Агломерация асуы Избранное

Пятница, 20 Май 2016 04:22 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 7029 раз

Шымкент халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталығына айналуда

Өркениеттің көшіне ілескен ел тұрғындары бүгінде қолайлы өмірді қаладан іздейтіні аян. Осы мақсатта «қалалық» атануға ниетті азаматтардың қатары көп. Енді бірер жылда Шымкент қаласының халық саны 1 миллион адамға жетпек. Бұл тұрғыдан алғанда, экономикалық һәм әлеуметтік әлеуеті тұрғысында ел аумағындағы үшінші қала атануға қабілетті Шымкент қазіргі таңда урбанизация үдерісінің тап ортасында тұр.


Өңiрдi дамытудың өрiстi қадамы

shymkent-2

Ресми деректерге сүйенсек, Шымкентте жыл сайын орта есеппен 18 мың сәби дүниеге келеді. Бұдан бөлек, орта есеппен алғанда, 6,5 мың адам қалаға қоныс аударады. Осылардың есебінен, қаланың орташа демографиялық өсімі жыл сайын 3 пайызды немесе 15,3 мың адамды құрап отыр.
Әлеуметтік даму барысын зерттеушілердің болжамы бойынша, 20-30 жылдан кейін Қазақстандағы ауыл мен қала тұрғындарының арасалмағы 65-35 пайызды құрауы тиіс. Қазір бұл көрсеткіш Ресейде – 72, Беларусь, Украина, Арменияда – 70, АҚШ-та – 90 пайызға тең. Осы орайда, еліміздегі бірқатар ірі қалаларды агломерациялық орталыққа айналдыру міндетін белгілеген ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында келешегі зор қалалар қатарына Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент шаһарларын жатқыза отырып, Үкіметке елді мекендер шоғырын (агломерация) дамыту жөнінде арнайы бағдарлама қабылдау жайын тапсырған болатын.
Агломерация – экономикалық, мәдени және тұрмыстық жағынан бiр-бiрiмен тығыз байланысты қалалар мен елдi мекендердiң шағын аумаққа топталуы, шоғырлануы деген ұғымды бiлдiредi. Бұл негiзiнен индустриалды дамуы қарқын алған аймақтарға қолданылатын тәсiл. Iрi қалалардың төңiрегiне топтастырылған елдi мекендерде бiрiншi кезекте өнеркәсiп орындары, яғни еңбек ресурстарын дамытумен қатар бiлiм, мәдениет, әлеуметтiк мәселелердiң қат-қабат дамуына үлкен мән берiледi.
Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ірі шаһарлар маңында алып агломерациялар пайда болды. Қазіргі кезде бүкіл Жапонияның жалпы жер көлемінің оннан бір бөлігі, ал халқының үштен бір бөлігінен тұратын Токио қаласының бүгінгі тынысы талайларға таңдай қақтырады. Токиодан Осакаға дейін 700 шақырымға созылып жатқан «Үлкен Токио» мегаполисі әлемдегі ең алып қала құрылысы саналады. Аумағы 70 мың шаршы шақырым, маңайында 60 миллионнан астам тұрғыны бар Токайдо мегаполисіне 8 префектура мен 87 қала кіреді.
Еуропадағы аумағы 11 мың шаршы шақырымды, халқы 13 миллион адамды құрайтын «Үлкен Лондон» мегаполисінде 34 серік-қала бар. «Үлкен Париждің» де аумағы 12 мың шаршы шақырымға, ал тұрғыны 12 миллион адамға жетеді. Одан кейінгі орындарда Рейн-Рур конгломераты (аумағы 7110 шаршы шақырым, халқы 11 миллион), «Үлкен Нью-Йорк» (7272 шаршы шақырым, халқы 19 миллион), «Үлкен Лос-Анджелес» (аумағы 88 мың шаршы шақырым, халқы 17 миллион) агломерациялары түзілген. Құрамына 50-ден астам қала енетін, аумағы 13 мың шаршы шақырым, халқы 14 миллион адамды құрайтын Мәскеу агломерациясы да аумағын жыл сайын ұлғайта түсуде.


