Көңілге шуақ сыйлаған фестиваль

Среда, 28 Сентябрь 2016 06:18 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5168 раз

DSC 2179

Қала тұрғындары Шымкенттің туған күнін биыл сегіз күн тойлады. Таң қылаң беріп атқаннан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің маңында аудан өнерпаздарының, шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасы мерекелік көңіл күй сыйлады.

14455871 1171089499604405 233034247 o

– Қаламыз күн өткен сайын шырайланып, құлпырып келеді. Əкімшілік-іскерлік орталығы, жаңа ғимараттар, көпқабатты үйлер бой көтерді. Көрмеге қойылған фотосуреттерге қарап, Шымкентті басқа қырынан таныдым. Ауа райы да бүгін ерекше шуағын шашып тұр. Киіз үйлер тігіліп, алтыбақанда балалар асыр салып ойнап жүр. Мұның бəрі адамға жылылық сыйлайды. Бүгін Шымкентті бұрынғыдан да қатты жақсы көріп тұрмын, – дейді қала тұрғыны Гауһар Байшымыр.

14453928 1171089526271069 1716575225 oСалтанатты жиын қала тұрғындарын қайталанбас қызыққа кенелткен «Шырайлы Шымқалам» фестивалімен жалғасты. Дана Еспенбетова жеміс-жидек пен көкөністерден түрлі туындылар жасап, сүйікті қаламызға деген ыстық ықыласы мен сезімін өзгеше өрнекпен жеткізуге тырысыпты. Ол көкөністердің бетіне мәнер түсірумен бір жылдан бері айналысады екен. Қаладағы мекеменің бірінде есепші болып істейтін ол карвинг өнерін ғаламтордағы видеоларды қарап, үйреніп алған. 

– Бұл өнер – төзімділікті, ептілікті талап етеді. Қиялың бай болуы керек. Қазір тек өнер ретінде ғана қарамай, қосымша табыс көзіне де айналдырдық. Қала тұрғындары мерекелік кештерге, іс-шараларға, тойларға жеміс-жидектерден осындай әдемі туындылар жасап беруімізді өтініп, шақырып жатады. Бағасы 30-150 мың теңге аралығында. Қызығушылық болса, арнайы курстарға қатыспай-ақ, интернеттен видеоларды көріп, қайталап жасап, меңгеруге болады. Қала күніне ерекше сый ұсынғым келді. Өйткені, Шымқаламызды жақсы көремін, – дейді Дана.

Бұдан бөлек, ұлттық салт-дәстүр, қолөнер бұйымдары және Шымкенттің кешегісі мен бүгінін бейнелейтін фотосуреттер көрмесі əр адамға əдемі əсер қалдырғаны анық.