Версия для печати

Мегаполис мүмкіндіктері Избранное

Пятница, 07 Апрель 2017 04:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 10185 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Шымкент әлеуетті де дәулетті қала болмақ

2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі халқы миллионды қамтитын үшінші алып мегаполиске айналуы тиіс» деген болатын. Содан бері көне шаһарда үлкен өзгерістерге дайындық жұмыстары жүргізіліп келеді.

Оңтүстік тұрғындары мұндай қарқынды өзгерістен, бұрын-соңды бұл аймаққа таңсық болған «Мегаполиске» қызығушылығы ауа бастады. Дегенмен, жұртшылықтың ауызынан әлі де «Шымкент мегаполис болса не болады?», «Мегаполис тұрғындары деген кімдер?», «Жалпы мегаполис деген не?» деген секілді сұрақтарды да естіп қалатынымыз жасырын емес. Көпшіліктің көкейіндегі осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

DSC 1952

МЕГАПОЛИС ДЕГЕНІМІЗ...

Қазақстанда бір шаршы км-ге 6 адамнан, ал Сингапурде 7437 адамнан келеді екен. Бұл мемлекетіміздің халық саны жер аумағының үлкендігіне сай келмейтіндігін көрсетеді. Осындай үлкен территорияда тұрғындарды біркелкі қоныстандыру және үлкен аймақты игеру оңай емес. Сондықтан да мемлекетті модернизациялау бағдарламасында халықты аумақтық ұйымдастыруға баса назар аударылады. Оның дұрыс орындалуы халықтың еңбек әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіншілік береді.

Халықты аймақтық ұйымдастыруға – орналасу және қоныстану жатады. Осыған орай облыс, қала, ауылдық елдімекендер деген секілді атауларға бөлінген.

Қалалар – кез келген мемлекет дамуының негізгі рөлін атқарады. Мұнда адамдар көп шоғырланғандықтан түрлі бағыттарда еркін дамуға мүмкіндік болады. Сондықтан да әлемнің барлық жерлерінде ауылдан қалаға қоныс аудару процесі көп жүреді. Бұны бір сөзбен – урбандалу деп атайды. Ал тиісінше қала тұрғындары әлеуетінің артуы жалпы мемлекеттің қалыптасуына септігін тигізбей қоймайды. 

Қалалық орналасудың 3 формасы бар. Олар қала, қалалық агломерация және мегаполис. 

Қала – тұрғындары өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету орындарында және ғылыми, мәдени, басқару мекемелерінде жұмыс жасайтын, халқы тығыз орналасқан ірі елдімекен. Елімізде қала болуы үшін халық саны 50 мыңнан асуы керек. 

Агломерация лат. aqqlomerare - қосылу деген мағынаны береді. Қалалық орналасудың екінші формасы. Агломерация негізгі қаладан (ядро) және жақын маңындағы байланысы жақсы дамыған серіктес қаладан тұрады. Мысалы, Қарағандыны айтуға болады. Ал бұл Tеміртау қаласының пайда болуынан туындаған. 

Мегаполис – орналасудың үшінші формасы. Грек тілінен meqas - ірі (үлкен), polis – қала деген мағынаны білдіреді. Ежелгі Грекияның 35 елдімекенінің тұтасып кетуі нәтижесінде қалыптасқан «Мегалополь» қаласының атауынан пайда болған. Бұл агломерациялардың бірігуінен туындайды. Мегаполис тек қалалық құрылыстардан ғана тұрмайды. Шамамен аумағының оннан тоғыз бөлігі ғана ашық жерлер болады. Қала тұрғындарының саны миллионнан асады. Елімізде Алматы – Талдықорған, Астана – Қарағанды, Шымкент – Тараз секілді қалалар маңында кездеседі. Дүниежүзінде қалыптасқан мегаполистерге Токио — Осока (Жапония), Лондон — Ливерпуль (Ұлыбритания), Ұлы көлдер (АҚШ — Канада) және Калифорния (АҚШ) аудандары секілді жерлер жатады.

