Версия для печати

Үшінші мегаполис іскерлік ортаға айналды Избранное

Пятница, 09 Декабрь 2022 05:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1098 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсіміне қатысты. Дәстүрлі байқауда «Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір» санаты бойынша арнайы сыйлық Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке тапсырылды. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының қос бірдей кәсіпорны, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС – «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша алтын «Парыз» сыйлығын иеленсе, «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС – «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша күміс «Парыз» сыйлығына ие болды.

77

 

Мемлекет басшысы бұл конкурстың дәстүрлі өткізіліп келе жатқанын атап өтіп, 2005 жылдан бері шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі үш есе өскенін және қазір ел экономикасының 34 пайызына жуықтағанын айтты.
– Бүгінде осы салада 3,5 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Бұл – еңбек ететін халықтың 40 пайызы деген сөз. Тағы бір жетістік: былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты рекордтық көрсеткішке – жиырма миллиард долларға жетті. Осы жылдың соңына дейін жалпы құны 2 триллион теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент алдағы жеті жылда кәсіпкерлік белсенділікті шектейтін барлық кедергіні жоюға күш салынатынын айтып, бизнесті өркендету үшін нақты шаралар қабылдана беретініне тоқталды.
– Үкімет бизнестің дамуына кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау жөнінде ауқымды жұмыс жүргізді. Экономиканың түрлі саласында жаңа реттеу саясатына сай келмейтін 6,5 мыңнан астам талап анықталды. Енді Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, заңнамаға және нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістерді жедел енгізуі керек. 2024 жылдың басынан бастап жаңа тәсілдерге іс жүзінде көшуіміз қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бизнесті негізсіз және шектен тыс бақылауға, қылмыстық қудалауға жол беруге болмайды. Кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден қорғауға, қылмыстық процеске заңсыз тартуды болдырмауға бағытталған кешенді шаралар қазірден бастап қолға алынып жатыр.
– Биыл 6 мыңнан астам кәсіпкер жалпы құны шамамен 700 миллион теңге болатын заңсыз айыппұлдан босатылды. Заңсыз салынған 1 200 тыйым салу және шектеу шарасының күші жойылды. Кәсіпкерлерге қатысты заңсыз іс-әрекеті үшін мыңнан аса лауазымды тұлға жауапқа тартылғанын атап өткен жөн. Әр алтыншы іс қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмауына байланысты тоқтатылды. Биылдан бастап азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша қылмыстық іс қозғауға тыйым салынды. Сонымен қатар өткен жылдардың оң нәтижесіне сүйене отырып, ұсақ және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийді тағы бір жылға созу жөнінде шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа қол қойылды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент елімізде шынайы индустрияландыру үшін қолайлы орта қалыптастыру ісі дәйекті түрде жүргізіліп жатқанын атап өтіп, «Өнеркәсіптік саясат туралы» арнайы заң қабылданғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл құжат жоғары және орташа өңдеу деңгейіндегі өнім өндірушілерге кең көлемде қолдау шараларын ұсынады. Алайда заңның кейбір нормаларының қолданысы әлі күнге дейін «кібіртіктеп тұр».

