкініштісі сол, терактіде 84 адам қайтыс болды, тағы екі жүзге тарта адам ауруханаға түсті. Қаза тапқандардың арасында балалар көп. Сондай-ақ, кемінде 54 бала жараланған және терактіде шетел азаматтары, яғни, туристер қаза тапқан. Франция билігі террорлық шабуылдан соң 16-18 шілде күндері жалпыұлттық аза тұтуды жариялады.

terror-4

Ажал құшқандардың арасында Қазақстанның да азаматтары бар болып шықты. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, терактіде 4 қазақстандық көз жұмған, атап айтсақ, Панченко Любовь (1956), Панченко Марина (1983), Панченко Сильвия (2013) мен Отто Наталья (1959) лаңкестіктің құрбандары болды. Олар туристік мақсатта келген екен.
Қазіргі таңда әлемдік саясаттанушылар мен БАҚ өкілдері терактінің себебін, оған кінәлілерді анықтап, жіті зерттеу жүргізіп жатыр. Франциядағы жергілікті баспасөз дерегіне жүгінсек, терактіні ДАИШ өз мойнына алған. Бұл мәліметті DailyMail басылымы да Франциядағы өз дерекөзіне сілтеме жасап хабарлап отыр. Қалай десек те, Ниццадағы теракт адамзат баласына орны толмас өкініш әкелді. Әлемнің көптеген елдері Франция тұрғындарының қайғысына ортақтасып, содырлардың мұндай әрекетін айыптайтынын ашық мәлімдеуде.

ТҮРКИЯДАҒЫ «ӘСКЕРИ ТӨҢКЕРIС»

Күллі Франция аза тұтып жатқанда, бауырлас Түркия еліндегі сұмдық оқиғаның дерегі жер-дүниені шарлап кетті. 15 шілде күні сағат 22.00-00.00 аралығында Анкара мен Ыстамбұл қалаларында хаос орнап, халық әуеде әскери ұшақ, көшеде танктерді көре бастаған. 16 шілде күні шамамен түнгі сағат 02.00 кезінде Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым елде әскери төңкеріс жасауға әрекет жасалғандығы жөнінде мәлім етті.

Жергілікті БАҚ-тың мәлімдеуінше, алдымен әскерилер Түркия спутникті тележелісі мен Doğan Media Group холдингі ғимараттарын басып алған. Оларда CNN Türk телеарналары мен Hürriyet газетінің редакциялары орналасқан. Ресми дерекке сүйенсек, прокуратура Анкарадағы әскери төңкеріс жасау әрекетінің барысында 42 адамның қаза тапқанын айтып отыр. Олардың ішінде жергілікті тұрғындар мен әскерилер бар. Жалпы бүлік салдарынан 300-ге жуық адам қайтыс болып, 1154 адам жарақаттанған. AFP хабарлағандай, Түркия президентінің Анкарадағы сарайына бомба тасталған. Ал Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған бұл кезде Ыстанбұлда демалыста болған көрінеді.
Осыдан соң Түркия Президенті Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайында баспасөз мәслихатын өткізді. Ел Президенті халықты бүлікшілерге қарсылық көрсетуге шақырып, бұл төңкерісті ұйымдастырмақ болған топтар заңның қатаң талаптары бойынша жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Айта кету керек, қазіргі таңда бұл іске қатысы бар 6000-нан астам адам қолға түскен.
Түркиядағы оқыс оқиға қазақстандықтарды да бей-жай қалдырмағаны анық. Себебі, онда елімізден аттанған 2500-ге жуық турист демалып жүрген. Түркиядағы ҚР Елшілігінің мәліметінше, курортты қалалардағы жағдай тұрақты, әйтсе де демалушы қазақстандықтарға қонақүйлерден шықпауға кеңес берілген.
– Қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігімен, Түркияның әуе тасымал саласындағы билігімен байланыс жасаудамыз. Түркияда жүрген отандастарымызға қатысты айтар болсам, біздің консулдықтар тиісті жұмыс атқарып жатыр, шұғыл хабарласу желісі іске қосылған. Егер әуежайлардың жұмысы қалпына келсе, ол жақтағы азаматтар өздерінің рейстерімен аман-есен елге оралады деп сенемін. Қазір шамамен 2500 адам сол жақта, олар бүгін-ертең елге ұшып келуі керек, – деп мәлімдеді осы мәселеге қатысты журналистерге шұғыл брифинг өткізген ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Б.Қамалиев.

