ҚАЗЫҒҰРТ, ҚҰРСАЙ, АҚЖАР... ТЫНЫСЫ КЕҢЕЙЕДІ Избранное

Среда, 11 Январь 2023 06:04 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 940 раз

Статистикалық мәліметтер бойынша, Шымкент халқының саны 1 млн 200 мыңға жуықтады. Халық қолайлы өмір сүруде жаңа мектептер мен балабақша, емхана, көлік жүйесі мен инжинерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету үшін бесінші ауданды құру қажеттілігі туындап, Тұран ауданы құрылды. Жаңа ауданның құрылуына байланысты бірқатар өзгерістер орын алды.

608

 

Қазіргі таңда қаладағы Абай, Еңбекші, Әл-Фараби және Қаратау аудандарының аумақтарына да өзгеріс енгізіліп, бірқатар шағынаудандар жаңадан құрылған Тұран ауданының аумағына өтті. Тұран ауданының әкімі болып Боранбай Булатбеков тағайындалды.
–Жаңадан құрылған Тұран ауданында халық саны – 220,7 мың. Аумағы 36,3 мың гектар, яғни шаһардың 32 пайызын құрап отыр. Ауданға қазір 21 елді мекен кіреді. Осы елді мекендердің 16-сы Абай ауданынан бөлініп отыр. Олар: Арғымақ, Ақжар, Айкөл, Ақтас, Ақтас-2, Агропром, Жаңаталап, Қазығұрт, Құрсай, К.Маркс, 112 орам, Нұршуақ, Самал -1, №3, №4 және №8 шағын аудандары кіреді. Ал Наурыз, Отырар, Спорт, Кіші Самал және Түркістан шағынаудандары Әл-Фараби ауданынан қосылды, - дейді аудан әкімі Б.Булатбеков.
Аталған өзгерістер өзге аудандарға қатысты болып отыр. Мәселен, бұрынғы Қаратау ауданына қарасты Достық, Ақжайық, Қайнарбұлақ (саяжайы), Асар-2, Асар, Шым-сити, Бозарық шағынаудандары енді Абай ауданына қосылды. Ал, Қаратау ауданынан Еңбекші ауданына Шапағат, Мирас-2, Солтүстік-Шығыс және Тараз шағынаудандары өтті.
Сонымен қоса, Еңбекші ауданындағы Теріскей, Сайрам, №15, 16, 17, 18, 11 және Күншығыс, Шымкентстрой шағынаудандары енді Әл-Фараби ауданы аумағына енді. Ал Еңбекші ауданы Қаратаудағы Исфиджап, Орманшы тұрғын алабтары мен Азат шағынауданы, Әл-Фарабиден 195 ораммен толығып отыр.
–Қазір ауданда жалпы 533 орталық және ішкі орамдық көше мен 39 357 тұрғын үй бар. Оның ішінде 526-сы көпқабатты үй. Сонымен бірге, 25 мектеп, 18 балабақша, 6 колледж, 6 денсаулық мекемесі және 5 саябақ орналасқан. Ауданда инфрақұрылым жүйесін оңтайлы шешу үшін 9 секторға бөлінді, - деп атап өтті Боранбай Нығметұлы.
Жыл басталғалы Тұран ауданы әкімдігі жұмыстарын бастап кетті. Елді мекен тұрғындарымен кездесу, оларды толғандырған мәселені тыңдап, шешімін табуға атсалысу да негізгі міндеттің бірі. Б.Болатбеков бүгінге дейін Қазығұрт, Құрсай және Ақжар шағынаудандарында болып, тұрғындарды толғандырған мәселелерді зерделеуде. Аудан әкімінің сөзінше, құрсайлықтар мемлекеттік жүйедегі электр қуатын тағатсыздана күтіп отыр.
–Шағынаудан белсенділері мен қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу барысында Құрсай шағынауданының тұрғындары жекеменшік трансформатордың сапасыз жарығына шағымдарын жеткізді. Елді мекенді сапалы электрмен қамту мақсатында электр бағаналары орнатылған. Жақын арада мемлекетттік жүйедегі электр желісі іске қосылып, тұрғындар сапалы жарыққа қол жеткізеді. Ауыз су құрылысы да өткен жылдың соңында аяқталды, қазір тұрғын үйлерге кезең-кезеңімен су беріліп жатыр, - деді аудан әкімі.
Жаңа ауданда тұрғындарға қажетті инфрақұрылымдық жүйелерден бөлек, салауатты өмір салтын ұстануға, бұқаралық спортпен айналысуға жағдай жасау міндеті тұр. Тұран ауданының әкімі елді тиісті басқармалармен бірлесіп, әлеуметтік нысандарды құруды жоспарлап отыр.
– Тұрандағы барлық елді мекеннің орталығы ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен қамтылған. Ендігі кезекте, халық санының өсуіне орай жаңақұрылыстың аумағы кеңейіп, инфрақұрлым тарту жұмыстары жүруде. Мұндай игі істер қала әкімінің бақылауымен кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Десе де, тұрғындардың мәдени тынығуына да жағдай жасауды ұмытпау қажет. Тұрғындармен кездесу барысында мәдениет пен демалыс ортасын қалыптастыру ұсыныстарын талқыладық. Пікірлесу нәтижесінде Қазығұрт, Құрсай мен Ақжар шағынаудандарына мәдениет үйі, спорт алаңшалары, балалардың ойын алаңы және гүлзарлар құру ұсынысын мақұлдадық, - дейді аудан әкімі.
Айта кетсек, Тұран ауданы әкімдігі Байтулы баба 12А мекенжайда орналасқан. Әкімдікте жалпы штатында 34 орын қаралса, бүгінге дейін 11 маман қабылданыпты. Қалған орындарға конкурстық іріктеу өткізіліп жатыр.