«Мәртөбенің» мәртебесi қандай?

Среда, 03 Август 2016 05:30 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3794 раз

Қаратау ауданына қосылған 25 елді мекеннің бірі – «Мәртөбе» шағынауданы. Шымкенттің құрамына еніп, шағынаудан мәртебесін алғалы бері онда бірқатар игі істер қолға алына бастады. Мәселен, ескі мектептің жанынан қосымша құрылыс ғимараты жүргізілсе, көшелерге асфальт төселді. Ағын су мәселесі өз шешімін тапса, бірнеше жылдан бері жергілікті халықтың бас ауруына айналған қоқыс полигоны да жабылды.

КӨПТIҢ КӨКЕЙIНДЕГI МӘСЕЛЕ ЕДI

DSC 3087

Жібек жолы даңғылын қиып өтетін «Мәртөбе» шағынауданында 1360 үй бар. Онда 6 мыңға жуық халық тұрады. Жиырма ұлттың басын біріктірген шағынауданның халқы күн санап өсіп келеді. Мәселен, қазір мәртөбеліктер үшін мектеп мәселесі өзекті. №27 мектеп 300 балаға арналғанымен, білім ұясында 1200 оқушы үш ауысымда білім алады. Бір ай бұрын ескі мектептің жанынан екіқабатты 300 орынға арналған қосымша ғимараттың құрылысы басталды. Оған республикалық бюджеттен 570 миллион теңге бөлінген. Оқу ордасының құрылысы келесі жылдың жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Қосалқы мердігер – «СтройЖолСервисKZ» және «КазТрансСпецСтрой» ЖШС. Құрылыс учаскесінің жұмыс жүргізушісі Керімбек Бәкірхановтың айтуынша, құрылыс басында 30 адам қызу еңбек етіп жатыр. Дәл қазір бетон төсеу және спорт залының кірпішін қалау қызу жалғасуда. Құрылыс материалдары мен техникалары жеткілікті екен. Қажет болған жағдайда күн-түн демей, міндеттелген жұмыстарын атқарады. Онда еңбектеніп жүрген шағынаудан тұрғындары да бар. 

DSC 3165

Мектеп директорының орынбасары Жұмаділ Баймырзаев ескі мектепте асхана, спорт залы болмағанын айтады. Ал жаңадан салынып жатқан ғимаратта оқушылардың алаңдамай білім алуы үшін қажеттіліктің бәрі қарастырылған. Мәселен, бұрын-соңды болмаған мұрағат, зертханалар мен үш шеберлер кабинеті болады. Мектептің аумағы 2,4 гектарды алып жатыр. Қазір онда барлығы 110 адам жұмыс істесе, соның 70-і ұстаздар. Ж.Баймырзаевтың айтуынша, мамандар жеткілікті. Тек математика пәнінің мұғаліміне сұраныс бар. Биылғы оқу жылында мәртөбелік оқушылар ескі ғимаратта білім алады. Ал келесі жылы онда күрделі жөндеу жүргізілмек.

DSC 3146 2   DSC 3118

ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛIП, ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫ ЖАБЫЛДЫ

«Мәртөбе» шағынауданындағы Қ.Сәтпаев, Садовая-1, 2, 3, Интернациональная, Коммунистическая көшелеріне асфальт төселді. Қала құрамына кіргелі бері инфрақұрылым жұмыстары біртіндеп жүзеге асып келеді. Қ.Сәтбаев көшесінің тұрғыны Елубай Өміров жолдардың жөнделгеніне көңілі толатынын жасырмайды. 

– Мәселен, асфальтталғанға дейін, көшемізге тас төселген еді. Жүріп-тұруға ыңғайсыз болатын. Ал кей жерлерде ол да жоқ. Жауын-шашын кезінде көше лайсаң, батпаққа айналатын, – дейді шағынаудан тұрғыны.

