«Ерлікті» дәріптеген күн

Понедельник, 27 Март 2017 05:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4905 раз

ЖАҢА ФИЛЬМ КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

«Ұлттық кино мен анимация» күні жаңа фильмнің тұсауы кесілді. «САҚ» киностудиясының «Ерлік» толықметражды фильмі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Туындының алғашқы көрсетілімі «Шымкент Плаза» ойын-сауық орталығының кинозалында өтті.

zhana film

Жаңа фильмнің тұсаукесеріне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, елімізге танымал жазушылар Мархабат Байғұт, Нұрғали Ораз және өңірімізде анимация саласында еңбек етіп жүрген сценаристер, кинорежиссерлер мен актер-актрисалар қатысты. 

Өңір басшысы тұсаукесер аясында облыстағы кино саласы мен анимация саласын дамыту және алдағы жоспарларымен ой бөлісті. 

– Шымкентте кино мен анимация саласы қарқынды дамып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында биыл қомақты қаржы бөлінуде. Сапалы, тәрбиелік мәні жоғары сценарий мен кәсіби режиссер сапалы фильмнің кепілі. Сондықтан білікті кадрлар дайындау жұмыстарын қолға алуымыз қажет. Оңтүстіктегі кино студияларды біріктіріп, ортақ құнды дүние жасауды ұсынамын, – деді облыс әкімі. 

Кездесуден соң көпшілік жаңа фильмді тамашалады. Патриоттық тақырыптағы туынды Сайрам-Өгем ұлттық паркі мен өңірдегі табиғаты әсем жерлерде түсірілген. Фильмнің басты рөлдерін Марат Оразметов, Нұркен Орынбек, Береке Спатова сынды актерлер ойнайды. Ал «Ерлік» толықметражды көркемсуретті фильмнің авторы белгілі режиссер Батырхан Дәуренбеков, кино режиссері Нуриддин Паттеев. Оқиға қорықтың инспектор-иегері Болат пен ұлы Ерболдың арасында өрбиді. Қорық инспекторы ұлының жоғары білім алып, қызметкер болғанын қалайды. Ақылы оқуын жалғастыру үшін әке баласы үшін тәуекелге барады. Араб шейхтарынан қызыл кітапқа енген сұңқар-ителгінің балапандарынан тапсырыс түседі. Ал Ербол сұңқар балапандарының шетелге кетуіне қарсылық танытады. Кинода жастар табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығы үшін үлкен ерлік жасайды. Ал араб шейхтары қыз-жігіттердің бойынан рухани құндылықтарды көріп таңқалады. Жаңа фильм алдағы уақытта көрерменге жол тартады. 

Айта кетейік, биыл қыркүйек айында Түркістан қаласында Түркі әлемінің «Алтын сақа» анимациялық фильмінің фестивалі өтеді. Аталған фестивальде аниматорлар түркі әлеміне әзілімен танылған Қожа Насырдың образы ұсынылады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.