АЛМАТЫДАҒЫ АТЫС: ЛАҢКЕСТЕР ҚОЛҒА ТҮСТI

Бiрiнен кейiн бiрi болған әлемдегі жантүршігерлік үрейлі оқиғалар Алатау баурайын да айналып өткен жоқ. 18 шілдеде Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚКД ғимараттарына шабуыл жасалды. Куәгерлердің хабарлауынша, Николь базары, Абай даңғылы мен Байзақов көшесі қиылысында, Абылай хан даңғылы мен Қазыбек би көшесі аумағында белгісіз адам көшеде автоматпен жүгіріп жүріп оқ атқан. Кейін белгілі болғандай, осы атыс салдарынан бір бейбіт тұрғын мен төрт полиция қызметкері, бір шекара қызметкері қаза тапқаны хабарланды. 

12562328

Алматы қалалық терроризмге қарсы күрес бойынша шұғыл штабының ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәлімдеуінше, қаза тапқандармен қатар, жеті адам жарақаттанған. Оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетіліпті. Қазір осы оқиғаға қатысты күдікті бір адам ұсталып, қамауға алынған. Сонымен қатар, лаңкестікке қарсы операция барысында қылмыскердің сыбайласы болуы мүмкін деген күдікпен тағы бірнеше адам ішкі істер органдарына жеткізілді. Қазір олардың қылмысқа қатысы бары-жоғы тексеріліп жатыр.
Қазіргі таңда Алматы қаласындағы сақтық шаралары күшейтіліп, барлық қару-жарақ сататын дүкендер жабылған. Сонымен қатар, Алматыда террорлық қауіптің «қызыл деңгейі» жарияланып, кейін бұл режим алып тасталды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында қаза тапқандардың отбасылары мен туыстарына көңіл айтып, бұл оқиғаны теракт деп бағалады.
Еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматыда шұғыл брифинг өткізіп, Алматыда орын алған оқиғалардың егжей-тегжейін баяндады.
– Атыс кезінде 8 адам, сондай-ақ қолға түсіру барысында қылмыскер жараланды. 3 полицей, 1 шекарашы мерт болды. Соңғысы оның автомобилін тартып алмақшы болған кезде қарсылық көрсетті. Сондай-ақ, әртүрлі деңгейдегі жарақаттармен 6 полицей және 3 жай адам ауруханаға жатқызылды. Бұлардың қатарында қылмыскер де бар, – деді министр брифингте.
Алматыда атыс салдарынан қаза тапқандардың отбасына мемлекет тарапынан 15 млн. теңгеден материалдық көмек көрсетіледі, ал зардап шеккендердің отбасына бес миллион теңгеден беріледі.

