ETNO SHYMKENT – туристердің назарында Избранное

Среда, 16 Ноябрь 2022 04:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 513 раз

Shym Qala этно ауылында ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін Etno Shymkent фестивалі өтті. Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы ұйымдастырған шараның мақсаты – туристер арасында Шымкенттің танымалдылығын арттыру. Көне қаланың әсеріне бөлейтін осынау игі бастамаға қаладағы 30-ға жуық қолөнер шебері қатысты. Келушілер шеберлердің туындыларын тамашалап қана қоймай, сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

752

 

Қала тұрғындары мен қонақтары алдымен алаңды жүріп өткен «Ұлы Жібек жолы» керуенін тамашалап, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі мен жергілікті өнерпаздардың әндерін тыңдады.
— Бүгін қала тұрғындары мен қонақтарына Жібек жолы бойындағы көне Шымкент қаласын, тұрмыс-тіршілігін көрсеткіміз келді. Бұл іс-шараны жыл сайын ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Біздің киіз басу, домбыра жасау, бесікке салу, тұсаукесер, қыз ұзату дәстүрлерін келушілерге таныстыратын арнайы бағдарлама түзілген. Осындай іс-шаралар арқылы Шымкенттің танымалдылығын арттырып, әрі халыққа есте қаларлықтай әсер қалдыруды ниет еттік, - деді қаланың туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров.
Фестивальде Tary, Jeti tandyr, Bro Shashlyk және MaxPLOV мейрамханалары келушілерге ұлттық және шығыс тағамдарын ұсынды. Сондай-ақ этнодизайнерлердің дефиле шоуы, фото және кітап көрмелері, ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. ЭтноШымкентті тамашалауға келген голландиялық Рензо Костер қазақтың әдеп- ғұрыптарының тәрбиелік мәні жоғары екенін айтып, қолөнер шеберлердің туындыларына тәнті болыпты.
—Отбасымызбен Қазақстанға көшіп келгенімізге төрт жыл болды. Қазақтың үлкенге құрмет, кішіге ізет ұстанымдары, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тойлары маған қатты ұнады. Осындай тәрбиелік мәні зор қағидалар мен қолөнер шеберлерінің бұйымдары қазақ ұлтының ежелден келе жатқан жоғары мәдениетінің айғағы, - дейді шетелдік мейман.
Айта кетерлігі, фестивальде Шымкенттің тарихи, мәдени орындарына саяхаттайтын түрлі туристік маршруттар әзірленіп, олар жайлы ақпарат беретін гид-экскурсоводтар қызмет етті. Туристік автобустар да жолға қойылған.
Жауапты басқарманың мәліметінше, шаһарда әр мезгіл мен мерекелерге арналған іс-шаралар саны артады. Осы жылдың 9 айының экспресс көрсеткіші бойынша Шымкент қаласына 350 мыңға жуық адам келген. Соның ішінде шетелден келушілер саны 25 мыңнан асады. Аталған жоспарлы іс-шараларды өткізу арқылы туристік ағынды арттырып, жыл соңына дейін келушілер қатарын 400 мыңға жеткізу жоспары қойылған.