«SHYMKENT CITY» – ҚАЛАНЫҢ БАСТЫ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫ

Американдық «Population Reference Bureau» зерттеу агенттігінің 2013 жылғы қорытындысы бойынша жер шарында 7,1 миллиард адам өмір сүреді екен. Оның 4,8 миллиарды Азияда, 1,1 миллиарды Африкада, 760 миллионы Еуропада, ал 352 миллион адам Солтүстік және 606 миллион адам Оңтүстік Америкада тұрады. 2050 жылы әлем тұрғындарының саны 9,7 миллиардқа жетеді деп болжаған.

Аталған ұйым сонымен қатар Токио әлемдегі ең ірі мегаполис екендігін мәлімдеген болатын. Деректерге сәйкес Жапония астанасында 37,2 миллион адам яғни, халықтың 29 пайызы шоғырланған. Ал Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында 22,7 миллион, Мексика астанасы Мехикода 20,5 миллион адам тіршілік етеді. 

Деректерден байқағанымыздай, мегаполистердің басты ерекшеліктерінің бірі — халықтың қала аумағына шоғырлануы. Мемлекет басшысы Шымкент үшінші мегаполис болуы тиіс екенін текке айтқан жоқ. Оңтүстікте халық саны көп және бала туу көрсеткіші де жоғары. Мегаполис тұрғындарының саны миллионнан асып түсуі керек. Халық санының көп болуы экономиканың да жоғарылауына өз әсерін тигізбей қоймайды. Мұндай жағдайда бәсекелестік артып, ақша айналымы көбейеді. Соңғы мәліметтер бойынша Шымкент қаласында 910 мың адам тұрады. Бейресми статистикаға сүйенсек, қазірдің өзінде қаладағы адам саны миллионның үстінде. Мамандар биыл бұл көрсеткішке ресми түрде жетеміз деп отыр. 2017 жылы халық санының өсімі 102,9 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға артады деп күтілуде. Осыған орай, қала аумағы да 117 мың гектарға ұлғайып, төртінші Қаратау ауданы қосылды. Оның аумағы - 33 319 гектар. Жаңа ауданның құрамына «Асар», «Қайтпас», «Нұрсәт» және жиырмаға жуық тұрғын алаптары кіреді. Бұдан бөлек Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан қосылған 40 елдімекеннің 145 мың тұрғыны қалалық атанды. Демек, адам санының өсуіне байланысты бюджеттің де қаражаты көбейеді деген сөз. Бюджет демекші, егер Шымкент мегаполис болса қала республикадан қаржыландырылатын болады. Сәйкесінше, оның көлемі де артады.

Адам санының өсуіне байланысты әлемнің ең ірі мегаполистерінің өзінде де көлік кептелісі бойынша мәселелер жоқ емес. Дегенмен, Шымкент қаласы мұндай өзгеріске алдын ала қамданып, ерекше дайындық жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, қаланың оңтүстік және солтүстік аумағына қарай 5 байланыс жолы қосылады. Және жаңа жолайрықтар мен жаяу жүргіншілер өткелі салынып, ескі жолдар қайта құрылады. Сондай-ақ, жеңіл рельсті жолдар мен А-2 тас жолдарын салу жоспарланған. Осы арқылы Абай және Қонаев даңғылдарының жалғасын және Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс айналма жолдарының құрылысын аяқтау тапсырылған. Өңірімізде жыл сайын көлік саны артып, тек қала көшелерінің өзінде 323, күндіз 500 мыңға дейін жетіп отыр.

Үлкен қаланың келбетін көркейте түсетін тағы бір нәрсе – зәулім ғимараттар. Қала әкімінің жоспарына сәйкес, Шымкентте заман талабына сай жаңа ғимараттар бой түзейді. Ол Астана, Арғынбеков, Қонаев көшелерінің бойында салынатын болады. Сондай-ақ, еліміздегі ең үлкен сауда-ойын сауық орталығы «Shymkent Mall» салынбақ. Дүкен, гипермаркет, балалардың ойын алаңы, кинотеатр, 3000 адамға лайықталған фудкорт, 3500 орынға лайықталған автотұрақ барлығы да 38 гектарды құрайтын осы орталықтан табылмақ. Осының нәтижесінде қала ішіндегі ретсіз сауда жойылып, ірі базарларға толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал қаланың солтүстік бетінде салынатын «Shymkent city» қалашығы мен жаңа әуежай да қала көркін асыра түсері анық.

