Мәселесі оң шешімін тапқан

Пятница, 07 Октябрь 2016 00:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4468 раз

Шымкент қаласында тарихы сонау 1970-80 жылдардан басталатын шағынаудандар көп, «Жұлдыз», «Сәуле», «Қазығұрт», «Қайтпас», «БАМ»... Айтпақшы, осы «БАМ» атауымен Шымқала тұрғындарына танымал шағынаудан бүгінде үлгілілердің көшін бастап тұр. «Жақсыны көрмекке» дегендей, біздің шығармашылық ұжым аталмыш ауданға ат басын бұрды.

DSC 0475

  • «БАМ»-да 3 (үш) шағынаудан бар: «Түркістан», «Айқап», «351 орам».
  • Барлығы 33 көше бар, 100% асфальтталған.
  • Халық саны 12 мыңға жуық. 1 Ұлы Отан соғысы ардагері, 15 Тыл ардагері тұрады.
  • 1 мектеп, 6 балабақша, 1 кітапхана, 1 мешіт бар.
  • 2016 жылы «Таза қала» байқауында «Үздік көше» аталымы бойынша Айтқожа Жүсіп көшесі жүлделі орынды иемденді.
  • 2017 жылы 3 көшеде жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.

1456391966

Бәйдібек би даңғылы, С.Бәйтереков, Ө.Жәнібеков, Ұ.Арғынбеков көшелері төрт жағынан қоршап тұрған «БАМ»-ның жер көлемі аса үлкен емес. 

Әл-Фараби ауданына қарасты «БАМ» аумағына «Түркістан», «Айқап» шағынауданы мен «351 орам» енген. №21 бағыттағы маршрут өтетін Айтқожа Жүсіп атындағы орталық көше «Айқап» пен «Түркістан» шағынауданын бөліп жатса, екі шағынауданның жоғарғы жағындағы М.Мақатаев көшесінің бір бетінде «351 орам» орналасқан. Әйтсе де, бүгінде 12 мыңға жуық тұрғыны бар «БАМ» бір-бірінен бөлінген емес.

Тұрғындар арасында татулығы мен қонақжайлығы мереке күндері ғана емес, саяси маңызы бар сайлау науқаны кезінде де көрініс береді. Мұнда ұлт пен ұлыстың ынтымағын арттыратын мейрамдар мен ел тарихында ерекше таңбаланған айтулы күндер де ерекше тойланады. 

Ұзақ жылдар бойы осы шағынауданда тұратын әрі қоғамдық істерге белсене атсалысатын Қуандық Сауранбай ағамызды әңгімеге тарттық.

DSC 0507

Қ.Шерімұлының айтуынша, 1970 жылдардың басында жеке тұрғын үй салуға алғашқы сметалық жобалар жасалған. Сол жылдары Шымкентте алып зауыттар іске қосылып, жұмысшы күшті орнықтыру мақсатында «Түркістан» шағынауданында екі қабатты шағын коттедждер салына бастапты. Бұл коттедждердің басқа жекеменшік үйлерден айырмашылығы, мұнда – орталықтандырылған кәріз жүйесі бар. «351 орам»-дағы кәріз жағдайы да осындай. Ал «Айқапқа» келсек, мұнда әрбір үйдің өз тұндырғыш құдығы бар.

DSC 0435– Сайлау кезінде белсенділік танытып өз таңдауымызды жасадық. Облыстық мәслихатқа бұл жақтан Қайрат Молдасейітов өтсе, қалалық мәслихатта өзін өзі ұсынған Ерлан Танкеев халық таңдауына ие болды. Қазір бізде коммуналдық сұрақтар шешімін тауып, көшелерге 100% асфальт төселген. Ауыз су тұрақты түрде іске қосылған, газ құбыры толық тартылған. Электр жүйесін пайдалануда жекеменшіктің үлесі жоқ. Ал трансформатор дегенге тәуелді емеспіз. Орталық көше жарықтандырылған, тротуар бар. Бұл кешкі, таңғы уақытта мектепке қатынайтындар үшін жасалған жағдай. Қаланың барлық бағыттары бойынша маршруттар жүреді. Кітапхана мен мешіт бар. Тұрғындардың денсаулығы сыр берсе, №3 емхананың көмегіне жүгінеді. Еліміздің қарыштап дамуына сай өркениетке лайықты мекен деп мақтанамыз, – деген Қ. Шерімұлы қыстың күндері әр үйдің жылыту қазандығы өз бетінше жұмыс жасайтынын тілге тиек етті.

DSC 0511

Үш шағынауданның ортасындағы бос жатқан жерге «Ардагерлер» аллеясы орналасыпты. 10 соттық жерді алып жатқан демалыс орнында 2 жабық орынжай, 16 орындық, балаларға арналған әткеншектер түрлі ойын құрылғылары орнатылған. Кешкі уақытта бұл маңайда бос орын болмайды.

Бұрын қаланың шеті саналатын шағынаудан бұл күні ескі шаһар мен жаңа Шымкенттің арасын жалғайтын орталыққа айналған. 

Қала күні қарсаңында «БАМ»-дағы орталық Айтқожа Жүсіп көшесі «Таза қала» байқауы бойынша үшінші орын алды. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай және «Азаматтық Альянс» қоғамдық қорының жетекшісі Шәріпбек Жамалбектің арнайы марапаттауын шағынаудан тұрғындары мақтанышпен еске алды. 

– Біз болашақта да «Таза қала» байқауында биіктерден көрініп, шағынауданымыздың гүлденуіне атсалысатын боламыз. Көшеміз тыныш, көршілеріміз ұйымшыл, ағайындай араласып тұрамыз. Бізге жасалған жақсы жағдайдың арқасында балаларымызға көбірек көңіл бөліп, жақсы тәрбие беруге мүмкіндік алып отырмыз. Осы үйде бой түзеп, ержеткен ұл-қызым бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі, түтін түтетері болып, әжесіне немере сыйлап жатқан жайы бар, – дейді, «Түркістан» шағынауданының («БАМ») тұрғыны Назым Бұхарбаева.

DSC 0451Бағлан ӨТЕУЛІ,
Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы:

– Елбасы «100 нақты қадам» жоспарында нақты міндеттерді жүктеді. Бұл ретте жүйелі жұмыс істеу – біздің негізгі міндетіміз. «БАМ» өз ішінде үш аумаққа бөлінгенімен, тұрғындар өте белсенді және ауызбіршілігі мықты. Қандай жағдай болмасын «Түркістан», «Айқап», «351 орам» халқы бірігіп жұмыс істейді. Бүгінде осы аймақта су, жарық, газ, жылу, кәріз жүйесі, қоқыс тазарту қызметтері өз шешімін тауып, 33 көшеге толығымен асфальт төселуі соның айқын көрінісі. Келесі жылы тағы үш көшенің бойында жарықтандыру жұмыстарын жүргізу кезекке қойылған.
Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған шағынауданда 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 15 Тыл ардагері тұрады. Мемлекеттік 1 мектеп, 1 балабақша, 5 жекеменшік балалар бақшасы ел игілігіне қызмет көрсетуде.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.