DSC 3289

Біраз уақыттан бері шағынауданда ағын су мәселесі шешімін тапқан. Тұрғындардың басым бөлігі бау-бақшамен айналысатындықтан, ағын су жағы қиын тиетін. Халық егін шаруашылығына құбырдан аққан суды пайдаланды. Жергілікті халықтың ұйымшылдығы арқасында 20 күн бойы ұзындығы 3 шақырым болатын каналды асарлатып қазды. Өзенге жақын орналасса да, сегіз жылдан бері ағын судан тапшылық көріп келген халықтың қуанышында шек болмапты.
Шағынаудан халқының ауызбіршілгі қоқыс полигонын жабуға да түрткі болды. Бұл істің басы-қасында жүрген ауыл биі – Оразәлі Кенжебеков. Жергілікті халықтың дабыл қақпасына шарасы жоқ еді. Бір кездері Сайрам ауданының меншігіндегі қоқыс полигоны қалаға өткен соң, онда Шымкенттен шыққан тұрмыстық қалдықтар тасталып, күніне 30-40 көлік қоқыс әкелінген екен. Соның салдарынан қоқыс орны шамадан тыс толып, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары жағымсыз иістен зардап шегіп келген. Оған қоса, қоқыс арасынан егеуқұйрық секілді зиянкестер үйлерді жайлай бастаған еді. Жергілікті халық бір емес, бірнеше рет бұл мәселені билік алдында көтеріп, нәтижесінде өткен жылдың соңында қоқыс полигоны жабылды.

«БАЛЫҚ БЕРМЕ, ҚАРМАҚ БЕР»...

DSC 3249

«Мәртөбе» шағынауданында белсенді әрі қайырымды тұрғындар көп. Солардың бірі – ауылдың төбе биі Оразәлі Кенжебеков. Жеке кәсіпкер. Өзі туып-өскен ауылының тыныс-тіршілігіне жақсы қанық. Оны шағынаудан халқы да жақсы таниды. Біраз уақыттан бері өзін сөздің емес, істің адамы ретінде дәлелдеп жүр. Біз айтып өткен Мәртөбе қоқыс полигонының жабылуына және жергілікті халықтың ағын сумен қамтамасыз етілуіне ауылдың төбе биі бастамашы болып, істің оң шешілуіне ықпал еткен. Сонымен қатар, ол қайырымдылық жасауды да ұмытқан емес. Мәселен, шағынауданда қазір көмекке мұқтаж он отбасы бар. Оның төртеуін жергілікті кәсіпкерлер қанатының астына алған. Олардың ішінде асыраушысынан айырылған, тиісті құжаттары түгел емес, тұрақты мекен-жайы жоқ отбасылар бар. Оразалы Кенжебековтың айтуынша, оларға көрсетілетін көмек ауыл кеңесінде жиі талқыланады. 

– Біз тұрмысы төмен отбасыларға есеп-шот ашқанбыз. Оған қоса мешіттен де көмек беріледі. Бұл ретте ауыл кәсіпкерлері мен тұрғындары ерекше ықылас танытып, шамалары келгенше қаржылай көмектерін аяп жатқан жоқ. Біздің бұл бастамамыз бір реттік акция емес. Тұрақты түрде күнделікті қажет азық-түлігін алып береміз. Бір кәсіпкер жігітіміз күн сайын 50 бөлке нанды тегін таратады. Бір отбасына 500 мың теңгенің көмегін көрсеттік. Көрпе-төсек секілді үйіне қажетті заттарын әпердік. Коммуналдық қызметін де төлейміз. Тағы бірінің үйіне газ кіргізілді. Ал бір отбасына тігін машинасын алып бердік. Қазір олар кәсібін жандандырды, жағдайлары дұрысталды, – дейді ауылдың төбе биі.
«Мәртөбе» шағынауданында жұмыссыз отырған адамды кездестіру қиын. Барлығы дерлік жұмыспен қамтылған. Онда 15 жылыжай мен 5 зауыт бар. Жеке кәсібін дөңгелетіп жүргендер де жетерлік. Сонымен қатар, мал шаруашылығымен де айналысады.
Қаратау ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Мақсат Тұрнияздың айтуынша, шағынауданда 18 көше бар. Биыл жыл соңына дейін Достық пен Жуков көшелеріне асфальт төселеді. Көшелерді жөндеу секілді өзге де жұмыстар келесі жылы да жалғасын таппақ.

Последнее изменение Среда, 03 Август 2016 05:48
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.