Жалпы Альянстың қызметі қоғамдағы әйелдердің мәртебесін көтеруге және гендерлік теңдікті дамытуға бағытталған. Соңғы кезде көптеген қыздарымыз еліміздің саяси өміріне кеңінен араласып, белсенділік танытуда. Осы мектептің жұмысы барысында Қазақстандағы әйелдер саясатының қарқыны, олардың орны мен рөлі, Қазақстан әйелдерінің құқықтық деңгейінің сақталуы, халықаралық ұйымдарға қатысуы кеңінен қаралып отыр.
— Әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту қоғамды демократияландырудың маңызды қадамдарының бірі. Бақытты мемлекет бақытты отбасыдан басталады. Ал отбасында ананың орны ерекше. Бүгінде нәзік жандыларды барлық саладан көруге болады. Дегенмен олардың саясатқа араласуы өте аз. Әйелдерге саясатта тең мүмкіндік беру үшін олардың шешім қабылдау деңгейін 50 пайызға арттыру керек. Сол мақсатта осы мектепті ұйымдастырдық, — дейді Альянс төрайымы Жанетта Жазықбаева.
Білім жетілдіруге халықаралық деңгейдегі сертификаттары бар жетекші мамандар тартылады. 35 сағатқа созылатын сабақ барысында іскер әйелдер көшбасшылықты, жеке брендті, іскерлік имиджді, стильді дамыту бойынша жұмыс жасайды. Сонымен қатар психолог маманның кеңесін алып, этикет дағдыларын үйренеді. Әйелдердің қоғамдағы орны мен жағдайын жақсартуды мақсат тұтқан Әйелдер Альянсы қаламыздағы барлық әйелдерді осындай мектептен өтуге шақырады.
Салтанат Жамалдинова