Жолайрықтың құрылысы басталады Избранное

Пятница, 17 Март 2017 06:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3786 раз

Жол құрылысының жағдайымен танысу мақсатында облыс әкімі Ж.Түймебаев пен қала әкімі Ғ. Әдірахымов Шымкенттегі бірқатар нысандарды аралады. Облыс және қала басшылары ең әуелі Темірлан тас жолынан «Самал-3» шағынауданына дейінгі аралықта орналасқан Арғынбеков көшесінің бойындағы жол құрылысының барысын көрді.

654

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев жол құрылысының бекітілген жобасымен таныстырды. Оның айтуынша, 3 шақырымдық 4 жолақты жолдың құрылысы 2016 жылдың шілдесінде басталған. Мердігер «АРТ-Құрылыс» ЖШС жауапкершілігіне жүктелген жол құрылысына жалпы 1 314,656 млн теңге қаражат бөлінген. Мердігер жұмыстың жай-жапсарын баяндап, көше бойындағы 50-ден астам тұрғын үй мен нысандардың дұрыс орналаспауы құрылысты жалғастыруға кедергі келтіргенін айтты. Тұрғындармен келісімге келу біршама уақытты алған. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев үш шақырымдық жол құрылысын жедел аяқтауды тапсырды.

– Жұмыстың сапасы маңызды және жылдам орындалуымен құнды. Жолды пайдалануға неғұрлым ерте тапсырсақ, соғұрлым жол қозғалысына пайдалы болмақ. Мердігер осыны ескерсін. Ал мемлекет тарапынан көшелер салынып, ағаш отырғызу жұмыстары жүріп жатқанда халық та өз тарапынан қолдау танытуы керек. Үлкен көшелердің бойында орналасқан тұрғындар үйлерінің сыртын біркелкі етіп сырласа, әр азаматтың қаланы көркейтуге қосқан үлесі болар еді, – деді Ж. Түймебаев.

Бұдан кейін өңір басшысы «Green Bus Company» ЖШС-не тиесілі қалалық қоғамдық көлікпен Рысқұлов көшесінің бойын, «Тельман» бөлімшесін аралап, «Бекжан» базарына барды.

987

Халқы тығыз орналасқан Шымкент қаласында көлік қозғалысы да аз емес. Соның салдарынан соңғы кездері автомобиль жолдарын кеңейту, қала көшелеріндегі кептелістерді азайту және үшінші мегаполистің ажарын аша түсу мақсатында жолайрықтарын көбейту жобасы қолға алынған-ды. Қолдау тапқан жолайрықтарының бірі Алматы – Ташкент бағытындағы Темірлан тас жолының қиылысынан орын теппек. Мұнда «Бекжан» базары, автобекет, облыстың орталық мешіті және басқа да халық көп жиналатын нысандар орналасқан. Атап айтсақ, «Бекжан» базарында 8 000 сатушыға арналған орын бар. Бұл сатушының ғана орны, ал қызмет көрсететін адам саны одан 2-3 есе көп болары сөзсіз. Автобекет – тәулігіне 4 500 жолаушыға қызмет көрсетуге арналған. Қазірдің өзінде мұнда күніне 2 800 жолаушы тасымалданады. 2 000 көлікке арналған 3 қабатты автотұрағы бар. Ал облыстың орталық мешіті 5 000 адамға арналған. Осыншама халыққа қызмет ететін көлік қозғалысының жайы айтпаса да түсінікті. Облыс әкімі Ж. Түймебаев Шымкент қаласының А-2 мен Темірлан тас жолының қиылысындағы өтпе жолдың құрылысына қолдау танытты.

– Бұл жобаға қажетті 1 737, 508 млн теңге көлеміндегі қаражат бөлінді. Қоғамдық орындардың тиімділігі бірінші кезекте қатынаудың ыңғайлылығына байланысты. Ал екіншісі, қызмет көрсету сапасының басқалардан жақсы болуы. «Бекжан» базары қазіргі заман талабына сай. Сатушыларға барлық жағдай жасалған, жан-жағы жабық, жылы ғимарат. Күннің ыстық-суығына лайықталған, қауіпсіздік шаралары да ескерусіз қалмапты. Бұл жағдай тауардың сапасы бұзылмауына да септігін тигізеді. Базар осындай болуы керек. Базар басшылары тауар өтімділігін ғана ойламай, сатушылардың денсаулығын сақтауға да көңіл бөлуі тиіс, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Базар басшысы Әмірхан Шүменов қала аумағындағы халық көп шоғырланатын жерлерге жолайрықтар мен өтпе, айналма жолдар салу жобасын қолға алған облыс және қала әкімдеріне алғысын білдірді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.