Версия для печати

Отызында «Алтын алқалы» ана атанған Избранное

Четверг, 09 Март 2023 04:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 788 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Отыз жасында «Алтын алқалы» ана атанып, отбасының берекесін арттырып отырған жас келіншектер некен саяқ. Ал, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Гүлбану Таласбаева — бала тәрбиесі мен тұрмыстың тіршілігін ұршықтай иіріп отырған алтын құрсақты ана.

311

 

Гүлбану Құрбанәліқызы Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тумасы. Мектепті бітіріп, Шымкент әлеуметтік педагогикалық университетінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша білім алған. Сол жылдары шымкенттік Бауыржан Өмірзақұлымен көңіл жарастырып, 2009 жылы Жұмабаевтар әулетінің босағасын аттаған.
— Мен үлкен әулетке келін болып келдім. Әрбір жас келіннің басынан өтетін жағдай ғой, жүрексініп, алғашқыда қорқыныш болғаны рас. Алайда, анамыз 5 ұл, 3 қыз өсірген ардақты ана еді. Жолдасым 8 ағайындының кенжесі. Апам өте жанашыр, балажан кісі болатын. Отасқан алғашқы 4 жылда ата-енем, қайын аға-абысыныммен бірге тұрдық. Қарашаңырақта 3 перзентім дүниеге келді. Тұңғышым Әселдің есімін әжесі өзі қойып, бауырына басты. Кейбір жас ана алғашқы сәбиін дүниеге әкелгенде тәжірибесінің жоқтығынан көп қиналып жатады ғой. Алайда, апамның арқасында тұңғышымның қалай өсіп, бұғанасы бекігенін де байқамай қалдым, – дейді Гүлбану.
Әңгіме барысында Гүлбану ибалы келін екенін әрекетімен де дәлелдей түсті. Енесі марқұм Несіпкүл ананың есімін тікелей атамады. Бұл өз анасы Әзиза Өмірбаевадан алған өнегесі, жастайынан бойына сіңірген тағлымды тәрбиесі деп білдік.
— Алланың ісі ғой, апамыз көзі тірісінде бөлек үй болғанымызды көргісі келген екен. Араға жыл салып анамызды ақтық сапарға шығарып салдық. Әсел, Еділ, Әйгерім қарашаңырақта дүниеге келді. Төрт жылдан аса уақыттан соң, атамыз бізге еншімізді беріп, үлкен үйден бөлек шықтық. Жолдасым — құрылысшы, бесаспап азамат. Самал шағын ауданынан жер телімін алып, екі қабат үйдің іргетасын қаладық. Жаңа баспанамызға кірген жылы Сұлтанымыз дүниеге келді, - дейді кейіпкеріміз.
Сұлтан — бүгінде Мансұр, Айзере мен Бейбарыс есімді өзінің соңынан ерген бауырларына қамқор аға. Балалардың алды 7 сынып оқыса, кенжесі балабақшаға барады. Анасы қыздарды түрлі қолөнер мен ән, би үйірмелеріне, ал ұлдарды спорттық секцияларға жаздырып қойыпты.
— Тұрмысқа шыққалы бала тәрбиесі мен үйдің тіршілігі өз мойнымда. Отағасы қанша балажан болса да, ер баланың тәрбиесіне қатал қарайды. Себебі, ер азамат өзіне жауапкершілік ала алатын, ісіне жауапты, сенімді тұлға болып қалыптасуы тиіс деген принципті ұстанады. Ал, қыздардың тәрбиесі, оларды еңбекке баулу — менің жауапкершілігімде. Бала күнімізде анамыз кітапханадағы жұмысын да, үйдің тірлігін де тындырымды істейтін. Әкемізден ерте айырылған соң, біртуған бесеумізге тапсырманы бөліп тастап, үй жинау, кір жуу, бақшаға егін егіп, оны күтіп-баптауда жанына алып жүретін. Мен осы жастайымнан көрген тәрбиемді өз балаларыма қолданып жүрмін. Себебі, еңбекпен өскен, қолынан іс келетін адам өмірге бейім келеді. Үйіміздің алдындағы ауланың жерін тыңайтып, жаз бойы тұтынатын жеміс-жидек, көкөністі өз бақшамыздан жинап аламыз. Қыстық банкамызды да осы өнімнен жабамыз. Үлкен төртеуі сол бақша жұмыстарында жанымда жүреді. Бірі шөбін жұлып, екіншісі түбін қопсытып, суын құйып баптайды. Мақтап, еркелетіп те, қажет кезде ширатып та аламыз. Бұл таңнан кешке дейін теледидар мен смартфонға байланып өскеннен пайдалы деп есептеймін, – дейді Г.Таласбаева.
Қарапайым ғана келіншектің бойынан қазақ қыздарына тән қайсарлық пен аналарына тән даналықты көріп, қуанып қалдық. Үйдің іші мұнтаздай таза, интерьері де үйлесімді. Үй ішіндегі бөлме гүлдері де ішкі интерьерге сән беріп тұр. Ал, балалардың заттарының ұқыпты орналасқаны мен жинақылықты көріп, көп балалы отбасы дегенге бір көргеннен сенбесіңіз анық.
— Гүл өсіруге құмармын. Әсіресе, бөлмеге фикус, лимон ағашы, гибискус (Қытай розасы-авт.) секілді діңі мықты, тал типтес гүлдерді өсіремін. Ал, күн жылына үйдің айналасына түрлі дала гүлдерін отырғызып, баптағанды ұнатамын. Ал, асханаға келсек, балаларым есейе бастаған соң, кондитерлік тәттілер пісіруге құмартып жүрмін. Қысқа мерзімді курсқа қатысып, торт пісірудің технологиясын үйрендім. Бұйыртса, жаңа тәттілердің рецептісін ойластырып, кондитерлік қырымды дамытсам, хоббиімді кәсібіме айналдырсам деген ниетім бар, – дейді Гүлбану Құрбанәліқызы.
Кейіпкеріміздің әңгімесінен ана өсиетіне деген адалдықты, тазалықты көріп тәнті болдық.
— Үй тірлігіне қанша пысық болсам да, келін ретінде апам мен абысындарымның үйреткені көп. Апамның «Біреудің ала жібін аттамаңдар, Үлкенді құрметтеп, адал болыңдар. Ағайынның ауызбірлігін сақтап, біріктіретін әйел. Сондықтан абысын-ажын тату жүріңдер» деген өсиеті әрдайым жадымда жаңғырып тұрады. Ата-анамыздың даналығына, жолдасымның отбасы алдындағы жауапкершілігіне сенгендіктен болар, қай перзентіміз дүниеге келгенде де, қорқыныш болған емес. Өмір болған соң, қызығы мен қиындығы қатар жүретіні анық. Тек екі жас бір-бірінің жақсысын асырып, жаманын жасырып, бір-біріне демеу бола білгенде ғана іргетасы берік отбасы құрылатыны анық. Ал, әрбір әйел келген әулетінің ұрпағын жалғастырып, шаңырағының шырақшысына айналса игі, - дейді ол.
Перзенттерін өсіріп, тәрбиелеуде ешкімге алақан жаймай, адал еңбек, маңдай терімен тапқан табысын жұмсап, отбасының берік қамалына айналған Бауыржан Жұмабаевтың әкелік жауапкершілігіне риза болдық. Сананы нарық билеген заманда көп балалы болуға қорықпай, етегіне берген баласын тәрбиелеп, нәзік жандыларға бұйыртқан Алланың аманатына адалдық танытқан Гүлбанудай жас аналарымыз көбейе берсін деп тіледік.