Қала әкімі Мұрат Әйтенов Оқушылар сарайы білім алушы жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін ортақ алаңға айналатынын жеткізді. Премьер-министрдің орынбасары құрылыс жобасымен жіті танысып, оң бағасын берді. Сондай-ақ нысанның өндірістік кестеге сай тапсырылуын, сапасын қадағалауды жеткізді. Бүгінде Шымкент сити аумағында «Конгресс-Холл» ғимараты салынып жатыр. Жұмыс сапары барысында А.Көлгінов үшінші мегаполистің мәдениетін көтерудегі маңызды орталықтың құрылыс басында болды.
Бұдан кейін вице-премьерге «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында Шымкентте салынатын 25 мектептің жоспары таныстырылды. Жаңа форматтағы ғимараттар қалада үш ауысым мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.
Шымкентте Президент тапсырмасы шеңберінде медициналық мекемелер де салынатын болады. Премьер-министрдің орынбасары пандемия кезінде іске қосылған инфекциялық ауруханада болды. Қазір қалада 315 төсек-орындық жалғыз балалар ауруханасы жұмыс істеп тұрғаны ескеріліп, инфекциялық аурухананың ғимаратын балалар ауруханасының балансына өткізу бойынша тиісті жұмыстер жүргізіліп жатыр.
Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде 12 перинаталдық орталық салу жоспарланған. Солардың бірі Шымкентте салынады. А.Көлгінов нысанның жоспарлау жұмыстарын биыл аяқтауды тапсырды. 2026 жылы қолданысқа берілетін орталық Ақ жайық шағынаудандында бой көтереді.
Бүгінде мемлекеттік органдар алдында Президент бастамасымен қолға алынған ұлттық жобаларды сапалы жүзеге асыру және әлеуметтік жобалардың құрылысын уақтылы аяқтау міндеті қойылып отыр. Бұл мәселелер Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.