Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар тақырып аясында баяндама жасап, коммуналдық қалдықтарды басқарудағы өзекті мәселелерге тоқталды. Қала басшысы жауаптыларға шетелдік компаниялардың тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытын салу ұсыныстары бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева жаңа жұмыс орындарын құру жоспарының орындалуын баяндады. Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында биыл 56 962 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, осыған дейін 32 300 адам қатысып, жоспар 57 пайызға орындалып отыр.
Барлығы 26 482 адамды іске асырылып отырған тұжырымдамалар, даму бағдарламасы және азаматтардың жеке бастамасымен құрылған жаңа жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру жоспарланған, нақты 13 102 адам жұмысқа орналасқан. Қала әкімі сала басшысына жұмыспен қамту шараларын тиісті басқармамен бірлесе атқарып, инвестициялық жобаларда құрылатын жаңа жұмыс орындарына жергілікті азаматтарды тартуды ұйымдастыруды тапсырды.
Жиында жылу маусымына дайындық шаралары пысықталып, өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылданды. Аудан әкімдеріне халыққа қолайсыздық туғызатын жағдайлардың алдын алу бойынша тапсырма берілді.
– Әр әкім өз ауданындағы жағдайдан хабардар болып отыруы керек. Қай жерде қандай жұмыс атқарылып жатыр, қай жерде қандай проблема бар, үнемі қадағалауы керек. Аудан аумағындағы кез-келген жағдайға жауапты болуы тиіс, – деді Ғабит Сыздықбеков.
Сондай-ақ, мәжілісте тұрғын үй қорын жаңғырту бағытындағы жұмыстарды жүргізуге қатысты да сала басшысына нақты тапсырмалар берілді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі