Аулалар абаттандырылуда

Пятница, 26 Август 2016 10:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4717 раз

Еңбекші ауданына қарасты 16 шағынаудандағы №5 және №38 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары басталды. Биыл аудан бойынша 22 көпқабатты үйге қарасты 8 аула көріктендіріледі деп жоспарланып отыр. Бұл ретте қала қазынасынан 235 миллион теңге қаралды.

20160823 152724

Қос үйдің ауласында қазір суаққыларды ауыстыру, аула жолын кеңейту және балалар ойын алаңшасының орнын дайындау жұмыстары қарқын алған. №5 үйдің тұрғыны Ольганың айтуынша, үй базарға жақын орналасқандықтан, мұнда бөгде азаматтар көліктерін қаңтаруды әдетке айналдырған. Оған қоса, балалар сырғанайтын бір ғана ойын элементі бар. Ал жалғыз бастырма әбден ескірген. Тұрғындардың айтуына қарағанда, жаңбыр жауса, аула алды көлшікке айналып, су жертөлеге дейін енеді екен. 

Еңбекші ауданы әкімдігінің инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Бақтияр Тұрабеков осыған дейінгі түйткілді мәселелер жөндеу жұмыстары аяқталған соң шешімін табады деп отыр. 

– Қазіргі кезде екі ауланы да абаттандыру және балалар алаңшасын орнату үшін бюджеттен қаржы бөлінді. 16 шағынаудандағы екі үйдің аулаларында асфальтты қайта төсеу, жол жиектерін ауыстыру, балалар ойын алаңшасының орнын тегістеу, оның беткі қабатына құм төсеу және қоршау жұмыстары басталды. Сонымен қатар, автотұрақтар орнын салу, бастырма мен орындықтар және ойын элементтерін қою жоспарланған. Ал аяқжолдарға тас төселуде, – дейді Б.Тұрабеков. 

Айта кетейік, Еңбекші ауданы аумағында 630 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 461-нің ауласы 2011-2014 жылдары абаттандырылған.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.