САҚТАНСАҢ – САҚТАЙДЫ

terror-1Қазір әлем халқы экстремизммен белсенді күрес жүргізуге бет бұрған. Бұл жаһандық қауіп-қатерге бiрлесе күш-жiгер жұмсағанда ғана істің нәтижелі болатынын өмір көрсетіп отыр. Шындығында, террористік оқиғалардың дүниенің барлық түкпірінде жыл сайын көбейіп келе жатқаны ешкімге жасырын емес. Бірде АҚШ-та, бірде Иракта, бірде Ауғанстанда, енді бірде Ресейде лаңкестік күштер айылын жимай, дүркін-дүркін бейбіт жандарды қырғынға ұшыратып келеді. Осыдан бір ай бұрын ғана Ақтөбе қаласында болған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адам қаза тапқаны белгілі. Енді міне, Алматыда кезекті террорлық әрекет.
Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин журналистерге арнап брифинг өткізіп, Алматыдағы оқиғаға қатысты пікірін жеткізді. Белгілі сарапшы атап өткендей, қазір әлем бойынша «жалғыз содыр» тенденциясы белең алып отыр.
– «Кейбір азаматтар әлеуметтік желі арқылы «бір адамның әрекетінің алдын алуға болмады ма?» деген пікірлерін айтып жатыр. Бірақ, біз «ұйымдасқан топ қауіпті, бір адамның әрекеті қауіпті емес» деп айта алмаймыз. Керісінше, бір адамның немесе кішігірім белгілі бір топтың әрекетін алдын алу әлдеқайда қиын болады. Себебі, олар әрекетін дайындау барысында оны жоспарламайды, қару-жарақты дайындамайды. Тағысын тағы... сондықтан, оперативтік арналар арқылы ақпаратты алдын ала біліп, ондай топтың әрекетін алдын алу қиынға соғады, – дейді Е. Қарин.
Сондай-ақ ол қылмыстық топтармен, сондай-ақ, экстремизм мен терроризмге қарсы күресте қоғам болып белсенді қолдау көрсету едәуір күш бола алатындығын айтады.
– Осы орайда бұл мәселеде көмек ретінде қоғам тарапынан белсенді қолдау көрсетілгені қажет. Мәселен, Facebook немесе WhatsApp сынды әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттар шапшаң тарайтындығын ескерсек, осы әлеуеттің өзін билік мүмкіндігінше өз пайдасына қолданғаны мақұл. Ресми түрде бекітіліп, расталған мәліметті таратуды айтпаған күннің өзінде, бұл желілердің әлеуеті күштік құрылымдардың көмекші құралы бола алатындығы сөзсіз. Яғни, қоғам тыныштығын бұзып жүрген бұзақыға қатысты бағыт-бағдарлар мен қандай да бір ақпараттарды алу арқылы күдіктіні қолға түсіруге әбден болады, – дейді сарапшы.
Қариннің пікірінше, терроризммен күрестің басты алғышарты – жалпы қылмыспен жүйелі түрде күресу. «Мұны мен зерттеулерден білдім. Лаңкестер құқық қорғау органдарының назарына кездейсоқ түседі. Мәселен қару-жарақ, ақша жинау барысындағы қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде кездейсоқ түрде лаңкестік әрекеттердің белгілері назарға түсетін болған. Сондықтан, менің ойымша, қатардағы, қарапайым қылмыстардың алдын алсақ, терроризммен тиімді күрес жүргізген болар едік», – деді ол.

Елбасының кәсіпкерлікті қолдау және дамыту міндеттемесін орындау мақсатында құрылған «ЫРЫС микроқаржы ұйымы» ЖШС-і 2009 жылдан бері несие үлестіріп келеді. Осы жылдар ішінде біздің өңірімізде 12 мыңнан астам жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде 11 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Қаржы ұйымы қандай жобаларға қолдау көрсететінін сұрап, директоры Хилолла Назарметоваға жолыққан едік.

yrys

– Хилолла Бақтиярқызы, «Ырыс» микронесиесіне қалай қол жеткізуге болады, қандай талаптары бар?

