Жол сапасын бақылау күшейтіледі Избранное

Пятница, 16 Сентябрь 2022 05:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 950 раз

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық кәсіпорнының Шымкент қалалық филиалы автожол құрылысы мен сапасын бақылау бағытында бірқатар жұмыстар атқарды. Таяуда мекеме басшысы Мұхтар Дүйсембеков қала аумағындағы жолдар сапасының соңғы үш жылдағы жағдайын қорытындылап, есеп берді. Шешімін таппаған бірқатар мәселелерден хабардар етті. Қалада жол инфрақұрылымын дамытуда құрылыс жұмыстары қарқынды. Ендігі ретте жолдардың сапасын бақылау – басты назарда.

142

 

Сынақ зертханасынан 745 сараптама өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін айтқан еді. Жергілікті жолдарды жақсарту жөнінде тапсырма берді.
Шымкент қаласының «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мекемесі 2019 жылы наурыз айында құрылып, жұмысын бастады. Мекеме негізінен 4 бағытта қызмет атқарады. Біріншіден, жол құрылысы, жол жөндеу жұмыстарына сараптама жасау, пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарын сынақ зертханасынан өткізуді жүзеге асырады. Екінші бағыт – диагностикалау. Яғни, заманауи құралдармен жабдықталған жылжымалы жол зертханасы жолдың сапасын тексеріп, қанша уақытқа жарамды екенін анықтайды.
Үшінші бағыт бойынша ведомстволық сараптама жүргізу, яғни, күрделі жөндеу, орташа жөндеу, құрылыс жұмыстарын мемлекеттік сараптамадан өткізеді. Сонымен қатар, биыл мекеме ғылыми жұмыстарға бет бұрды. Бүгінде құрылыс материалдарының сапасын, химиялық құрамын зерттеу уақыт күттірмейтін мәселе.
Мекеме басшысының айтуынша, соңғы үш жылда сынақ зертханасы 745 сараптама өткізіп, 1632 ақауды анықтаған. 2020 жылы 249 рет жол құрылысы сапасы тексеріліп, 1250 ақау анықталды. 1161 жол құрылыс материалдары тексерілсе, оның ішінде 488-і талапқа сай келмеген. Өткен жылы 307, биыл 198 кемшілік-ақаулар тіркелді.
– Әрине, қазіргі таңда жол сапасына қатысты ақаулар саны азайды. Тексеріс барысында бордюрлардың беріктігінің сапасы, бетонның сапасы, жол белгілерінің сәйкес келмейтіні жиі орын алатын. Анықталған кемшіліктер бойынша мердігерге, тапсырыс берушіге, техникалық қадағалаушыға сараптама жазамыз. Олар үш немесе жеті күннің ішінде ретке келтіру керек. Егер жол қауіпсіздігіне әсер ететін болса, ақаулар міндетті түрде сол күні жойылады. Техникалық қадағалаушы мердігер мекемеге ақауларды жөндеткеннен кейін, актіге қол қойып, бізге тапсырады. Біз ақауларды тек қана анықтап қоймай, оның ретке келтіруін де қадағалаймыз, – дейді Мұхтар Манасұлы.
Қалалық «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мекемесінің жол құрылыс сапасын тексеретін өзіндік іс-шара жоспары бекітілген. Мекеме мамандары жол сапасын бақылап қана қоймай, құрылыс компанияларының бетон, бордюр, плита, ирригациялық жүйе және тағы басқа құрылыс материалдарының сапасын сараптайды. Жол белгілері де мекеменің тексеруінен өткеннен кейін қойылады.

Білікті кадрлар даярлау – уақыт талабы

Жол саласында әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. М.Дүйсембеков жол құрылысында кадрлар даярлау мәселесі өзекті екенін айтады. Мәселелердің бәрі білікті кадрға келіп тіреледі. Бұл салада кадр даярлауға жеткілікті көңіл бөлу уақыт күттірмейді.
Шымкент қаласының «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мекемесі тарапынан осы бағытта да бірқатар іс-шара жоспары түзілген. Білім басқармасымен бірлесіп, болашақ жол құрылысы мамандарын даярлау мақсатында 2020 жылдан бастап кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізуде.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Жол-көлік колледжінің студенттеріне болашақ жол мамандарына бағыт-бағдар беру мақсатында меморандум түзіліпті. Тұрақты түрде іс-шаралар өткізіледі. 3 жылдың ішінде 9 студент өндірістік тәжірибеден өткен. Қазіргі таңда М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің түлектері сынақ зертханасында қызмет атқаруда.
2018 жылдың қыркүйек айында Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы жаңадан құрылып, жұмысын бастаған болатын. Бүгінде мекеме тарапынан «Шымкент қаласының жолдарында ауыр салмақты автокөліктерге бақылауды қамтамасыз ету» бойынша бірлескен Жол картасы әзірленіп, жүк көліктерінің қарқындылығына талдау жүргізілуде. Қаланың автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету басты назарда тұрған мәселе.
Қалалық көліктік бақылау инспекциясы тарапынан көлік заңнамасының талаптарын сақтамауға қатысты құқық бұзушылықтар анықталуда. Заң бұзушылықтар негізінен, жүк көліктерінің белгіленген салмақтық және көлемдік тәртіпті сақтамауына қатысты. Ауыр салмақты «Хово», «Шансиман» және тағы басқа жүк көліктері қала жолдарымен белгіленген нормадан артық жүк тасымалдау жағдайлары кездеседі.
«Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау қағидасына» сәйкес, жүк жөнелтуші тасымалдаушыларға тауар-жүк құжатын беруге, жөнелтілетін жүктің массасын анықтауға мүмкіндік беретін таразы жабдықтарын орнатуға және автокөліктерді бағытқа жіберу кезінде салмақтық өлшемдерін сақтауға міндетті. Ал ауыр салмақты жүк тасымалдағаны үшін салынатын айыппұл көлемінің өсуі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 571-бабының 6-тармағында көзделген. Мысалы, артық салмақ 1-5 тоннаға дейін, 5-10 тонна және 10 тоннадан жоғары болып белгіленеді. Артық салмақ неғұрлым жоғары болған сайын айыппұлдың көлемі де арта береді.
Ендігі ретте автожолдарды ауыр салмақты көліктердің бүлдіруіне жол бермеуге тиісті өңірлік көліктік бақылау инспекциясы жұмысты жандандыруы қажет. Олардың қызметкерлерінің санын арттыру және материалдық-техникалық жабдықталуын жеткілікті қамтамасыз ету де күн тәрбіндегі өзекті мәселенің бірі.
Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту, жол сапасын жақсарту бағытында ауқымды іс-шаралар жоспары әзірленген. Қалада биыл 200-ге жуық нысан құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде, жол құрылысы, күрделі жөндеу, орташа жөндеу, магистральды көшелерді күтіп-ұстау бойынша ойық-шұңқырларды жамау жұмыстары тиісті жоспарға сай атқарылуда. Қалада 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрлымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Бес жылдың ішінде қаладағы көшелер 70-80 пайызға дейін жаңарады. Бұл орайда – сапаға көңіл бөлу басты талап. Мердігер мекемелер, құрылыс компаниялары өздеріне бекітілген міндеттемелерді тиісті деңгейде атқаруға баса назар аударса дейміз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.