Табандылық пен еселі еңбектің жемісі Избранное

Пятница, 02 Июнь 2023 04:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1083 раз

Үшінші мегаполисте мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Шымкент жастар лигасы» турнирі мәресіне жетті. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған жарыста шымкенттік оқушылар спорттың 4 түрі бойынша, атап айтқанда, футбол, баскетбол, волейбол және шахматтан өзара бақ сынасып, үздіктерді анықтады.

200

 

Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жарыстың жүлде қоры 80 миллион теңгені құрайды. Атап айтқанда, лигада әр спорт түрі бойынша чемпион атанған командаларға әрқайсысының құны 20 миллион теңгені құрайтын 4 шағын автобус табыс етілді. Шағын автобустар Шымкент қаласындағы ірі компаниялар мен кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы алынған.

Турнирдің финалдық ойындары Шымкенттегі реконструкциядан өтіп, қайта жаңартылған «Металлург» стадионында өтті.

Футбол бәсекесінің финалдық матчы — турнирдің ең тартысты әрі қызықты сәтіне айналды. Ақтық сында қаладағы №47 және №80 мектептің жас футболшылары өзара бақ сынады. Терезесі тең ойында №47 мектеп оқушылары басым түсіп, «Шымкент жастар лигасының» чемпионы атанды.

201


Ойындардан кейін турнирдің салтанатты жабылу рәсімі ұйымдастырылып, онда жүзден жүйрік атанған жүлдегер және жеңімпаз командалар марапатталды. Марапаттау рәсімінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сөз сөйлеп, жас спортшыларды жеңістерімен құттықтады.

—Біз дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Шымкент жастар лигасы» турнирінің жабылу салтанатында кездесіп отырмыз. Жарыстың барша қатысушыларын, жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шын жүректен құттықтаймын! Сіздер жеңіс тұғырына көтерілу үшін қанашама уақыт жаттығу жасап, табанды түрде еңбек етіп, тер төктіңіздер. Бұл жеңіс – сол табандылық пен еселі еңбектің жемісі. Тек жарыс жолында ғана емес, үлкен өмірде де әрқашан жеңімпаз атанып, еліміздің үмітін ақтайтын азамат болып өсе беріңіздер, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

—Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі» деп жас ұрпаққа зор сенім артқан болатын. Осы орайда жастардың сапалы білім алуына, өнер мен кәсіп үйренуіне, бұқаралық спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды.

202


Бұл ретте қала әкімі, әсіресе, мектеп оқушыларының спортпен айналысуына бүгінде барлық мүмкіндіктер жасалып отырғанын алға тартты.

— Соның айғағы ретінде бүгінгі «Шымкент жастар лигасы» атты жобаны айта аламыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын республикада алғашқы болып «Шымкент жастар лигасы» атты осы бір бірегей жобаны бастаған болатынбыз. Бұл жоба сәтті жүзеге асып, мектеп оқушыларының, мұғалімдер мен ата-аналардың үлкен қолдауына ие болғанын көріп отырмыз. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл турнир арқылы жастарымыздың бұқаралық спортқа деген қызығушылығы артты. Мыңдаған балаларымыз саламатты өмір салтын ұстануға бет түзеді, – деді М.Әйтенов.

Шаһар басшысы биыл лигаға 6 мыңнан астам оқушының қатысқанын, бұл аталған турнирдің бұқаралық сипат алғанын көрсететінін атап өтті.

—«Шымкент жастар лигасы» жас өрендерімізді патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге ықпал етеміз деп ойлаймын. Себебі, спортты жанына серік еткен адамның денсаулығы мықты, жан-дүниесі таза, ерік-жігері берік әрі рухы биік болады. Мұндай жастар күні ертең ер жеткенде Қазақстанның намысын қорғайтын, еліне адал қызмет ететін азамат болады деп сенеміз, — М.Әйтенов.

Қала әкімі турнирдің финалдық ойындары реконструкциядан өтіп, қайта жаңғырған «Металлург» стадионында өтіп жатқанына ерекше тоқталып, Шымкенттің талай жылдық тарихына куә болған бұл стадионның енді заманауи талаптарға сай етіп қайта жаңартылғанын атап өтті. Оның айтуынша, осының өзі мемлекеттің жастардың спортпен алаңсыз айналысуына қолайлы жағдай жасап жатқанын көрсетеді.

204


—Тек спортпен ғана емес, жастардың сапалы білім мен саналы тәрбие алып, денсаулығы мықты, ақыл-парасаты мол әрі бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуларыңызға барынша қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің де, қоғамның да басты мақсатына айналған десек артық айтқандық емес. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қазақ елі Сіздердің болашақтарыңызға зор үмітпен қарап отыр!
Олай болса, Сіздер барынша терең білім алуға, спортпен және шығармашылықпен айналысып, үлгілі азамат болып қалыптасуға тиіссіздер, – деді Мұрат
Дүйсенбекұлы.

Тоқсан ауыз сөздің түйінін тарқатып айтар болсақ, «Шымкент жастар лигасында» шахмат бойынша — Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейдің, волейбол бойынша — А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназияның , баскетбол бойынша – М.Х.Дулати атындағы №8 гимназияның, ал, футбол бойынша — Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның командалары лиганың чемпионы атанды.
Турнир аясында спорттық бәсекелермен қатар мектеп оқушыларынан құралған фан-клуб командалары арасында да сайыс ұйымдастырылған болатын. Жарыстың салтанатты рәсімінде осы сайыста үздік атанған мектеп командалары да марапатталды.

203


Жеңімпаздарды Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласы маслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов және турнирдің демеушілері мен қаламыздың танымал спортшылары марапаттады.

Айта кетейік, жарысқа Шымкенттегі 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты.

Последнее изменение Пятница, 02 Июнь 2023 09:10