Шатқалдар саябаққа айналады Избранное

Пятница, 07 Апрель 2017 04:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 358 раз

Шымкенттің жасыл желегі жайқалған қалаға айналады. Жоспар бойынша, қаланың 16 аумағында «Шатқал» бағдарламасы жүзеге асуда. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа жобаға жауапты мекемелерді бекітті. Олардың қатарына «Нұр Отан» партиясы ОҚО филалы, облыстық, қалалық мәслихат хатшылығы мен депутаттары және өңіріміздегі ЖОО-ы тартылған.

shatqaldar

Бүгінде Шымқалада жалпы аумағы 300 гектарды құрайтын 8 саябақ бар. Сондай-ақ 107 көше абаттандырылған. Ал «Шатқал» бағдарламасы нәтижесін берсе, 47 сай-сала көркейтіледі. Сонда әрбір шымкенттіктің үлесіне 16 шаршы метрден жасыл желек тимек. 

– Алдымызда жаз маусымы шіліңгір шілде келе жатыр. Әсіресе, аптап ыстықта облыс орталығындағы экологиялық ахуал қиындай түседі. Қазір адам басына демалыс аумағы небәрі 3 шаршы метрді құрайды. Сондықтан «Шатқал» бағдарламасын жедел түрде іске асыруымыз қажет. Көктемнің керемет шағын пайдаланып, ағаш отырғызу ісін тездетуіміз қажет. Сондықтан игі бастамаға қолдау білдірген азаматтар мен мекеме басшыларына алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. 

Бекітілген жауапты мекемелердің күтіп-баптауына 226 гектар жер беріледі. Алғашқы кезеңде ағаш егілсе, келесі кезеңде жол төселеді. Көркейту, көгалдандыру жұмыстарынан соң, демалыс орындары мен балалар алаңшаларының құрылысы жүргізіледі. 

Айта кетейік, абаттандырылуы тиіс шатқалдардың көлемі жағынан үлкені – «Самал». Оның жалпы аумағы – 38 гектар. «Шымсая» мен «Юнус Эмре» шатқалдары 25 гектарды алып жатыр. Ал қалғандары 8-10 гектардың көлемінде. Ел игілігіне тапсырылатын шатқалдарға шығыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің, ақын, ғұлама, ойшылдарының есімдері беріледі.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.