300 БАЛА ПРЕЗИДЕНТ ШЫРШАСЫНА ҚАТЫСАДЫ Избранное

Пятница, 23 Декабрь 2022 04:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1597 раз

Шымкент қаласында «Балалар жылын» өткізуге байланысты қала әкімімен 7 бағыт бойынша 84 іс-шара жоспарланып, оны жүзеге асыруға 44,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева баяндап, балалар жылын қорытындылады.

135

 

Аталған жоспар қаладағы білім беру ұйымдарындағы 395 628 баланың сапалы білім алу, оқу-тәрбие жұмысындағы тәрбиелік құрамды күшейтуге, ерекше және ата-анасыз қалған балалардың денсаулығын жақсартуға, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғауға, инфрақұрылымды, балалар өнеркәсібін дамытуға, балалардың қауіпсіз дамуы үшін жағдай жасауға бағытталған.
Осы жоспар аясында атқарылған жұмыстардың негізгілеріне тоқталар болсақ: 41 мектеп, 30 балабақша пайдалануға берілген. «Өнер мектебі» мен «Оқушылар сарайының» құрылысы басталып, 5 мекеме күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар 6 мектепке спорт алаңшалары орнатылып, қаладағы мектептер 100 пайыз типтік үлгідегі спорт алаңшаларымен қамтылған. Биыл мектептерді интерактивті тақталармен қамту үлесі 32 пайыздан 85 пайызға артып отыр.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерге 100 пайыз бақылау жүйесі, турникет, дабыл батырмасы және мамандандырылған күзет қойылған. Балалар жылы аясында балалар ауруханасының да материалдық базасы толығымен жаңартылып, қосымша 3 бөлімше, онкогематология, интервенциялық кардиология, нейрохирургия ашылды. Тәрбие, отбасылық және адамгершілік құндылықтар бағытында да көптеген игі іс-шаралар өткізіліп, «Бақытты жанұя» атты 2 отбасын қолдау орталығы ашылып, халық игілігіне жұмыс жасап жатыр.
Сонымен қатар, қаланың бас ұстазы баспасөз мәслихатында техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бағытында орындалған жұмыстарға тоқталып, 2023 жылда атқарылады деген істерімен бөлісті.
Жанат Арысбекқызының айтуынша, 2023 жылы мектеп бітірушілерді тегін техникалық және кәсіптік білім берумен 100 пайыз қамту, колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп оқытудың ұзақтығын қысқартып, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, бітіруші 3 кәсіп меңгеріп шығу, студенттердің шәкіртақысын көбейту, жатақханалар салу, тегін тамақтандыру сияқты жоспарлар іске асады екен. Брифинг барысында жаңа жылдық іс-шараларды өткізу, балалардың қысқы демалысын ұйымдастыру мәселесі де айтылды.
– Жаңа жылдық шырша мерекесі оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады. Мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінде жаңа жылдық шырша қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, білім мекемесінің қабырғасында өткізіледі. Ата-аналардан түрлі мақсатта ақша жинауға, пиротехникалық құралдар пайдалануға, аниматорлар шақыруға, кафе, ойын-сауық орталықтарында іс-шара өткізуге тиым салынады, - деді Жанат Тәжиева.
Балалар жылы қарсаңында дәстүрлі Президент шыршасына қаламыздағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан, сонымен қоса спортта, шығармашылықта, қоғамдық жұмыстарда түрлі жетістікке жеткен 300 бала қатысады деп жоспарланып отыр.

С.ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.