×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Шымкент – қауіпсіз қала дейтін деңгейге жетудің жолдары бар ма?

Пятница, 18 Ноябрь 2016 06:18 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 7440 раз

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс прокуратурасы «Шымкент – қауіпсіз қала» жобасын іске асыруда. Осы жоба аясында атқарылып жатқан іс-шараларды талқылау мақсатында жиын өтті. Жиында сөз алған Әл-Фараби ауданы прокуроры орынбасарының әділет кеңесшісі А.Меңлібаев баяндама жасады.

IMG 6795

«ҰРЛЫҚ-ҚОРЛЫҚ» ДЕСЕК ТЕ...

«Қазіргі кезде қоғамдық орында және автокөліктерде қалта ұрлығы оқиғасы көп кездеседі. Жоба негізінде қалта ұрлығынан бөлек жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау, жезөкшелік қызметін жою, аялдамада автобус жүргізушісіне уақыт айтып тұратын «секундомерлерді» құрту, кондуктордың қоғамдық көліктің барар бағытын бар даусымен айғайлап, жолаушы жинауы сынды құқық бұзушылықтар мен қылмысқа тосқауыл қою мәселесіне талдау жасалған.
Облыс бойынша 2016 жылдың 10 айында 31 829 қылмыс тіркелсе, оның 19 886-сы, яғни, 65 % Шымкент қаласында орын алған. Осы қылмыстың 10 999-ы (2015 ж.-9111) бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы, яғни ол 55%-ды құрайды. Қала бойынша бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы өткен жылмен салыстырғанда 21% немесе 1888 қылмысқа өскен.
Ал Әл-Фараби ауданында 2016 жылдың 10 айында 6561 (2015 жылы 7104) ұрлық тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 7,6 %-ға төмендеген. Алайда, аудан көлемінде ұрлық көрсеткіші өсуде. Яғни, былтыр осындай 3045 қылмыс тіркелсе, биыл ол көрсеткіш 3444-ке жетіп, 13%-ға өскен.
Аудан көлемінде тіркелген бұл қылмыс түрінің 1115-і немесе 32,3 %-ы қалта ұрлығы, 412-сі немесе 12%-ы пәтер ұрлығы, 364-і немесе 10,5%-ы ауладағы және көшеде тұрған автокөліктердегі ұрлықтар.
Талдау барысында анықталғандай, қоғамдық көлікте орын алған қалта ұрлығы – 449 немесе 40%. Төлеби көшесінде орналасқан «Жоғарғы» базарда және ірі сауда орталықтарында 343 ұрлық тіркелген. Қалта ұрлығы қоғамдық автобустың барлық бағытында орын алады, оның ішінде №12,102,125,69,84,121,135 және 17 бағыттағы автобустарда жиі кездеседі, – деді А.Меңлібаев өз баяндамасында. Сонымен қатар автор қала көлемінде қылмыстың алдын алу бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, бірлесіп күресуге, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Қоғамдық көлікте қалта ұрлығын болдырмау үшін автобус иелеріне бейнекамера қоюды ұсынды. Себебі, қылмыс орын алған жағдайда полиция қызметкерлері қылмыс жасаған тұлғаларды оңай анықтай алатынын жеткізді. Қалта ұрлығын кәсіп еткен тұлғаларды танып, полиция қызметкерлеріне тапсырған кондукторға қаржылай сыйлық беру мәселесін де көтерді.

ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫС ӨРШІП ТҰР

Жиында сөз алған Әл-Фараби ауданының жергілікті полиция бөлімінің басшысы Ерғали Кенжебаев ауданда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршіп тұрғанына тоқталды.
– Әл-Фараби ауданының полиция қызметкерлері түнгі сағат 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Себебі, жасөспірімдер қылмысы көбінесе түнгі уақытта орын алады. Аудандағы жасөспірімдердің 60-70 пайызы кафе, түнгі клуб, ойынхана, компьютер орталығын жағалап жүреді. Мысалы, кафеге барған соң сыра ішеді, оның арты төбелес, атыс-шабысқа ұласады. Ал ол балалардың ата-анасын бөлімшеге шақырсаң, олар: «Менің баламды көріп қалдың ба, жұрттың баласы да тайраңдап жүр ғой» деп дауласа кетуге дайын. Бізді, полиция қызметкерлерін қарғап-сілейді. Жеме-жемге келгенде осындай жағдайлардың бүкіл қоғамға кесірін тигізіп жатқанын ұғынбайды, – деп ата-аналарды бала тәрбиесіне мұқият қарауға шақырды.
Қалта қағуды кәсіпке айналдырған «Таяуда күнделікті қалта ұрлығымен айналысатын бір орыс азаматшасын құрықтадық. Еңбекші ауданының тұрғыны, екі баласы, күйеуі бар. Күн сайын балабақшадан қайтып келе жатқандай сөмкесіне балаларының киімін толтырып алып автобустарға ұрлыққа шығады. Түріне қарап, «осы әйел ұрлық жасайды-ау» деп ойламайсың. Тергеу барысында ол азаматша қалта ұрлығымен күнделікті 30-40 мың теңге тапқанын айтып салды. Ол – мұны кәсіпке айналдырған. Осындай азаматтардан сақ болайық!» – деп Ерғали Кенжебаев тұрғындарды сақтыққа, әмиян мен қолсөмкеге, ұялы телефонды сыртқы қалтаға салып жүруге абай болуға шақырды.

«СЕКУНДОМЕР» ЖҰМЫСЫНА, КОНДУКТОРДЫҢ «АЙҒАЙЫНА» ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

Аялдамада автобус жүргізушісіне уақыт айтып тұратын «секундомерге» де тыйым салынған. Полиция қызметкерлері осылай дейді. Егер де қоғамдық көлік жүргізушісі оларға ақша бермесе, онда өз-өзінен бұл жұмысты тастап кететіні сөзсіз. Сала мамандары жуырда ғана бір «секундомерді» аңдып жүріп, ұстап, әкімшілік жазамен 15 күнге қамапты.
– Қазіргі кондукторды – кондуктор деп айта алмаймыз. Бейне бір жаршы сияқты. Бар дауысымен айғайлап, жолаушының да, төңіректегінің де мазасын алады. Бұл – дұрыс емес. «Айғайлаған кондуктор» әкімшілік жазаға тартылуы тиіс. Егер сіз сондай кондукторды көрсеңіз, полиция қызметкеріне хабар беріңіз, – деді
Е.Кенжебаев.

АҚИЫҚ АҚЫННЫҢ КӨШЕСІНЕ КІР КЕЛТІРІП ЖҮР

«Қаламыздағы Т.Айбергенов көшесінде жезөкшелер тұратыны жасырын емес. Олар, біріншіден – Қазақстан Республикасының азаматы. Салық комитеті олар жалдайтын пәтерлерге патент берген. Сондықтан біз бас салып оларды құрықтай алмаймыз. Пәтеріне патент берілмеген жезөкшелерді құрықтап, ҚР «Әкімшілік құқық бұзу» кодексінің 449-бабына сәйкес 15 тәулік қамауда ұстадық. Бірі кетсе, екіншісі келіп алады. Әнеугүні бір ақсақалымыз: «Айбергеновтей абыз ақынның атына берілген көшеде лас әрекеттер орын алуда» деп шағым айтты», – дейді полиция бөлімінің басшысы.
Біздің әрқайсымыз – қоғамның мүшесіміз. Егер де жасөспірім түнгі уақытта клуб жағалап жүрсе, қоғамдық көлікте қалта ұрлығы көбейіп кетсе, кондуктор «айғайлап», тұрғындардың тыныштығын бұзса, аты дардай ақынның көшесінде жезөкшелер «тайраңдап» жүрсе, онда оған әрбіріміз жауаптымыз. Себебі, қылмыс немесе құқықбұзушылық орын алса, ол қоғамға қауіп төндірумен қатар әрбіріміздің тұрмыс-тіршілігімізге, өмірімізге көлеңке түсіреді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.