ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ: жеңімпаздар марапатталып, жаңа маусым басталды Избранное

Среда, 21 Сентябрь 2022 04:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 150 раз

Халқымызда «Тәні саудың – жаны сау» деген керемет сөз бар. Денсаулық – әрбір адамның асыл байлығы. Бүгінгі жастардың бұқаралық спортпен айналысу арқылы өз денсаулықтарын нығайтып, рухы мен ерік-жігерін шыңдап жатқанын көргенде дән риза боласың. Өйткені, спортпен айналысу арқылы олар өмірлеріне қауіп төндіретін зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға бейімделеді.

201

 

Иә, Шымкент – халқы жедел көбейіп, экономикасы орнықты дамып келе жатқан заманауи әрі әсем қала. Мемлекет қала жастарының білімді, білікті, мәдениетті, еңбекқор, адал, өнерге де, спортқа да жаны жақын азаматтар болып өсуіне барынша жағдай жасап жатыр. Соның ішінде тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына ерекше көңіл бөлінуде. Ірі кәсіби спорт нысандарымен қоса, әрбір үйдің ауласында спорт алаңдары, «стрит воркаут» алаңдары салынып жатыр. «Артспорт» жобасының жүзеге асырылуының нәтижесінде қаламызда спорт секциялары көбейді. Бүгінде 14 мыңнан астам оқушы спорттың 6 түрімен тегін айналысып жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде Шымкент қаласы тұрғындарының 31 пайыздан астамы бұқаралық спортпен шұғылдануда.
Жастарды спортқа баулу үшін ауқымды шаралар да жиі ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, осы қыркүйек айында алыс-жақын 60 қаладан қонақтар келген, 5 мыңнан астам адам қатысқан «Shymkent Marathon» атты жаппай жүгіру жарысы өткен болса, өткен демалыс күндері Шымкент қаласында «Шымкент жастар лигасы» атты спорттық жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі турнирде мектеп оқушылары спорттың 4 түрі бойынша бақ сынайды. Олар: шағын футбол, волейбол, баскетбол және шахмат.
Жарыстың ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихаттың хатшысы
Бахадыр Нарымбетов және турнирдің демеушісі – ARG компаниясының өкілі Шолпан Мұратқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
–Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңына топтасқан халқымыз Әділетті Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек етуде. Сол Әділетті Қазақстанның жарқын болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың денсаулығы мен Отанына қалтқысыз қызмет етуіне байланысты екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Шымкент жастар лигасы жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді. Спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, ол адамды табандылық пен күрескерлікке баули отырып, ерік-жігерін шыңдай түседі. Бүгінгі жарыста өз мектебінің абыройы мен беделі үшін күресетін жас жеткіншектер ертең ер жеткенде елінің намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болып өсетініне сенімдімін, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

200


Расында Шымкент жастар лигасы – қаламыздағы ең танымал, табысты әрі нәтижелі жобалардың біріне айналып отыр. Ол бүкіл республика бойынша бірегей әрі үздік жобалардың бірі атанып, кең қолдауға ие болды. Үшінші маусымның ашылу салтанда сөз сөйлеген Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов осы жайға назар аударды.
–Бүгінде мемлекет Сіздердің алаңсыз білім алып, денсаулығы мықты, ақыл-парасаты мол әрі бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуларыңызға барынша қолайлы жағдай жасап отыр. Тек спортта ғана емес, ғылымда, өнерде және өзге салаларда жүзден жүйрік атанып, еліміздің абыройын асқақтата берулеріңізге тілектеспін. Бүкіл еліміз Сіздердің болашақтарыңызға зор үмітпен қарауда! Сол себепті баршаңызды тынбай ізденіп, білім алуға, спортпен және шығармашылықпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырамын. Ата-аналарыңыздың, мұғалімдеріңіздің және халқымыздың үмітін ақтап, әрдайым биіктен көріне беріңіздер, - деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Ашылу салтанатында «Шымкент жастар лигасының» өткен маусымдағы жеңімпаздары марапатталды. Атап айтқанда, өткен жылы шахмат бойынша – Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейдің, волейбол бойынша Әл-Фараби атындағы №113 мектептің, баскетбол бойынша – М.Х.Дулати атындағы мектеп-гимназиясының, футбол бойынша – Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның командалары лиганың чемпионы атанған болатын.
Іс-шарада аталған командалардың әрқайсысына су жаңа шағын автобустар табыс етілді. Осылайша «Шымкент жастар лигасының» жеңімпаз командалары өздерінің алтын ұя мектептеріне бағалы сыйлық жасап отыр.
Айта кетейік, «Шымкент жастар лигасы» бүкіл оқу жылы бойына жалғасып, 2023 жылғы мамыр айының соңында мәресіне жетеді. Оған 138 мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысып жатыр.