– Қазақстандық өндірушілер отандық шикізаттың қолжетімді емес екеніне жиі шағымданады. Ірі тау-кен, металлургия кәсіпорындары өңделген өнім шығарғаннан гөрі ресурсты сыртқа тасығанды қолайлы көреді. Осылайша қазақстандық өңдеу өнеркәсібіне шикізат қолжетімділігі төмен. Бұл кабель өнімдері, аккумулятор, алюминий бұйымдар мен басқа да жоғары өңдеу деңгейіндегі тауарларға қатысты. Үкімет әр арыз-шағымды қарастырып, қажет жүйелі шараларды қабылдағаны жөн. Қайталап айтамын, уақытша емес, жүйелі шаралар керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент агробизнес экономикалық дамудың тағы бір қозғаушы күшіне айналуға тиіс екенін атап өтіп, оның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік инфляциясы үшін стратегиялық маңызы бар сала екеніне тоқталды. Сондай-ақ, күзгі жиын-терін науқанын сәтті аяқтаған шаруаларға ризашылығын білдірді.
– Фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету міндетті түрде жалғасын табады. Биылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке алу үшін берілетін қаржының көлемі 40 миллиард теңгеге көбейді. Соның нәтижесінде диқандарымыз бір мыңнан астам қосымша техника алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, егін егу және оны жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі екі есе артты. Ал диқандарға жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай өнімдерінің көлемі 820 мың тоннаға дейін өсті. 2023 жылдан бастап көкөніс өнімдерін шығару үшін фермерлерге алдын ала, яғни, форвардтық несие беру бағдарламасы іске қосылады. Осы мақсатқа шамамен 100 миллиард теңге қаржы бөлінеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент, сонымен қатар, келесі жылдан бастап «Парыз» байқауының жеңімпаздарын анықтау кезінде қосымша талаптар болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға үлес қосу. Яғни, мемлекет пен бизнестің азаматтар алдындағы ортақ борышы.
Атап өтсек, Шымкент қаласында экономиканың басым секторларына инвестициялар тарту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып, жағдай жасалып отыр. Соңғы жылдары бизнесті жүргізу шығындарын азайту, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, салық және тариф саясатының сапасын арттыру жөніндегі шаралар кешені іске асырылды. Қазіргі таңда Шымкентте жалпы ауданы 886 гектар болатын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Олар – «Оңтүстік» индустриялық аймағы (аумағы – 337 гектар), «Тассай» индустриялық аймағы (89 гектар), аумағы 92 гектарды құрайтын сауда-логистика орталығы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы (225 гектар) және «Ордабасы» жеке индустриялық аймағы (143 гектар).
Осы алаңдарда қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен
Еуропа, Орталық Азия елдері,
Түркия, Қытай, Оңтүстік
Корея, Өзбекстан сияқты елдердің 250 жобасы іске асырылуда. Өнеркәсіптік аймақтардың толымдылығы 90 пайызды құрайды.
Бұған қоса, 749 гектар алаңда тағы 4 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда, онда корпоративтік табыс салығын, жер салығын, мүлік салығын, импорттық тауарларға ҚҚС төлеуден, кедендік баждардан босату сияқты жеңілдіктер қарастырылған.
Шымкент – барлық институционалдық, климаттық және географиялық жағдайларға ие және елдегі азық-түлік қауіпсіздігі барынша қамтамасыз етілген шаһар.
Бүгінде қалада Қазақстан Республикасының Үкіметі әлеуметтік маңызы бар өнімдерге жатқызған азық-түлік тауарларының барлық түрі өндіріледі. Ендігі міндет – азық-түлік тауарларын өндіру мен экспорт көлемін ұлғайту. Осыған байланысты «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағының инженерлік желілері жүргізіліп,132 гектар аумақта ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеуге арналған құрылыс жүргізілуде.
Сонымен қатар, қолданыстағы сауда-логистика орталығы кеңеюде. Барлық тауарды қабылдап-жөнелтудің, жеткізудің нәтижесінде логистикалық орталық еліміздің оңтүстік өңірі бойынша ірі хаб болуға мүмкіндігі зор. Орталықтың Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік магистралінің бойында, кешенді жүк қабылдайтын әуежай мен теміржолдың жанында орналасуы логистика бойынша Шымкент қаласын ең қолайлы өңірге айналдырып отыр.
Одан бөлек, кәсіпкерлер мен инвесторларға консультациялар, сүйемелдеу, мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету мақсатында «Бір терезе» қағидаты бойынша «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-офисі жұмыс істейді.
Қала әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық жобалар мен проблемалық мәселелерді қарайтын, сондай-ақ, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсететін қалалық инвестициялық штаб құрылып, бүгінге дейін 30 штаб отырысы өтті. Онда 300-ден астам инвестициялық жоба қаралып, тиісті шешім тапты. Жалпы Шымкентте 104 мыңнан астам белсенді кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуде. Кәсіпкерлік саласында 189,4 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,7 пайызға өскен.
Өндірілген өнім көлемі 737,9 млрд теңгені құрап, 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,5 пайызды құрады.
Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 38,9 пайызды құрады. Мұның барлығы кәсіпкерлік саласын қолдаудың нәтижесінде жүзеге асырылуда.
«Іскер қала» іс-шара жоспары аясында биыл «Даму» қоры арқылы 94 жобаға қолдау көрсетілді. Аталған жоба аясында тоқтап тұрған кәсіпорындар жанданды. Мысалы, «Трубмашхолдинг» ЖШС базасында 2022 жылы алғашқы өндірістік парк ретінде «Silkway Alliance» алаңы пилоттық жоба ретінде іске қосылса, «Асыл
Арман Қазақстан» ЖШС аумағында жаңа өндірістік алаң қайта жаңғырды. Осының негізінде 15 шағын кәсіпкерлікке өндірістік алаң қарастырылатын болады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.