– «Ырыс» микроқаржы ұйымы 2009 жылдан бастап жұмыс атқарып келеді. Басты мақсат – пайызы қолжетімді несие беру арқылы кәсіпкерлердің өз істерін ары қарай дөңгелетіп кетуіне жағдай жасау. Оның талаптарына келер болсақ, бірінші кезекте алынатын несиенің қайтарымын қамтамасыз ететін кепіл заты болу керек. Сосын нақты жобасы болу қажет. Алынған несие мақсатты түрде пайдаланылуы тиіс. Бұдан бөлек, несие тарихы, құжаттар толық заңды болу керек. Осы талаптарға сай келетін кез келген жоба иесі несие алуға өтініш білдіріп, 12 миллион теңгеге дейін қаржы ала алады. Негізінен «Ырыс» мекемесінің несиелері әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың өз кәсібін жүргізуіне бағытталған, сондықтан тұрақты жалақысы немесе тұрақты табысы болуы керек деген талаптар жоқ.

– Қандай бағыт бойынша көмектесе аласыздар?

– Несие алғандардың 80 пайызы ауыл-аймақ тұрғындары. Мал, егін шаруашылықтарын ары қарай өрістету үшін несие алып, өз істерін жолға қойған кәсіпкерлер көп. Басым бөлігі мал шаруашылығы, оның ішінде мал басын көбейту, мал бордақылайтын алаңдар мен тауарлы сүт фермаларын ашу, егін шаруашылығы, оның ішінде көктемгі егін егу және жинау жұмыстарын ұйымдастыру, бау егу, әлеуметтік жобалар (балабақша, асхана, спорт кешендері), жылыжай шаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық дақылдарын қайта өңдеу, тұтынушылық тауарлардың өндірісі және қызмет көрсету салалары бойынша жұмыстарын жандандырып отыр. Осындай салаларды дамытқысы келетін кез келген ауыл тұрғыны бізге келіп, өтініш беріп, арзан пайыздық несиеге қол жеткізе алады.

– Несиенің пайызы қанша және қанша мерзімге беріледі?

– Берілетін несиенің жылдық сыйақы пайызы, мерзімі жобаның ерекшілігіне және қандай бағдарлама аясында қаржылатындығына байланысты. «Ырыс» мекемесі жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражаттан бөлек басқа да қаржы институттар арқылы қаражат тартып, облыс кәсіпкерлеріне несие ретінде таратып отыр. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы», «Моноқалаларды дамыту 2012-2020» секілді елімізде іске асырылып жатқан бағдарламар аясында бөлініп жатқан қаражаттарды да несие ретінде беруде. Ал жылдық пайызына келер болсақ, «Ырыс» МҚҰ»-ның өз қаражаты есебінен (жергілікті бюджет есебінен) берілетін несиелер жылдық сыйақы 7 пайызбен, ал сырттан тартылған яғни, басқа қаржы институттар арқылы берілген несиенің жылдық сыйақы пайызы 14-ке дейін, қаржы лизингі - жылдық сыйақысы 9 пайызбен, республикалық бағдарламалар бойынша қаржыландыру – жылдық сыйақы пайызы 7-ге дейін, қаржыландыру мерзімі 5 жылға дейін беріледі.

– Біздің қаламыздың кәсіпкерлері қаншалықты осы ұйымнан қаржыландырылып, қолдау табуда?

– «Ырыс» қаржы ұйымы арзандатылған несиемен ауылдық жерлермен қатар қалада да жобаларды көптеп қаржыландыруда. Мысалы, 2009-2015 жыл аралығында 795 млн теңгеге 205 жоба қаржыландырылған болса, 2016 жылдың алты айында 182 млн теңгеге 38 жоба қаржыландырылды. Қазір қала аумағының ұлғаюына байланысты, несие алуға өтініш бергендердің де қатары артуда.

– «Ырыс» арқылы өз ісін жандандырып жатқан шаруа қожалықтарын атап өтсеңіз.

– Шымкент қаласы бойынша несиені бір емес бірнеше рет алып, өз ісін жолға қойған шаруашылықтар да бар. Несиенің арзан пайызы, төлем кестесінің ыңғайлылығы, оңайлатылған несие шарттары оларға тиімді болып отыр. Атап айтар болсақ жеке кәсіпкер Шухрат Пірімқұлов
2009 жылы несие алып, 30 соттық жерге жылыжай салған болатын. 2013 жылы қайта несие алып, жылыжайын 1,2 га жерге дейін ұлғайтты. Бұдан бөлек, мал бордақылаумен, қымыз өндірісімен айналысып жатқан кәсіпкерлер бар.

