Алда атқарылар жұмыс ауқымды Избранное

Среда, 26 Октябрь 2016 05:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4585 раз

Облыстағы 185 ауылдық округтің 161-не тарихи жер-су атаулары қайтарылған. Бұдан бөлек, өңірде елдімекендер мен көше атауларының қайталануы әлі де кездеседі. Шымкентте де бұл мәселе өзекті. Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қасым Ағабековтың айтуынша, бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілмек.

 

Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы ұйымдастырған «Оңтүстік өңірдегі ономастика мәселелері» атты аймақтық конференцияда осы мәселелер талқыланды.
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да өткен жиынға филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов, Әмір Мұсақұлов сынды белгілі ғалымдар қатысып, өз ойларын білдірді. Басқосуға қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің мамандары, көрші Жамбыл, Қызылорда облысының осы салаға жауапты мамандары да қатысып, ой бөлісті. Жиында сөз алған ғалым М. Мырзахметов
«Жер тарихы – ел тарихы» екенін, сол себептен, жер-су аттарына салғырт қарауға болмайтынын жеткізді.
Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қасым Ағабеков Шымкент қаласы аумағының үлкейіп, Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан бірқатар елдімекендер қосылғанын айта келе, ономастика мәселесінде алда атқарылар жұмыс ауқымды екенін жеткізді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.