Версия для печати

ШЫМКЕНТТІҢ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ РЕСПУБЛИКАДА ҮЗДІК АТАНДЫ Избранное

Среда, 28 Сентябрь 2022 04:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 785 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласының жедел жәрдем дәрігерлері Қазақстан бойынша ең үздік атанды. Үшінші мегаполистегі жедел жәрдем станциясының командасы жедел медициналық жәрдем қызметінің республикалық сайысында біліктіліктерін дәлелдеп, жеңімпаз болып отыр.

255

 

Спартакиаданы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Қазақстан Республикасының Жедел медициналық көмек қауымдастығымен бірлесіп өткізген. Қатысушылар алдында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Шымкент қаласының әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
Шымкентте табиғат аясында екі күнге ұласқан байқауға еліміздің барлық өңірлерінен келген 18 команда және өзбекстандық мамандар қатысып, шеберліктерін шыңдады. Медицина мамандары шынайы оқиғаға шұғыл көмек көрсету бойынша сыннан өтті. Оларға әр тапсырма үшін манекендер мен арнайы пациенттер дайындалған.
– Командалар уақыт пен кеңістік шектелген жағдайларда жұмыс істеп, олардың пациенттің өмірін құтқару үшін оңтайлы шешімдер қабылдау қабілеті, медициналық көмекті ұйымдастыру мен көрсетуде тактикалық шешімдер қабылдаудағы сенімділігі, келісімділігі және жеделдігі бағаланды. Бригадалардың жұмысына құрамында медицина саласындағы танымал мамандар бар құзыретті қазылар алқасы баға берді, – дейді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы оқу-жаттығу орталығының жетекшісі Ғұмырбек Ағыбаев.

256


Жедел жәрдем қызметкерлері жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге көмек көрсетіп, аналарды босандырып алды. Бұған қоса суға батқан кезде зардап шегушіні құтқару, балалар реанимациясын жүргізу және жіті коронарлық синдромы бар адамдарды қиын жағдайдан шығару секілді сынақтар болды. Бүкіл кезеңдер медицина саласындағы құзіретті мамандардың бақылауында болды.
Сонымен, спартакиаданың қорытындысында 159,5 балл жинаған Шымкент қаласының командасы үздік бригада болып танылды. Екінші орынды Астана қаласының командасы (159 балл) иеленсе, жүлделі үшінші орын 143 балл жинаған Абай облысының қомандасына бұйырды. Көрермен көзайымы жүлдесі Солтүстік Қазақстан облысының қомандасына берілді.
– Бұған дейінгі спартакиада ковид пандемиясына дейін Астана қаласында өткен болатын. Ал биылғы сайысты Шымкент қаласы тарапынан абыроймен ұйымдастырып, өткіздік. Ауа райы қолайлы болған соң қаланың шетінде, табиғат аясында өтті. Сайыстың бір ережесі – бұған дейін жеңімпаз атанған мамандар қатыса алмайды, – дейді Шымкент қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекова.

