«Шаңырақтың» шаттығы артып келеді

Пятница, 16 Сентябрь 2016 08:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5188 раз

Шымкентке жақын маңда орналасқан бұрынғы Тұрдыабат тұрғын алабының жаңа құрылыс аумағы қалаға қосылып, бүгінде «Шаңырақ» деген әдемі атауға ие болды. Қала мәртебесін алғалы бері онда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар қолға алынды. Әсіресе, тұрғындар үшін маңызды саналатын жарық, су, газбен қамтамасыз етіліп, жолдарға тас пен асфальт төселді.

DSC 0216

КӨГІЛДІР ОТЫН, ЖАРЫҚ ПЕН СУДАН ТАПШЫЛЫҚ ЖОҚ

Шағынауданның іргесі 2006 жылы қаланған. Қазір онда 1,5 мыңнан астам халық өмір сүріп жатыр. Солардың бірі – Бегалы Гүлманов. Ақсақал «Шаңырақта» 2007 жылдан бері тұрады.
– Қазір бізде 300-ден астам тұрғын үй бар. Алғаш көшіп келген жылдары ауылымызда ауызсу болмады. Өздігімізше құдық қазып, су шығардық. Жарық мәселесі де өзекті еді. Өз қаржымызға трансформатор сатып алып, шамамыздың келгенінше бағанасын да орнатып, үйімізге электр энергиясын кіргіздік. Жаңбыр жауып немесе жел тұрғанда жарық сөніп, әбден қиналушы едік. Ал қала құрамына енгелі бері жағдайымыз бұрынғыға қарағанда дұрысталды. Мәселен, инфрақұрылым жағы біртіндеп шешімін таба бастады. Қазір шағынауданға 3 трансформатор қойылды. Заманауи бағаналар орнатылды. 2013 жылы ауызсу мәселесі де шешімін тауып, әр үйге су кіргізілді. Тәулік бойы су ағып тұр. Осы уақытқа дейін көмір жағып үйімізді жылытсақ, өткен жылы газ берілді, – дейді ақсақал.

DSC 0246

ЖОЛДАРҒА АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

DSC 0270

Жаңа құрылыс болғандықтан, шағынаудан көшелері күз, қыс және көктем айларында жергілікті халықты әбден әбігерге салатын. Қазір көшелерге тас және асфальт төселген. Еңбекші ауданы әкімдігінің Қаратөбе аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің инспекторы Захид Аташиков биыл шағынаудан көшелерінің 1,5 шақырымына тас, ал 3,5 шақырымына асфальт төселгенін айтты. Ал орталық көшелерге аяқжол салу жоспарлануда. Сондай-ақ, шағынауданға қаладан кіреберіс жерде тас жол салынуда. Жол құрылысы аяқталған соң, үлкен жүк көліктері шағынаудан ішімен емес, керісінше оның сыртын айналып өтпек.
«Шаңырақта» қазір 12 көше бар. Әзірге ешқайсысының атауы жоқ. Соның салдарынан шағынауданға келетін жедел жәрдем көлігі адасып, әрең табады екен. Пошташылар үшін де оңай тимейтін көрінеді. Ал қоғамдық көлік жағынан мәселе жоқ. Тұрғындар №116 бағыттағы шағын автобустың жиі жүретінін айтты.

КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ЖАҢА МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРМЕК

DSC 0277

Шағынаудандағы жалғыз балабақшаны осыдан 3 жыл бұрын жеке кәсіпкер ашқан. Қазір онда 75 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі мекемеге арнайы бас сұққанымызда, әр топта тәрбиешілер бағдарлама бойынша дәрістерін өтіп жатыр екен. Әр топта 15-20 бүлдіршін бар. Тәрбиеші Назым Ахметованың айтуынша, балақайлардың ой-өрісін дамытатын сабақтар жиі өткізіледі.
Тұрғындар үшін мектеп мәселесі өзекті. Өйткені, балалар көрші Базарқақпа ауылындағы №98 мектепке арнайы автобуспен 300-ге жуық оқушыны тасымалдайды. Қазір шағынауданда жаңа мектеп салу үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда. Құжат бойынша келесі жылы «Шаңырақта» 600 орындық 3 қабатты оқу ордасы бой көтермек. Ал 2018 жылы «балаларымыз жаңа әрі өзімізге жақын мектепке баратын болды» деп қуанып отыр.

КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫНДА БЕРЕКЕ БАР

DSC 0307

Шағынауданда тұрмысы төмен отбасыларға әр мереке сайын қайырымды жандар қол ұшын береді екен. Мұнда көпбалалы аналар да жоқ емес. Мәселен, Айгүл Дүйсебаеваның 6 баласы бар. Жуырда «Күміс алқа» иегері атанбақ. Балаларының үлкені – 12 жаста болса, кішісі – 1 жастан асқан. «Қандай қиындықтар бар?» деген сұрағымызға, «Ешқандай қиындық жоқ. Балаларымның несібесі жаман емес. Жолдасымның тапқаны жетеді» деп жауап берді. Расында да, Айгүлдің үйінде береке бар. Балаларының киімдері таза, ал дастарханы дәмге толы.

Шағынауданның негізі 2006 жылы қаланған. Қазір онда 1,5 мыңнан астам халық бар.
№116 бағыттағы шағын автобус қатынайды.

ШАҒЫНАУДАН ХАЛҚЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

Бүгінгі таңда жергілікті халық үшін емхана мәселесі өзекті. Басы ауырып, балтыры сыздағанда көрші Тұрдыабат ауылындағы медициналық пунктке барады. Сондай-ақ, полиция бекеті де жоқ. Үлкен орталық көшелерге жасанды жол кедергісі қойылса екен деген тілегін де жеткізді. Ауласына азын-аулақ егін егетіндер ағынсу жағы да шешімін тапса екен деп қалды. Жалпы айтқанда шағынаудан халқы көрші ауылдардағы мектепте, жақын маңдағы шұжық, консерві цехтарында, наубайханаларда және басқа да шағын серіктестіктерде жұмыс істейді. Қалаға келіп нәпақасын тауып жүргендер де жоқ емес.

Последнее изменение Пятница, 16 Сентябрь 2016 09:32
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.