– Басым бөлігі қай салада жұмыс жасап жатыр?

– «Ырыс» микроқаржы ұйымы облыс бойынша 2009-2016 жылдар аралығында жалпы құны 19,9 млрд теңгені құрайтын 12 645 жобаны қаржыландырды. Оның ішінде мал шаруашылығын дамыту бағытында құны 14 097 млн теңгені құрайтын 8 100 жоба; жылыжай шаруашылығы бойынша 911 млн теңгеге 262 жоба; егін шаруашылығына 3 660 млн теңгеге 4 мыңға жуық жоба; ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласына 157 млн теңге жұмсалып, 24 жоба жүзеге асты. Әлеуметтік қызмет орындарын ашу, қызмет көрсету саласы бойынша 649 млн теңгеге 212 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, басқа жобаларға 459 млн теңге бөлініп, 115 жоба жүзеге асып отыр.Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 7,8 млрд теңгеден асты. Оның ішінде 80%-ы мал шаруашылығы, 15%-ы егін шаруашылығы, ал басқа да қызмет түрлері 5 %-ды құрайды.

– Балабақша ашу ісіне де «Ырыс» арқылы несие алуға болады дейді?

– Әрине, облысымызда балабақшалардың жетіспеушілігіне байланысты 890 орынға лайықталған 15 балабақша «Ырыс» арқылы берілген несиеге іске асырылды. Осылайша әлеуметтік маңызы бар мәселелелердің шешілуіне аз болса да ықпалымызды тигізіп отырмыз. Сонымен қатар, спорт кешені, наубайхана, асхана, секілді басқа да жобаларды қаржыландырамыз.

– Алдағы уақытта өздеріңізге қандай меже қойып отырсыздар?

– Жергілікті және халықаралық қаржы институттары арқылы қаржы тарту көзделіп отыр. Осылайша шағын кәсіп иелерінің санын арттырып, ел экономикасына үлес қосу. Сондай-ақ, қаржылық нәтижелердің шығынсыз деңгейін қамтамасыз ету, несиелік портфелді ұлғайту, сондай-ақ, кадр саясатын жетілдіру және қызмет сапасын жақсарту – біздің басты мақсатымыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Ә. БЕГІМБЕТ

Әлеуметтiк желi – әлеуеттi күш

Пятница, 15 Июль 2016 06:15

Кеше Шымкенттегі «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінде «Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудағы әлеуметтік желінің маңызы» тақырыбында семинар өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған жиынға қала, аудан әкімдерінің баспасөз хатшылары мен БАҚ өкілдері, блогерлер қатысып, ой бөлісті.

Алдымен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлеген облыста ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде құлағдар етті. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспары аясындағы шаралардың жүзеге асуын баяндап, осы шаралардың мәнін түсіндіруде әлеуметтік желілердің рөлі маңызды екеніне тоқталды.

Ұлтты ұйыстыруда бүгінде әлеуметтік желілер әлеуетті күшке айналғаны рас. Соған сай әрбір әлеуметтік желіні қолданушы қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек. «Қазақстан КВН одағы» президенті Есен Елеукен әрбір азамат әлеуметтік желіде қазақ әріптерімен сауатты жазуы керек деген ойын айтты.
Семинар қорытындысы бойынша талқылынған тақырыпқа қызу үн қосып, белсенділік танытқан қызметкерлер арнайы сертификатқа ие болды.