Шымкент агломерациясының әлеуетi зор

shymkent-1

Елiмiз бойынша Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Ақтау қалаларында агломерацияларды дамыту арқылы өңiрлiк және әлемдiк нарықтармен ықпалдастырылған ұзақ мерзiмдi экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру мiндетi тұр. Бұл өз кезегiнде ауылдарды дамытуға, бәсекеге қабiлеттiлiгiн және халықтың экономикалық әлеуетi мен қоныстандыруды ұтымды ұйымдастыруға, өңiрлердi қаржылық қолдауға септiгiн тигiзетiнi сөзсiз.
Агломерация аумағы өңiрдiң негiзiн құраушы орталықтан көлiкпен қатынағанда 1,5 сағаттық қашықтықта орналасқан елдi мекендер мен қалалардың шекарасын есептеу негiзiнде қалыптасады. Яғни, Шымкент агломерациясының ықпал ету аймағына Арыс қаласы, Бәйдiбек, Түлкiбас, Қазығұрт, Төлеби, Ордабасы және Сайрам аудандары да ене алады.
Бүгінде Шымкентті еліміздегі үшінші қалаға айналдыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынуда. Бас жоспарға сәйкес, қаланың шекарасы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайды. Яғни 2,9 есеге өсті. Өз кезегінде, Шымкент агломерациясы төңірегіндегі аймақтың экономикалық және әлеуметтік жағынан өркендеуіне үлкен ықпалын тигізді. Бұл бағытқа «Шымкент-Арыс», «Шымкент-Бәйдібек», «Шымкент-Қазығұрт», «Шымкент-Ордабасы», «Шымкент-Сайрам», «Шымкент-Төлеби», «Шымкент-Түлкібас» аумағы еніп отыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральды көлiк дәлiзiнiң «Шымкент – Ташкент» тас жолы бағытын iске қосу жоспарына орай, Шымкент агломерациясына қосымша Сарыағаш ауданын да қосу жоспарлануда.
Күні кеше облыс басшысы Бейбіт Атамқұловтың алдында Қазақстан үкіметінің «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстар туралы баяндама жасаған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала агломерациясының тиімді факторларын да атап көрсетті. Нақты айтқанда, ауыл шаруашылығы, сауда-саттық саласы жүйелі жолға қойылған Сайрам, Төле би, Ордабасы аудандарының қалаға жақын орналасуы бірінші тиімділік болып саналмақ. Бүгінгі күннің қажеттілігіне сай, әуе, теміржол, автомобиль жолдары, шағын және орта кәсіпкерлік, сауда саласының маңызды нүктелерін қалыптастыру, қайта құрылымдау жұмыстары жоспарланған. Қала әкімінің айтуынша, Шымкенттегі агломерациялық процесті реттеу үшін әуелі қалада халықтың өмір сүруіне қажетті инженерлік жүйелерді дамыту басты назарда болмақ. Осы мақсатта биыл алғашқы қадамда 8 елді мекенге ауызсу, 8 елді мекенге кәріз жүйесі, 8 елдімекенге электр жарығы, ал 5 елді мекенге табиғи газ тартылады.
Агломерацияның жүйелі жүзеге асуы үшін транспорт саласының да маңызы зор. Кез келген тұрғынның уақытын үнемдеу үшін ең бастысы іркіліссіз жолдың болуы шарт. Осыны ескерген қала әкімдігі қаладағы айналма жолдарды және аудандарға баратын облыстық маңызы бар жолдарды қайта құру, қалаға кіреберіс жердегі көлік жүрісін жеңілдету үшін жүйелі жоспар әзірлеуде.


Қазынадан 730 миллиард теңге жұмсалмақ

Шымкент – күн энергиясы ұзақ және мол болатын қала. Сондықтан баламалы энергия көзін пайдаланудың да мол мүмкіндігі бар. Қысқасы, Шымқала агломерацияның қарқынды дамуына жол ашатын қолжетімді әрі құнарлы азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптің отанына айналуы тиіс. Ауқымды жобалар аясында бүгінде «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі экономикалық-әлеуметтік даму Тұжырымдамасы» әзірленіп, бір миллион тұрғыны бар мегаполис қаланың әлеуетін арттыру міндеті нақтыланды. Бұл ретте, Шымкенттің өзіндік ерекшелігі сол – мұнда бизнес жасау мәдениеті айтарлықтай дамыған. Сонымен қатар, оңтүстік өңір еліміздегі жасыл аймақтардың бірі және туристік мінәжат ету орындарымен де қасиетті өлке саналады. Осындай құндылықтарды ескере келе, стратегиялық құжатта шикізат ресурстарын барынша пайдалана отырып, өндірістік саланы әртараптандыру және жаңғырту жолымен қаланы дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Осы арқылы келешекте Шымкент қаласын ірі өндірістік-инновациялық және көліктік-логистикалық, білім беру, ғылым, мәдени әрі туристік орталық ретінде дамыту басты назарда тұр.
Қала территориясының кеңеюі өз кезегінде, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму қарқынын арттыруға өз септігін тигізуде. Жаңа жерлерді игеру арқылы қала құрылысын, оның ішінде тұрғын үй құрылысын дамытуға мүмкіндік туындады. Мемлекеттік «Қолжетімді тұрғын үй – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламаларын тиімді іске асыра отырып, азаматтарды баспанамен қамту көлемі ұлғайды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнестің дамуына лайықты серпін жасалып, қала экономикасына мемлекеттік бюджеттен және жеке инвесторлардың есебінен ауқымды инвестициялар тартылды. Жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік ашылды. Осының барлығы сайып келгенде, қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартып, табыстарын молайтуға жағдай жасауда.
Шымкенттің атына сай, ел аумағындағы «жасыл қала» мәртебесін иеленуге де мүмкіндігі жоғары. Бұл мақсатта облыс орталығында аумағы 1 мың гектар жерге жасыл аймақ құрылған. Өз кезегінде, жасыл аймақ қаланың көркіне көрік қосуда. Тұрғындардың демалуына жағдай жасау үшін қаланың орталық бөлігі арқылы ағып өтетін «Қошқар ата» өзені, қаланың оң жақ бөлігіндегі «Бадам» өзендерінің арналары да әсем келбетке бөленді.
Иә, әлемдік өркениеттің көшіне ілесе білген Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларын агломерациялау iсiне бүгінде ел қазынасынан 730 миллиард теңге қаржы бағытталып отыр. Кең ауқымды жобалардың нәтижесінде, аталмыш қалалардың экономикалық-әлеуметтiк әлеуетi жақсарып, дамуына даңғыл жол ашылмақ.

Последнее изменение Пятница, 20 Май 2016 06:17
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.