ТАЛПЫНЫС ТАС ЖАРАДЫ Избранное

Среда, 21 Сентябрь 2022 04:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 666 раз

Өмір болған соң түрлі жағдай мен оқыс оқиғалар болып жатады. Тағдыр тәлкегіне түскен жандар басына қандай қиын іс түссе де, өмірден еш үмітін үзген емес. Сондай жанның бірі – шымкенттік Ербек Мейрамбайұлы. Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада батыр да батыл кейіпкерімізбен әңгімеміз былай өрбіді.

202

 

Ербек Мейрамбайұлының көзі тумысынан нашар көреді. Бала кезінен көзінде катаракта болғандықтан, бірінші топтағы көз мүгедегінің қатарына қосылған. Көру қабілетінен айрылып қалмас үшін жиі ота жасатып, өмірді көзімен көруге ұмтылады.
– Көзім нашар көретіндіктен ауылдағы мектепте оқу қиындық тудырды. Сөйтіп, қаладағы көзі нашар көретін азаматтарға арналған «Үміт» мектеп-интернатына орналасып, білім алдым. Бала күнімнен шығармашылыққа жаным жақын. Білім ұясында әдеби кештерде белсенді болдым. Мектепішілік өтетін конкурстарға қалмай қатысатынмын. Мектепті бітіріп, Шымкенттегі халықаралық гуманитарлық-техникалық университінде «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығын алдым, - дейді Ербек аға.
Көңілінде толқын ойлар тулағанда өлең шығаратын оның «Жас жаным құштар ақ таңға», «Өмірге ғашық жүрек», «Тағдырыма тәнтімін» атты өлең кітаптары жарық көрген. Мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан Ербек Бакиев алдына үлкен мақсат қойып, жетістікке жеткен азамат. Ол тұңғыш рет елімізде зағип тележүргізуші атанып, 2018 жылы «Гиннес» рекордтар кітабына енген.
– 2016 жылы әріптесім Мадина Ермаханова екеуміз «Отырар» телеарнасынан «Ерекше жандар» деп аталатын бағдарлама ашып, тікелей эфирде тағдырлас жандардың жетістігін насихаттадық. Ондағы мақсат әр түрлі санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандармен тілдесіп, олардың атқарып жүрген жұмыстарын, қоғамда жасап жүрген еңбектерін көпшілікке өнеге ретінде көрсету еді. Сол кездің өзінде 100-ден аса кейіпкердің өмірімен танысып, әңгіме өрбіттік, - деген ерекше жан 2015 жылдан бері Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада бөлім меңгерушісі болып еңбек етеді.
– Кітапхана мен телеарнаның арасындағы байланысты нығайту мақсатында ұжыммен «Ізгілік мекені» деген бағдарлама аштық. Ол жерде тек мүмкіндігі шектеулі жандар емес, зиялы қауым өкілдері, қоғамдағы әр түрлі саладағы мамандар, қоғам қайраткерлері, мәдениет, өнер, білім саласындағы жетістікке жеткен белгілі тұлғалармен сұқбаттасамыз. Эфир арнайы кітапханада түсіріліп, телеарнада көрсетіледі. Біздің хабарымыздың қонағы қаншама тағдырлас жандарға шабыт берді, - дегенді алға тартты.
Ербек Бакиев қызмет атқаратын арнайы кітапхананың жарты ғасырлық тарихы бар. Онда жиналатын оқырмандардың басым көпшілігі көз жанарынан айырылғандар және нашар көретіндер. Рухани ордада брайльша әріптермен жазылған кітаптарды оқумен қатар, түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, оларды психологиялық және моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп, өмірге бейімдейді. Бүгінде әр күнін бағалайтын
Ермек аяулы жарымен екі ұл тәрбиелеп отыр.
- Жаратылысыма өкінген емеспін. Осы арқылы бойыма ерекше қасиет пен талант дарыған. Тағдыр болғаннан кейін, кез келген сыйлыққа да, сынаққа да оң көзқараспен қараймын. Өзім секілді тағдырлас, қаламдас жандарға осыны айтқым келеді. Мен үшін – әрбір сәт қымбат, - деді өмірге ғашық Е.Бакиев.

Түйін: Қоғамда дені сау адамдар өмірге өкпе айтып жатады. Жұмыстың жоқтығын, ақшаның аздығын, отбасындағы кикілжіңін, уақыттың аздығын... тағы басқаларын... Ал Ербек Бакиевпен әңгімемізді түйіндегенде, тағдырдың берген сынағына сынбай, алдына келген қиындықты жеңуге бар күш-жігерін салып, еңбек еткен адам ғана жетістікке жететінін ұқтық.