Тұрғындардың уәжiн тыңдады

Среда, 13 Июль 2016 04:35

Халық қалаулылары өңірлерді аралап жүр. Республикалық бағдарламалардың мән-маңызын түсіндіру, халықтың тұрмыс тіршілігімен танысу үшін ҚР Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев Шымкент қалалық әкімдігінде жерлестерімен жүздесті.

DSC 0361

Кездесуге қала бөлімі басшылары, мәслихат депутаттары, қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Сенатор әуелі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндады. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын жүзеге асырудың тетіктеріне тоқталды.
Әли Әбдікәрімұлы бұған дейін Созақ ауданында, Кентау қаласында халықпен кездескен. Әрі қарай Төле би ауданы тұрғындарының уәжін тыңдауды жоспарлап отыр.

Биыл Астананың еліміздің орталығы болғанына тура 18 жыл толып отыр. Арада өткен осы 18 жылда бұрынғы Ақмола көркі көз тартатын, инфрақұрылымы жаңа, ең биік ғимараттары бар Астана секілді алып қалаға айналды. Зәулім ғимараттары менмұндалап тұрған бүгінгі Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы, сондай-ақ елді біріктірудің басты нышаны. Әсем Астана ЮНЕСКО-ның шешімімен «бейбітшіліктің қаласы» атағын алғаны белгілі. Бұл – елімізге берілген зор баға, қазақстандықтар үшін үлкен мәртебе. Жасыл желегі жамылған, ғимараттары көк тіреген Астана күн санап өзгеруде. Ерке Есілдің бойын жағалай қонған асқақ Астанамыз, ең алдымен Тәуелсіздігіміздің жемісі! Біз, әрбіріміз, мұнымен мақтануға тиіспіз!


Көлiк-логистика саласының дамуы қарқынды

Астанадағы индустриалды парктегі ең ауқымды зауыттың бірі – «Тұлпар-Тальго». Вагон жасап шығаратын кәсіпорын бүгінде жолаушылардың сұранысына орай жатын орындардың ұзындығы 7 см «Турист» деп аталатын жаңа вагондарды жасап шығаруда. Вагон жасау барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы да ескеріліп, үш купе мүгедек жандарға лайықталып жабдықталған. Бұл өзгерістер билеттің құнына әсер етпейді. Биыл жыл аяғына дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясы осындай 149 кең вагонды қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Сапасы жоғары, 50-60 градус аязға төзімді, сағатына 160 шақырым жылдамдықпен жүретін «Тұлпар-Тальго» пойызы бұрын үш күн жүретін жолды екі-үш есеге қысқартуға мүмкіндік алып отыр.

 

3D.astana.kz – виртуалды серуен

«ЭКСПО-2017» қарсаңында халықаралық көрмеге келушілер Астана жайлы көп нәрсе білгісі келетіні сөзсіз. Бұл ретте жуырда ашылған 3D.astana.kz сайты қала қонақтарына елорданың әлеуеті мен күнделікті тіршілігін таныстырып қана қоймай, бас қаланың түкпір-түкпіріне дейін виртуалды серуендеуге мүмкіндік береді.
Сайтта қаланың тарихы, қонақүйлер, сонымен қатар, әуежай және теміржол туралы ақпараттар кеңінен орналастырылған. Ерекшелігі – қаланың әр бұрышына саяхат жасауға болады. Ал, жаңалықтар айдарында дәл қазір елордада қандай іс-шаралар болып жатқаны жарияланып тұрады. Қонақтарға бес жұлдызды мейрамханалардан бастап, хостелдерге дейін таңдау көрсетілген. Қолайлы қонақ үйді тауып, бағасымен келісуге болады. Жалпы, портал сұлулықты сүйетін, қаланың тарихы мен мәдениетін білгісі келетін қауымға арналған.

