Мегаполистің орталығы саналатын Әл-Фараби ауданы аумағында қар тазалау жұмыстарына «Build Stroi» ЖШС жауапты. Қар күреу жұмыстары 5 бағыт бойынша атқарылып, орталық көшелер, аяқ жолдар және аялдамалардағы қарды тазартуға 35 техника және 185 адам жұмылдырылған.
– Көшелерге бүгінгі таңда 375 текше метр құм-тұз себілген. Негізгі жолдармен қоса үйлердің аулалары мен кіреберістері де қардан тазартылуда. Бұл жұмысты «Жасыл ел» ЖШС атқарады. Жауапты мекеменің 13 техникасы мен 110 жұмысшысы жұмылдырылған, – дейді Әл Фараби ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Мұхтар Тілеуіш. Тиісті жұмыстар Қаратау ауданында да атқарылуда. Аудан аумағындағы орталық көшелерде қар тазалау жұмыстарымен «Жаңа Арна 2002» ЖШС айналысады. Қар жауа бастағаннан аяқ жолдар мен аулаларды тазалауға 160 адам, жалпы 41 техника жұмылдырылған. Орталық көшелерде қар тазалау жұмыстары 10 бағыт бойынша атқарылуда. Техникалық ерекшеліктерге сәйкес, орталық 95 көше және әлеуметтік нысандар орналасқан 73 көше тазартылған.
Ал Еңбекші ауданы аумағында орталық көшелердегі қарды тазалауға «Жасыл-Жер» ЖШС жауапты. Жұмыстар 3 бағыт бойынша атқарылып, қар тазалауға 30 техника мен 220 адам жұмылдырылған. Қар жауғаннан бастап жолдарға инертті заттар 3 рет себілген.
– Аудандағы инертті материалдардың қоры жеткілікті. Күзгі мезгілде қоймаға 5 004 текше метр құм, 386 тонна тұз жинақталған. Бұған қоса аудандағы 330 аялдамаға инертті материал себіліп,
оларда да тазалық жұмыстары жүргізілді. Жалпы, барлық жұмыс аудан әкімдерінің бақылауына алынған, – дейді Еңбекші ауданы әкімдігінің бас маманы Лес Еркебұлан.