×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Жол құрылысының сапасы – қатаң бақылауда Избранное

Пятница, 10 Март 2017 04:30 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4942 раз

Биыл Шымкентте 225 көше жөндеуден өтеді

Жөндеуден өткен жолдардың сапа деңгейін Шымкент қаласының әкімі өзінің жеке қадағалауына алмақ. Себебі, бұған дейінгі ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижесіне көңілі толмайтын тұрғындардың қатары арта түскен. Жоспарлы жұмыстардың жай-күйі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде кеңінен талқыланды.

– Қаланың қай көшесіне бағыт алсаңыз да, ойылып кеткен ой-шұңқырларға кез боласыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Мұндай олқылықтарға кейбір коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелердің мамандары да кінәлі. Олар өз жұмысын аяқтаған соң, қазылған жолды қайта қалпына келтіруі тиіс. Мәселен, Түлкібас ауданына баратын А-2 тасжолымен жүріп өту тіпті, мүмкін емес. Жүргізілген жөндеу жұмыстарының игілігі бір жыл уақыт мерзіміне де жетпейді. Енді жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасына тікелей өзім бақылау жасаймын. Кемшіліктері байқалды ма, жауапты мердігер мекеменің жұмысы қабылданбайды.

Кемшіліктер түзелмейінше, төлемақы берілмейді. Бұл ретте, қызметін тиянақты әрі жылдам атқара білетін шетелдік мамандардан лайықты үлгі алған жөн.

Қала әкімі сондай-ақ, сала мамандарына Тәуке хан даңғылының бойында жүріп жатқан жөндеу жұмыстарын жылдам аяқтауды тапсырды. Еске сала кетсек, ауа райының қолайсыздығына байланысты, тоқтап қалған жөндеу жұмыстары осы аптадан бастап қайта жүргізілуде.

– Қаланың бет-бейнесі болып табылатын Тәуке хан даңғылындағы жөндеу жұмыстары аса мұқият болуды талап етеді, – деді Ғабидолла Әбдірахымов. – Осыған орай, жол бойына жасыл белдеуді қалыптастыру, ағаш көшеттерінің айналасын торлап, суағарлар қызметін ұйымдастыру мәселелері ескерілуі тиіс. 

Өз кезегінде, қала әкімі сала мамандарына облыс орталығының басты көшесіне сәндік безендіру мүмкіндіктерін де қарастыруды тапсырды.

Байтұрсынов көшесі кеңейтілмейді

Жиында сондай-ақ, бұған дейін айтылып келген Байтұрсынов көшесін кеңейту жұмыстары жүргізілмейтіні мәлім болды. Қала әкімдігінің мұндай шешімге келуіне жергілікті тұрғындардың көпжылдық ағаштарды өз орнында қалдыру туралы өтініштері себеп болған.

– Азаматтардың тілек-талабын ескере отырып, Байтұрсынов көшесін кеңейту жөніндегі шешімді қайта өзгерткелі отырмыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Дегенмен, жол толығымен қайта құрылымдаудан өтеді. Аяқжолдар жаңартылып, велосипед жолы, оң жақ бұрылыс өткелдері салынады. Мұндай жұмыстар Адырбеков көшесіне де жүргізіледі. Қазір әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдіс бойынша тұрғындар көбіне-көп велосипед қызметін пайдалануға ұмтылуда. Көлік кептелісінің алдын алу үшін біз ағаштарды кесіп, жолды кеңейтпек емеспіз. Алдағы уақытта қала аумағындағы аялдамаларға қоғамдық көлік тоқтауға ыңғайлы арнайы «қалта-жол» салынады.

Еске сала кетейік, биыл жол-көлік кептелісінің алдын алу мақсатында Тәуке хан даңғылы мен Рысқұлов көшесіне дейінгі аралықта Байтұрсынов көшесінде кеңейту жұмыстары жоспарланған болатын. Жоспар негізінде ені 8 метрді құрайтын жол бойын 21 метрге дейін ұлғайту, сол себепті, көше бойындағы 900-ге жуық ағашты өзге орындарға ауыстыру қарастырылған. Алайда, қала тұрғындары «жасыл желектердің» орнын ауыстыруға айтарлықтай алаңдаушылық білдіруде. 

DSC 0021

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев биыл Шымкент қаласында 225 көшенің жөндеуден өтетінін жеткізді.

– 2016 жылы бұл мақсатта 12,2 млрд теңге қаржы бөлінген болса, биыл бұл көрсеткіш – 13,7 млрд теңге, – деді Қ. Жұматаев. – Нәтижесінде, биыл 225 көше жөндеуден өтеді. Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталады.

Бұл ретте, Абай ауданының аумағында 105 көше жөндеуден өтеді, төрт көше бойына жаңа аяқжол салынбақ. Тиісінше, Әл-Фараби ауданында 16, Еңбекшіде 46, Қаратау ауданында 58 көше жөнделеді.

Бүгінде жалпы ұзындығы 2882 шақырымды құрайтын көше жолдарының 1484 шақырымы, яғни, 50,2 пайызы асфальтталған.

Сала мамандары қала жолдарының сапалық көрсеткішін мұнан әрі жетілдіру бағытында бірқатар жобаларды әзірлеп жатқанын жеткізді. Бұл қатарда, Астана және Республика даңғылының жолдарын қалпына келтіру, бұдан бөлек, негізгі жеті көше бойын қайта құру, Темірлан тасжолы, «Самал» базары мен Республика даңғылы бойында жерасты өткелінің құрылысын салу жобалары бар.

2017 жылы бірнеше нысан пайдалануға беріледі. Момышұлы, Әл-Фараби даңғылы, Қожанов және Арғынбеков көшелерінің көлік жолы, Темірлан тасжолы мен Мангельдин көшелерінің қиылысындағы жерасты жүргіншілер өткелі тұрғындардың игілігіне берілмек. Сонымен қатар, Бадам өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту, «Қайтпас-1», «Нұртас», «Тассай», «Азат», «Достық», «Қазығұрт», «Сәуле», «Жайлау», «Ынтымақ», «Бадам» шағынаудандарындағы бірқатар көше жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бойынша ЖСҚ әзірленуде. 

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді. Берілген тапсырмалардың орындалу барысын өз қадағалауына алатынын жеткізді.