Мегаполис тек адам саны мен зәулім ғимараттармен ғана шектелмейді. Мұндай шаһардың тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылып, кедергісіз кәсіппен айналысып, сапалы әрі қауіпсіз өмір сүруі керек. Шырайлы Шымкент шаһарында мұндай мәселелердің бар екені жасырын емес. Дегенмен, қала басшылығы бұл мәселелерді жоспар бойынша біртіндеп шешіп келеді. Мәселен, қазір халықтың 83,5% ауызсумен, 44,8% кәріз жүйелерімен, 85% электр жарығымен, 65% табиғи газбен қамтылған. 2020 жылға қарай қаланың коммуналдық мәселелері толықтай шешіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, былтыр 2455 жеке тұрғын үй, 557 коммерциялық нысан, 42 мемлекеттік (әлеуметтік) нысан пайдалануға берілді. Биыл 1600-ге жуық коммуналдық пәтердің кілттерін табыстау жоспарланған. Мемлекеттік «Тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы бойынша көпқабатты тұрғынүйлерге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ал тұрғын үй құрылысының даму жоспарына сәйкес, өңірімізде алдағы 5 жылда 47 619 отбасы баспанамен қамтамасыз етілетін болады.

Шымкенттің транспорт және логистикалық әлеуеті де жоғары. Қаладан түрлі бағыттарға теміржол мен тасжол өтеді. Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізімен көрші мемлекеттерге сауда-саттық жасауға болады. Табиғаты, ауарайы қолайлы. Мал, егін шаруашылығын дамытуға мүмкіндік көп. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан көне шаһар туризмге де өте тиімді. Қазіргі таңда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сай, осы айтылған барлық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«МЕГАПОЛИС ТҰРҒЫНДАРЫ» КІМДЕР?

Дегенмен, Шымкентті мегаполисқа айналдыру тек басшылардың ғана бас ауыртатын жұмысы емес. Бұл ретте қала тұрғындары шаһардың шаруасына бір кісідей атсалысуы тиіс. Бізге мұндайда Токио мен Шанхайдың бір-бірін түсінетін, Сингапур мен Баварияның тазалына бейжай қарамайтын, Лондон мен Нью Йорктың адам құндылықтарын бағалайтын мегаполис тұрғындары үлгі бола алады. Міне, «Мегаполис тұрғындары» осылар.

Шымкент те көп ұзамай мегаполис қалаға айналатыны анық. Мұнда да «Мегаполис тұрғындары» өмір сүреді. Көптеген ғимараттар тұрғызылып, жаңа құрылыстар жүргізіліп, аумағы кеңейеді. Алайда, тұрғындардың мәдениеттілігі де қаламен бірге өсіп отыруы керек. Мәселен, Токио тұрғындары секілді. Бұл жақтың көшелерінен қоқыс жәшіктерін көп кездестірмейсіз. Өйткені, тұрғындар қоқыстарын үйіне барғанда бірақ тастайды. Бұған әрине таңғаларсыз, дегенмен сүйінішті іс. Сондай-ақ, ол жақта әмияныңыз жоғалып қалса, оны қайтарып беру мүмкіндігі 90%. Ал Берлинде қоғамдық көліктерде билет тексеру болмайды. Әркім өз ар-ұятымен ақша тастап кетеді. 

Бұл бағытта да Шымкент билігі түрлі жұмыстар жүргізуді бастады. Алдымен қоғамдық көліктерде айқайлап адам жинайтын кондукторларды тәртіпке келтіру ұсынылған. Мұндай әрекеттер шетелден және өзге облыстардан келген қонақтарға жағымсыз әсер қалдырады. Бұдан басқа, мәдениетке теріс әсер ететін көлік тұрақтарындағы тәртіпсіздік, жол ережесін бұзу, қоқыс тастау секілді әдеттерден бірге арылуымыз керек.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.