259


Шымкент қаласының командасы да жаңадан жасақталған. Ол үшін арнайы дайындық орталығы да бар, өзара сайыс да өткізілген.
– Биыл маусым айында қала күні әрі медицина қызметкерлерінің күніне орай жергілікті жедел жәрдем станцияларының бригадалары арасында қалалық жарыс ұйымдастырдық. Соның жеңімпаздарының арасынан іріктеп, Шымкент қаласының командасы жасақталды. Құрамында бір дәрігер мен екі фельдшер бар. Барлығы жас мамандар, білікті. Осы республикалық спартакиадаға екі ай дайындалдық. Спартакиадаға әр өңір ең мықтыларын алып келді. Дегенмен, біз жеңіске жеттік. Бұл Шымкент қаласындағы жедел жәрдем қызметінің сапасын да көрсететін жетістік екенін мақтанышпен айта аламыз, – дейді Гүлнар Мамытқызы.
Мамандардың айтуынша, шымкенттіктердің жеңімпаздыққа лайық екенін қарсыластары да мойындаған. Оған қоса шетелдік сарапшылар да жергілікті жедел жәрдем қызметін жоғары бағалап отыр. Спартакиада аясында қонақтар қаладағы симуляциалық орталықтың және жедел жәрдем көрсету стансасы сall-орталығының жұмысымен танысқан болатын.
Халықаралық стандарттарға сай жаңартылған 103 орталығы – еліміздегі үздік мекемелердің бірі. 103 қызметіне түсетін қоңыраулардың барлығын диспетчерлер орталықта қабылдап, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылай алады.
Орталықтағы қоңырауларды басқару үшін PRI арнасының үздіксіз байланыс желісі мен спутниктік бақылау жүйесі (GPS) және мобильді интернет технологиясы қолданылады. Ең бастысы, шақыртуға баратын жедел жәрдем көліктерінің барлығы қажет жабдықтармен толық қамтылған.
– Шымкент қаласының медицинасын дамытуда мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Қаладағы жедел жәрдем қызметін үйлестіру жақсы жолға қойылған деп айта аламын. Симулициялық орталықта халықаралық стандарттар бойынша шұғыл көмек көрсету әдістерін тегін толықтай меңгеріп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бар. Бұл оқыту орталығының ерекшелігі – тек медицина мамандары ғана емес, түрлі апатты жағдайдағы шақыртуға баратын төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлер, ұстаздар және басқа сала мамандары шұғыл және өмірге қауіп төндіретін жағдайларда алғашқы көмек көрсету бойынша үйрене алады. Орталықтағы жаттықтырушылар АҚШ кардиологиялық қауымдастығындағы білікті мамандардан тәжірибе жинақтап келген, – дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

258


Өзге өңірден келген медицина мамандары үшінші мегаполистегі жедел жәрдем орталығындағы симулиялық орталықтың мүмкіндігімен танысып шықты. Сондай-ақ, оқыту орталығындағы жаттықтырушыларға сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Басқа аймақтан келген ақ халаттылардың айтуынша, Шымкенттегі 103 қызметінің жұмыс жүйесі жоғары дәрежеде үйлестірілген, өзге өңірлер үшін тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік.
– Біз Германиядан арнайы келдік. Шымкенттегі сall-орталық заманауи үлгіде жабдықталған. Ең бастысы, мұнда техникалық жабдықтар мен цифрлық жүйенің жақсы дамығанын байқадым. Мамандардың жұмыс істеу тәжірибесі жоғары деңгейде, – дейді германиялық «Medical holding» компаниясының директоры Антонио Гуарделла.

257


Айта кетейік, Шымкентте биыл 17 маусымда ашылған симуляциялық орталық Қазақстан бойынша ең ірі орталық саналады. Мұнда барлық мамандықтағы қызметкерлерді алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайындауға, ал медицина қызметкерлерінің кәсіби мүмкіндігінін көтеруге жағдай жасалған. Муляждар командамен жұмыс істеп, мамандар қандай да бір жаттығуды дұрыс немесе бұрыс істегенін көрсетіп тұрады.
– Симуляциалық орталықта жүкті әйелдерге, балаларға және ересек адамдарға арналған жаттығу муляждары бар. Барлығы – 120 автоматты муляж. Біздің орталықты аралаған қонақтар таң қалысты. «Мұндай орталықтар бізге әзірге арман болып тұр. Өз өңірімізде де ашуды сұраймыз» деп кетті. Тура осындай муляждар әр жедел жәрдем станциясындағы арнайы бөлмелерде де бар. Онда шұғыл медициналық көмек көрсетуге дайындалуға жағдай жасалған. Мамандар дайындығын пысықтай алады, – деді Гүлнар Құрманбекова.
Айта кетейік, спартакиада шеңберінде конференция өтіп, онда жедел жәрдем көлігінде пациенттерді тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи тәсілдері, жүрек-өкпе реанимациясындағы заманауи тәсілдер, шұғыл медициналық көмек көрсету кезінде өңірлік және ұлттық деңгейде деректерді беру, ЭКГ дифференциалды диагностикасы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, кезек күттірмейтін көмек көрсетуге арналған халықаралық стандарттар бойынша оқытуға назар аударылды. Осылайша бұл іс-шара тек сайыс емес, жедел медициналық жәрдем қызметкерлері арасында өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретін, шұғыл медициналық көмек көрсету саласындағы табысты үлгілермен тәжірибе алмасу орны болды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.