«Көше мейрамы-2016»

koshe astana

Биылғы Астана күні мерекесінде елорда жұртшылығы асық ату, домбыра-party, алаңдағы караоке сынды ойын-сауыққа белсене қатысып, шат-шадыман әсерге бөленуде. Бұл іс-шаралар «Көше мейрамы-2016» мерекелік бағдарламасы аясында өтеді.

koshe as2

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Астана күніне арналған думан жаңа форматқа ие. Бұрнағы жылдары осы іс-шараның шеңберінде тек Абай көшесі немесе Тәуелсіздік даңғылы ғана насихатталатын.
– Мәселен, кез келген елордалық Сауран, Сығанақ немесе Сарайшық көшелерінің тарихын білмеуі мүмкін. Сондықтан ұйымдастырушылар мұндай ақпараттарды брошюра етіп құрастырып, мереке күні көпшілікке үлестіруде. Жиын барысында көше атауларына қатысты танымдық ойындар, кітап және сурет көрмелері, балалар сайыстары болады, – дейді Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөлімі басшысы Ержан Еңсебаев.
Дүбірлі тойға жиналған қауымның бір бөлігі асық атудың бір бөлігі домбыра-party жарысының, енді бір бөлігі караокенің қызығына кірісіп кеткен.

Еңбек еленген күн

Пятница, 01 Июль 2016 04:42

Осы аптада байланыс және ақпарат саласы қызметкерлері төл мерекесін атап өтті. Сөздің құдіретін сезінген, ақпарат айдынының жаршысы бола білген журналистер, баспа ісінің үздіктерінің еңбегі еленді.
Қаламгерлер – қоғам айнасы. Елдің руханияты мен мәдениетіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосатын да осы сала өкілдері. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов «Grand Holidayhall» мейрамханасында өңіріміздің дамуына еселі еңбек еткен БАҚ қызметкерлерін құттықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

 MG 5453

Бәрі де өз ісінің майталмандары, жас ұрпақты тәрбиелеуде жанкешті еңбек етіп жүргендер. Бұқаралық ақпарат құралдарының көп шоғырланғаны да Оңтүстік өңірі екені белгілі.
Облыс әкімі Б.Атамқұлов пен облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Айтөреев өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени тыныс-тіршілігін белсенді насихаттаған, қоғамдық сананы қалыптастыруға үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсетті.
– Журналистика – қоғамды тәрбиелейтін, оның санасын өзгертіп, өсіретін негізгі күш. Баспасөз бетінде батыл жазатын әр адам құрметке лайық. Қоғамның дамуына да ақпарат саласы өкілдерінің қосар ықпалы зор. Сіздер – Президентіміздің жасампаз идеяларының төңірегіне қоғамды топтастыру, ұлтты ұйыстыруға зор үлес қосып келесіздер. Алдағы уақытта да егемен еліміздің игілігі үшін жемісті еңбек ете берулеріңізге тілектеспін, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Төл мерекелерінде жалпы 100-ден астам қаламгер сый-құрметке бөленді. Атап айтқанда, «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарған ардагер журналист Асхан Майлыбаева мен облыс әкімдігінің фототілшісі Хусан Азизов «Облысқа сіңірген Еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

 MG 5474

БАҚ-тағы Үздік жарияланым аталымы бойынша да марапаттар өз иелерін тапты. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын кеңінен насихаттағандардың қатарында «Айғақ» телеарнасы, ал басылымдар арасында «Жанубий Қозоғистон» газеті үздік шықты.
Биылғы «Алтын қауырсын» аталымы «Южный Казахстан» газетінің тілшісі Алиса Масалёваға, тележурналистер арасындағы «Алтын микрофон» номинациясы «ТВК» телеарнасы директорының орынбасары Ринат Хамидулинге бұйырды.
Журналистерге ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі де берілді. Бұл номинацияның иегерлері – «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының бас режиссері Арыстан Отарбаев пен «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Бекқұлов.
Бұдан бөлек, «Отансүйгіштік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады» атты ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы үздік жарияланымдар мен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Облыстың дамуы фотограф көзімен» фотоконкурсының жеңімпаздарының да есімі белгілі болды.
Мерекелік жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Төлеген, Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері Мархабат Байғұт та құттықтау тілегін арнап, жеңімпаздарға сый-құрмет көрсетті.

