Версия для печати

ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТУДА – КӨШ БАСЫНДА Избранное

Пятница, 17 Март 2023 05:56 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 971 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Былтыр республика аумағында 2,1 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Ал, Шымкентте өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 70 мың шаршы метрге жетіп, жылдық жоспар асыра орындалған. Пайдалануға берілген тұрғын үй бойынша Шымкент қаласы көш басында тұр. Бұдан бөлек, биыл шымкенттіктерді баспаналы ету мақсатында тұңғыш рет өңірлік бағдарлама қабылданды. Баспана алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар туралы тарқатып айтсақ.

505

 

49 752 адам баспана кезегінде

Шымкент қаласында тұрғын үйге түрлі санат бойынша 49 752 адам кезекке тұрған. Оның 1928-і ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, 10 556-сы көпбалалы отбасы санатына жатады. 17 297 адам халықтың әлеуметтік әлсіз тобы бойынша тіркелген. 19 943-ы мемлекеттік қызметші, бюджеттік ұйым, әскери қызметші санатымен тіркелсе, 28 азаматтың баспанасы апатты деп танылған. Үй кезегіне тұру ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңымен реттелгендіктен жоғарыда көрсетілген санаттарға жатпайтын азаматтар тіркеле алмайды.
Қазіргі таңда халықты баспанамен қамтуда ашықтық маңызды. Сондықтан республика көлемінде тұрғын үй алу кезегі бірыңғай электронды нұсқада kezekte.kz электронды порталы арқылы іске асырылады. Кезекке тұруға азаматтар ЭЦҚ арқылы өтініш беріп, сол портал арқылы кезегін бақылай алады. Тұрғындарды баспанамен қамтуда бірнеше бағытта мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. Айталық, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «2-10-20» (Бақытты отбасы)», «5-10-20» (Шаңырақ) және «2-20-25» және жұмысшы жастарға арналған «Жастар бағдарламасымен» қаншама тұрғын баспанаға қол жеткізді. Шымкенттіктер үшін жағымды жаңалық, биылдан бастап «Қамқор» өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама арқылы Шымкент қаласында 150 адамды тұрғын үймен қамту жоспарланған. Өңірлік бағдарламаның ерекшелігі тұрғын үй кезегіне тұру бойынша санаттарға жатпайтын азаматтарға жеңілдетілген пайызбен ипотекалық несие беру қаралады.
Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, 2022 жылы 748 отбасы арендалық баспанамен қамтылған екен. Биыл 324 отбасына жалдамалы пәтердің кілті табысталғалы отыр. Ал, жұмыс істейтін жастар санатындағы азаматтарға кезекке тұрмай-ақ баспаналы болу мүмкіндігі бар. Өткен жылы 857 жасқа жалдамалы пәтердің кілті табысталса, 2023 жылға 888 жасты баспаналы ету жоспарланып отыр.

Бағдарламалардың бағыты қандай?

Биыл Шымкентте мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы саны 2833 пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде 1621 пәтер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жеңілдетілген несиелік бағытта үлестіріледі. Бұл тұрғын үйлер «2-10-20 Бақытты отбасы» «5-10-20 Шаңырақ» және «5-20-25» несиелік бағдарламалары бойынша «Отбасы банк» арқылы тапсырылады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына тұрғын үй кезегіндегі «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сонымен қатар І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар қатыса алады. Осы жылы аталған бағдарламамен 474 отбасыға пәтер кілті табысталады. Ал, «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы бағыты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде кезекке тіркелген кез-келген азаматтың өтінім беру мүмкіндігі бар. Биыл осы бағдарлама арқылы 71 отбасы пәтерлі болмақ.

504


«5-20-25» – тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына кіреді. Бұған үй кезегінде тұрғандар да қатыса алады. Ол бойынша пәтер ақысының 10 пайызын жинап, 20 жылға дейін ипотека рәсімдеуге болады. Несие мөлшерлемесі – 5 пайыз. Биыл осы бағдарлама шеңберінде 1076 отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие. Одан бөлек, қазір қалада 1080 несиелік пәтерлер құрылысы да жүргізіліп жатыр.

«Қамқор» — өңірлік бағдарлама

Елімізде үйге кезекке тұру мүмкіндігі болмаған азаматтарды баспанамен қамту — өзекті мәселе. Осыны ескере келе, Шымкентте 2023 жылдан бастап өңірлік «Қамқор» бағдарламасы іске қосылды.
Аталға бағдарлама қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Қатысушыларға қойылатын бірнеше талап бар. Өтініш беруші соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрғылықты мекенжайда тіркеуде болуы, соңғы бес жылда иелегінде үйі болмауы керек. Енді қай санаттағы азаматтар қатыса алады дегенге келсек, БАҚ қызметкерлері, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, энергетика саласының қызметкерлері, ЖОО оқытушылары, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері қатыса алады. Бүгінде білім және денсаулық сақтау саласының кейбір мекемелері жекеменшік нысанға ауысқандықтан, ондағы қызметкерлер тұрғын үй кезегіне тіркеле алмайды. Сол үшін жекеменшік нысанда еңбек ететін қызметкерлер де өңірлік бағдарламаға арқылы үйге қол жеткізуге мүмкіндік беріліп отыр.
Бұл бағдарлама арқылы берілетін займның ең көп мөлшері 20 млн теңгеден аспайды. Өңірлік бағдарламада Шымкент қаласы аумағында салынған үйлерді алуға болады. Қазір «Отбасы банк» осы өңірлік бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарын бастап кетті.
«Қамқор» бағдарламасы үшін қала бюджетінен 3,0 млрд.теңге қаржы қаралып, «Отбасы банк» арқылы жылына кем дегенде 150 азаматты несиелендіруді көздеп отырмыз. Бұл орайда несиенің ең жоғары мөлшерлемесі 20 млн теңгеге дейін. Пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз, бастапқы жарна 10 пайыз, несиенің максималды мерзімі – 25 жылға дейін. Тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан алу мүмкіндіктері қаралған», - делінген қалалық тұрғын үй басқармасының хабарламасында.

