Төрлет, Туризм! Избранное

Среда, 24 Август 2016 05:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5026 раз

Тау бөктерiнде «Tau fest» фестивалi өттi

Алғаш рет Біркөлік шатқалында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Tau fest» фестивалі өтті. Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі ұйытқы болған шара үш күнге жалғасты. Оған жас туристер станциясының қатысушылары мен тәлімгерлері, қонақүй, мейрамхана, туристік фирма өкілдері мен туризм саласының мамандары қатысты.

 MG 9941

Тау фестивалі экологиялық сенбіліктен басталды. Қолдарына бір-бір қап ұстаған жастар лагерь мен өзен айналасын қоқыстан тазартып шықты. Соңғы кездері тауға шығып, табиғат аясында демалатын жандардың қатары артқанмен, Жер-анаға зиян келтірушілердің де саны молаюда. Өкініштісі сол, демалыстан кейін олар қоқыс-қалдықтарын қалдырып кетеді. Осылайша табиғатқа өлшеусіз зиян келтіріп жатқандарына назар аудармайды. Бұл мәселе Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының қызметкерлерін де жиі толғандырады. Туризм бөлімінің маманы Ғани Назарбек ең бірінші халықтың санасына табиғатсыз адамның күні жоқ екенін сіңіру қажет деп санайды.

 MG 9971

– Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағында аптасына үш күн арнайы тазалық жұмыстары жүргізіледі. Соның арқасында экологиялық ахуалды, тазалықты тұрақты ұстап тұрмыз. Бір ғана қоқысқа айналған судың бөтелкесі бірнеше ғасырға дейін өсімдіктің өсуін тежейді. Ал оның ішінде кішкентай су қалып кетсе, өрт шығу қаупін туындатуы мүмкін. Осы жайтқа демалушылар мұқият қараса екен. Халықты демалысқа тартудан бұрын, оларды экологиялық сауаттылық пен мәдениетке үйреткеніміз абзал, – дейді Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының туризм бөлімінің маманы Ғани Назарбек.
Осылайша «табиғатқа жанашырлық – айналаны таза ұстаудан басталады» деген жастар бірер сағат ішінде айналаны қоқыстан тазартып тастады.

Үш тiлдi меңгерген гидтер қажет

Күллі әлем көз тігетін «ЭКСПО-2017» көрмесі келер жылы Астанада өтетіні белгілі. Халықаралық көрмеге келушілер еліміздің үшінші қаласы ретінде тарихи мекенге бай Оңтүстік өңіріне, яғни Шымкентке ат басын бұрары анық. Сол кезде оларды жылышырай танытып, күтіп алудан бастап, ыңғайлы жағдай жасау, қонақжайлылық таныту жайы «Бастау» демалыс аймағында өткен семинар-тренингте пысықталды. Қонақүй, туристік орталық мамандары «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген туристерге қызмет көрсетуде Шымкент қаласының туристік ұйымдарының жұмысын күшейту тақырыбында ой қозғап, бір-бірімен тәжірибе алмасыпты. 

 MG 9952

– Бұл семинар-тренингті ұйымдастырудағы басты мақсат – қонақүй, мейрамхана, туристік фирма өкілдерімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнату. Оларды «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өңірімізге келетін қонақтарға жайлы жағдай жасауға шақыру. Біз бірнеше жобаны қолға алып отырмыз. Соның бірі «Шымкентке қош келдіңіз!» деген журнал. Бұл журнал қыркүйек айында 10 мың данамен жарыққа шығады. Онда Шымкент қаласының қонақүйлері, мейрамханалары, ойын-сауық орталықтары, мәдени орындары, тағы басқа мекемелердің мекенжайы мен ол туралы толық ақпарат фотосуреттермен көрсетіледі. Біздің қаламызға қыдырып келген әрбір қонақ өзіне қажетті мәліметті үш тілде таба алады және тегін тарқатылады. Қазір әуе компанияларымен келіссөз жүргізудеміз, – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Қаныбеков.
Сондай-ақ, семинар-тренингте білімді, тарихтан хабары бар шет тілдерін еркін меңгерген гидтерді тәрбиелеп шығару мәселесі де көтерілді. Өйткені, тарихи орындар туралы мәліметті бірнеше тілде қызықты, түсінікті тілде жеткізетін гидтерге сұраныс күн санап артуда.

44 секундта 18 метр...

 MG 0039

Семинар-тренингтен кейін жас туристер станцияларының қатысушылары мен тәлімгерлері құзға өрмелеуден сынға түсті. Тіп-тіке жартастың жанына барып, төбесіне көз салсаң басың айналады. Беліне арқан байлаған жастар сол жартасқа өрмелеуге кірісті. Төрешілер олардың уақыттарын белгілеп отырды. Нәтижесінде Шымкент қаласының тұрғыны Жанболат Ергешбаев ептілік танытып, бар-жоғы 44 секундта 18 метр биіктікті бірінші болып бағындырды.
– Бала кезімнен жас туристер станциясының белсенді мүшесі болдым. Оңтүстікте біз шықпаған шың қалмаған шығар. Тауға шыққан, жартасқа өрмелеген ұнайды. Жылдамдықты, күшті дайындықты қажет етеді. Ата-аналарды өздерінің ұл-қызын тау спортына баулуға шақырамын, – дейді ол.
Ал қыздар арасында Сайрам ауданынан келген Кенжекей Бердеева бірінші болды. Ол жартасқа 1 минут 31 секунд уақыттың ішінде өрмелеп шықты.
Ал екінші күні тау фестиваліне әр ауданнан жиналған жас туристер станциясының ұстаздары кедергілер жолағынан өту жарысына қатысты. Әр команда құрамына төрт адамнан жиналып, өзен бойына керілген арқан кедергісінен жығылмай, сүрінбей өтуге кірісті. Нәтижесінде Сайрам ауданының «Жас қыран» тобы бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынды Шымкент қаласының блоггерлер тобы иеленсе, үшінші орын Төлеби ауданының ұжымына бұйырды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлық пен арнайы Алғыс хат тапсырылды.
– Біз балалар туризмін дамытуымыз қажет. Тау фестиваліне жас туристер станциясы ұстаздары барлық аудан-қалалардан келіп қатысуда. Олар бұл фестивальде көрген-білгендерін оқушыларына барып, үйретеді, бөліседі. Бүгінде біздің Шымкенттегі жас туристер станциясына мыңға жуық бала келеді. Ал осындай іс-шара кезінде олардың қатары артады, – дейді облыстық жас туристер станциясының директоры Сәуле Өмірбаева.
Бұдан бөлек, фестивалге жиналғандар арасында альпинистік жарыстар мен түрлі семинар-тренингтер өтті. Олар шатырда түнеп, алау жағып, тау бөктерін ән мен күйге бөледі. Бұл үш күн олардың ұзақ уақыт естерінен шықпасы анық.

Последнее изменение Среда, 24 Август 2016 06:24