«Емтиханды» сәтті тапсыруға тырысамын»

Среда, 28 Сентябрь 2016 05:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5511 раз

kusherovАйдарымыздың бүгінгі қонағы – Шымкент қаласы әкімінің ең жас орынбасары – Нұралхан Көшеров. Н. Оралбайұлы қала өмірінде маңызды рөл атқаратын – құрылыс, жер қатынастары бөлімі, және тұрғын үй қатынастары бөлімдеріне жетекшілік етеді. Ел Үкіметі тарапынан аса маңыз беріліп, қала әкімінің ұдайы назарында тұратын жеке кәсіпкерлік субьектілерін қолдау, тұрғын үй кешенін дамыту, қала сәулетінің рөлін орнықты ету, бір сөзбен айтқанда, сала мүмкіндіктерін еселей түсу жауапкершілігі – осы азаматқа жүктелген.

Ол 1984 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2008 жылы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутатының көмекшісі болып бастаған. Сондай-ақ, Қаржы министрлігінің салық комитеті салықтық заңнамаларды түсіндіру және жетілдіру басқармасының сарапшысы, Астана қаласы бойынша салық департаментінің бас маманы, Астана қаласы бойынша салық департаменті Есіл ауданы бойынша салық басқармасы бастығының орынбасары, қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы Есіл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметін атқарған.

Жас та болса, білікті басшы ретінде қалыптасқан Нұралхан Көшеров – өз ісінің кәсіби маманы. Қай ортада болсын, үнемі ізденісте жүріп, бастамашыл істерге ұйытқы бола біледі. Бастысы, кішіпейілділік пен адамгершілік салтынан айнымауды өмірлік ұстаным ретінде қарайды.

– Бала кезімнен спорттың бірнеше түрін жаныма серік етіп келемін. Жүйелі түрде ұзақ қашықтықта жүгіріп, дұрыс тамақтану дағдысын қолданамын. Өміріміздің әр атқан таңын сынақ деп алар болсақ, күнделікті өз-өзіммен күресіп, «емтиханды» барынша жақсы тапсыруға тырысамын, – дейді Нұралхан Оралбайұлы.

Адамға өз мамандығы бойынша, өз жүрек қалауы бойынша жұмыс жасау өте маңызды болмақ. Осы орайда, қала әкімінің орынбасары күнделікті қызмет орнына асыға келіп, кетуге асықпайтынын жасырмады.

Жоғарыда көрсетілген салалар бойынша түйткілді мәселелері бар азаматтар үшін әр сейсенбі күні сағат 16.00 – 18.00 аралығы қабылдау уақыты ретінде белгіленген.

Последнее изменение Четверг, 29 Сентябрь 2016 05:05
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.