«Шымкент-Цирк» шақырады! Избранное

Пятница, 17 Февраль 2023 04:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1016 раз

Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамы — қазақ елі үшін орны ерек мереке. Айтулы мерекеге «Шымкент-Цирк» ұжымы жаңа леппен дайындықты бастап кетті. Ұжымның шығармашылық ырғағы өз кемерінен асып, хас шеберлердің шабытына қанат бітіргендей. Күнделікті жаттығу, физикалық және атлетикалық тренингтер, жаңа қойылым дайындау, таңғажайып трюктерді меңгеру — өнер ордасының қалыпты көрінісі.

19

 

Цирк көрермендері жаңа бағдарламадан не күтеді?! Дрессура өнерінің шебері Әбдімүтәлі Серікбаев 1 жасқа толмаған қонжықты үйретіп, жаңа қойылымын дайындап жүр. Ал, Нұржан Кәмілалы мен Ердәулет Игенбеков бастаған акробаттар цирк манежінде биікке шаншылған мачтаға асқан ептілікпен өрмелеп, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйламақ. Серіктестердің бір-бірін сезінуі, акробаттар — И.Исмаилов, К.Руденко, А.Ирисметов, М.Кәмілалының батутта биікке секіруі еріксіз таңқалдырады. М.Брагин, Б.Ережепов, А.Мәркен, С.Өскенбековадай хас шеберлердің топтық жонглерлік ойыны, көз ілеспес қимылы, қолдарындағы алма-кезек ауысып жатқан булаваларды санауға мүмкіндік бермесі анық. А.Тағайбек тәуекелге толы нөмірін, ал С.Мұстафиннің жетекшілігіндегі жас акробаттар «серіппелі тақтайлар» қойылымын шыңдап жүр. А.Сайрамбай әуенмен әуеде қалықтаса, Ш.Сұраншиев, А.Көпбаев, М.Толебаева, Л.Юсупова, З.Мелехина тепе-теңдік сақтаудың теңдессіз үлгісін паш етпек. Балетмейстер Н.Халықбердиеваның жетекшілігіндегі бишілер, ат құлағында ойнаған шабандоздар да цирк өнерін тамашалауға келген үлкенді-кішілі көрермен қауымға эмоционалдық серпін, рух сыйлайтыны анық. Ал, джаз бағытындағы 25 кісілік оркестр өнерпаздарымыздың әр қойылымын әсем әнмен, түрлі эмоцияға жетелейтін сазбен сүйемелдеп отырады. Біздің әр көрерменіміз жаңа бағдарламадағы кішкентай жаңалықтың өзі табандылықпен, тәуекелмен, жаттығумен, ащы термен келетінін түсінеді.

16


Әрбір жылға жаңа бағдарламамен қадам жасар алдында, өткен жолымызға шолу жасап, есеп беру — әрбір өнер ұжымының қағидасына айналған. «Шымкент-Цирк» ұжымы өткен жылы шабандоздарымыздың «Ұлы дала салтанаты» картинасымен «Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалінің алтын жүлдесін иеленді. Цирк мақтаныштары И.Рахманқұлов пен А.Тағайбек Дубайда өткен халықаралық «ЭКСПО» көрмесінің мәдени бағдарламасында өнер көрсетіп қайтты. Улан-Баторда өткен форумда Ш.Сұраншиев пен М.Төлебаева үздік деп танылса, жонглер шебері С.Анарбеков ресейлік атақты Г.Эрадзенің циркінде өнер көрсетіп, Жапониядан бері турне жасап келе жатыр. Нұржан Кәмілалы бастаған акробаттар аса қауіпті «Семафор» аттракционымен Орталық Азия, Тәжікстан мен Өзбекстанда өнерлерін ипаш етті. Сондай-ақ, Қырғыз мемлекеттік циркімен меморандум аясында өткен жылы 1 ай Бішкекте табысты өнер көрсетті.
«Шымкент-Цирк» мекемесінің директоры Нұрлан Ыдырысұлы, режиссер Сұлтан Сраилов, бас мамандар мен өнерпаздар әрдайым ойларын ортаға салып, өнердің идея қазанында қайнатып барып, көрермен қауымға ұсынып келеді. Цирк ұжымы жаңа бағдарламадан бөлек, қалалық мәдени-көпшілік іс-шараларға да атсалысады. Биыл Наурыз мерекесі аясында «Шежіре күні» іс-шарасын толыққанды цирк ұжымы атқарады.
Біз барша цирк жанкүйерлері мен көрермендерін Ұлыстың ұлы күні — әз-Наурыз меркесіне арналған жаңа бағдарламамызға шақырамыз! Әлемді мойындатқан өнерпаздарымыздың өнеріне сіз де куә болыңыз, көзі қарақты көрермен!

Шоқан СЕРІКҰЛЫ,
«Шымкент-Цирк» мекемесінің бас үйлестірушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.