«Оңтүстiк өнiмдерi» халыққа ұсынылды Избранное

Пятница, 02 Сентябрь 2016 04:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4201 раз

«Көрме» орталығында орын тепкен сөрелерден азық-түлік пен тәтті тағамдардың сан түрін, киім-кешек, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, музыкалық аспаптар, қолөнер шеберлерінің туындыларын, құрылысқа қажетті заттар, үй жиһаздары, дәрі-дәрмек, не керек, адамға қажеттінің бәрін табасыз, самсап тұр. Мұның бәрі Оңтүстік өнімдері, яғни, отандық өнім. ОҚО Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Ontustik-2016» көрмесінде 135-ке жуық кәсіпорын қала тұрғындарына өз тауарларын ұсынды.

 MG 0801

– Шараның басты мақсаты – Оңтүстік өңірінде шығарылатын тауарларды халыққа таныту, кәсіпкерлерді ынталандыру, орта және шағын бизнесті дамыту. Мұндай көрмелер кәсіпкерлерге өз ісін әрі қарай дамытуға инвесторлар тартуда зор көмек болмақ, – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Абубакиров.

 MG 0786

Көрмеге өңірімізге ғана емес, елімізге және шетелдерге танымал болып үлгерген «Бал-текстиль», «Назар текстиль», «Ордабасы құс», «Алтын адам», «Қазмедприбор» тағы басқа белгілі кәсіпорындармен қатар 15 жаңа компания қатысты.

«ИП Софи» – солардың қатарында. Ер азаматтарға арнап жаздық сүйретпе, қысқы аяқ киім мен туфли тігеді. Бүгінгі көрме-жәрмеңкеде олардың өніміне сұраныс мол болды. 

 

 MG 0745

– Аяқ киім өндірісін жолға қойғанымызға бір жылдан асты. 10 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде бізде әр күн сайын 15-20 жұп аяқ киім тігіледі. Сапасы өте жақсы. Сұраныс та артып келеді. Алдағы уақытта ісімізді кеңейтіп, қыз-келіншектерге арналған аяқ киім тігуді қолға алуды жоспарлап отырмыз, – дейді директордың орынбасары Әзиз Мареймов.
Көрмеде Отырар ауданындағы «Гүлмайра» шаруа қожалығының шұбатын, «Әлем БТ» ЖШС-нің шұлығын, «Амангелді» ЖШС-нің жеміс-жидегін, «Хамит» балық өсіріп, өңдеу зауытының өнімдерін де келушілер жиі сұрап жатты.

Сапарбек Тұяқбаев,
облыс әкімнің орынбасары:

– Жыл өткен сайын Оңтүстікте шығарылатын тауар түрі көбейіп, олардың сапасы да артып келеді. Биыл 40-тан астам жаңа жобаны қолға алып отырмыз. Мұнай өңдеу зауыты, автобильдерге арналған май өңдеу зауытының құрылысы басталды. Сондай-ақ, тоқыма саласында да төрт жаңа жобаны бастаймыз. Бұдан бөлек Дубай, Мысыр және Ресей компанияларымен бірлесе отырып, фармацевтика саласын дамытпақпыз, үш компания ашу жоспарымызда бар.

Шара соңында сараптау комиссиясы мен жиналғандар көрмеге қатысушы компаниялар арасынан ең үздіктерін таңдады. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Азала Текстиль» ЖШС үздік атанды. Компания жылына 2800 тоннадан астам иірілген жіп, 13 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын тысы жиынтығы мен 7 млн түкті өнім шығарады. Ал ІІ орын шұлық шығаратын «Әлем БТ» ЖШС-не, ал ІІІ орын кілемдерімен әйгілі «Назар текстиль» ЖШС-не бұйырды. 

 MG 0826

«Карлс Крона» сорғыш шығаратын зауыты «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» номинациясы бойынша марапатталды. Осы номинация бойынша ІІ орын терезе және витраждарға арналған ПВХ-профильдер шығаратын «Триумф ММС» зауыты ие болды. ІІІ орын «Батсу Водоканал» кәсіпорын лайық деп танылды. «Үздік азық-түлік тауары» номинациясында макарон өнімдерімен әйгілі «Барыс-2007», «Амангелді», «Ладушки» кондитерлік дүкендер желісіне берілді.
Сондай-ақ, «Халық таңдауы», «Жыл серпіні», «Жыл бренді», «Әлеуметтік маңызы бар стартап» номинациясы бойынша да үздіктер анықталды. Бұл сатыда химиялық қоспасыз табиғи емдік шөптермен және солардан жасалған жақпаларды даярлайтын «Асыл арман», «Еврокристалл» шыны зауыты, және химиялық тазартқыш өнімдерімен танылған «Көркем дос», сондай-ақ, фитошайларды әзірлейтін «Фитофарм» компанияларының басшылары алғыс хаттармен марапатталды.