13567013 1002323576550648 7784599698153438706 n

Ақпарат саласы – бәсекелестіктің нағыз қайнаған ордасы. Сөз бәйгесінде үздік шыққандардың арасында «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің қызметкерелері де бар. БАҚ саласында еселі еңбек етіп жүрген «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің Директор-Бас редакторы Айгүл Қапбарова облыс әкімінің Құрмет Грамотасын иеленді. «Панорама Шымкента» газеті бас редакторының орынбасары Эльмира Бердіғалиеваға Қазақстан Журналистер одағының Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы үздік жарияланымдар бойынша «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Тағабай Қасымов, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған фотоконкурста тағы бір әріптесіміз Әйгерім Бегімбет жүлдегер атанды. «Панорама Шымкента» газетінің беттеуші-дизайнері Медет Самылтыров та Жұмамұрат Тұяқбаев атындағы арнайы сыйлыққа ие болғанын айта кетейік.
Бүгінде өңірімізде 253 бұқаралық ақпарат құралдары халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның 175-і газет, 48-і журнал, 13-і телеарна болса, ғаламтор бетінде 13-і сайт және әуе толқынында 4 радио жұмыс істейді. Жалпы еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының шамамен 30 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі.

«Мiнсiз қызметi үшiн»...

Среда, 29 Июнь 2016 05:51

Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми БАҚ басшылары мен қызметкерлерінің, соттардың баспасөз қызметінің мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. 

duiseniКездесуде Қ. Мәми: «Заманауи демократиялық және құқықтық мемлекет үшін қоғамның барлық өкілдерін саяси өмірге белсенді араластыру маңызды. Осы ретте БАҚ тұрғындар мен билік арасындағы «алтын көпір» тәріздес. Бір жағынан олар адамдарды толғандыратын мәселелерді айтса, екінші жағынан оларды шешудің жолдарын хабарлайды. Соттардың БАҚ пен өзара іс-қимылының жаңа тұжырымдамасы қабылданды, өңірлерде үйлестіруші-судьялар мен баспасөз қызметтері белсенді жұмыс істеуде. Мұның айғағы үстіміздегі жылы БАҚ-та 53 мыңнан астам материал жарық көрген» – деді. 

Салтанатты іс-шарада Қайрат Мәми БАҚ өкілдеріне құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар тапсырды. Солардың қатарында, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенбиге ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі табысталып, бағалы сыйлық тарту етілді.

«Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалында баспасөз орталығы ашылды. Осыған орай, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болатбек Қыстауов брифинг өткізіп, баспасөз орталығының мақсаты мен міндеттері және филиал жұмысы туралы баяндады. Сонымен қатар, байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері мерекесіне орай, партия жұмысын насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар журналистер марапаттады.

46546

Баспасөз орталығының басты мақсаты – жұртшылыққа партия жұмысының жариялылығын қамтамасыз ету. Онда жыл соңына дейін БАҚ үшін өткізілетін брифингтер мен баспасөз мәслихаттарының жоспары бекітілген. Партия жұмысына тоқталған Болатбек Қыстауов облысымызда «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты бекіткен 9 партиялық жобаның жүзеге асырылып жатқанын және соның аясында биыл 94 нақты іс-шаралардың жүзеге асырылғанын мәлімдеді.
Жиында партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Қыстауов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін төл мерекелерімен құттықтады. Олардың жұмысына сәттілік пен табыс тілеп, «Алғыс хат» пен гүл шоқтарын тарту етті. Құрметке ие болғандардың арасында «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің тілшілері Эльмира Мықтыбаева мен Бейбіт Бейсенбаев та бар.

Страница 13 из 13