«1 маусым – Халықаралық балалар күні» мерекесі қарсаңында Еңбекші ауданында 70-тен астам балаға демеушілер есебінен сыйлық табысталды. «Жеңіс» саябағында ұйымдастырушылар ерекше кеш ұйымдастырып, мерекелік дастархан да жайды.
–Мереке қарсаңында қайырымдылық іс-шарасын жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырамыз. Биыл 76 балаға қажеттіліктер бойынша ойыншықтар, мектепке қажетті құралдар, азық-түлік себеттері мен сәбилерге жаялықтар берілді. Бұл қажеттіліктермен аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен асыраушысынан айрылған жандар қамтылды, - деді Іскер әйелдер кеңесінің Еңбекші аудандық филиалының төрайымы Нилюфар Сайдуллаева. Оның айтуынша, шымкенттік кәсіпкер әйелдер қайырымдылық шараларына белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Әрбір мерекеде 18-20 отбасына көмектеседі.
Қала тұрғыны Луиза Мұрсатова мерекелік кешке 5 қызымен келген. Үлкені 17 жаста, 2 қызы мектепте оқыса, кішкентайы 2 жаста. – Өзім ауруханада еден жуушы болып, күйеуім құрылыста жұмыс істейді. Бүгін игі шара үшін демеушілерге алғысымды білдіремін. Балаларға арнайы концерт ұйымдастырып, аниматорларды шақырыпты. Қыздарымның жүзінен бақытты көрдім, - дейді ол.
Атап өтсек, мерекелік шара барлық аудандарда ұйымдастырылып жатыр.