533 азаматтың өтінімі мақұлданды

Шымкент тұрғындарын жергілікті бюджет есебінен баспанамен қамту шаралары да өз нәтижесін беріп келеді. Баспана кезегінде тұрып, өздері жалдамалы пәтерді паналап жүрген отбасыларды қолдау мақсатында жалдау ақысының 50 пайызын субсидиялау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Субсидиялауға қала бойынша 2373 азамат өтінім берген болса, оның 533-і мақұлданып, келісімшарт түзілген. Бұл субсидияға 4 санат бойынша адамдар қатыса алады. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, I, II топтағы ерекше жандар және ерекше бала асырап отырған отбасылар қатысады. Алдымен үй иесімен жалдау шартын түзіп, Шымкент қаласы, Бейбітшілік көшесі, 3 үй мекенжайындағы Amanat партиясы ғимаратының бірінші қабатында «Отбасы банк» менеджрлері осы мәселе бойынша сұрақтарға жауап беріп, құжат қабылдайды.
Бұған дейін субсидияға өтінім берушілер арасында зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақылары жан басына шаққандағы күнкөріс деңгейінен асуына байланысты азаматтар субсидиядан тыс қалған жағдайлар кездесетін. Бүгінде жергілікті билік тарапынан ұсыныстар беріліп, ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту Министрінің бұйрығына зейнетақы, жәрдемақылар есепке алмау жөнінде өзгерістер енгізу жобасы қаралып жатыр. Осы тұста, банктерге берешегі (қарызы) бар азаматтардың дербес шотының бұғатталуынан өтінім беру мүмкіндігі болмаған еді. Осы мәселе де өзгеріс енгізу арқылы өз шешімін табатын болады.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы орган тарапынан әлеуметтік әлсіз отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй сертификаттары қарастырылған.

63 миллион теңгенің сертификаты қаралған

Тұрғын үй сертификаты – ипотекалық бағдарлама және тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны болып табылады. Бұл сетрификат белгілі бір санаттарға жататын азаматтарға беріледі.
Олар – мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар. Сонымен қоса, Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, сертификат берілетін азаматтар санатына қалалық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады.
Өткен жылы 58 отбасыға 43 млн теңгенің сертификаты берілсе, 2023 жылы 72 азаматқа 63 млн теңгенің сертификаты қаралған. Тұрғын үй сертификатының қолдану мақсаты айқын. Ол ипотекалық несиемен пәтер алу кезінде үй құнының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу мақсатында қолданылады. Яғни, тұрғын үй сертификаты жоғарыда көрсетілген санатқа жататын, төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға әлеуметтік көмек немесе әлеуметтік қолдау ретінде беріледі. Тұрғын үй сертификатын алудың өз талап-шарттары бар.
«Заңда көрсетілген талап бойынша, өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің әрқайсысының соңғы 6 ай ішіндегі табысы биылғы қаржы жылына заңнамада белгіленген айлық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспауы тиіс. Айта кету керек, 2023 жылғы күнкөріс мөлшері 70 000 (жетпіс мың) теңгені құрайды. Қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы банктің хаты» - делінген тұрғын үй басқармасы келтірген мәліметте.
Жылдан-жылға халық саны артып отырған Шымкентте баспанаға сұраныс та жоғары. Үй кезегіне тіркелгендердің өсу динамикасына назар салсақ, өткен екі жылда 7,5 мың адамға көбейген. Мәселен, 2021 жылы тұрғын үй кезегінде 42 269 адам болса, 2022 жылы 6,5 мың тұрғын қосылып, 48 603-ке жеткен. Ал, биыл кезекке тіркелгендер саны 49 752 болып тұр. Жыл сайын пайдалануға берілетін пәтер саны 3 мыңға жуықтайды. ҚР Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігі баспанамен қамту және тұрғын үй кезегіне тіркелу жөнінде орталық база құруды Парламент Мәжілісіне ұсынып отыр. Министрлік орталық база құру арқылы азаматтардың баспаналы болуын жеделдетпекші. Жоба бойынша азаматтар тұрғын үй кезегіне тұру үшін әкімдікке барудың қажеті жоқ. Оған қоса баспанаға мұқтаж жандар өз статусын дәлелдеп әлекке түспейді. Қалың кезектің қозғалмай кейінгілердің аяқасты алға жылжып кету фактілерінің көбеюінен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді тию үшін бір терезе әдісімен жүзеге асып, пәтер екі кезек бойынша үлестіріледі. Кредиттік тұрғын үй балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Бұл ретте табыстары қажетті балл санын қамтамасыз ету үшін жеткілікті жинақтауды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарды қолдау мақсатында қосымша балдарды енгізу жоспарланып отыр. Яғни, адами факторды болдырмау үшін үй кезегіне тіркеуді әкімдіктен алып, «Отбасы банкіне» беру ұсынылған. Мәселе халықтың да, банктің де жағдайына жайлы шешілер деген сенім мол.