Коммуналдық қызмет ақысында өзгеріс бар ма? Избранное

Среда, 11 Январь 2017 07:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3864 раз

Табиғи газ, электр жарығы және ауыз су тарифтері өзгермейді. Бұл туралы ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов аймақтық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

tarif 3

Бақтияр Исатайұлының айтуынша, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда теміржол тасымалы, электр және жылу энергиясы, мұнай өнімдерін өндіру, мұнай тасымалы, азаматтық авиация, айлақтық қызмет (портовая), почта және телекоммуникация, газ салаларында мемлекеттік бағаларды реттеуден бас тартылады. Әйтсе де аталған салалар бойынша тарифтер мемлекеттік бақылауда болмайды деген сөз емес. Керісінше, бұл шара бағаны бақылауға мүмкіндік береді және келешекте бағаның негізсіз өсуіне жол бермейді. Атап айтқанда, ҚР Энергетика министрлігінің 2015 жылғы 4 қыркүйектегі бұйрығына сәйкес, АИ-92 маркалы бензин бағасын мемлекеттік реттеуден бас тарту туралы шешім шығарылған болатын. Бірақ, сол жылы Шымкент қаласында 44 және облыс аумағындағы 9 ауданда 46 нарық субъектісі АИ-92 маркалы бензиннің бағасын негізсіз өсіргені анықталған. Нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 5 млн 894 мың 246 теңге айыппұл салынып, 11 млн 777 мың 219 теңге көлеміндегі монополиялық табыс сот шешімімен мемлекет пайдасына тәркіленген. 

– Аталған фактілерді жариялай отырып, біз жанар-жағар май, сұйытылған газ, азық-түлік, әлеуметтік маңызы бар тауарларды сататын нарық субъектілерінен бәсекелестік саласындағы заңнамаларды бұзбауды талап етеміз. Сонымен қатар, олардың бағалары ұдайы біздің назарымызда болатынын, заңнамаларды бұзған субъектілер заң талаптарына сәйкес жазаланатынын ескертеміз, – дейді департамент басшысы. – Шымкент қаласында 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін су, табиғи газ, электр жарығы қымбаттамайды. Тек жылумен жабдықтаудың тарифі көтерілмек. Себебі, 2016 жылы 1-шілдеден бастап Республика көлемінде табиғи газ қымбаттады. Ал жылу өндіретін «3 – Энергоорталық» АҚ табиғи газды отын ретінде пайдаланады. Осыған орай, «3-Энергоорталық» АҚ-ның жылу энергиясын өндіру қызметінің тарифі 1 қазаннан бастап қымбаттады. Бірақ, тұрғындар үшін жылу мен жабдықтау тарифі бұрынғыша қалды. Аталған себептерге сәйкес жылудың тарифі қала тұрғындары үшін 2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап 12%-ға көтеріліп отыр.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « 450 мың қызғалдақ егілді Алаңшалар орнатылды »